Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3603 0 пікір 22 Маусым, 2011 сағат 03:45

Мұрат Өрленбайұлы. Ағартушылық астарындағы қазақтың саяси ойы

Қазақ халқының өз заманының ойшылдары дүниенің, болмыстың, өмірдің, адамның жай-күйін жете түсінуге ұмтылған. Нақты өмірден бастау алатын қазақтың философиялық көзқарастары қоғам мен табиғат туралы пікірлерге толы. Міне, осы қоғамдық қатынастар турасындағы кейбір тұжырымдамалар кеңес берушілік сипатқа ие. Ал кеңес берудің астарында әлеуметтік-саяси консалтинг технологияларын қолдану элементтері жатыр.

Жалпы консалтинг (ағыл. consulting)  ұғымының аудармасы кеңес беру дегенді білдіреді. Бұл кез келген құбылыстың ұйымдастырушылық дамуы мен басқару салаларының күрделі мәселелерін  шешуге бағытталған интеллектуалды шара. Аталмыш шараның түп қазығы тереңде жатыр. Кейбір ғалымдардың пайымдауынша, ең алғашқы кеңесші қызметін өз шығармалары арқылы танымал Қытай философы Конфуций атқарған. Ежелгі дүниедегі әлеуметтік-саяси кеңес беруде философтар, шешендер мен абыздардың рөлі ерекше болды. Сондықтан Қазақстандағы саяси консалтинг нарығының қайнар көзін ертедегі билер немесе ақсақалдар кеңесінен бастау алатынына толықтай сенімдіміз. Сонымен қатар, өз заманының ойшылдары, ағартушы ғалымдардың шығармалары халықтың әлеуметтік-саяси көзқарастарын қалыптастыруға мол үлесін қосты.

Қазақ халқының өз заманының ойшылдары дүниенің, болмыстың, өмірдің, адамның жай-күйін жете түсінуге ұмтылған. Нақты өмірден бастау алатын қазақтың философиялық көзқарастары қоғам мен табиғат туралы пікірлерге толы. Міне, осы қоғамдық қатынастар турасындағы кейбір тұжырымдамалар кеңес берушілік сипатқа ие. Ал кеңес берудің астарында әлеуметтік-саяси консалтинг технологияларын қолдану элементтері жатыр.

Жалпы консалтинг (ағыл. consulting)  ұғымының аудармасы кеңес беру дегенді білдіреді. Бұл кез келген құбылыстың ұйымдастырушылық дамуы мен басқару салаларының күрделі мәселелерін  шешуге бағытталған интеллектуалды шара. Аталмыш шараның түп қазығы тереңде жатыр. Кейбір ғалымдардың пайымдауынша, ең алғашқы кеңесші қызметін өз шығармалары арқылы танымал Қытай философы Конфуций атқарған. Ежелгі дүниедегі әлеуметтік-саяси кеңес беруде философтар, шешендер мен абыздардың рөлі ерекше болды. Сондықтан Қазақстандағы саяси консалтинг нарығының қайнар көзін ертедегі билер немесе ақсақалдар кеңесінен бастау алатынына толықтай сенімдіміз. Сонымен қатар, өз заманының ойшылдары, ағартушы ғалымдардың шығармалары халықтың әлеуметтік-саяси көзқарастарын қалыптастыруға мол үлесін қосты.

Қазақ қоғамдық ой-пікірлерінің тарихында ағартушылық көзқарастарымен ерекшеленетін шығармалардың маңыздылығы өте жоғары. Қазақтың ірі әдебиетші-ғалымы, драматург, қоғам қайраткері М. Әуезовтың жиырма томдық шығармаларының он тоғызыншы томында жазушы мынадай пікірде: «Қазақ ССР тарихының өткен ғасырын еске алсақ, көзге толық, көңілге медеу үш адамды алдымен айтамыз. Олар кең Қазақстанның шалғай жатқан өлкелерінен шықса да бір туғандай сезілетін асыл жандар. Олар: үшеуі үш мұнарадай болған Шоқан, Ыбырай, Абай.

Бұл үшеуінің өмір, еңбек майдандары үш алуан болуымен қатар, үшеуін бір туғандай ететін ұқсастық та аса айқын. Ол ұқсастық: олардың нәр алған тамырынан, аналық топырағынан туған. Бұлардың бәрі де қазақтың киіз үйінде туып, өз елінің өкілі болып шығуымен қатар, тек қазақ халқының ғана тіл, өнер, тарихи мәдениет ерекшеліктерінің көлемінде қалған жоқ, туысы қазақ болса да бұлардың өрісі, өсуі басқаша. Олар өздерінен бұрынғы қазақ баласы бармаған ырыс өлкесіне жетті. Сол барысында шын шұрайлы, анық аналық қазына тапты.

Шоқан орыстың алдыңғы қатарлы демократиялық озғын мәдениетін меңгермесе, Шоқан болмас еді. Ыбырай орыстың мәдениет мектебін танымаса, Ушинский бастаған педагогикалық жаңалықтарды білмесе, орыстың адамгершіл, прогресшіл классикалық әдебиетінің нәрінен қорек алмаса, Ыбырай болмас еді. Солар сияқты Абай да Крылов, Пушкин, Лермонтов, Салтыков-Щедрин қалдырған әдебиеттік мұраны ұғып, меңгермесе Абай болмас еді» [1].

Осы себептерге байланысты осы мақаламызда Шоқан, Ыбырай, Абай шығармаларындағы әлеуметтік-саяси көзқарастар негізіндегі кеңес берушілік тұстарына тоқталуға ниет білдірдік.

Қазақ ойшылы, этнографы, тарихшысы, географы, ғұлама ғалымы және ағартушысы Шоқан Уәлихановтың ғылыми еңбектері мен қоғамдық көзқарастары бүгінгі күнге дейін өз құндылығын жоғалтпайды. Оның «Абылай», «Шаман дінінің қазақ арасындағы қалдықтары», «Сібір қарамағындағы қазақтардың сот реформасы туралы записка», «Жоңғария очерктері» [2] атты мақалалары халқымыздың қалыптасуы мен дамуы туралы баяндайды.

Мәселен, «Абылай» мақаласында Шоқан даңқты ханның өмір жолына шолу жасайды. Сол заманның қазақтар үшін ерлік дәуірі екендігін айқындайды. Ханның көптеген басшылық сынынан өтіп, жау қолында тұтқында болған кезеңдері туралы айтады. Оның түбі терең болжағыш саясаткер екені анықталады. Бұл Абылай саясатының салиқалы екендігінің көрсеткіші болып табылады.

«Шаман дінінің қазақ арасындағы қалдықтары» атты мақалада ғалым қазақ халқында шамандықтың қалдықтары туралы да ғылыми тұжырымдар келтіреді. Халқымыздың ислам дінін ұстанатынын, оның ішінде шаман ғұрыптары мен ырымдарын тұтынуы анықталады. Сонымен қатар, өлген ата-баба рухтары, аруақтар, немесе оргондар, шамандардың емдеу тәсілдері мен табыну нысандары, садақаға сойылатын малдар, қазақтардың космологиялық ұғымдары, жаратылыстағы киелі күштер туралы сөз етеді. Осы мақаласында Шоқан «Өлі мен тірі туралы және олардың достығы туралы ертегі» ұсынады. Өлі жігіт пен тірі жігіт арасындағы достықтың мәнін айқындайды. «Балам, есіңде болсын, елсіз жерде кездессең... моланы құр қалдырма, егер оған түнде кездессең түнемей өтпе», - деген сөздері дәстүрді ұстану мен өзгенің кеңесін тыңдау, жігіттің жолбарыстарға ұмтылуы батырлықтың қажеттілігін дәріптейді.

Қазақ мектептерін Европа жолына, өнер жолына бұрып бастаған ең тұңғыш жаңашыл оқытушы, тарихта өшпестей із қалдырған педагог, ақын, жазушы Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық қызметке қосқан үлесі мен еңбегі зор. Ыбырай жастарды оқу-білім, өнерге ұмтылуға кеңес бергенде құрғақ насихатқа ұрынбайды, қайта өз ойын нақтылықпен дәлелдеуге ұмтылады. Айтпақ пікірді оқушы зердесіне еркін сіңіру үшін әр алуан ұстаздық амал-тәсіл қолданады. Ол ең алдымен шешендік қайталауларды ұтымды пайдаланады. Ақын әр шумақ сайын:

«Бір құдайға сыйынып,

Кел балалар, оқылық,

Оқығанда көңілге

Ықыласпен тоқылық!» -

деген жолдарды әдейі қайталай отырып, оқу-білімнің пайдасын айтуда бала жүрегіне жол таба білген. Ол білімділік пен надандықтың ара жігін ашып көрсету талабында жарық пен қараңғылықты қатар, жарыстыра алып сипаттайды. Осы орайда ақын алдымен оқудың пайдасын жарыққа балап:

«Оқысаңыз, балалар,

Шамнан шырақ жағылар.

Тілегенің алдыңнан

Іздемей-ақ табылар!» -

десе, надандықтың мән-жайын:

«Оқымаған жүреді,

Қараңғыны қармалап» - дейді.

Автор өзі үндеп отырған оқу-білімнің тек ізденіс, еңбекпен табылатынына үлкен мән береді. Ол үшін инемен құдық қазғандай ыждаһат, сабырлылық қажет екенін ескертеді. Сондай сарыла ізденудің арқасында қол жеткізген оқудың азбас, тозбас өнерге айналатынын айтады. Ақынның ойынша, оқу-білім мәңгілік, ол жұтамайды, таусылмайды.

Ыбырайдың «Өнер-білім бар жұрттар» атты өлеңі тың мазмұнды, жаңа сипатты шығарма дей аламыз. Ақын мұнда қазақ балалары түгіл, ересектердің ұғымында жоқ техника тетіктері мен құрал-жабдықтарының іс-әрекет, қозғалысы мен адамға көрсетер қызметін суреттейді. Шынында, құлақ естіп, көз көрмеген паравоз, параход, радио, телеграф, телефон, газ, электр, самолет т.б. секілді техника құрал-жабдықтарының қызмет-көмегі жас балалар үшін тек қиялдағы дүние секілді болатын. Сондықтан бұларды қазақ балаларына айтып түсіндіру талабында ол ел өмірінде бұрыннан бар жұмбақтау тәсілін ұстанады. Мұның бірден-бір дұрыс жол екенін дәлелдеу қажет болмас. Дегенмен мұның кейбір қырларына зер сала кеткен де артық болмас дейміз.

Автор сол таныс емес техника заттарының іс-әрекеттерін алдымен өз өмірімізде бар нәрселермен теңеу арқылы ұғындырмақ болады. Айталық, ол паравозды «аты жоқ құр арба» деп бейнелесе, ал суда жүзген кемені кәдімгі нән балыққа балайды. Бұл біріншіден, жұмбақ шешіп үйренген қазақ балаларының ойлау қабілеті мен соған деген ықылас-ынтасын арттырса, екіншіден, жаңа заттың болмысы мен қызметінен хабардар болып, нақты түсінік алады. Сондықтан бұл жырлар танымдық сипаты жағынан теңдесі жоқ шығармалар болып саналады.

Ы. Алтынсарин алғаш әдебиетімізде проза жанрының да негізін қалады. Ол әңгімелерінде жас шәкірттерді адамгершілікке, ізгілік пен бауырмалдыққа, адал еңбек пен әділдікке, әдептілік пен сабырлылыққа, зейінділік пен білімді еркін игеруге шақыру арқылы кеңес берді. Өз әңгімелерінде отырықшылықтың артықтығын дәлелдеуге ерекше зер салған жазушы «Қыпшақ Сейітқұл», «Киіз үй мен ағаш үй» секілді шығармаларын жазды.

Сонымен қатар, жазушының «Аурудан аяған күштірек», «Асыл шөп», «Малды пайдаға жарату» атты әңгімелері қайырымдылық пен бауырмалдық, сабырлылық пен шыдамдылық секілді ізгі қасиеттерді тәрбиелеуге арналған. Ыбырай мұнда балалар ұғымын ескеріп, оқиғаның қысқа қайырылып, мысал, жұмбақ іспеттес етіп құрылуына мән береді. Сол арқылы шәкірттердің зейін-ықыласын арттырумен қатар, олардың ойлау қабілетін жетілдіруге зер салады.

«Бай мен жарлы баласы» атты әңгімесі өзге шығармаларынан жеке дара тұр деп айта аламыз. Мұнда жазушы бай баласы Асан мен кедей баласы Үсенді бас кейіпкер етіп ала отырып, әлеуметтік мәні зор ірі мәселеге назар аударады. Баланың қалыптасуына орта мен отбасының әсер-ықпалын ашып көрсету арқылы мән-маңызы үлкен қорытынды жасайды. Жоқшылық көрмей, тек дайынға үйренген бай баласы Асанның өмірге икемсіздігін, ал бұған қарсы еңбексүйгіш, тәжірибелі кедей баласы Үсеннің қиын сәтте икемділігін нанымды етіп сипаттайды. Сол арқылы өмірдің күрделілігін аңғартып, қандай қиыншылықты болса да еңбек пен тәжірибе жеңеді деген байсалды пікір ұсынады [1, 8-17 бб.].

Қазақтың ұлы ақыны, философ, жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абайдың әлеуметтік-саяси, антропоцентристік, гуманистік көзқарастарының орны ерекше. Оның әрбір поэмалары, қара сөздері, өлеңдері мен аудармаларының негізгі мәнін тереңінен түсіне алсақ, өткен заманды, елдің жайын, халық тағдыры мен арманын ұғынамыз. Сол арқылы қазіргі кезеңді, кешегі мен бүгінді, болашағымызды айқындай аламыз.

Ұлы Абай өзінің бірінші қара сөзінде: «қалған өмірімді қайтып өткіземін», - дей келе, «ел», «мал», «ғылым», «дін», «бала» бағамын ба?», - деп сауал тастайды. Ақыры: «... ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын...» [3], - дейді. Енді ақын қара сөздеріндегі кеңес берушілік сипаты мол ой-толғамдарына тоқталайық.

Үшінші қара сөзінде: «...Үш жылға болыс сайланады. Әуелгі жылы «Сені біз сайламадық па?» деп елдің бұлданғандығымен күні өтеді. Екінші жылы кандидатпенен аңдысып күні өтеді. Үшінші жылы сайлауға жақындап қалып, тағы болыс болып қалуға болар ма екен деп күні өтеді...», - дейді. Бұл ақын дәуірінде демократиялық құндылықтардың қалыптасқандығын көрсетумен қатар, ол сол заманның өзінде бүгінгі күндегідей сайлау науқаны барысындағы кандидаттардың жағымды имидж қалыптастырудағы қимылдарын еске түсіреді. Болыстыққа түсерде қазіргідей өзіндік технологиялар жүргізу кезеңінде сол заманның өзінде-ақ білімді болуының негізгі алғышарт екендігін көрсетеді.

Сегізінші қара сөзінде: «Осы ақылды кім үйренеді, насихатты кім тыңдайды? Біреу - болыс, біреу - би. Олардың ақыл үйренейін, насихат тыңдайын деген ойы болса, ол орынға сайланып та жүрмес еді...», - дейді. Ақын бұл пікірі арқылы екеуінің өз заманында өздерін үздік кісі, біреуге үлгі беріп, ақыл айтуға сайланғанбыз деп шектейтіндігін, байлар үшін адалдық, адамдық, ақыл, ғылым, білімнің малдан қымбат  еместігін қынжыла баяндайды. Қоғамдық дамудың негізгі құндылықтарын олардың бұлай бағалауы кедейлердің ой-пікіріне ықпал етіп, білім, ғылым, ақылды керек етпейтіндігіне көңілі толмайды. Десек те, бүгінгі күнде халықтың санасында мұндай көзқарастардың қалып қойғандығы жасырын емес.

Абайдың ақылды кісі мен ақылсыз кісінің парқын айқындауы (он бесінші қара сөз), қайрат, ақыл, жүрек үшеуінің өнерлерін айтысып, таласып ғылымға жүгінуі (он жетінші қара сөз) секілді ойлары ақылдылық пен ғылымның жоғарылығын дәлелдейді. Ғылымның қоршаған әлемді объективті бағыттарын жүйелендіретін адамзаттың ерекше дүниетанымдық қызметі екендігін көрсетеді. Бұл қызметтің негізі болып мәліметтерді жинау, оларды жүйелендіру, жаңа ілімді сараптау мен синтездеуде жатыр. Ғылым бақыланатын табиғи немесе қоғамдық құбылыстарды суреттеп қана қоймай, болжамдар жасауға септігін тигізеді. Сондықтан Абай шығармашылығынан болжам жасау үлгісін байқаймыз.

Сонымен қазақтың саяси ойларындағы үш тұлғаның әлеуметтік-саяси ой-пікірлеріне сараптама жүргізілді. Қазақ данышпандарының қоғам мүшелеріне өз шығармалары арқылы ынтымақтастыққа, бейбітшілікке, ізгілікке, сауатты болып, ғылым қууға кеңес бергендіктері байқалады. Сондықтан қазақтың барша ғұлама ғалымдарының пікірлері бүгінгі күнде де құндылықтары мен өзектілігін жоймайтындығы анық.

Әдебиет:

1.    Ыбырай Алтынсарин тағылымы. / Құраст. М. Жармұхамедов. - Алматы: Жазушы, 1991. - 20-21 бб.

2.    Шоқан Уәлиханов. Мақалалары мен хаттары. - Алматы: Қазақтың біріккен мемлекет баспасы, 1949. - 169 б.

3.    Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. - ІІ том. - Алматы: Жазушы, 1995. - 158 б.

 

Мұрат Өрленбайұлы Насимов,

саяси ғылымдарының кандидаты,

Қызылорда «Болашақ» университетінің

тарих және филология кафедрасы меңгерушісі

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1486
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5517