Биліктің жұрт алдындағы рейтингі күн сайын құлап барады
Жуырда Астана экономикалық форумы өтті. Бала кезімде Пушкиннің "Пир во время чумы" атты қысқа туындысын оқып едім. Чуманың өршіп тұрған сәті. Толған өлік. Ал бір үйде бірнеше әпенді жиналып, кең дастарханда тойлатып жатады.
Қызық. Бұл туынды бүгін неге есіме түсті екен?! Бәлки біздің қоғам сол туындыдағыдай күй кешуде ме?
Астана экономикалық форумына әлемнің ығай-сығайлары жиналды. Біздің былғары креслода отырғандардың бәрі сонда жүрді. Зәулім сарай, әдемі көліктер, қымбат киімдер мен әшекейлер, әдемі сөздер. Ал сол сәтте далада аналар наразылық білдіріп, шулап жатты. Бір сөзбен айтқанда Пушкиннің "Пир во время чумы" туындысы шынайылыққа айналғандай болды.
Қазақтың тең жартысы баспанасыз. Халықтың 70%-ы 70 мың теңге алып отыр. Ауыз су, газ, жылу жетіспеушілігі жылда көрінеді. Жол сапасы, денсаулық сақтау мәз емес. Әлеуметтік жағдай да оңып тұрған жоқ. 21 мың теңгенің жыры Манас ырынан ұзақ болып кетті. Соның бәрін ысырып қойып, 1,4 млрд теңгеге форум өткізу дарақылық па, даналық па?!
Экономикасы нашар елдің экономикалық форумдар өткізе беруі сәл күлкілі. 2008 жылы құрылған АЭФ-ке осы уақытқа дейін 100-ден астам елден 8 мыңнан аса адам қатысқан. Олар не шешті?! Қымбат қонақүйде тегін жатып, спикерлер бәленбай мың доллар алып, форумға шашылған млрдтардан басқа әрине.
Билік дәп қазір жатса да, тұрса да халықтың жағдайын қалай жасаймын деп зыр жүгіру керек. Жұрт алдындағы рейтингі күн сайын құлап барады. Каддафи режимінің құлауы рейтинг құлаудан басталғанын ұмытпау керек. Биліктен нақты, шынайы әрекеттер күтеміз. Халықтың жағдайын жасаңдар!
Асхат Қасенғалидың facebook парақшасынан
Abai.kz