Ақталмай жатқан Арыстар көп...
Көктемнің басы – наурыз да, аяғы – мамыр да айтулы күндерге, мерекеге, қуанышқа толы. Солардың соңғысы, бірақ қайғысы мен қасіреті мол тағы бір ерекше күн – Жаппай саяси қуғын-сүргін мен Ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осы атаулы күннің қарсаңында филология ғылымдарының докторы, Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің меңгерушісі Ғарифолла ӘНЕС мырзаның "Ана тілі" газетіне берген сұхбатын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
«Ана тілі»: Редакциямызға қош келдіңіз!. Біздің газет, ұжымымыз Өзіңізге ыстық шығар?
Ғарифолла Әнес: Әр пенденің өмірі өзіндік белес, биіктіктерден тұрса, мен үшін «Ана тілінде» тер төккен үш жылым шыңға шыққан, тірлігімді күрт өзгерткен, шуақты сәттерімен жадымда жатталған берекелі жылдар болды. 1990 жылдың наурыз айының бел ортасында Бас редакторымыз Жарылқап Бейсенбаев (әлі есімде, ағамыз сынған қолын мойнына асып жүрген сол кезде), оның орынбасары Бақыт Сарбалаев, жауапты хатшымыз Ертай Айғалиев төртеуміз қазіргі А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының акт залында газеттің алғашқы санын дайындап едік... Мен осы Институттың кіші ғылыми қызметкері болатынмын, нөмірі бірінші бұйрықпен «Ана тіліне» Тілтану атты бөлімнің басшысы болып бекідім. Осылайша үш басшы, бір қосшы 10 мың данамен Наурыз күні алғашқы қарлығаш санымызды ұшырдық. Абыройсыз болған жоқпыз, араға азғантай уақыт салып «Ана тілі» газеті 107 мың таралыммен қолдан-қолға тимей кетті. Еліміздің қиыр шетіндегі ауылдарда мұғалімдердің «Ана тілінде» жарқырай шыққан тың мақалаларды оқулықша пайдаланып жүргенін түрлі іссапарларда көзімізбен көрдік.
Әрине, ол кездің аты да, заты да бөлек еді ғой. Жылымық жылдар, айтысты-тартысты жиындар, Тәуелсіздіктің тәтті шағы, қайыршыға бергісіз қайырлы кездер... Осылайша үш жылдық журналистіктің жоғары мектебінен өткен соң орнымды белгілі ақын, оқыған-тоқығаны мол Байбота Қошым-Ноғайға табыстадым. Алғашқылардың бірі болып қоғамдық бірлестік құрып, баспагерлікке ауыстым. Ол да бір заман талабы-тұғын. Өйткені екі дүниеде қызық көрмеген Алаш Арыстарын қайтадан халқымен қауыштыру қажеттілігі туған еді.
«Ана тілі»: Енді сол қасіретті жылдарға қатысты тың дерек, күрмеуі қиын мәселелер туралы ойларыңызбен бөлісе отырсаңыз.
Ғарифолла Әнес: Ұлтымыздың рухани көсемі аяулы Ахаңның – Ахмет Байтұрсынұлының бір сөзі қашан да жадымнан кетпейді: «Қазақ – жоқшы. Біз жоғын іздеген халықпыз». Бұл танымы тереңде жатқан ойлы сөзді сан саққа жүгіртіп, сан түрлі талдауға болады. Осы ұғым-түсінік бізге өткенімізге үңілуге, бүгінгіні бажайлауға, болашақты болжамдауға кілт бола алады. Ұлтымызға қатысты қандай мәселені көтерсеңіз де айтылмаған шындығы бастан асады, небір қарама-қайшы, кереғарлыққа тап боласыз. Өскен, өркенді елдің шежіре жады мыңдаған жылдарды санаға сыйғызса, бізде бәрі «ақтаңдақ», тиянағы жоқ даулы мәселе, барының, нарының өзіне баға беруші қандастарымыз оқпананың екі жағына бөлініп алып, «менікі ғана дұрыс» деген кеудемсоқтықтан арылар емес. Тамыры тереңге кеткен, ата тарихтың қойнауындағы құпияларды ашуымыз қажет-ақ, әйтседе күні кеше туындаған, тіптен бүгін зардабын тигізіп отырған, ертеңімізге қауіп төндіретін мәселелерді ашық талқыға салмай, қоғамның жоғы, қазақтың жоғы түгенделмесі хақ.
Мен 17 рет (!) атом жарылысын басымнан кешкен, кішкентай ғана Азғыр деген (1930 жылдары аудан орталығы болған) полигон-ауылда өскен қазақпын. Әкем 44-ақ жыл ғұмыр кешті, інімнің өлімі жұмбақ, қарындасым өмірлік мүгедек. Бұл – әрине, менің трагедиям, менің басымдағы жағдай ғана. Ал шындығында осы аймақта, алақандай жердегі бұрынғы Балқұдық және Сүйіндік аталған қос совхозда, оның бес-бестен он бөлімшесінде (Азғыр, Ұштаған, Асан, Қоңыртерек, Лабай, Ноғайбай, Егіндіқұдық, т.б.) ғұмыр кешкен 10 мың адамның, бүгінде сол жерден көшпей қасарысып отырған, үш жағынан қыспаққа алған Таубұйрат, Ашулук, Капустин Яр әскери полигондарының зардабын күнде тартып, төбесінен зымыран күнде жауып отырған, не ауыз суы жоқ, не қарапайым тас жолы жоқ, не газы жоқ Нарын құмындағы 3.5 мың бейбақтың тағдыры емес пе?!. Бұл жараларды тырнасаң, жалаулатып-алаулатсаң, көпке, жоғары жаққа топырақ шашқандай боласың. Ал үндемегеннен не шығады?!. Совет заманында 70 жыл, өз тізгініміз өз қолымызға тигенде 30 жыл үндемей-ақ қоялық, сонда кімге пайда, кімге зиян?!.
«Ана тілі»: Бәрі дұрыс қой... бірақ біздің қалың оқырман Ашаршылық
зұлматы, Қуғын-сүргін нәубеті туралы біле түссек дейді.
Ғарифолла Әнес: Бұл жерде басын ашып алар бір мәселе бар. Бұл дүниеде әділдік, ақиқат деген мүмкін бар шығар, ол әрине бір Аллаға ғана аян, ал мен білгенде шындықтың түр-түрі бар: жеке адамның, яки менің шындығым, мүдделестер шындығы, маман (мәселен, тарихшы ғалым) шындығы, қоғам шындығы, билік шындығы (оны кейде саясат, ішкі саясат, сыртқы саясат деп жатамыз)... Мәселенің төресі мен түйіні осылардың ұштасуында, бір арнаға құйуында, тоғысуында жатса керек.
Басын ашып алар бір мәселе – мен бар-жоғы тілші-ғалыммын, кәсіби тарихшы емеспін. Сондықтан менің аузымнан шыққан сөзді қоғам маманның пікірі деп қабылдамауы тиіс. Алайда отыз жыл осы салада жүргендіктен менің көзім жеткен біршама шындықтар, «ашылмаған аралдар» бар. Мәселен, күні кеше бір жазықсыз атылған Арыстың аты-жөніне тап болдым. Қадылбеков Мерғали деген азамат, сталиндік репрессия құрбаны. Баянауылдың тумасы екен. 1938 жылы 27 ақпанда Алматы түрмесінде 31 (!) жасында атылған. Қазіргі Түркістан облысы Кентау қаласы маңындағы Мырғалымсай қорғасын-мырыш кен орны осы Мерғалидің атымен аталғанын білгенімде бірнеше күн есеңгіреп жүрген жайым бар. 1928 жылы 21 жасында Мәскеудің тау-кен институтын бітіріпті. 1937 жылдың 30 мамырында тұтқындалғанға дейін Оңтүстік Қазақстан, Қаратау және Қырғызстан жеріндегі ондаған кен орнын тұңғыш рет барлап, ашқан екен. Қарағанды облысындағы Қарағайлы және Қайрақты түсті металл, Алматы облысындағы Текелі қорғасын-мырыш кен орындарын алғаш барлаған. Техникалық кітаптарды қазақшаға аударып, тау-кен ісі жөнінде тұңғыш терминологиялық сөздік түзген... Қазақ баспасөзін қалт жібермейтін менің білмеу себебім – осы күнге дейін ол жөнінде ақпаратқа кезікпеппін. Қаныш ағаларымыздың заманында «халық жауы» болғандықтан аты аталмаған шығар. Ал біздің жазғыштар, сенсация құмар жазушы-журналистеріміз неге үнсіз? Мұрасы сақталған ба? Үрім-бұтағы бар ма? Осындай арманда кеткен Арыстарымыз жер астына көміле бермей, еңбегі мен есімі ауызға ілініп, тасқа басылып, хатқа түссе, ол ұлттың абыройы емес пе?!.
Бөкейлік Елеусіз Бұйрин (Бұйра ұлы) деген журналисті, ақынды естуіңіз бар шығар. Оның аты-жөні рухани тарихымызда 1911 жылы Орда қаласында қазақ тілінде «Қазақстан» (!) деген айқайлаған атпен тұңғыш газетімізді шығаруымен қалды. Осы Арыс азаматты Алматыға сыйғызбадық: академия, архив, музейлеріміз, ондағы қазақ басшылар «алашшыл» деп жұмыстан қуды. Марқұмның екі қызы болған. Жолдасы екеуі келісімге келіп, қыздарын аман сақтап қалу үшін екіге ажырасқан. Елде қалған қызы жетіліп, кейіннен биология ғылымының докторы, профессор болған соң мен «Батыс Қазақстан облысы» энциклопедиясына кіргіздім, балалы-шағалы, ұстамды, парасатты жан еді марқұм. Ал жап-жас кезінде «Қазақстан» деп жаһанға жар салған Елеусіз атамыз 1933 жылы Душанбе қаласында қызын құшақтап жатып, аштан қатты. Өйткені ол жақта да мемлекеттік архивте жұмыс істеп, жан бағып жүрген оның артынан «алашшыл» деген жалалы хат барып, жұмыстан қуылып, нәпақасыз қалды. Қазір біз Тәжікстанға сұрау салып, бейітін іздестірудеміз... Басқа қолымыздан не келеді?..
Атақты «Бесеудің хатын» білесіз. Оның авторлары сталиндік қанқасаптан аман қалды, өйткені олар жоғары басшыларынан кешірім сұрап, қателестік, жаңылдық деп тайқыған еді. Заманы сондай еді, тірі қалу үшін жанталас тірлік... оларды айыптауға еш құқымыз жоқ. Бірақ осы хаттың жазылуына мұрындық болған, жарты патша Голощекинге қасқайып тұрып көкейіндегі бар ойын ашық жазған қазақтың тұңғыш кәсіби экономисі Әзімбай Лекеров алғашқылардың бірі болып ажал құшты. «Арыс» баспасы ол турлы кітап шығарды, қазір марқұмның Айсадора атты қызының азап лагерінде болған шешесі туралы да жазғандарын жариялағалы жатырмыз.
Күні кешеге дейін Қазақстандағы банк саласында көбінше өзге ұлт өкілдері басшылық жасағаны әмбеге аян. Біз «Төребек Османов – тұңғыш банкир» деген қазақша және орысша қос кітап шығардық. Оқыңыз, көріңіз! Бұл кісінің артында үш қызы қалған. Олардың әкелерін атып, шешелерін Алжирге айдаған. Үш қызды Мәскеуден де әрі асырып, батыстағы үш республиканың үш детдомына тапсырған. Әйтеуір Қызылорда жақтағы әкелерінің еті тірі бір қарындасы зарлап жүріп бәрін тауып, бүлдіршіндердің басын қосқан, асыраған, адам қылған. Зарема атты апамыз көзінің жасын сығып, «Екі апайым қайтыс болды. Маған да жүрекке ота жасату керек. Бірақ операциядан тұрмай қалсам ата-анам атаусыз қалады ғой» деп шырылдап жүріп, аталған кітаптарды шығарды, Қызылорда қаласында әкесіне көше атын алып берді, ескерткіш-тақта орнатты...
Әрине, айта берсе әңгіме көп. Бірақ менің жаным ауыратыны – алыс сағымға айналған арғы тарихты айтпағанда күні кешегі ІІ-дүниежүзілік қырғынның қаралы беттерін неге толық ашпайтынымыз түсініксіз. Мен маман тарихшы болсам бірінші кезекте Қазақстанда құрылған атты кавалерияның өкінішті де қасіретті тағдырын жазар едім. 3200 атты әскерге 3100 қылыш әрең тауып бергені, оларды танкіге қарсы салғаны, 3200 өрімдей жігіттің бір сағатта жер жастанғаны – айтуға тұратын әңгіме емес пе? Тарихымыздың қаралы бір беті емес пе? Болмаса біз білімді де білікті тарихшы, марқұм профессор Көшім Есмағамбетовтің «Түркістандық әскери тұтқындар» атты аяқталмай қалған еңбегін жарыққа шығарғалы жатырмыз. Онда қоршауда қалып, болмаса жараланып неміс тұтқынында болған 1500 қазақ туралы дерек бар. Өкінішке қарай, олардың басым көпшілігі су ішерлігі болып, тозақтан тірі шыққанымен сталиндік азаптан құтыла алмады, сүйектері итжеккенде қалды.
Смағұл Көшекбаев деген азаматтың аты-жөнін естуіңіз бар ма? Біз рулас, жақын туыс болып келеміз. Марқұм соғысқа алынып, қан майданда опат болды. Ол ағамыз бүгінгі дүрілдеген Құрманғазы оркестрін құрған болатын, бөкейлік барша күйшілерді, оның ішінде алыстағы Астарханнан Дина анамызды түйемен Алматыға жеткізген. Әрине, ол «халық жауы» емес, десек те бүгінгі ақпараттық қоқыс жәшігіне айналған кішкентай мишығымызда мұндай деректерге оңайлықпен орын табыла бермейті өкініш-ақ...
«Ана тілі»: Халқымыздың тарихындағы орны толмас қаралы бет – Ашаршылық туралы пікірлеріңізді білгіміз келеді. Көптеген қоғам қайраткерлері, тарихшылар Саяси қуғын-сүргін мен Ашаршылықты бөлек-бөлек қарастыру керек, екеуі екі бөлек трагедия, зұлмат деп жатады.
Ғарифолла Әнес: Біздің бітпес жарамыз, трагедиямыз мұндай біреу-екеу емес, санаса сан жетпейді ғой. Соның ішінде үшеуін ерек бөліп атаған жөн. Олар: Ұлы жұт – Ашаршылық, совет заманындағы Халық көтерілісі мен толқулары және саяси репрессия. Меніңше, бұларды жіліктеп, бөлек-бөлек қарастырғанда не ұтамыз? Олар сиям егіздері сияқты бірінен-бірі туындап жатқан, бірі себебі, бірі салдары дегендей тұтас дүние емес пе?
Қанша ауыр болса да мойындауымыз керек – бұл үш актілі трагедияның авторлары Москвада, Кремльде отырғанымен оның орындаушылары – басты рөлдегі негізгі әртістері де, «массовка»-көпшіліктегі қауым да қазақ болды! Бұл қазақты құрту үшін жазылған сценарий, оның нәтижесі – геноцид-қойылым болып шықты. Басшыларымыз бұл мәселені «саясатқа айналдырмау керек» дейді. Жоғарыда айтқанымдай, шындықтың бірнеше тармағы, түрі бар ғой. Олардың қай-қайсысының да айтылатын, айтылмайтын орны бар, мүмкін жара ізін суытар уақыт та өтуі керек шығар...
Мәселен, біз Сталиннен лимит сұрағаны үшін (жоспарды асыра орындап, қосымша тағы 800 адамды ату, 1600 адамды жер аудару бойынша өтініш) Алматы мен Астанада Лев Мирзоянның атындағы көшелерді өзгерттік. Дұрыс-ақ! Бірақ сол Мирзоян қол қойған, Сталин «За!» деп оқ атуға бұйрық берген шифровканың төменгі жағындағы бес қазақ басшысының мақұлдап, бата бергенін аяғына дейін неге айтпаймыз?
Болмаса қазақ баспасөзінде Тұрар Рысқұлов туралы қаншама жала, былғанышты материалдар жарияланып жатыр? Шынына келгенде қазақта Тұрардан артық билік биігіне көтерілген лауазымды қазақ бар ма? 26 жасында Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы болды. 32 жасында РСФСР (Совет Одағы деп оқыңыз) Халық комиссарлар кеңесі төрағасының, яки 11 жыл бойы И.Сталиннің орынбасары болды. Т.Рысқұловтың биографтары айтып жүргендей, ол екі жасын өмірбаянына қосып алғаны шын болса, 25-ке де толмай байтақ Түркістандағы 4-5 халықтың тағдырына араласып, талай күрделі мәселелерді (мәселен, Түрксибті салу) шешкеніне тарих куә ғой. Әрине, шындық айтылуы шарт, десек те Тұрардың беделін тұралатсақ, қалғандарын енді өзіміз сырттай екінші рет ату жазасына кескеніміз болып шықпай ма?
Меніңше, біз шамамыз келгенше барлық «шындықты» тұтастырып, баршамыз жабыла отырып, қоғамдық шындықты қалыптастыруымыз керек. Өйткені қоғам түзелмей, қоғам мақұлдамай ол жекенің, белгілі бір топтың ғана шындығы болып қала бермек.
Халықтың (тарихи) жады – бүгінгі өмірдің тірлігі, салты. «Жақсылық көрсем де өзімнен, жамандық көрсем де өзімнен» дегендей, халықтың сана-сезімі, арман-мүддесі – бүгінгі өмірдің айнасы. Біз қаласақ та, қаламасақ та шынайы өмір осыған әкелді. Риза болсақ – басшысы да, қосшысы да осыған үлес қосты, жан-дүниемізбен сырт айналып, қарсы болсақ – басшысы да, қосшысы да осы күнге лайық.
Жоғарыда айтылғандай, Кремльде жазылған (мүмкін одан ерте, сонау ақ патша заманында) сценарий бойынша Қазақ даласы қаңырап, иен қалуы керек еді. Әрине, ол бір жылда, бір заманда іске асуы мүмкін емес, сол себепті де қолдан Ашаршылық ұйымдастырылды, Қызыл қырғын, Қуғын-сүргін болды, сынақ полигондары ашылды, космодром салынды, Тың игерілді... Сын-сынақтардың ең сорақысы Желтоқсанмен түйінделді.
1985 жылы Москвада Апрель пленумы болмағанда 1988-дің аяғы 1989-дың басында Алаш арыстары ақталар ма еді? Тәуелсіздікке қолымыз жетер ме еді? Тарих тегершігін кейін айналдыру мүмкін емес, десек те Брежнев өлген соң орнына Андропов келгенде не болар еді. Небір сынақтарға төзген жұртымыз жаңа Желтоқсандарға төтеп бере алар ма еді?..
«Ана тілі»: Сонда Сіз бүгінгі рухани өзекті мәселелер – Тіл, Діл, Дін һәм Жер тартысы тамыры тереңге кеткен, тарих сабағы дегіңіз келе ме?
Ғарифолла Әнес: Әрине, ұлттық рух, өршіл намыс халықтың тарихи жадына тікелей байланысты. Ұлан-байтақ жеріміз бен телегей-теңіз елімізге (ғалымдардың болжамы бойынша біз бүгінгі Түркиядай 50-60 млн халықты құрауымыз керек еді) Тәңірдің емес, адамның, коммунистік қызыл идеологияны жамылған қаныпезерлердің қолымен жасалған сынақтар тұымымызды тұздай құртты: санымызды азайтты, сапамызды, сана-жадымызды күл қылды. Енді соны қалай көл етсек деген мақсатта бәріміз партаға отырған жас баладай «Рухани жаңғыруымыз» керек. Шынында басқа қандай жол бар? Кезінде «Мәдени мұра» – 100 том бабалар сөзі, 15 том «Қазақ әдеби тілінің сөздігі», «1000 қазақ әні», «1000 қазақ күйі»... біздің еңсемізді тіктеп, кеудемізді көтеруімізге мүмкіндік берді. Өйткені, мұндай рухани байлық ғұмыр жолы бізден де ауыр болған татар, башқұрт, ноғай, құмық, саха, хакас сияқты қандастарымызды айтпағанда, «жеттік, толдық» деген өркениетті елдердің өзінде бірі болса, бірі жоқ еді.
«Ана тілі»: Соншама мол рухани байлығымыз бола тұра тарихи санамыздың сіз айтқандай жүйеленбей, бір ізге түспей жатуына не себеп?
Ғарифолла Әнес: Батпандап кірген аурудың мысқалдап шығатынын ұмытпайық. Әлем халықтарының көбінде «Қырық жыл» деген белес бар. Қырық жыл қырғын көрсе де аман қалатын баһадүрдей қазағымыз да төске өрлеп, төбеге шығарына сенімдімін. Тек бізде бір жаман әдет бар – науқаншылдық пен бастаған істі аяғына жеткізбеу. Маған таныс тақырыпқа оралсақ, мәселен, «Ашаршылық» деп бір кезде ду еттік, қазір қоғамдық пікір саябырсып қалды. Кезінде «Кәмпеске» деген бір том кітап шықты, ұмытпасам марқұм Сейсен Мұхтарұлының еңбегі, жалғасын таппай қалды. Астананың төрінен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алатын монумент тұрғыздық, қазір ол жерде туымыз тігулі тұр. Алматыдағы Алаш арыстары атылған түрмеде Репрессия музейі ашылып еді, басқа жер жетпегендей оны да сатып, көненің көзіндей ату камерасын (дайын кино түсіру алаңы!) бұздық, музейдің экспонаттарын талан-таражға салдық (өз қолымен заттарын өткізген ұрпақтары зар жылап жүр)... Міне, осы жайттар әсіре науқаншыл, тек жоғарыдан түскен нұсқауды ғана орындаушы екенімізді, бастаған ісімізді аяғына жеткізбейтіндігіміздің «үлгісі».
Ана тілі»: Енді Сіз басқарып отырған Музей осы істерді аяғына жеткізетін шығар?
Ғарифолла Әнес: Ешқашан жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайды ғой. Бұл қоғам болып атқаратын ұлы шаруа, қасиетті іс. Бұл орайда мен Тәуелсіздікке қолымыз жетіп, ашық қоғам құруға талпынған жаңа заманымызда әсіресе тарихшы ғалымдарымыз бен архивистеріміздің ересен еңбегін атап өткім келеді. Әрине, халыққа кітаптары арқылы академик-профессорлар М.Қозыбаев, К.Нұрпейісов, С.Зиманов, М.Қойгелдиев, Т.Омарбеков, Қ.Алдажұманов, т.б. танымал. Ал оның сыртында қаншама жазылған диссертация, табылған архив материалдары, доцент, аспирант мамандардың еңбегі бар. Өкінішке қарай, олар халықтың көкірек-көзіне жетіп, жадына тамшы-білім болып қосылмай отыр. Бұл да біздің бір кемістігіміз. Мен Сізге айтар едім, алдағы күндерде керемет бір тарихи-деректік «ғаламат жаңалықтардың» табыла, ашыла қоюы қиын. Өйткені біздің тарихшылар, мұрағатшылар олардың бәрін сүзіп шыққан. Ендігі міндет – осы ауқымды істі аяғына жеткізу, күлге айнала жаздаған жадымызды көлге айналдыру жолы. Меніңше, ең алдымен бас қатырар мәселе осы.
Ал Жаңалық ауылынан ашылған жаңа музейге келсек, мұның да 30 жылдық тарихы бар. Биыл 8 сәуірде Республикалық тарихи-ағарту «Әділет» қоғамына 30 жыл толды. Кезінде мемлекет қайраткері Санжар Жандосов ағамыз бастап ашып, жоғарыда аттары аталған ағаларымыз және М.Байділдаев, М.Хасанаев, ортамыздағы академик М.Баймаханов, тұрақты атқарушы директор болған марқұм С.Айтмамбева т.б. осы қоғамның шаруасын қоғамдық негізде тоқтатпай жүргізді. Қоғамның ең негізгі бітірген шаруасы – 20-ға жуық «Азалы кітап. Книга скорби» кітабын жарыққа шығарды. Мұнда барша Қазақстанда Үлкен террор жылдарында атылған азаматтардың сот істері бойынша өмірбаяндық деректері қамтылған.
Осы қоғам мүшелері Жаңалық ауылында 4 мыңнан астам арыстардың жерленгенін, олардың арасында А.Байтұрсынұлы, Сәкен, Бейімбет, Ілиястардың... бар екенін дәлелдеді. Міне, осы Жаңалық ауылындағы сүйектер жатқан 17 гектар жер 1993-96 жылдары «Әділет» қоғамының қарауына берілді. 2002 жылы ол жерге тағзым монументі тұрғызылып, жыл сайын Саяси қуғын-сүргін құрбандары еске алу жиыны өткізіліп келеді. Былтырғы жылы Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өз бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында осы жерге музей ғимаратын салып берді. Музейіміз М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінің бір бөлімшесі ретінде өткен жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында ашылды. 29-31 күндері өтетін «Ашаршылық және Үлкен террордың тарихи сабақтары» атты конференция ұйымдастырып жатырмыз. Оған Тәшкеннен, Ош, Бішкек қалаларынан бірнеше тарихшы профессорлар келеді, жалпақ Түркістандағы Ашаршылық, Қуғын-сүргін, «Алаш» партиясының Қырғыз бөлімі, «Басмашылар» қозғалысы сынды тақырыптарда баяндама жасап, ойларын ортаға салмақ.
«Ана тілі»: Қазір музейлеріміз бен университеттеріміз ғылыми мекемеге айналу керек деген басым бағыт бар. Алдарыңызда осындай үлкен мақсат бар ма?
Ғарифолла Әнес: Осындайда менің ойыма атам қазақтың «Түйенің арқалағаны алтын, жегені жантақ» деген мақалы оралады. Қазір барлық жерде – «оптимизация». Алматы қаласындағы 8 музей – Сәбит пен Ғабит музейі, Ұлт аспаптары музейі, Қонаев музейі, т.б. бірігіп, бір мекеме болып күн көріп отыр. Алматы облыстық музейіне бұрын 22 музей бағынады екен, біз сол арбаға 23-ші болып тіркелдік. Қанша жерге шабарымызды бір құдай біледі. Жанымыздан ғылыми-зерттеу және археологиялық бөлім ашқымыз келеді. Былтыр жазда Жаңалық ауылындағы бір үйдің ауласынан құрылыс кезінде көп адамның сүйектері шыққан. Сот-экспертиза мекемесі оларды тексеріп, 168 адам осы жерде атылған деген қорытынды актіні қолымызға беріп отыр. Яки алақандай (2 х 2 м) жерден табылған сүйектер толық емес, әлі де ол жерді қаза берсе шыға береді деген сөз. Сүйектерді 31 мамыр күні діни рәсіммен жер қойнына қайта тапсырмақпыз. Қазірдің өзінде іргедегі Жаңалық пен Әли ауылдарынан оннан астам жерде сүйектер жатқаны белгілі болып отыр. Бірінші кезекте соларды аяқ асты қылмай, қайта жерлеумен айналысудамыз. Бір қосарым, «Жаңалық» – бүгінде репрессия символына айналып кетті, ол «Киелі Қазақстан» бағдарламасына сай республикалық қастерлі мекенге жатады. Ал тек Алматының маңында осындай белгілі-белгісіз қаншама қорым-көмбелер бар. Бүкіл Қазақстан бойынша ше? Біз көбінше РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-ші «халық жауы» деген статьясымен атылғандарды ғана айта береміз. Ал 59-шы баб – «бандитизм» ше? Онымен Шәкәрім бастаған 1929-31 жылдары халық көтерілісінің басшылары мен қатысушылары ондап-жүздеп сотсыз атылды. Олар әлі тіптен ресми «ақталған» жоқ, яғни – әлі күнге «қаскүнемдер!», «бандиттер!» (әрине, олардың кімге қарсы көтерілгенін, оларды «ақтауға» кім қарсы екенін ішіңіз сезіп отырған шығар). Атышулы 107-ші баб деген болған. Оған еліміздегі 40 млн мал басын асырап отырған 799 бай-«кулак» ілікті. Оларды да ондап-жүздеп атты, «кәмпескелеп» дегендеріне жетті: мына байтақ далада 4 млн-ақ мал басы қалды. 36 млн мал еті Мәскеу мен Петербор жұмысшыларына, елді индустрияландырып, зауыт-фабрика салынып жатқан Ішкі Ресейге, Өзбекстанның мақталы аудандарына жөнелтілді. Нәтижесі белгілі – қазақ өлілі-тірілі 4.5 млн «тұрғынан» айырылды... Сондықтан «Өлі разы болмай тірі байымайды» дейді. Арыстарымызға қатысты миссияны толық аяқтамай, олардың әруақтары бізді бей-жай жүргізбейді...
«Ана тілі»: Сіздің келтірген кейбір дерек-дәйектеріңізден жан түршігеді екен. Енді сөз соңында өзіңізден бір тілек.
Ғарифолла Әнес: Биылғы 31 мамыр ерекше жағдайға – Ораза айына, Қадір түніне тұп-тура келіп отыр. Еліміз жаңғырып, жаңа даму дәуіріне аяқ баса ма деген үміт бар. Адам баласы қашанда алдағы күніне алаңдап, арманмен, жақсы үмітпен өмір сүреді ғой. Менің ортам, көпшілік қаралы тарихты қаузай бергенді онша көп ұнатпайды. Олардың ұстанымы: «Болар іс – болды, енді жаңаша өмір сүрелік, бай-бақуатты болалық». Еш қарсылық жоқ, әйтседе халқымыздың өткен жолын, қайғы-қасіретін білмеу, білсе де еске алмау – өркениетке бастар жол емес деп білемін.
Сұхбаттасқан Жанарбек Садыханұлы
Abai.kz