Жексенбі, 29 Желтоқсан 2024
Әдебиет 50080 7 пікір 30 Мамыр, 2019 сағат 17:30

ХХI ғасыр көзімен: Абайдың білім және ғылым туралы ойлары 

Қазақ әдебиетінің арғы-бергі тарихында шығармашылығының өзегіне білім мен ғылымды арқау еткен Абайдай ақын болған емес.Ол білім мен ғылымды барлық жайдан жоғары қойды.Неге? Себебі,Алланың өзі де рас,сөзі де рас,-деген хәкім Абай: "Ғылым-Алланың бір сипаты,ол хакиқат,оған ғашықтық өзі де хақылық һәм адамдық дүр",-дейді өзінің отыз сегізінші қара сөзінде.[1.186-бет]

Егер ғылым Алланың бір сипаты болса,сонда ғылым деген не?

Ұлтымыздың бас кітабы Ұлттық Энциклопедия:"Ғылым-адамның табиғат пен қоғам туралы объективті білімін қалыптастыруға мүмкіндік беретін танымның ең жоғарғы пішімі",-дей келіп:"Ғылымның басты мақсаты-ғылым заңдарының негізінде ашылып отырған болмыс құбылысымен процесін болжау,түсіндіру және жүйелеп мазмұндап беру",-деп жазады.[2.115-бет]

Абай ғылымды Алланың ғылымы және адамның ғылымы деп екіге бөле отырып:"Адамның ғылымы,білімі,хақиқатқа,растыққа құмарлық болып,әр нәрсенің түбін,хикметін білмекке ынтық бірлән табылады ",-дейді.[1.186-бет] Энциклопедия ғылымды болмыс құбылысы мен процесін болжау,түсіндіру,жүйелеу десе,Абай ғылымды әр нәрсенің түбін,хикметін,яғни себебін білмек,-деп түсіндіреді.Ғылымға анықтама беріп түсіндіруде Абай Ұлттық Энциклопедиядан алшақ кетпеген.Ғылымға анықтама беріп,оны түсінгендей болдық.Біз түсініп,пайымдадық деп отырған осы ғылым Алланың бір сипаты болғанда,Алла деген кім?Болмаса,Алла деген не?Жоқ,ол әлде болмыс па?

Қасиетті Құран Кәрімде ұлы жаратушы Аллаһ туралы:"Алла біреу.Алла мұңсыз.(Әр нәрсе оған мұқтаж) Ол тумады да,туылмады.Әрі оған ешкім тең емес",-деп айтылған.(Ықылас сүресі) Сонда біз,жай пенделер жаратушы бір Алланы қалай танып білуіміз керек?Қалай дегенде де біз,адамдар бір Алла туралы ойланбай тұра алмаймыз.Алланы танып,білгісі келген Абай:

Көңілге шәк,шүбәлі ой алмаймын

Сонда да оны ойламай коя алмаймын.

Ақылдың жетпегені арман емес,

Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын,-дейді.

Жаратушы хақ тағаланы іздеп,оның тылсым сырларын ұққысы келген Абай,құрғақ діни фанатизмге бармайды.Ол бір Алланы жан-тәнімен,бар болмысы,ақыл-санасымен түсінгісі келеді.Сонда,жаратушы бір Алланы қалай танып білеміз? Әрине,Аллаға деген сенім арқылы.Сенім дегеніміз-иман.Ал,әрбір мұсылманға иман шарт.Абай:"Иман дегеніміз бір ғана инамақ емес,сен Алла тағаланың бірлігіне,уа Құранның оның сөзі екендігіне,Мұхаммед Мұстафа с.ғ.у. оның елшісі екендігіне инандық...Сіз әмәнту билләһи кәмә хуа би исмайһи уа сифатиһи,-дедіңіз.(Құдайға оның есімдері мен сипаттарына иман келтіремін) Егер де ол сипаттар бірлән тағрипламасақ (айыру,анықтап білу)бізге мағрифатулла(Алланы тану) қиын болады[1.189-бет]",-дейді хәкім Абай өзінің отыз сегізінші қара сөзінде.

Ұлы жаратушы Алла тағаланың өзіне тән сегіз ұлы сипаты бар.Олар:

1.Хаят-тіршілік тірі болу

2.Ғылым

3.Құдірет-күш

4.Басар-көру,көруші

5.Сәміғ-есту,естуші

6.Ирада-тілеу,қалау

7.Кәлам-сөз,сөздер

8.Тәкин-болдыру [1.188-бет] (38-қара сөз)

Жаратушы Алланың осы сегіз ұлы сипаты туралы Абай:"Бұлардың хәммасы Алла тағаланың зәтия(өзіне лайық) суббутия уа фиғлия (өзі істейтін) сипаттары дүр.Мен мұнда сіздерге төртеуін білдіремін.Оның екеуі-ғылым,құдірет.Сегіз сипаттан қалған алтауы-бұларға шарқ.(түсіндіру,түсініп беру)",-дейді.[1.190-бет]

Алла тағаланың сегіз сипаты ішінен ғылым мен құдіретті басты орынға шығарған Абай,қалған алты сипатты осы екі сипатқа түсінік берушілер,-деп түсіндіреді өзінің 38-қара сөзінде."Ол сипаттармен тағрипламасақ (анықтап білу) бізге мағрифатулла (Алланы тану) қиын болады",-деген Абай,Алланың сегіз ұлы сипатының ішінен өзі екшеп,бөліп алған дәл осы екі сипат арқылы яғни,құдірет пен ғылым арқылы Алланы танып білуді ұсынады. Әрине,Алланың құдіретті екені анық.Ол әркімге белгілі ақиқат.Сонда,Абай бізге Алланы,оның екінші сипаты ғылым арқылы танып білу керек деген ой ұстанымын ұсынып отыр.

Алланы,оның басты сипаты ғылым арқылы тану керек деген ұлы ойшыл Абай,дүниені яғни,қоршаған ортаны тану,ақиқатты тану,өзін-өзі тану,өз адамдығын бұзбай жаман нәрседен қашып,жақсы пайдалыны үйрену де ғылымнан,-дей келіп ,адам бойындағы күллі жақсы қасиеттердің бәрі де ғылым арқылы келеді,-деген аса күрделі ой қорытындысын түйіндейді өзінің философиялық діни көзқарасын айқындайтын 38-қара сөзінде.Абай өзінің 38-қара сөзінде ғылымнан хабарсыз,білімсіз моллалар мен ғылымды оқытпайтын схолостикалық діни медреселерді бітіріп шыққан надан шәкірттерді сынайды.Абай сынында шындық мол.Абай заманындағы дін ұстаздарын былай қойғанда, қазіргі таңдағы дін ұстаздарының ең үлкен қателігі Алланың сөзі Құран Кәрімді заманауи ғылымдар химия, физика,биология,гидрология,медицина секілді ғылымдармен байланысты түсіндіре алмауында.Олар үшін дін мен ғылым екі бөлек,екі дүние.Ал,хәкім Абай үшін дін мен ғылым біртұтас бір дүние.Екеуі де яғни дін де ғылым да ақиқат пен бір Алланы тану жолында қызмет етуі керек.Абайдың дәл осы пікірін көкірек көзіміздегі ой безбеніне салып көрейікші...

Бір Алланың құдіретінен жаратылған неше мың өсімдіктерді танып білу үшін ғалымдар "Ботаника" деген ғылымды,аспан денелерін зерттеп білу үшін "Астрономия" деген ғылымды,жан-жануарларды танып білу үшін "Зоология"деген ғылымды,неше түрлі тастардың сырын білу үшін "Минерология"деген ғылымды ойлап тапты.Міне,бір Алланың құдіретімен жаратылған осы нәрселерді біз ғылым арқылы танып,біліп жүрген жоқпыз ба? Мына мәселені жете түсініп,біліп алуға тиістіміз.Алла тағаланың құдіретімен жаратылды дейтін түрлі нәрселер,дәл біз көріп жүрген қалпында жаратыла салған жоқ.Олар әртүрлі жағдайда өзгеріске түсе отырып,біз көріп жүрген түрге енді.Мәңгілік еш нарсе жоқ.Болашақта олар біз білмейтін мүлдем басқа кейіпке енуі бек мүмкін.Біз осы жағдайды түрлі сыртқы факторлардың әсері деп ойлаймыз.Сол сыртқы фактордың өзі де жаратушының құдіретімен болып жатқан құбылыс екенін көп жағдайда түсініп,біле бермейміз.Сондықтан да  көзге көрінген объективті  денелерді жаратушының құдіретімен түрлі өзгеріске түсіп отыр деп түсінген абзал.

Дәл қазіргі таңда заманауи ғылым,айналамыздағы қоршаған орта,дүние-жаратылыс көзге көрінбейтін ұсақ бөлшектен яғни материядан пайда болып,өсіп жетілді деп,жаратушы бір Алла тағаланы жоққа шығарып жүргені жасырын сыр емес.Егер,ғылым ғаламдағы түрлі денелердің тіршілігі мен олардың қалай жаратылғанын тек қана ғылым арқылы дәлелдеп,түсіндіріп бере алса,онда біздің жаратушы бір күшке күмәнмен қарауымызға болар еді.Бірақ,дәл қазіргі таңда,бүкіл ғаламдағы тіршілік пен оның жаратылыс сырларын ғылым дәлелдеп түсіндіріп бере алмай отыр.

Жаңа технология,ғылымымыз жетілді,атом,компьютер, жаһандану заманында өмір сүріп жатырмыз дегенде,ғарышта жеткен жеріміз күн жүйесіндегі Жер серіктері Ай мен Марс планеталары.АҚШ секілді техникасы мен технологиясы жетілген елдердің 12 км\сек жылдамдықпен 7 ай ұшып жеткен жері Марс планетасы.Олар қазіргі таңда Марс планетасын зерттеу үстінде.Жер,Ай,Марс күн жүйесіндегі 9 планетаның үшеуі болғанда,әлі адамзат зерттемеген күн жүйесіндегі 6 планета бар.Дәл қазіргі таңдағы дамып жетілді деген техникаларымызбен секундына 12км/сек жылдамдықпен ұша отырып,қалған алтауына жету үшін бірнеше жыл керек екен.Бірнеше жыл үздіксіз ұшуға адамзат ойлап тапқан жаңа технологиялардың мүмкіншілігі жоқ көрінеді.Яғни,біздің ойлап тапқан технологияларамыз бен ақыл ойымыздың мүмкіншілік шегінің әзірге жеткен жері осы болып тұр.

Ал,енді түнде далаға шығып,көк жүзіне көз салыңыздаршы, миллиардтаған жұлдыздарды көресіздер.

Жер шарындағы тіршілік,Күн,Ай,көк жүзіндегі миллиардтаған жұлдыздар...Абайдың жазуындағы Алла ғылыммен жаратушы күш  бір Алла жаратқан ғалам осы.Ең кішкене жұлдыз Жер шарынан жүз есе үлкен деп жүр астроном ғалымдар.Ол жұлдыздарда тіршілік бар ма,бар болса ол қандай?Олар қалай өмір сүріп жатыр? Планеталар құлап кетпей тепе-теңдікті қалай сақтап тұр? И.Ньютонның "Бүкіл әлемдік тартылыс заңы" меніңше,ол әлі дәлелденбеген ғылыми болжам.Біз қазір жоғарыда айтып өткен Ай мен Марстан басқа (бұлардың өзі толық зерттелген жоқ) ғаламдағы миллиардтаған планеталар тіршілігінен еш хабарымыз жоқ.Ғалам қалай өмір сүріп жатыр?Ақылымыз жетпейді. Ғаламның қалай өмір сүріп жатқанын бізге қазіргі ғылым да түсіндіріп бере алмай отыр.Осындай жағдайда неге біз жаратушы бір Алла құдіретіне күмәнмен қарауымыз керек?

Қайта біз бір Алланың құдіретін ғылым арқылы пайымдасақ,жаратылыстың сырын түсіну бізге жеңілге соқпай ма?Алланың құдіретін ғылым арқылы танудың өзі,Алланы тану емес пе?Неге сонда біз ғылым мен жаратушы бір Алланы екі бөлек дүние деп қарастыруымыз керек?Бір Алладан басқа мәңгілік ешнәрсе жоқ.Ерте дүние дәуірінде жаратушы бір Алла мен ғаламды тану үшін ғылымды бірге меңгерген дін мен ғылым XIV-XV ғасырларда екіге айырылса,қазіргі XXI ғасырдың озық ойлы ғалымдары мен дінбасылары тарапынан Алланың сөзі Құран Кәрімді ғылыми талдап,дін мен ғылымды бірге қарастыру керек деген пікірлер белең ала бастады.Ирландия діни Епископаль университетінің ректоры,халықаралық теологиялық комиссиясының мүшесі,Рим папасының теология жөніндегі кеңесшісі,профессор Майсиль Ледвит:"Ғалымдар діни конондар туралы ешнәрсе білмесе,өкінішке орай дін қызметкерлері де ғылым туралы ешнәрсе білмейді.Жаратылысты дін арқылы не ғылым арқылы түсіну-бұл ақиқатты танып білудің тәсілдері ғана екенін біз ұмытпауымыз керек",-деп жазып,[3.7-бет] дін мен ғылым бір-біріне кереғар дүние емес,ол тек ақиқатты танып білудің тәсілдері ғана деп дін мен ғылымды бірге қарастырса,Қазақстан мұсылман діни басқармасының бұрынғы бас муфтиі,профессор Әбсаттар қажы Дербісәлі өзінің "Ғылым және дін" атты ғылыми еңбегінде ғылым мен құран туралы өз ойын былай сабақтайды:"Кейінгі ғасырларда ашылып жатқан көптеген ғылыми жетістіктердің Құран Кәрімде осыдан он төрт ғасыр бұрын яғни микроскоптан,телескоптан мақұрым ғасырда қорытынды түрде дөп басып айтылуы бұл күнде батыс,шығыс ғалымдарын таң қалдырып,бас идірген.Бұл Құранды с.ғ.у пайғамбар жазбағанын,Алла тарапынан жіберілген иллаһи кітап екендігін айқын білдіреді ",-дей келіп,өсімдіктердің аталық-аналық ұрықтары,бір-бірімен қосылып жатса да сулары арласпайтын теңіздер мен жердің айналу бағыты,ана құрсағындағы сәбидің өсу кезеңдерін баян ететін Құран сүрелері мен аяттарынан нақты мысал-дәлелдер келтіреді.

Ал,белгілі ғалым Морис Бюкай өзінің "Библия,Құран және қазіргі ғылым"кітабында:"Жер мен ондағы тіршіліктің пайда болуы,баланың жатырда жетілуі секілді,тіпті физика мен математиканың күрделі мәселелеріне дейін толып жатқан ғылыми тұжырымдармен таныс кісілердің оның Құран мәтінімен толық сай келетінін көрмеуі мүмкін емес.Көптеген сүрелер мен аяттардағы құпия хабарларды ашу қазіргі ғылымның алдында тұрған міндет",-деп жазады.

Құрандағы құпияларды ашу ғылымның алдында тұрған міндет,-дегеннен шығады,қарақұрт не жылан секілді үлы жәндіктер шаққан адамды заманауи медицина ұзақ уақыт емдейді.Ал,жаратушы бір Алланың сөзі Құран Кәрімдегі"Фатиха","Ықылас" сүрелерін "суф"деп бірнеше рет оқи отырып,жылан не қарақұрт шаққан адам бойындағы уды қайтарған сауатты моллаларды өзіміз күнде көріп жүрміз.Сонда тек қана Құран аяттарын оқу арқылы адам бойына жайылған уды қалай қайтаруға болады?Тек бұл емес жүйке ауруларына шалдыққан адамдарды білімді моллалар Құран аяттарын оқу арқылы ауруларынан емдеп жазғанын талай адам көзімен көрді.Бұл да болса Құран Кәрімнің ғылым әлі ашпаған құдіретті құпиясы болса керек.

Иә,қазіргі заманауи ғылымның алдында тұрған үлкен бір міндет,ол-Құранның сүрелері мен аяттарын ғылыми түрде талдап,түсіндіру.Бұл оңай шаруа емес.Құранды ғылыми түрде талдау үшін,Құранды түсіндіріп талдаушы ғалым ғылымның бар саласын жете білуі шарт.Өйткені,Құран-бар ғылымның тоғысқан жері.Осыны білген ұлы Абай:

Құран рас,Алланың сөзі-дүр ол

Тә̓уиліне жетерлік ғылымың шақ,-дейді

Құранның мағынасын терең біліп,түсіну үшін адамға үлкен ғылым мен ғылыми даярлық керек екенін айтады ұлы ақын,хәкім Абай.

XIX ғасырдың екінші жартысында патриархалды мешеу қазақ қоғамында өмір сүріп,XXI ғасырдың алдыңғы қатарлы ойшыл ғалымдарының Құранды ғылым арқылы түсіну керек деген терең ғылыми пікірлерін олардан бір жарым ғасыр бұрын айтқан ұлы Абайдың жан-жақты терең біліміне еріксіз таң қаласыз.Абайдың 38-қара сөзінде айтылатын:"Ғылым-Алланың бір сипаты,ол хақиқат,оған ғашықтық өзі де хақлық һәм адамдық дүр",-деген Абай сөздерінің байыбына біз әлі жете алмай жүрміз.

Ғылым-жаратушы бір Алланың жаратқандарын,оның себебі мен нәтижесін зерттеумен айналысады.Сондықтан да біз айнала қоршаған ортаны ғылым арқылы түсінуге тырысамыз.Бірақ,ғалымдар қоршаған ортаны зерттей жүріп,зерттеуді ақиқатты білу,жаратылыс сырларын түсіну,жаратушы күшті танып білу үшін істеп жүргендерін көп жағдайда өздері де сезіп біле бермейді.Себебі,ғалымдар өз зерттеу объектісін қоршаған жаратылыстан бөле-жара жеке зерттейді.Олар көп жағдайда бүкіл ғаламдық үйлесімділікті жете түсініп ескере білмейді.

Ал,ғаламдық үйлесімділікті терең де нәзік түсінген Абай:"Жаратушы бір Алла бүкіл ғаламды қандай құдірет үйлесімділікпен жаратқан,еш адам ұғылының ақылы жетпейді",-деп таң қалады(38-қара сөз)Абайдың қазіргі ғалымдардан басты ерекшелігі,ол-бүкіл ғаламдық үйлесімділікті жан-жақты терең сезіне білуінде.

Барлық жайдан ғылымды жоғары қойған Абай,ғылымның түрлеріне кеңінен тоқталып,оларды жан-жақты жүйелемесе де, 32-қара сөзінде білім-ғылым үйренгісі келетін талапкерлерге өзінің ақыл-кеңесін береді.Оқып отырып,32-қара сөзді жазған адамның ғылыммен кәсіби түрде айналысқанына титтей де күмәніңіз қалмайды.

Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуел білмек керек,-деп басталатын [1.174-бет] Абайдың 32-қара сөзін қарапайым тілде қысқаша жүйелесек,Абай былай дейді:

Бірінші-Ғылымды әйтеуір бір керек болып қалар деген есеппен үйренбе.Ол үшін ғылымға шын махаббатпен құмар болып,білуді анық мақсат етіп,білмеген нәрсеңді білгеннен көңілің рахат алып,енді тағы да біле түссем екен деген ойдан ғылымға деген сүйіспеншілік-махаббатың жоғарылай түседі.Сонда ғана әрбір естіген,көргеніңді анық ұғып,оны өз суретімен ішке жайғастырасың.Көңілің өзге нәрседе болып,ғылымды оған себеп қана қылмақ үшін үйренсең,ондай білімге көңілдің мейірімі шала болады.Шала мейір шала байқайды.

Екінші-Ғылымды ақиқат мақсатпен,білмек үшін үйрену керек.Бахастық яғни бақталастық үшін үйренбе.Азырақ бахастық өзіңді өзің пысықтау үшін керек те шығар.Көбірек бахастық,бақталастық адамды бұзады.Себебі,бақталас адам-ақиқат үшін бақталас болмайды.Жеңбек үшін бақталас болады.Ондай бақталастық күншілдікті зорайтып,адамгершілікті азайтады.Ондайлар ғылымды мақсат етпейді.Бақталастық яки Абай тілімен айтқанда бахастық ғылым жолындағы адамдарға жат емес.Бірақ оған берілу адамды өзімшіл,менмен етіп,мақтаншаққа айналдырады.Ондай адамдар өсектен де,өтіріктен де,ұрыс-төбелестен де бойын аулақ ұстамайды.

Үшінші-Ақиқатыңмен,бар болмысыңмен көзің жетсе,одан еш уақытта бас тартпа,өлсең айрылма.Өзің көзің жетпеген нәрсеге өзгенің көзін қалай жеткізбексің?

Төртінші-Білім-ғылымды көбейту үшін адам бойында ойласып,пікір алысатын,екінші,ол пікірді сақтап қорғайтын екі түрлі қуатты қасиет болу керек.Бұлар зораймай,ғылым зораймайды.

Бесінші-Ақылға кесел нәрселерден сақ болған жөн.Естіген нәрсені ұмытпасқа төрт түрлі себеп бар.

1.Көкірегі байлаулы берік болу керек.

2.Сол нәрсені естігенде я көргенде бірдемеге үлгі етіп,ұқсатып,бар ынтамен ұғу керек.

3.Бірнеше рет қайталап,көңілге бекіту керек.

4.Ой кеселді нәрселерден қашық болу керек.Ол кеселді нәрселер:салғырттық,уайымсыздық,ойыншы-күлкішілдік,я бір қайғыға салыну,болмаса бір нәрсеге құмарлану,бұл төрт нәрсе ақыл мен ғылымды тоздыратын нәрселер.(31-қара сөз) [1.173-174-беттер]

Адам бойындағы кеселді нәрселердің ең жағымсызы,Абайдың пікірінше,ол-уайымсыз-салғырттық.

Салғырттық-құдайдың да,елдің де,үлгінің де,ақылдың да,ардың да қас дұшпаны.Ол бар жерде бұлар болмайды-дейді ғұлама Абай.

Алтыншы-Ғылымды,ақылды сақтайтын мінез деген сауыт бар.Сол мінез бұзылмасын.Ол үшін көрсеқызарлық пен біреудің орынсыз мінезіне,я сөзіне немесе кез-келген қызыққа еріп кеткіш мінездің тұрлаусыздығынан аулақ болған жөн.Олай болмаған жағдайда мінездің беріктігі бұзылады.Онан соң оқып үйреніп те пайда жоқ.Мінезде арды,ақылды сақтарлық қайраты бар болсын.Бұл ақыл үшін,ар үшін болсын,-деп аяқтайды хәкім Абай өзінің 32-қара сөзін.

Меніңше,ғылым жолына түскен әрбір жас Абайдың дәл осы 32-қара сөзін терең түсініп,біліп қана қоймай,оны өмірлік ұстаным-кононына айналдыруға тиіс деп ойлаймын.

Абай  ғылым үйренуші талапкерлер үшін моральдық-философия тұрғысындағы адамгершілік пен биік рухани  қарым-қатынас-этика мәселесін басты орынға шығарған."Ғылымсыз ахиретте жоқ,дүние де жоқ.Ғылымсыз оқыған намаз,тұтқан руза,қылған қаж ешбір ғибадат орнына бармайды",-деген Абай (10-қара сөз)[1.144-145 бет] білім мен ғылымды жан-тәнімен,жанталас қимыл үстіндегі ой арпалысымен насихаттады.Неге? Себебі,ендігі заман білім мен ғылым заманы екенін,білім-ғылым кімнің қолында болса,бақ та,береке де,билік те соның қолында болатынын Абай басқалардан тез болжады,терең түсінді.Сондықтан да ол білім мен ғылымды бар болмысымен,жан-тәнімен насихаттады һәм оны бар жайдан биік қойды.

Осы орайда абайтанудың негізін салушы,ұлы ғалым М.О.Әуезовтің 1927-31 жылдары жазған Абайдың тұңғыш ғылыми өмірбаянында жазып қалдырған Абай өмірінің бір дерегі есімізге түсіп отыр.

Құнанбай Абайға үш түрлі сын айтады.Біріншісі,жұрттың бәрімен күліп сөйлесесің,жайдақ су сияқтысың ,екінші,көрінгенмен жақын боласың,кісі талғамайсың,үшінші орысшылсың,орыстың дұшпандығын ұмытасың дейді.Абай Құнанбай тарапынан өзіне айтылған осы үш сынның үшеуіне де ұтымды жауап қайтара келе,орысшылсың дегенге:"Заман орыстыкі,ол-жеңген,біз-жеңілген елміз.Ендігі күнде алысатын дұшпанының айласы мен әдісін білмесең,алысқа шығудан мағына жоқ.Мен орыстың өзін сүймесем де,өнері мен ебінен үлгі алуға керек ",-депті.[4.123-бет] Абайдың бұл сөзінен болашақ ұлы ақынның халықты өнер-білімге,ағартушылыққа шақырған ойларының"түп темірқазығын"аңғарамыз.

Иә,орыс бізді жеңсе қуатты мемлекеттілігі мен от қаруы арқылы,сол от қаруды жасап шығарған өнері мен білімі,ғылымы арқылы жеңді.Жеңген жаудың тәсілі болған өнер-ғылымын үйреніп,солардың өзіне қарсы қолдану,бұл-жеңілген елдің басқыншы жауға қолданар жалғыз әдісі.Абай бұл жерде дүниежүзіндегі отарланған елдің,отаршыл жауларына қолданар жалғыз тәсіліне жүгініп отыр.Абай сол дәуірдің гео-саяси жағдайын да,орыс империясының отаршыл саясатын да терең түсінді.Түсінбесе:

Өздеріңді түзелер дей алмаймын

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың,-деп айтар ма еді.

Білімді ел ешкімге де құл болмайды.Осы қағиданы терең түсінген Абай,халқының ұлттық санасын көтере отырып,қабырғалы дамыған елдердің қатарына қосу мақсатында,өз шығармашылығындағы басты орынды білім мен ғылымға берді.Халқына өсиет айтып,үлгі-өнеге таратқан Абай,ғылым жайын сөз еткенде де құрғақ дидактикаға барған жоқ.Жалпы,Абай шығармашылығында үйрету,ақыл айту(зерцало)бір сөзбен айтқанда дидактика аз,тіптен жоққа тән.

Абайдың ғылым туралы жазылған өлеңдерін ойлағанда,біздің назарымызға ең алдымен ілігетіні 1882-1885 жылдары жазылған "Жасымда ғылым бар деп ескермедім"өлеңі мен 1886 жылы жазылған "Интернатта оқып жүр" және "Ғылым таппай мақтанба" өлеңдері.

Абайдың "Жасымда ғылым бар деп ескермедім" өлеңінде қымбат уақытын босқа өткізіп,ғылым оқуға кешіккен ақынның өзекті өртеген өкініші мен мұңында эллегия сарыны басым.Сол дәуірдегі қазақ қоғамындағы өз орны мен бағасын жақсы білген ақын:

Өзім де басқа шауып,төске өрледім,

Қазақта қара сөзе дес бермедім,-дей отырып,халқы үшін еткен еңбек,төккен тердің зая кеткенін өкінішке толы наламен есіне алады.Оқуға баласын лауазымды қызмет үшін емес,адамның ой-өрісі мен адамгершілігін кеңейтер білім үшін бергенін айтқан ақын өзінің кім болғанына тоқталып өтсе де,автордың айтқысы келген негізгі ойы,ол-ғылымды насихаттау екені көзі қарақты оқушыға айқын көрініп тұр."Жасымда ғылым бар деп ескермедім" өлеңінде өзі де бірталай оқып,жан-жақты өсіп,өткен өміріне ойлана қарап,оны қатты сынап,мінеп өткен ойшыл ақынды көреміз.

Тегінде,Абайдың 1882-1885,1886 жылдары жазылған өлеңдер мазмұнына тереңдеп барып,барлай қарасақ,ақын өз өлеңдерінде биік адамгершілікке,сезімнің тереңдігіне,дүние-көзқарастың кеңдігіне қарай бұрылады.Ол мынадан үйрен деп халқын өнер-білімге шақырды,мынадан жирену керек деп,өз қоғамының кеселді жақтарын әшкереледі.

Абайдың 1880 жылдары жазылған "Бір дәурен кемді күнге бозбалалық","Ғылым таппай мақтанба","Интернатта оқып жүр","Сабырсыз,арсыз,еріншек","Патша құдай сыйындым","Жігіттер,ойын арзан,күлкі қымбат","Өлең-сөздің патшасы,сөз сарасы",т.б. өлеңдері тек қана жақсы тәрбиеге бағытталып,жастарды үлгілі өнегеге шақырады.

Айта кететін бір сөз,Абай еш уақытта білім мен тәрбиені бір-бірінен бөліп алып,жеке қарастырмаған.Жақсы тәрбие білім арқылы келеді,-деп есептеген Абай,білім мен ғылымның адам өміріндегі орнын өте терең түсінді.Ол ғылым мен білімді тәрбиемен ұштастыра қарастырып,адамгершілік негізі-білім мен ғылым,-деген өте күрделі ой ұстанымда болды.Өз шығармашылығында білім мен ғылымды басты орынға шығарған Абай бар күш-жігерін халқының ұлттық санасын көтеруге жұмсады.Осы орайда еске түсіп отыр.Белгілі ақын,қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов ақпарат құралдарының біріне берген сұхбатында күрескерлік рухы үшін Махамбетті Абайдан жоғары қоямын деді.Ақындығы мен азаматтық көзқарасын қанша жерден сыйласам да,Мұхтар ағаның бұл пікірімен келісе алмаймын.Үстірт айтылған пікір.Біріншіден,қазақ әдебиетінің ұлылары Жүсіпбек пен Бейімбетті,Сәкен мен Мағжанды,енді келіп Абай мен Махамбетті бір-бірімен салыстыруды қою керек.Одан ешкім де ұтпайды.Тек әдебиетіміз ғана ойсырай ұтылады.Біз қазір бірімізбен біріміз қызыл кеңірдек болып,қанша жерден айтсақ та,жоғарыда аты аталған біздің классиктеріміз әрқайсысы өз орнында ұлы.Егер біз солардың біреуін қазақ әдебиеті тарихынан алып тастасақ,алып тасталынған адамның қазақ әдебиетіндегі орны үңірейіп тұрары анық.

1836-38 жылдары Бөкей ордасының ханы Жәңгірге қарсы "Ағатай-Беріш ұраным",-деп,Исатай мен Махамбет бастаған көтерілістің мән-жайы Қазақстан тарихынан белгілі.Кез-келген көтерілістің мақсаты мен себебі болады.Көтерілістің себебі-жер,жер тапшылығы және түрлі алым-салықтар мен әлеуметтік ауыр жағдайлар.

Ал,көтерілістің мақсатын "Қара қазан сары баланың қамы үшін",- деген Махамбет:

Еділдің бойы ен-тоғай

Ел қондырсам деп едім.

Жағалай жатқан сол елге

Мал толтырсам деп едім,-деп,бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеген.Исатай-Махамбет бастаған көтеріліс тас-талқан болып жеңілді.Исатай соғыста қаза тапты. Көтерілістен соң бой тасалап жүрген Махамбеттің басын берілетін сыйақы ақшасы үшін өз қандас бауырлары Баймағамбет сұлтанға тарту етті.

Мойындауға тиістіміз,бұл-біздің ұлттық тарихымыздың қара жүзді азалы беттерінің бірі.Махамбеттің өз қандас бауырлары болмайтын бір сыйақы ақша үшін қаншелек жауыздыққа не үшін барды?Әлде олар Махамбеттің кім екенін білмеді ме?Білді.Біле тұра барды.Неге? Біріншіден,Махамбеттің басына сұлтан Баймағамбет Айшуақұлының тіккен қомақты сыйақы ақшасы үшін.Себебі,қай заманда да сананы тұрмыс билеген.Екіншіден,зерттеушілердің жазуына қарағанда Махамбеттің басын алған қандықол қарақшылардың жалпы жиыны түрлі рулардан жиналған 15-20 шақты адам болған секілді.Олардың әрқайсысы Махамбетке өз руының көзқарасымен келді.Олар үшін Махамбет-"түбі шикі беріш,қызылбас"Құлмәлінің немересі ғана.Бар болғаны сол.Олар дәл осылай ойлады.Себебі,олар өздері өмір сүріп отырған феодалдық-патриархалдық қоғамның төл перзенттері еді.Санасы ұлттық деңгейге көтерілмеген адамдар бар мәселеге өздерінің рулық көзқарасымен қарайды.Шындық сол:"Ағатай-Беріш ұраным",-деп,өз руының ұранын көтеріп,кейіннен:

Он екі ата Байұлы

Тізгін берсе қолыма

Заулар едім бір көшке,-деп,армандаған Махамбет өзге руларды неге соңынан ерте алмады?Себебі,ұлттық санасы оянбаған,әрқайсысы өз руының мүдде деңгейінде ғана ойлайтын сол кезеңдегі өзге руларды,Жайықтың арғы бетіндегі Жәңғір ханға қарайтын Беріш руының көкейтесті мәселелері қызықтырған жоқ.Ойландырмады да.Бұл бір.Екіншіден,өзге рулар да Махамбетке "түбі шикі қызылбас"деп қарады.Дәл осылай болғаны тарихи шындық.Осы тарихи шындықты Махамбет өмірін зерттеушілердің барлығы бірдей бір ауыздан атап өтеді.Осыны білген Махамбет оларды көтеріліске шақырғанымен,үгіттеген жоқ.Қолынан келмейтінін білді ме,олардың ұлттық санасын оятуға тырыспады да.Исатай-Махамбет көтерілісінің жеңілісі,ол-санасы ұлттық деңгейге көтерілмеген бүкіл қазақ халқының жеңілісі.Ақиқатына келгенде,Исатай-Махамбет көтерілісі-Беріш руының Жәңгір ханға қарсы көтерілісі еді.

Күрескер атану үшін халықты көтеріліске үндеу шарт емес.Күрескерліктің басты шарты,ол-халқының рухани санасын ояту.Сан ғасырлар жинаған рухани байлығы-рухы оянған халық қана ұлт дәрежесіне көтеріле алады.Ал,халықтың рухын санаулы ғана факторлар оятары анық.Сол факторлардың бірі-ұлт мүддесін ту етіп көтерген сол ұлттан шыққан ұлылардың сөзі.

Махамбет сөз жоқ ұлы ақын,бірақ оның поэзиясында ұлттық сананы оятатындай "қазақ","қазағым" деген бір ауыз сөзі кездестіре алмайсыз.Ол үшін мен ақынды кінәлаудан аулақпын.Мүмкін оған сол кезеңдегі қазақ қауымы өмір сүрген феодалдық-патриархалдық қоғам кінәлі болар.

Махамбеттің Абайдан жасы үлкен болғанымен,заманы бір еді.Олар өмір сүрген сол кезеңдегі рулық-патриархалдық қоғамда ұлттық санадан гөрі рулық санасы басым түрлі рулардан құралған қазақ халқы,тұтас бір ұлт дәрежесіне көтеріле қойған жоқ болатын.Осы тұрғыдан келгенде,қазақ халқын алғаш рет,ең бірінші болып,"Қалың елім қазағым",-деп атай отырып,саналы түрде қазақ халқына тұтас бір ұлт ретінде қараған тұңғыш ұлт ақыны Абай болғанын біз ұмытпауымыз керек.Халқын сан ғасырлық ұйқысынан оятып,оларды ұлттық тұтастыққа шақыру тұрғысына келгенде,Абай нағыз күрескер ақын.Халқының ұлттық санасын көтеру жолындағы күрескерлік жолынан Абай өмір бойы айныған жоқ.Абайды басқа ақындардан бөліп алып,ерекшелеп,оқшау биікке көтеріп тұрған да оның дәл осы күрескерлік рухы.

Сол дәуірде,қазақ халқына бір ұлт ретінде қарау керек деген  сапалы ой Абайдан өзге қазақ ақындарына орала қоймаған кез.Өзіне дейінгі рулық санадағы ақындардан Абайдың ең негізгі басты айырмашлығы сол,ол-қазақ халқына тұтас бір ұлт ретінде қарады.Абай қазақ халқын ұлттық тұтастық пен бірлікке шақырған,оның намысы мен рухын биік мақсатты сапалы ой тұғырына көтерген тұңғыш қазақ ақыны болды.Қоғамдық дамудың қай сатысында болса да ерекше құбылыс болып саналатын ұлттық сана-ұлттың өзін-өзі сынай алу дәрежесімен өлшенеді.Сондықтан да ақын Абай,халқының ұлттық санасы мен намысын көтеру мақсатында өз ұлтын,қазақ халқын өлшеусіз мінеді,аямай сынады.

Бұл-өз ұлтын шексіз сүйген данышпан ұлылардың өз халқын биік моральдық адамгершілікке,саналы ой,сапалы тәрбиеге жеткізудегі бірден бір қолданар әдісі еді.Абай да осы әдеіске жүгінді.Ол өз халқын,өз ұлтын шексіз сүйгендіктен де осылай етуге мәжбүр болды.

Білімді,рухани дүниесі бай халық қана қоғамдық дамудың биік сатысына көтерілмек.Осы қағиданы берік ұстанған Абай 1880 жылдары жазылған өлеңдерінде рухани дүниенің қайнар көзі-білім,ғылымды сөз етіп,адамгершілік пен ақыл,ар-ұят яғни адам бойындағы рухани байлықты басты орынға шығарды.Бұл жылдары Абай әрі жазып,әрі тереңдей оқи түседі.Әлеуметін терең танып,азаматтық идеясы жан-жақты өскен білімді ақын,өзі өмір сүрген қоғамды әр қырынан тани түсіп,жаңа үлгідегі ақын болып қалыптаса бастайды.

Абайдың осы кезеңде яғни 1886 жылы жазған "Интернатта оқып жүр" өлеңінің өзегінде шынайы тарихи шындық жатыр.Өлеңде әлеуметін терең таныған ақынның өз қоғамының оқығандарына деген сыни көзқарасы жан-жақты тереңнен ашылған.XIX ғасырдың екінші жартысында өзінің отаршылдық саясатын одан ары жүзеге асыру үшін Ресей империясы жергілікті ұлт өкілдерінен тілмәш-аудармашылар мен ұсақ патшалық шенеуніктер даярлайтын мектеп ашқаны белгілі.Оларды қазына есебінен интернатта жатқызып,оқытқаны да рас.Абайдың "Интернатта оқып жүр" өлеңі сол алғашқы орыс оқуында оқып жүрген қазақ балаларына арналады.

Интернатта оқып жүр,

Талай қазақ баласы,-деп басталатын өліңінде Абай ,"шариғаты шала"білімсіз де тоғышар қазақ оқығандарының орыстың тілі мен жазуын  біліп,"прощение-арыз" жазуға ғана шамасы жететін шала оқуын:

Прощение жазуға

Тырысар келсе шамасы,-деп әжуалай мысқылдайды.Шариғаты да,оқуы да,білімі де шала оқушыларды:

Ойында жоқ бірінің,

Салтыков пен Толстой.

Я тілмәш,я адвокат

Болсам деген бәрінде ой,-деп қатты сынаған ақын,оқуды қызмет үшін оқыма,Салтыков,Толстой секілді ойшылдардың еңбегін оқып біл,солардан үйрен,халқыңа пана бол,еліңе пайдаң тисін,сол үшін оқы,-дейді.

Абайдың "Интернатта оқып жүр"өлеңінде алғашқы қазақ оқығандарының жиынтық бейнесі шынайы тұрғыда әдемі суретелген.Көмекке зәру халқы мен еліне жаны ашымас безбүйрекке айналған олар,мансапқор әрі құлқынның құлы ынсапсыз.Өлеңді оқып болған соң,қазақ оқығандарының адамгершілік тұрғысынан осыншама құлдырауына олардың ғылымнан хабарсыз білімсіздігі себепкер,-деген түйінді ойға оқушы еріксіз байлам жасайды.Абайдың данышпандығы сонда,ол-адам бойындағы жағымсыз қасиеттердің барлығының бастауында білімсіздік тұр деген астарлы ойды ақындық түйсікпен ғажайып түрде бейнелеп жеткізген.

Қазақ оқығандарының бойындағы жағымсыз қасиеттерді санамалап көрсеткен Абайдың "Интернатта оқып жүр"өлеңінің жазылған уақытынан бері тура 133 жыл уақыт өтіпті.Содан бері қазақ оқығандарының бойындағы Абай сынаған жаман қасиеттерден не өзгерді?Ешнәрсе де!

Иә,"Жаңа жылдың басы" болған жаңа толқын,жақсы леп жан-жақты білім иелері,ұлтын жан-тәнімен сүйіп,тәуелсіз мемлекет құруды армандаған ,сол жолға өмірін арнап,басын бәйгеге тіккен,шын мәніндегі ұлт зиялылары"Алаш арыстарын"қызыл террор қан-қасап қырғынға ұшыратқан соң,қаймағынан айырылған сүттей болып,білімдіміз,оқығанбыз дейтін кейінгі толқын ұлтшылдық,елшілдік тұрғыдағы бар қасиетінен айырылып,құлдық сананың таз кепешін қайта кигені ешкімге де жасырын сыр емес.Бұл біздің ұлттық тарихымыздың ішіне ауыр сыр бүккен,ең қаралы беттері.

Аллаға сансыз алғыс,мың шүкір!Ата-бабамыз ғасырлар бойы армандаған тәуелсіз ел болдық!Бодандық,құлдық қамыттан құтылған соң,біздің зиялы қауымның ұлтшылдық қасиеттері молая түсіп, елшілдік сезімі жоғарылауға тиіс еді ғой.Міне,парадокс!Бізде бәрі керісінше болып шықты.Сол баяғы Абай заманындағы рухсыздық,мансапқорлық,ашкөзді ынсапсыздық,мансап жолында ешнәрседен тайынбайтын "туфли жалағыш"жағымпаздық қаз-қалпында сақталып,сол күйінде міз бақпай тұр.Қазақ оқығандары үшін Абай заманынан бері ешнәрсе өзгермеген секілді.Абай заманындағы оқығандар "тілмәш","адвокат" болуды армандаса,бұл күндегі қазақ оқыған зиялыларының арман ауқымы өсіп "әкім" не "депутат" болғысы келеді.Бар айырмашылық осы ғана!Ұлттық мүддені басты орынға шығаруға тиіс зиялы қауым жалтақ әрі қорқақОлар ұлт алдындағы өз жауапкершілігін сезінер емес.Ақылды,оқымысты болғандықтан болар,қарапайым халық бар үмітін өзінің оқыған зиялы қауымына артады.Дене еңбегімен емес,ой еңбегімен өмір сүріп,жақсы,жайлы өмірге ерекше құштар зиялы қауым табиғатында өте қорқақ.Сондықтан да болар,олардың ішінінде батылы жетіп,ұлттың көкейкесті мәселелерін қорықпай айтатын қайраткерлер өте сирек кездеседі.Менің бұл сөзіме"жаппарқұлданып"бас шұлғып,президенттің қолын сүйіп,оны Пайғамбарға теңейтін "нұротаншыл" зиялылар толық дәлел.

Хәкім Абай:
Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті
Ыстық қайрат,нұрлы ақыл,жылы жүрек,- дейді.

Зиялы қауымда нұрлы ақыл,жылы жүрек бар шығар,бірақ,бойында"ыстық қайрат" болмағандықтан болар, олар "әліптің артын баққыш" екіжүзді қорқақ.Адам бойындағы күллі нәрсіз,жаман қасиеттердің түп негізінде қорқақтық тұр.

Ал,біздің екіжүзді зиялы қауым,өзінің қорқақтығын ақылды да жылтыр сөзімен бүркемелегісі келеді.Олардың бұл қылығы басын құмға жасырғанымен,арты дөңкейіп көрініп тұратын түйеқұстың бейнесін елестетеді.Қазақ халқының ұлы трагедиясы сонда,біздің әлі күнге ұлттық санамыз қалыптасқан жоқ! Неге? Бұған кім кінәлі?Енді не істеу керек? Сұрақ көп,жауап жоқ!

Қазір ойлаймын,Абай ғайыптан тіріліп ортамызға келсе,ұлттық санасы оянбаған бейшара халдегі ұрпағы мен құлқынынан басқа ешнәрсе ойламайтын мәңгүрттенген зиялы қауымын көріп,қайтадан тіл тартпай өліп кететін шығар.

Қашан бала ғылым,білімді махабатпен көксерлік болса,сонда ғана оның адам аты болады,-деген (38-қара сөз) Абай іліміне сүйенсек:Адамның ішкі жан дүниесі-адамгершілігі мен ақылының,сабыры мен қайратының,мейірімі мен әділетінің рухани қайнар көзі-білім мен ғылым.Білімі мен ғылымы жоқ немесе білім-ғылымы шала адам рухани дағдарысқа тез ұшырары хақ.Оның арғы жағында-адами азғындық тұр.

Негізгі дені Кеңес өкіметі тұсында қалыптасқан бүгінгі қазақ зиялыларын білім мен ғылымнан  хабарсыз еді деп айта алмаймыз.Олай болса,олар неге осындай бейшара халге түсті?

Оның негізгі себебі мынау:Ұлтының болашағын ойлаған ұлт зиялылары Кеңестік "қызыл қырғынның" құрбаны  болып,"халық жауы"деген жаламен атылып кетті.Кейінгілерге үлгі жоқ.Халық кімді тыңдап,кімнен үлгі аларын білмеді.Ұлттық санасы қалыптасып үлгермеген қазақ халқы,ұлт зиялыларынан айырылған соң,сең соққан балықтай мәңгіріп қалды.Сол кезеңде "ұлттар достығы" деген желеумен,орыс тілін неғұрлым тезірек білсек,соғұрлым коммунизмге ертерек жетеміз деген Кеңес өкіметінің отаршыл саясатын бүркемелейтін жалған идеологиясына,отарлық езгіде ұзақ уақыт болып,ұлттық санасы қалыптаспағандықтан болар,басқаларға қарағанда қазақтың оқыған зиялылары тез бейімделді.Бірақ,осы "бейімделгіш" қазақ оқығандарының көбі білімді һәм ғылымды "ғалым"адамдар еді.Онда себеп неде? Әлде,адамның күллі жақсы мінезінің бастауында білім мен ғылым тұр,-деген хәкім Абай қателесті ме? Жоқ, Абай қателеспепті.

Хәкім Абай өзінің 32-қарасөзінде:"Ғылымды үйренгенде,ақиқат мақсатпен білмеу үшін үйренбек керек.Егер дін көңілің өзге нәрседе болса,білім-ғылымды соған себеп қана қылмақ үшін үйренсең,ондай білімге көңіліңнің мейірімі асырап алған шешеңнің мейірімі секілді болады.Адам көңілі шын мейірленсе,білім-ғылымның өзі де мейірленеді,тезірек қолға түседі.Шала мейір шала байқайды",-дейді.[2.174-бет]

Біздің қазақ оқығандарының көбісі дерлік ғылымды ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренген жоқ.Олардың шын көңілі өзге нәрседе болды.Ол-қызмет пен мансап еді.

Баламды медресеге біл деп бердім
Қызмет қылсын,шен алсын,деп бермедім,- деген Абай,қызмет,мансап үшін оқыма десе,біздің қазақ оқығандары керісінше,қызмет үшін оқып, “... білім-ғылымды оған себеп қана қылмақ үшін”[2.174-бет] (Абай.32-қарасөз) лауазымды биік қызметтерге қол жеткізу мақсатында білім-ғылымды баспалдақ ретінде пайдаланды.Шала ғылым шала байытады,шала байқайды.Нәтижесінде рухани дүниесі өте кедей, құлқынынан өзге ойы жоқ,ұлтына жаны ашымайтын ашкөз,ынсапсыз "шала зиялылар" қазақ қауымында қаптап кетті.Олар Абай шенеген,Абай заманындағы оқығандарының қатарына адасып барып,осылай қосылды.Ахмет Байтұрсынұлының 1913 жылы айтқан:"Алашқа аты шыққан адамдар!Көсемдіктеріңді адаспай,түзу істеңдер.Сендер адассаңдар, арттарыңнан ерген Алаш адасады.Арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сендер қаласыңдар",-деген жанайғайына оқыған зиялы қауым құлақ аспады.[5.208-бет] Байыбына тереңдеп бара алмады.Аты шыққан оқығандар адасқан соң,соңынан ерген бүкіл халық,бәріміз адастық.Егер,біз Абай ілімімен ертерек таныс болып,тереңірек білгенімізде,бәлкім осы күнде ұлттық санасы қалыптасқан,іргелі елдердің қатарында болар ма едік,кім білсін?

Қызметқұмар дегеннен шығады,атақты сөз зергері,қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің Бейімбет Майлин,Би ағаң туралы  естелігінде: "Бейімбет жиналысқа да президум сайланып болған соң кіреді екен.Ондағысы жиналыста басқаруға сайланып қалам ба деп қорқады.Бірдемеге бастық болуға жоламау Бейімбеттің ерекше мінезі еді.Өзгеміз ондайдан қашып көрген емеспіз",-деп еске алады Ғабит ағамыз Бейімбет Майлинді өз естелігінде.[6.12-бет]

Меніңше,шынайы шығармашылық тұлға,тап сол Бейімбет Майлин секілді өзінің тәуелсіздігі мен ішкі еркіндігін сақтап,қызмет атаулыдан қашып жүруге тиіс.Ғабит "өзгеміз" ,-деп жазғанымен,ол өзін айтып отыр.Көзі тірісінде-ақ "сөз зергері" атанған ғажайып дарынды жазушы Ғабит Мүсірепов өл-өлгенше Қазақстан Министрлер Кеңесінің төрағасы,Жазушылар Одағының бірінші басшысы,түрлі басылымдардың бас редакторы секілді сүбелі қызметтерден бас тартпаған мансапқұмар кісі болғанын,оның көзін көрген замандастарының көбі өз естеліктерінде жазып кеткен."Алаш" партиясының мүшесі болғандықтан,Кеңес өкіметі өмір бойы сенімсіздік көрсеткен ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов,тек қана шығармашылық жұмыспен айналысып,басқа қызмет істемеді.Жан-жақты дарын иесі М.Әуезов жазушы әрі ғалым ретінде өзінің соңында 50 том академиялық,20 том тамдамалы шығармалар жинағын қалдырды.Ал,М.Әуезовтен жазушылық та,ғалымдық та таланты бірде кем емес,қызметқұмар Ғабит Мүсіреповтің соңында 7-8 томдай ғана шығармалар жинағы қалды.Егер,Ғ.Мүсірепов саналы ғұмырын лауазымды қызметке емес,шығармашылыққа арнағанда,ол да М.Әуезов секілді соңында мол әдеби-рухани байлық қалдырған болар еді.Кім ұтты? Ешкім де.Бұдан тек қазақ халқының ұлттық әдебиеті мен рухани мәдениеті ғана ойсырай ұтылды.

Осы орайда еске түсіп отыр,қазақтың тағы бір заңғар жазушысы Оралхан Бөкей студенттермен болған бір кездесуінде айтып еді.Орыстың анау Белов,Шукшин,Распутин секілді жазушылары айлап,жылдап деревняларда тұрып,болашақ кейіпкерлерімен араласып,қоян-қолтық өмір сүрген соң,орыс өмірін барынша шынайы суреттеген тамаша туындылар жазды.Ал,біз қызметқұмар,шенеунік қазақ жазушылары,қызметімізден айырылсақ тура бір өліп қалатындай болып,кабинетімізден шықпаймыз.Стол басында отырып бақылағаннан шынайы өмір туралы қай бір жөні түзу шығарма жазылады,-деген сөзі есте қалып қойыпты.

Біз осы қазақтар неге қызмет құмармыз?Мұндай ауыр дертке қалай шалдықтық?

Шындықтың бетіне тура қарап,тарихымыздың тереңіне үңілсек,бұл-құпиясы тереңде жатқан ауыр сыр.Орыс империясы өздері жаулап алған қазақ жеріне мәңгілік иелік ету үшін,отаршылдардың жаулап алған еліне қолданар бірден бір әдісі "Жабайыларды жабайылардың қолымен тұншықтұру немесе сексеуілді сексеуілмен ұру" саясатын қолданғаны мәлім.Олар рулық санадағы қазақ тайпалары мен руларын бір-біріне айдап салып,жауластыра отырып,олардың кейбір басшыларына лауазымды қызмет беріп,оларға міндетті салық түрлерінен түрлі жеңілдіктер қарастырды.Қарны мен қара басының қамы үшін халқының бостандығы мен тәуелсіздігін сатқан олар,мойындарына құлдықтың қамыты киіліп,қалай құлға айналғандарын олардың өздері де сезбей қалды.Құлда ынсап,қанағат,рақым,ар-ұят деген сезімдер болмайды.Ар-ұяты өліп,рухани тұрғыдағы құлға айналған олар,барлық мәселеге жеке қара басының қамын күйттеген құлқын көзімен қарады.Міне,осылай құлға айналып,өзгені зор тұтқан сатқындар,өз қандастарына қарағанда жеңіл өмір сүрді.Тіптен,олар жақсы өмір сүргісі келетін кейбіреулерге үлгі бола бастады.Міне,қызмет құмарлық дертіне біз осылай шалдықтық.Мансапқорлық пен қызметқұмарлық дерті,бұл-тексіздер арқылы ұлтымызға отаршылдар салып берген құлдық таңба еді.

Ұлтының тілі мен дінін,тарихын,әдебиеті мен мәдениетін ұмытқан мәңгүрттіктің түп негізінде жақсы,жеңіл өмір сүруге ұмтылған-мансапқорлық пен қызмет құмарлық жатыр.Бұл-ақиқат!

Құлдық пен қорлық таңбасының айғағы-қызмет құмарлықтан біз қалай құтыламыз?

Тек,ұлттық санамызды көтеру арқылы ғана!Ұлттық санасы көтерілген халық қана өзіне-өзі сын көзбен қарай алады.Ұлттық санамыз көтерілмегендіктен болар,біз еш уақытта,ешнәрсені өзімізден көрмейміз.Барлық уақытта қасіретіміз үшін біз  өзге біреулерді кінәлаймыз.Өмір бойы тек қана қожайынның айтқанын істеп,өздігінен ойланып көрмеген құл ғана ар ұялар ісіне өзін емес,өзгелерді айыптайды.Ол өз ар-ұятының алдында еш уақытта жауап беріп көрмеген арсыз һәм ойсыз.Себебі,ол үшін басқалар ойланады.Онда бір ғана ой бар.Ол-қожайынның ойынан шығу.Міне,құлдық психологияның ең жоғарғы түрі осы!Құлдық санадан құтылудың төте жолы,ол-ұлттық сананы көтеру!Ұлттық сананы көтеру жолында жауапкершілік пен жетекші рөлді зиялы қауым алуы тиіс.Бұл-заман талабы!Ұлттық сананы көтеру,ол-халқымыз ғасырлар бойы қалыптастырған тілі мен діні,ділі,тарихы мен әдебиеті,мәдениеті арқылы келген рухани байлығымызды басты орынға шығару.Біз сонда ғана ұлт ретінде сақталып қала аламыз.Басқаша болған жағдайда,адамзат тарихынан мәңгілікке жойылып кеткен мыңдаған халықтардың қатарына барып қосыларымыз айдан анық!Осы ұлттық қатерді алдын-ала сезген ұлы санаткер хәкім Абай:

Жарлы емеспін,зарлымын,-дей келіп:

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң,енді өз ырқың,-деп күңіренуі жайдан-жай айтыла салған сөз емес.

Дәл қазіргі таңда,үлгі көрмей,қызмет құмарлық дертіне шалдыққан қазақтың қаншама зиялылары,ұлттың емес,қара басының қамын күйттеп,жайлы өмір мен қу құлқынның қамы үшін өзінен жоғарыда тұрғандардың "туфлиін жалап" қор болып өмір сүруде.Біздің ұлттық трагедиямыз сонда,халқына жол көрсетіп,жөн нұсқайды,-деген қазақ зиялылары ұлт алдындағы жауапкершілігін терең сезініп,түсіне алмай отыр.Ұлтқа тұлға болады деген зиялыларымыздың жағдайы осындай болғанда,үлгі етер қауымы жоқ қарапайым халықтың ұлттық санасы қалай көтерілмек?Біз қазір құлқыннан өзге ойы жоқ,ашкөз ынсапсызға айналдық.Ашығын айтсақ,дәл бүгінгі қазақ халқы рухани дағдарыс үстінде.Осы дағдарыстан шығар жол бар ма?Меніңше,бар.Ол-Абай ілімі.Адамгершілік бастауында тұрған білім мен ғылым-"Иманигүлді","Толық адамды" насихаттайтын Абай іліміне бастап апарар ақиқат жолы екені анық!Бірақ,бұл өз алдына бөлек әңгіме.Себебі,"Абай ілімі"- адамгершілік,иман,ар-ұят туралы ғылым.

Пайдаланған әдебиеттер    

1.Абай (Ибраһим) Құнанбаев.Шығармаларының екі томдық толық жинағы.2-том. Алматы,"Ғылым"-1977

2.Қазақстан.Ұлттық Энциклопедия.3-том."Қазақ Энциклопедиясының" Басредакциясы. Алматы,2001 жыл

3.Артц.У.Чейс.Б.Кроличья нора или что мы знаем о себе и вселенной. Москва, "Эксмо"-2012

4.Әуезов.М. Абайды білмек парыз ойлы жасқа.Алматы,"Санат"-1997

5.Ісімақова.А. Алаш әдебиеттануы.Алматы,"Мектеп"-2009

6.Би аға. Б.Майлин туралы естеліктер.Алматы,"Жазушы"-1991

Нұрғали Махан
Түркістан облысы, Созақ ауданы

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2084