Қызылордада мемлекеттік рәміздер ұлықталды
Сыр бас шаһарында Мемлекеттік рәміздер аллеясында «Мемлекеттік рәміздер – ұлт мақтанышы» атты облыстық патриоттық шара өтті, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.
Салтанатты шараға облыс әкімі Қ.Көшербаев, облыс әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік мекемелер басшылары, аймақтағы зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, этномәдени бірлестік өкілдері, әскери қызметкерлер, саяси партия, үкіметтік емес ұйым мүшелері, олимпиада және спорт саласының жеңімпаздары, БАҚ өкілдері, белсенді жастар қатысты.
– Мемлекет мәртебесін айқындайтын негізгі құндылықтар мен ұстанымдар тарих толқынында шыңдалып, уақыт тезіне төтеп беретін дәрежеге көтерілу арқылы қалыптасатыны белгілі. Бұл ретте мемлекеттік рәміздеріміз – Ту, Елтаңба, Гимн бір сәтте ғайыптан пайда болмай, сан ғасырларды артта қалдырып, бекіді. Рәміздер – Қазақстан деген дербес мемлекеттің әлем картасында бар екенінің бірегей белгісі. Еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай: "Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа деген үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер, - деді облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы.
Сондай-ақ, шара аясын әр салада жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар мамандар марапат төрінен көрінді. Атап айтқанда, Қазалы аудандық ауруханасының нейрохирургі Баспаев Кенесары, Бокстан Қазақстан Республикасы ұлттық құрама командасының мүшесі, спорт шебері Тұрсынбай Құлахмет, Облыстық «Ерлік» үйлестіру кеңесінің және Ауған және жергілікті соғыс ардагерлері одағының төрағасы, Баймаханов Қайраддин, Қазалы аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы Ахметов Марғұлан, шахматтан оқушылар арасындағы Әлем чемпионы Нұрғали Назерке және Қызылорда қаласындағы №2 «Мұрагер» мектебінің 11-сынып оқушысы Демиденко Евгений, Жасөспірімдер арасында дзюдодан Қазақстан Республикасының 3 дүркін чемпионы Тілеумұратова Диана Аймырзақызы марапатталды.
– Біз, Сыр өңірінің спортшылары Әлемдік спорттық ареналарда көк туымызды желбіретіп, мемлекеттік гимніміздің шырқалуына бар күш-жігерімізді аямаймыз. Мүмкіндігінше бізге сенген еліміздің сенімін ақтауға тырысамыз. Соның арқасында еліміз спорттық державаға айналды. Алдағы уақытта да жеңіс тұғырынан көрініп, еліміздің көк туын көкте желбіретуге уәде беремін, – деді спортшы Н.Нұрғали.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің қабылданғанына 27 жыл толды. Сонымен қатар мерейлі мереке облыс көлемінде де аталып өтілді.
Abai.kz