Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2205 0 пікір 16 Маусым, 2011 сағат 06:44

“Белгiлi” жайдың белгiсiз қыр-сыры

Жазылған жайдың жалғасы

Жазылған жайдың жалғасы

Құрметтi редакция! "Жас Алаш" қашанда әлiмжеттiктiң құрбандарына қол ұшын созудан және қазақтың мүддесiн қорғаудан жазбаушы едi. Мен адвокат ретiнде "Жас Алаш" оқырмандарын келесi жағдайлардан хабардар еткiм келедi. Бұл мәселеде "күштiнiң әлсiзге тiзе батыруы да", ұлтымыздың мүддесi де бар деп бiлемiн. Және бiр айтқым келетiнi - бiз өз тарапымыздан әрекет жасамасақ та, газеттiң бұдан бұрынғы сандарында мен көтергелi отырған мәселе турасында 2 бiрдей мақала жарияланды. Олар - "Сақалдылар мен шендiлер тартысы" және "Исматулла билiкке таласудан аулақ" - деп аталады. Өздерiңiз көрiп жүргендей, қазiр пара алып жатып ұсталған шендiлер, сыбайлас жемқорлық аясында iстi болған министрлер тағы да басқа шекпендiлердiң өкiлдерi баспасөз-конференцияларын өткiзiп, бұқаралық ақпарат құралдарын шулатып-ақ жатады. Ондай ой бiзде де болған. Алайда, осы мәселенiң басты "айыпталушысы" Исматулла ақсақал (ол кiсi­нiң жасы жетпiске келгендiктен ақсақал деп отырмын) "Қарақан басымыздың қамы үшiн, ел iшiн дүрлiктiрудiң қажетi жоқ" деп тоқтатып қойған болатын. Сөйтiп, үн-түнсiз, ың-шыңсыз тергеу iсi аяқталуға таяған кезде, 20 сәуiр күнi "Хабар" арнасы бүкiл елге "Ақи­қат" деген аты бар, алайда "заты" жоқ, яғни кiм түсiргенi бел­гiсiз ешбiр дерек-дәйексiз, өсек пен жаладан тұратын "деректi фильмiн" көрсеттi. Барлығымыздың шыдамымыздың жеткен жерi осы болды. Сол себептi, осы бiр шиеленiстi iстiң басы-қасында жүрген маман-заңгер ретiнде қылмыстық iстiң нақ­ты жай-жапсарын "Жас Алаш" арқылы жариялағым келдi. Менiң қорғауымдағы Исматулла Абдуғаппар мен Саят Ибраев және басқа да бiр топ азаматтарға қарсы қылмыстық iс 2010 жылдың тамыз айында қозғалды. Сол кезден бастап, аталған адамдар қамауда жатыр. Қазiргi кезде қозғалғанына 9 ай өткенде, тергеу амалдары аяқта­лып, iс Алматы қаласының прокуроры мен сотына жолданды.

ҚР Конституциясының және ҚР ҚIЖК-нiң 19-бабына сәйкес, әр адам оның қылмыс жасағаны үшiн кiнәлiлiгi заңда көрсетiлген тәртiп­пен дәлелденгенге және соттың заңды күшiне енген үкiмiмен белгiленгенге дейiн кiнәсiз деп саналады. "Хабар" телеарнасында көрсе­тiлген деректi фильм - сот болар алдында көрсетiлгендiктен, сотта қазылық ететiн алқа билер үшiн   айыпталушылар туралы алдын ала жағымсыз пiкiр қалыптастырып отыр. Айта кететiн мәселе, сот алқа билерi кәсiби заңгерлер емес, қарапайым адамдар, әртүрлi мамандық иелерi, ал сот үкiмi солардың көп­шiлiк дауыс беруiне байланысты шығарылады. Заңды былай қойып, күнделiктi тәжiрибеде байқалатындай, кез келген қылмыстық хроникада қылмыс жасады деген күдiктi адамның толық аты-жөнi аталмайды және iстiң мән-жайы айтылмайды. Ал бұл жерде "Хабар" телеарнасы оның бәрiн былай қойып, тiптi қылмыстық iс материалдарында жоқ мәлiметтердi де айыпталушылар жасады деп көрсетiп жiберген.  Егер деректi фильмдi көрген болсаңыздар, онда бiр топ адамның жерде жатқан адамды тепкiлеп жат­қан көрiнiсi берiледi және Айдын есiмдi азаматты өлтiрдi деп, оның денесiн басқа бiр өз ажалынан өлмеген адамның денесiмен алмастырып қойған-мыс деген деректер келтiрiлген. Менiң қорға­уымдағы азаматтарға қатысты қылмыстық iстi тергеу амалдары 7 сәуiр 2011 жылы аяқталды. Алайда ондай фактiлер қылмыстық iс материалдарында жоқ, яғни ол деректер бо­йынша менiң қорғауымдағы азаматтарға ешқандай айып тағылмаған. Бiрақ бағдарлама нақты "Сенiм. Бiлiм. Өмiр" РҚБ-не қа­тыс­ты, олардың жетекшiлерiне қар­сы қозғалған қылмыстық iс негi­зiнде түсiрiлгендiктен фильмдi көр­ген көрермен, әрине, осының бәрiн бiрлестiктiң адамдары жасады деген ойға қалады. Сонда журналист атал­ған деректердi қайдан және қандай жолмен алған және осы деректердi көрсетудегi мақсаты не? Негiзiнде ҚР ҚIЖК-нiң 80-бабы, ҚР Азаматтық кодексiнiң талаптарына сәйкес - қайтыс болған адамның немесе жәбiрленушiнiң заңды өкiлi болып бiрiншi кезекте оның заңды некеде тұрған жолдасы болып табылады. Қайтыс болған адам Айдын Тiлежановтың әйелi Сандуғаш Қиқымбаева болса, өзiнiң бұл оқиғаға еш қатысы жоқ екенiн айтады. Ең өрескелi, ведомствоаралық тергеу тобының қызметкерлерi Айдынның денесiн ешбiр туыстарына, оның iшiнде заңды өкiлi болып табылатын Сандуғашқа да ескертпестен, зиратын бұзу арқылы алып кеткен. Сол арқылы ҚР ҚIЖК-нiң 225-бабының 3-тармағы, 244-бабының талаптары өрескел түрде бұзыл­ған.

Яғни жәбiрленушiнiң өкiлiн зиратты бұзып, дененi алатынын алдын ала ескертпеген, сараптама тағайындау туралы қаулымен таныстырмаған. Мен заңгер ретiнде бұл мәселенiң тергеушiлер тарапынан процессуалдық тәртiптiң қаншалықты өрескел бұзылғанын тiлге тиек етiп отырмын. Ал адамгер­шiлiк, моральдық тұрғыдан алып қарағанда, Айдынның жолдасы Сандуғашқа, басқа туыстарына осы жағдайлардың барлығы қалай әсер ететiнi ойластырылды ма? Неге "Хабар" телеарнасының журналис­терi бүкiл елге жария етпей тұрып, осы жағын ойластырмады? Бiздiң қолымыздағы мәлiметтерге қарағанда, журналистер тек қана тергеу тобы ненi нұсқаса, соны түсiрген сияқты, өйткенi барлық жерде оларды полиция қызметкерлерi ертiп жүрген. Қазiргi кезде, мәйiттiң орны әлi ойсырап жатыр, дененi қазып алып кеткен тергеу тобының қыз­мет­керлерi, оны керi көмiп ретке келтiрудi ойларына да алмаған. Осы заң бұзушылықтар бойынша Сандуғаш ҰҚК-ге арыз жолдаған. Және бiр айтпағым, фильмде сөз сөйлеген ведомствоаралық тергеу тобының жетекшiсi, IIМ-нiң бас­қарма бастығы, полиция пол­ков­нигi М.Құмарбеков өз өндi­рiсiндегi қылмыстық iске байла­ныс­ты, "Бүгiнгi күнге дейiн ҚР ау­мағында ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бар деген күдiк­пен топ жетекшiсi Исматулла Абдуғаппар және топтың 6 белсендi мүшесi қамауға алынды" деп сұх­бат бе­редi. Алайда нақты не үшiн айыпталып отырғандары туралы тiс жармады. Тергеу тобының жетекшiсi М.Құмарбековтiң "Сенiм. Бiлiм. Өмiр" жетекшiлерiн ауыр, аса ауыр қылмыстармен айыптауы, алдын ала теледидар арқылы ол туралы фильм ұйымдастыруы - адвокат ретiнде менiң қорғауымдағы азаматтарды әлдекiмдер үшiн қоғамға аса қауiптi адамдар ретiнде көрсетуге тырысқан әрекет деген ойға қалдырды.

Байқасаңыздар, бiр күннiң iшiнде, яғни 2010 жылдың 21 тамызы күнi бiр адамның (Э.Махамбетова) арызы бойынша, одан бұрын­ғы Алматы қаласы Түрксiб аудандық IIБ қылмыстық iс қозғау­дан бас тарту туралы қаулысы Бас прокуратураның бұйрығымен бұзылып, сол күнi IIМ-не жолданып, сол күнi Махамбетова Э., ҚР Қаржы полиция Агенттiгiне арыз жолдап, ол сол күнi ҚР IIМ-ге жолданып, ҚР IIМ-де сол күнi ҚР ҚК-нiң  126-бабы, 2 бөлiгiмен қылмыстық iс қозғалып, Исматулла Абдуғаппар қамауға алынып, сол күнi, IIМ-нiң 43 адамынан тұратын тергеу және жедел уәкiл қызметкерлерi тергеу жұмыстарына кiрiсiп үлгередi. Сенсеңiздер, осының бәрi бiр күн­нiң iшiнде, яғни 21 тамыз 2010 жы­лы болады. Кейiннен, 25.08.2010 ж., үш бiрдей Республикалық дең­гейдегi мекемелер - iшкi iстер ми­нистрлiгi, Қаржы полициясы және ҰҚК қызметкерлерiнен тұратын жүзден астам ведомствоаралық жедел-тергеу тобы iске кiрiседi. Бұған дейiнгi елiмiздiң қылмыстық iс жүргiзу тарихында iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң бiр нашақордың арызы бойынша осыншалықты жедел қимылдағанын естi­ген­дерiңiз бар ма? Осы жағдайлар менi ғана емес, iске қатысы бар адам­дарды да - қылмыстық iс арнайы тапсырыспен жүзеге асырылып жатыр деген ойға итермелейдi, ал нашақордың арызы соған сылтау ғана болған.  Менiң қорғауымдағы азаматтардың қандай ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағандары үшiн     айыпталып отырғандары "Хабар" арнасының көрермендерi, жалпы қоғам үшiн қызықты болар деп есептеймiн. Шындығына келгенде, менiң қорғауымдағы азаматтар қоғамға пайдалы iстерi үшiн айыпталып отыр. Ендi осыларға қысқаша тоқтала кетсем. Бiрiншi айыптаулары - ҚР ҚК-нiң 126-бап, 3-бөлiмi, яғни адамның бас бостандығынан ерiксiз айыру. Бұл жиырма шақты нашақорлар мен араққа тәуелдi адамдардың арызы бойынша қозғалды. Айта кету керек, осы арыз иелерi, яғни жәбiрле­ну­шiлердiң көпшiлiгi кейiннен тергеу органдарынан өз арыздарын қайта алды.

Себебi, олардың басым көпшiлiгi бұрынғы зиянды әдетте­рiнен арылып, қазiргi кезде қалыпты өмiр сүруде. Мысалы, осы қылмыстық iс аясында Түркiстандағы рухани орталыққа iшкi iстер органдарының қызмет­кер­лерi аяқ асты тексерумен келген кезде, онда отырған елу шақты адамның тек қана 3-еуi арыз жазады, қалғандары арыз жазудан үзiлдi-кесiлдi бас тартады. Айта кететiн тағы бiр мәселе, өзiнiң қызмет еткен соңғы 10 жыл көле­мiн­де осы рухани орталықтан жоғарыда аталған жиырма шақты емес, мыңдаған есiрткiге және араққа тәуелдi адамдар жазылып шыққан болатын және олардың өздерi мен туыстарының Исматулла Абдуғаппарға ал­ғыстан басқа айтары жоқ. Олардың көпшiлiгi тiптi қылмыстық iс шеңберiнде куә ретiнде жауаптал­ған да болатын. Қылмыстық құқық­та - қылмыстың субьектив­тiк жағы деген болады. Яғни ол - қылмыс жасады деген адамның сол қылмысты жасаудағы ойы, мақсаты. Егер күдiктi адам өз әрекетiн қылмыс жасау үшiн емес, жақсылық, адам­гершiлiк тұрғыда жасағаны дәлелденсе, ол қылмыстық жауап­кер­шiлiктен босатылады. Яғни менiң айтпағым Исматулла Абдуғаппар елдегi бүкiл нашақор мен араққа тәуелдi адамдарды жай ғана қамап ұстау үшiн жинаған жоқ қой, оларды емдеп ақша таппағаны да тергеу­мен анықталып отыр. Ол кiсi нашақорлар мен араққа тәуел­дiлердi "зiкiр ғибадаты" арқылы емдеудi мақсат тұтты және ол емi теориялық тұрғыда әлi зерттелiп, анықталмаса да, iс жүзiнде өз жемiсiн бердi де. Сонда ол адамды бiз не үшiн, қандай қылмыстық ойы, мақсаты үшiн соттамақпыз? Екiншi таққан ауыр қылмыстары, қылмыстық ұйым құру және басқару, яғни ҚР ҚК-нiң 235-бабы, 2-бөлiмi. Әдетте ұйымдасқан қылмыстық топ деген кезде бiздiң есiмiзге осы кезге дейiн сот үкiмiмен сотталған "4 ағайынды", "Қырықбаевтар", "Рыжий Алмаз" тағы бас­­қалары сияқты, бұрын бiрнеше мәрте сотталған, мұздай қарулан­ған, адамдарды тонап және өлтiрген қарақшылар түседi. Осы жерде ескере кетер бiр жайт, кез келген қылмыстық топтың негiзгi мақсаты бiреу - ол аса көп көлемде ақша, қаражат табу. Бiздiң жағдайда тағылған айып олардың барлығынан да асып түстi. Себебi қылмыстық ұйым құру дегенiмiз - ұйымдасқан қылмыстық топ құруға қарағанда әлдеқайда, күрделi, әрi белсендi құрылымдық күш, оның iшiнде бiр емес, бiрнеше ұйымдасқан қылмыс­тық топ болуы шарт.  Алайда тергеу барысында "Се­нiм. Бiлiм. Өмiр" қоғамдық бiрлес­тiгiнен, болмаса оның жетек­шiсi мен белсендi мүшелерiне тиесiлi ешқандай құнды мүлiк, қаражат, болмаса үлкен көлемде қару табылған жоқ. Шетелге қаржы аудару немесе ол жақтан қаржы алу сияқты бiрде-бiр факт тiркел­меген. Олардың ешқайсысының тiптi банктiк есепшоттары да болмаған. Сонда ақшасы, қару-жарағы, басқалай да күштiк құрылымдарға тән белгiлерi жоқ ол не қылған қылмыстық ұйым, яғни синдикат?   Үшiншi және ең негiзгiсi - ол, заңсыз дiни экстремистiк және қоғамдық бiрлестiктер құрып, азаматтардың арасында дiни алауыздық туғызды деген айыптаулары. Осы жерге Сiздердiң баса назар аударуларыңызды сұраймын. Бiрiншiден, "Сенiм.Бiлiм.Өмiр" РҚБ заңсыз құрылған жоқ. Ол осыдан 9 жыл бұрын заңды түрде Республикалық қоғамдық бiрлестiк болып әдiлет органдарында тiркелген және күнi бүгiнге дейiн өзiнiң заңды қызметiн жалғастырып келе жат­қан ұйым. Мұндай ұйымды заңсыз және экстремистiк деп тану үшiн "Экстремизмге қарсы күрес туралы" ҚР Заңының 1-бабының,  6-тармағына сәйкес, заңды күшiне енген сот шешiмi болу керек. Маған күнi бүгiнге дейiн белгiлiсi - сот шешiмi­мен экстремистiк деп та­ныл­ған 14 ұйым бар, (Талибан, Хизбут-тахрир т.б.) бiрақ олардың iшiнде "Сенiм. Бiлiм. Өмiр" РҚБ жоқ. Одан қала бердi менiң қолымда 2005 жылғы заңды күшiне енген сот шешiмi бар. Оған сәйкес, "Сенiм. Бiлiм. Өмiр" РҚБ-iн экстре­мис­тiк ұйым деп тану туралы Маңғыстау облыстық IIД-нiң талап арызы толықтай қанағаттандырусыз қалдырылған.

Сондықтан да ешкiмнiң де бұл қоғамдық бiр­лестiктi және оған қатысы бар адамдарды экстремистер деп атауына, ешқандай құқығы жоқ!  Екiншiден, қандай дiндер арасында алауыздық туғызғаны анықталмаған. Тергеу аясында жүргiзiл­ген сараптама қорытындыларына сәйкес, "Сенiм. Бiлiм. Өмiр" РҚБ-нiң және "АБЖаД" интеллектуалдық таным клубы өз қызметiн жүргiзу барысында - Ислам дiнiнiң уаххабилiк деп аталатын бағытын ұстанушылардың дiни нанымы мен сенiмдерiн қорлаған! Егер уахха­бизмнiң елiмiзге тигiзетiн зияны туралы әңгiмелер мен нақты тарихи деректердi айту қылмыс болып саналатын болса, онда менiң қорға­уымдағы азаматтар өз қылмыстарын толық мойындауға дайын. Себебi, ол азаматтар аталған дiни бағыттың зияндығы туралы зерттеу­лерiн осы кезге дейiн жай ғана емес, ғылыми түрде негiздеп келген болатын. Және олар өздерiнiң бұл көзқарастарынан ешқашан таймақ емес. Одан басқа, тергеу органдарының бұл айыптары соттан қолдау табатын болса, онда елiмiздегi журналистер мен саясаткерлердiң бi­разы қылмысты болып шықпай ма? Мысалы, техника ғылымдарының докторы, профессор Саят Ибраевқа осы айып не үшiн тағылғанына тоқталайын, сенсеңiздер де, сенбе­сеңiздер де екi ауыз сөзi (фраза) үшiн;

1. "Бiз түрiкке де, арабқа да елiк­темеуiмiз керек, қазақтың өз жолы бар", 2. "Ешкiм мешiтке бар­ғанда салафит болайын, вахабит болайын не басқа да "ит" болайын деп бармайды. Ол бiр құдайды iздеп барады", болды, бас-аяғы осы. Осы екi ауыз сөзiн сарапшылар (сөзбе-сөз) "Келтiрiлген үзiндiде дiни алауыздық пен араздықты тудырудың белгiлерi - iс-әрекеттерiне жағымсыз баға беру арқылы ваххабизм, салафизм ағымы өкiлдерiнiң терiс-жағымсыз образдарын қалыптастыру, аталған дiни ағым өкiл­дерiне әдеби тiл нормаларын сақтаған, бiрақ қоғамдық-iзгiлiк қағидаларына қайшы келетiн сөздер тобындағы екi түрлi мағынада: 1. Салафизм, вахабизм өкiл­дерiн зат есiмдi зоосемантикалық метафора ретiнде қасқыр тұқымдас сүт қо­рек­тi үй жануарына теңеу;

2. Ауыспалы мағынада "Оңбаған, жауыз" сын есiм сөзi ретiнде оларға аса айқын терiс жағымсыз баға беру бар" деп, қорытынды берiп, тергеу тобы аталған қорытындыға сәйкес, Саят Ибраевқа ҚР ҚК-нiң 164-бабымен (дiни алауыздық туғызу) айып тағады. Бұл сараптаманың және айыптың негiзсiз екенiн филология ғылымдарының докторы, профессор А.Салқынбай толық дәлелдеп бердi. Осы орайда тағы бiр айта кете­тiн мәселе - ол қоғамдық бiр­лестiктiң өз қызметiн ашық жүргiз­генiне тоқталғым келедi. Яғни "Сенiм. Бiлiм. Өмiр" РҚБ мүшелерi елiмiздiң барлық аймағына барып ваххабизм мен салафизм туралы және дiни-ұлттық экстремизге қатысты лекциялар оқыды, ашық пiкiрталастар жүргiздi, ең қызығы осы қызметтерiнiң барлығы да тиiстi органдардың алдын ала рұқсаты, келiсiмi арқылы жүргiзiлдi. Бiрлес­тiк тарапынан ешқандай жасырын жұмыстар атқарылған емес. Оған дәлел - бiздiң қолымыздағы көптеген фото және бейнематериалдар. Онда бiрлестiк қатысқан, не болмаса ұйымдастырған жиналыстарда құқық қорғау органдары, прокуратура, iшкi саясат, әдiлет органдары, көптеген журналистердiң қатысуымен болған. Менi таңғалдыратыны - осынша жыл көлемiнде өз жұмысын қалтқысыз атқарып келген және негiзгi жұмысының бағыты экстремизммен күрес деп та­ныл­ған қоғамдық бiрлестiктiң өзi­нiң қызметi аяқ астынан - экстре­мис­тiк деп танылғаны, яғни сол бо­йынша қылмыстық iс қозғалғаны. Адвокат ретiнде менi таңғалдыратын және бiр жағдай - уахха­биттердiң дiни наным-сенiмiн қорлаған деп қылмыстық iс қозғағанымен, iс бойынша бiрде-бiр сол дiн өкiлiнiң арызының болмауы! Яғни ҚР қылмыстық iс жүргiзу кодексi­нiң талаптарына сәйкес, тергеу тобының оларды жәбiрлену­шi деп танымауы. Сонда менiң қорғауымдағы адамдар құқығын бұзып отырған уаххабиттер деген кiмдер? Олардың "Сенiм. Бiлiм. Өмiр" сияқ­ты ұйымдары бар ма? Болса, неге сол ұйымдары бет-пер­десiн ашып, "Сенiм. Бiлiм. Өмiр" сияқты ашық әрекет етпейдi?! Осы және осы секiлдi сұрақтар қылмыстық iспен толық танысқан кез келген көзi ашық жанды мазалайтыны хақ. Көре-бiле тұра, адам­гершiлiк пен заңдық принциптердi өрескел бұзу фактiлерi шаш етектен екенi өз алдына бөлек әңгiме. Бұл мақаланы жазғандағы мақсатым - базбiр солақай, тапсырыс орындағыш, қарапайым кәсiби этикасынан баз кешкен БАҚ өкiлдерi қа­лыптастыра бастаған қоғамдық пiкiрдi бұзу, менiң қорғауымдағы адамдардың жазықсыз қараланып, сотталып бара жатқанын ел-жұртқа жеткiзу. Ал әдiл шешiмдi уақыт пен әдiл сот еншiсi­не қалдырдық.

***

"... Теологиялық зерттеу жүргiзген С.Энчбай өз қорытындысында: "Вахабистiк - салафистiк "таза ислам" бағыты Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасы ұстанған Әбу Ханифа мазхабына қайшы келе ме? Вахабистiк-салафистiк ислам iшiндегi дiни бағытты сынау немесе оны ұстанған адамдарға тiл тигiзу ислам дiнiне тiл тигiзу болып санала ма?" деген сұраққа: "Уаххабшылдық бағыт Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасы ұстанған ханафи мазһабына қайшы. Уаххабшылдықты ұстанған адамдарды сынау исламға тiл тигiзу болып саналмайды", - деп жауап бередi. Ал сот психологиялық-филологиялық зерттеу жүргiзген Г.И.Мухатаева мен Д.Т.Рабилов теолог ғалымнан асып, өз саласына қатысты емес, яғни филологияға қатысты емес "дiни араздық пен алауыздықты қоздыру белгiлерi бар" деген қорытынды шығарады. Мұндай қорытындыны филолог сарапшылар емес, теолог сарапшылар шығаруы керек едi. (Филология ғылымдарының докторы, профессор А.Б.Салқынбайдың сараптамасынан)

***

"Айдын өз ажалынан өлмедi, мәйiтi ауыстырылған" деген айыптау жанымды ауыртты. Құдай қосқан қосағым марқұм Айдынның сүйегiн қазып алып, тiрi жанға қиянаты жоқ азаматтарға жала жауып жатқанын естiгенде, жүрегiм су ете қалды. Жағамды ұстадым. Айдын сұраусыз жатқан адам емес қой, артында бала-шағасы, мына бiз қалдық. Неге маған ескертпедi имансыздар? Онысы аздай, күйеуiмнiң сүйегiн әлi күнге дейiн орнына қайта көмбеген. Бейiтi ойрандалып жатыр. Жала жабудан ғана тұратын "Ақиқат" деген фильмсымақты көргенде, үйдегi қызым Бибiнұр: "Әкем тiрi екен ғой, мама?! Тiрi болса, неге бiздi iздеп келмейдi?" деп жылап, әкесiн iздегенде, жанымды қоярға жер таппадым. Бала-шағамның көңiлiне алаң туғызып, жүрегiн жаралап кеттi. Әсiресе, енемдi, Айдынның анасын аяймын, оны да сергелдеңге салып қойды. Баласын өлiмге кiм қисын, ананың аты ана емес пе?! Қайын атам Айдынның мәйiтiн көрiп, баласы екенiне көзi жеткен болатын. Сонда бiздiң жанымызды ауыртып, аруақты қорлағандардың мақсаты не?"

(Сандуғаш Қиқымбаеваның баспасөз мәслихатында айтқаны).

Абзал Құспанов,

адвокат.

http://zhasalash.kz/kogam/4759.html

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5560