Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Саясат 10479 19 пікір 15 Мамыр, 2019 сағат 16:37

«Құмар ойнап құтылдым, атқа мініп Тоқаевқа тұтылдым...»

Әлеуметтік желіде Атырау облысы Полиция департаментінің басшысы Аян Дүйсембаевқа ат мінгізіп жатқан видео таралып, көпшілік арасында талқыға түскен болатын. Бұл бейнежазба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарын аударыпты.

Мемлекет басшысы Twitter желісіндегі жеке парақшасында Ісші істер қызметкерінің осы ерсі әрекетіне қатысты қызметтік тексеру жүргізуді тапсырғаны жайлы жазды.

«ІІМ Е.Тұрғымбаевқа Атырау облыстық Полиция департаменті бастығының ерсі әрекетіне қатысты қызметтік тексеру жүргізуді тапсырдым. Қатаң шара қолданылатын болады», - деп жазады Тоқаев.

Бұл бейнежазбаға байланысты, ҚР Ішкі істер министрлігі кеше түсініктеме берген болатын.

«Атырау облысы Полиция департаментінің басшысы Аян Дүйсембаевқа қатысты әлеуметтік желіде жарияланған видеоматериал бойынша Ішкі істер министрлігі оқиға орнына өкіл аттандырып қызметтік тексерісті қолға алды. Қызметтік тексеріс нәтижесі бойынша заңда белгіленген тәртіп негізінде шешім қабылданады», - деп мәлімдеді министрліктің баспасөз қызметі.

Мұнайлы өлкенің қауіпсіздігін қорғап, тыныштығын сақтауға міндетті Аян Дүйсембаев мырзаның басы дауға бірінші рет қалып отырған жоқ. Былтыр да әлеуметтік желіде тараған бір видео материал Аян Сәбитұлын біраз әбігерге салған.

2018 жылы тамыз айында әлеуметтік желіде Атырау облыстық ІІД басшысы Аян Дүйсембаевтың казинода жүргені түсірілген бейнежазба тарады. Кейбір ақпараттарда жоғары лауазымды полицейдің сол кезде 1,2 млн доллар көлімінде ақша ұтылғаны айтылды. Көпшілік мұнша көп қаржының қарапайым мемлекеттік қызметкерде қайдан жүргенін қызу талқылаған.

Алайда, ІІМ өкілдері видеоны тексеріп, оның 2014 жылы Минск қаласында түсірілгенін мәлімдеді. Аян Дүйсембаев 2014 жылы Атырау облыстық ІІД басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарған. Ал облыстық ІІД басшысы қызметіне 2016 жылы тамыз айынан бастап кіріскен.

«Сол кезде Атырау облыстық ІІД басшысының бірінші орынбасары қызметінде болған Дүйсембаев досымен бірге Минскіде болған. Оның досы ойын мекемесіне өзінің танысын ертіп келген. Ал досының әйелі оның бұл әрекетіне қарсы болған. Оны тоқтату үшін әйелі Дүйсембаевтан казиноға келуін сұраған. Дүйсембаев өзі ойнамаған. Оған 2014 жылдың қазан айында жүргізілген тексеріс дәлел бола алады», - деп мәлімдеген еді ҚР ІІМ ресми өкілі Алмас Сәдубаев.

Бұл іске кейін Аян Дүйсембаевтің өзі де түсініктеме беріп, әлеуметтік желіде тараған ақпараттарды жоққа шығарды. Казиноға барғанын растағанымен, ұтыс тіккен досы екенін әрі ұтылған сома көпшілік арасында тараған саннан ($1 200 000 ) аз екенін айтты.

«Иә, бұл видеода мен және досым Махмұд Мералиев түсірілген. Видео 2014 жылы жазылған, ол кезде мен заңды түрде алған еңбек демалысында болған едім. Сол кезде екі досыммен бірге отбасыларымызбен Түркияға демалуға бардық. Шамамен бір аптадан соң біз Мералиевтің ұсынысымен Беларусь еліне барып қайтуды шештік. Оның танысы хабарласып, бізді қонаққа шақырды. Ол сондағы казино иелерінің бірі екен. Содан қонақүйде отырғанымда маған Махмұдтың әйелі хабарласып, оны үйге алып қайтуымды сұрады. Мен казиноға жеткенше Мералиев екі рет ұтыс тігіп үлгеріпті. Ол мас болатын, сондықтан оған жалғасты ойнауға рұқсат берген жоқ.

Мұндай сомадағы ақшаны мемлекеттік шекарадан ешбір кедергісіз алып өту дегенді қалай елестетесіздер? Онымен қоса, казиноның ешқандай да иесі ойыншыларға осыншама ақшаны қарызға бермейді. Сондықтан мұндай көп сома сандырақ сөз. Мералиевтің 100 мың жайлы айтып жатқанын естідім. Осыған дейін ІІМ өкілдері 2014 жылы жүргізілген тексерістің ақшаның казиноға Мералиевтің есепшоттарынан және картасынан аударылғанын мәлімдеген болатын», - деген еді Дүйсембаев.

Бұл дау осымен шешілген. Бас кейіпкер өзі түсініктеме беріп ақталды. ІІМ ақтады. Сөйтіп, әлеуметтік желіде бір айға жуық шу болған оқиғаға нүкте қойылды. Еңбек демалысында жүрген мемлекеттік қызметкердің казиноға баруына болмайды деген заң жоқ. Алайда, халық ұтыста болған соманың көптігіне және видеодағы бейәдеп сөздерге шүйліккен. Бірақ бұл іс біз сөз етіп отырған полиция басшысына еш зиянын тигізген жоқ. Қайта тәп-тәуір танымалдығын арттырды.

Әрине, төрт жыл бұрын түсірілген видеоның бүге-шігесіне дейін анықтап, халықтың күмәнін сейілтуге ешкім құлық танытқан жоқ. Видео кейіпкерінің ақталған сөзі мен ІІМ өкілінің мәлімдемесі бұл істің қорытындысы болды. Содан да болар, көп көңілінде сәл күмән қалғаны рас.

Ал мына істің соңы сол кездегідей сиырқұймышақталып барып ұмытылып кетпейтін секілді. Себебі, Мемлекет басшысының өзі баса назар аударып отыр. ІІМ Е.Тұрғымбаевқа тікелей тапсырма беріп, қатаң тексеруді тапсырды. Демек, Аян Дүйсембаев бұл жолы біраз әбігерге түсетін болар.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

19 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053