Жексенбі, 29 Желтоқсан 2024
Өмірдің өзі 6710 3 пікір 31 Мамыр, 2019 сағат 11:35

Өмір – сенікі...

«Өмірде көріп, білгендердің бәрі алдағы күнге сабақ» дейді.  Әрине адамдардың көріп, білетіні өте көп қой. Бірақ содан бәрі бірдей сабақ алады деу  қисынға келмес. Өйткені кейде басты мақсат қаперді тұмшалап тастағандай болады. Ол: мансапқа жету, жылы орынға жайғасу, бастыққа жағына білу, әрі көп ақша табу т.б. секілді өзгеге бой бермес ойлар. Және көпшіліктің де өзіне қалайтындай өмір сүруі үшін жиі көріп, білетіні – осы.  Ендеше «адам не үшін өмір сүретінін білсе, онда оған қалай өмір сүретіні бәрі бір» деген қағида белең алады екен. Сонда адамгершіліктен сабақ алу адыра қалатын секілді.

Ал өзгеден сабақ алу – оның қателігіне ұрынбау, не жақсылығын іске асыру екенін екінің бірі жақсы біледі.  Бірақ жоғарыда айтқанымыздай, оған басты мақсат етіп қойылған ойлар жол бермейді. Сондықтан Абай атамыз айтқандай, кейбіреулер «Өнерсіздің қылығы – Тура сөзін айта алмай, Қит етуге бата алмай, Қорлықпенен шіруге» дайын тұрады. Әлбетте бұл «мақсатқа» қалайда жету үшін тура сөзін айта алмай, қит етуге бата алмай, ақыры іштей «шіруге» дейін баратындар да «қатардан» қала қоймайды. Олар мансапқа әйтеуір қол жеткізіп, жылы орынға жайғасуы да мүмкін. Сөйтіп ақыл айтып, билік те жүргізеді. Алайда ондай жандардан жақсылық та күте алмайсыз. Жеме-жемге келгенде «басты мақсаттары» үшін бәрін ұмытады. Оның сырын ел ішінде айтылатын мына әңгімеден де байқаймыз.

Бірде қыстың алғашқы күні асығыс келе жатқан Қуат көпірмен айналып өтуге ерінді де Есіл өзені мұзы үстімен тіке тартты. Жас кезі, қорқыныш деген жоқ. Бірақ мұз қатты көрінгенімен өзеннің ортасына жете бергенде шытынап қоя берді. Артынша жарылып ойылды да, тастай суға батып бара жатқанын бірақ білді. «Суға кеткен тал қармайды» демекші, жан дәрмен жанталаса аяқ, қолын қимылдатқанымен мұз үстіне қайтып шығуға дәрмені жетпеді.  Оның үстіне күн кешқұрым болатын. Қанша айқаласа да оны еститін жан адам жоқтай. Ал суық су мұның сүйегіне бірден өтті. Өне бойы қалтырап, бар қуаты сарқылды.   Сөйтіп ажалым жеткен жері осы болған шығар деп, өмірден күдер үзе бастағанда біреудің мұзға етпеттей жатып, бұған қарай жылжып келе жатқанын байқады. Сосын әлгі адам қолындағы ұзын таяғын көлденен қойып, мұны әупірімдеп тартып, шығарып алды. Сөйтіп бір ажалдан құтқарып қалған адамның есімі – Жангелді еді.

Содан арада біраз уақыт өтеді. Қуат ержетіп, есейгенде полиция тергеушісі дәрежесіне жетті. Бірақ оның жұмысында өсу үшін қызметтік көрсеткіштер ауадай қажет екені белгілі. Соның бірі – тергеуші үшін күдіктінің айыбын қалай да ашу. Ол жұмыс үнемі сәтті бола қоймайды. Сондайда қудалау органы күдіктіге артқан айыпты қалайда мойындатудың жолын табуы қажет. Сонда Қуат та кейбір мансапшыл әріптестері секілді бірнеше рет мұндай тәсілді қолданып көрген. Олар және шен алып, шекпен киіп, өсіп жатты. Өйткені кейбір күдікті деп ұсталғанның жаны қиналғанда, не басқа амалы қалмағанда тергеушінің жалған таққан айыбын мойнына алуға көнеді. Бұл тергеушінің қызмет көрсеткішін еселей түседі. Бірде сондай бір күдіктіні тергеу ісі Қуаттың қолына түсті. Ата-анасына да, басқа ешкімге де хабарласпастан істі бекітіп, сотқа өткізу керек десті мансапшыл әріптестері. Ал күдікті қарақшылық жасады деп ұсталған. Бар құжаттар да солай толтырылған. Тек енді тергеуші күдіктінің кінәсін «мойындатуы» тиіс. Бірақ Сапар атты жас жігіт айыпты мойына алар емес. Алайда оны, өздерінің тілімен айтқанда, «сындыру» қиынға соқпады. Содан оған біраздан бері ашылмай жатқан «қыз зорлады» деген істі де іле салды. Сапар иіні бос адам болғанымен іштей бұл жалаға көнбеді. Оның жаны таза еді. Бірақ оның тағдыры жеке мүддесін көздеген жандарды ойландырмады. Осы іс арқылы мақсаттарына жетсе болды еді оларға. Жалғандыққа жаны қас Сапар оқшаулағышта қатты қиналғандықтан ақыры өзіне қол жұмсады. Өз мүддесін ғана Қуаттың бұған таққан жала ісін арқалап кетті. Сөйтіп Сапардың ажалы Қуаттың пайдасына шешілді.

Сапар өлсе де ашылмай жатқан ауыр істі оған жаба салғанына іштей риза болған Қуаттың қуанышы көпке бармады. Көп ұзамай есік қағылды. Ішке өзіне бір таныс адам кірді. Таныды. Кезінде өзін ажалдан аман алып қалған Жангелді екен. Жангелді Қуаттың осында екенін білмесе де кезіккеніне қуанышын жасырмады. Жаны қиналып отырғанын айтып, көмегің сұрады. Ұлы осында біраз уақыттан бері қамалып жатқанын кеше ғана естіпті. Содан жан ұшыра келіпті. Сөйтсе Сапар оның жалғыз ұлы екен. Мұны естіген Қуат әуелі үнсіз қалды. Сосын есін тез жиып, дайын қағаздарын Жангелді алдына қойды да: - Әрине, өкінішті. Бірақ ұлыңыз қылмысын мойындады. Сол қылмысты жасағанына өзі де шыдай алмай асылып қалды. Ал өзіңіз жақсы адамсыз, бірақ ұлыңызға теріс тәрбие бергеніңіз үшін сіз де кінәлісіз, - деді жайбарақат қана.

Ие кімнің кім екені маңдайында жазылып тұрмайды ғой.  Жангелді ұлына теріс тәрбие берген екен. Ал мүмкін Жангелдінің кезінде Қуаттың өмірін сақтап қалғаны дұрыс болмаған шығар. Бұл өмірде Қуат болмағанда талай адам қысымнан да, қатерден де аман қалар еді дейсіз ғой. Жоғарыда айтқанымыз тек бір ғана мысал, ал соған ұқсас қаншама жайттар болып жатыр. Сондайда талай жазықсыз жанның тағдырына балта шабатын жандар жансыз болады екен. Ал оның тамыр тартуына дем бергендер қателігі, орны толмас опық жегізеді. Бірақ оның ақ, қарасын ажыратуға ешкімнің құлқы жоқ. Тек өзімшілдіктен туған қысымды көрген жандар ғана жақсылық жасаудың ізгілігін шын сезіне алады. Ендеше «Бұл өмірден көп сабақ алғандаймын. Бір үзілсем, Үзілдім, Жалғанбаймын!» деп, Қадыр Мырза Әлі де бекер айтпаған-ау. Өйткені өз өмірің өзіңдікі ғой.

Александр Тасболат

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2084