Аңшыбай НАУХАНҰЛЫ. Оралмандар туралы ой
(мәселені қалай шешуге болады)
Сонау зобалаң жылдары туған елін-жерін тастап, бас сауғалап шетелге ауып кеткендер тәуелсіздік алғалы отанына квотамен де, шақырылмай да көшіп келіп жатыр. Осыларды қоныстандыру үшін жағдай туғызу біздің Маңғыстау облысында үлкен мәселеге айналды. Шеттен келгендер негізінен Қызылтөбе елді мекені мен Ақтау қаласы төңірегіне (саяжайға) орналасып жатыр.
(мәселені қалай шешуге болады)
Сонау зобалаң жылдары туған елін-жерін тастап, бас сауғалап шетелге ауып кеткендер тәуелсіздік алғалы отанына квотамен де, шақырылмай да көшіп келіп жатыр. Осыларды қоныстандыру үшін жағдай туғызу біздің Маңғыстау облысында үлкен мәселеге айналды. Шеттен келгендер негізінен Қызылтөбе елді мекені мен Ақтау қаласы төңірегіне (саяжайға) орналасып жатыр.
«Орналасып жатыр» деп ауыз толтырып айтқанымызбен, табан тірейтін ұлтарақтай жер ала алмай шұбырып жүргендердің жағдайы төмен, оны күнде көріп отырмыз. Осылардың барлығына қаладан, кенттен заманға сай жайлы пәтер, жалақысы жоғары өндірістен жұмыс тауып беруге мүмкіндік шектеулі. Не істеу керек? Осы көшіп келушілер ауылдық жерге, тау бойының бұлақтарына, құм бойының құдықтарына орналасып, шаруа жасап кетсе қалай болар еді?! Кешегі Кеңес үкіметі кезіндегі жүздеген мың мал өсірген совхоздар тарап кетті де, ішінара шаруа ұстаған серіктестік болмаса, негізгі қоныс белгісіз қалды. Сол жерлерге орналасып, мал бағып, егін салып, күнелтіс жасап кетуіне болмас па еді?! Ортылыққа топырлап отырып алып, шетке шығып шаруа жасауға бетінен басатын жергілікті адамдардай емес, бұлар тағдыр тауқыметін көп көрген, сәл нәрсенің өзін ұқсатып, табысқа айналдыра алатын шетінен еңбеққор екенін көріп жүрміз. Мәселен, бақташыға бәлен жылға деп шектеп, құны кейін қайтарылатын бағатын мал берілсе, егіншіге тұқым мен құрал-сайман берілсе, қандай кәсіппен айналысам десе де жеңілдікпен жағдай жасалса, бұлар қазір-ақ бақытты өмір сүріп кетеді деп ойлаймын. Ол үшін алдын-ала зерттеу, іздестіру жұмыстарын жүргізіп, соған сай бағдарлама жасап, көшіп келушілердің назарын солай аударып, үгіт-насихат таратса, ешкім де ондай жақсылықтан қашпас. Туысқандарымыздың үйдің бұрышынан сығалап, базар жағалап тентіреп жүргендері оларды да жақсылыққа жеткізбейтіні, бізге де абырой болмайтыны түсінікті.
Мынаны да ескеру керек, мәселен, жаңа қоныстанған мекенде осы заманғы өркениеттің рахатына кенеліп күрп ете түсемін деп ойлау артығырақ. Мәселен, электр энергиясы, газ, ауыз су тапшылығы болуы мүмкін, бірақ оған төзіп, еңбекпен бірте-бірте жетуге болар. Біздің жергілікті малшы ауылдарымызда осы тапшылық әлі де бар екенін көріп отырғанда, оралмандар бізге өкпе айта қоймас. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың бір баяндамасынан оралмандарға жылына 5,4 миллиард теңге бөлінеді деп естідім. Егер көзін тауып, ретімен жұмсаса осы да аз ақша емес сияқты. Шаруаға қонысын (жерді) тегін беріп, мал мен тұқымның құны біраз жылдан кейін қайтарылатын болып ақшаға сатып алып берсе, арғы жағын өзі үйлестіріп кетер. Сонда кешегі күні күйреп қалған ауылымыз көбейіп, жанданып, қанатын кеңге жайып, бұрынғы шаруа баққан қазақ ауылының кейпіне қайта айналар еді.
Квота-шектеу. Егер квотасыз-ақ көшіп келе беруіне рұқсат етіп, жатырқап қарамай, мүмкіндігі мол жағдай жасап, бауырымызға тартсақ көшіп келушілер көбейер еді. Бұдан, берісі облысымыздағы қандастарымыздың салмағы ұлғайса, әрісі ұлтымыздың саны артуына әсерін тигізер еді.
Маңғыстау өлкесінің жері кең ғой! Мыңдаған Адай ауылдары жазда Үстірттің қырындағы шымырауларын жайлап, қыста ықтасын сай-саласын қыстап отырған. Кешегі Кеңес үкіметі келгенше осылай қалың елдің мекені болғанын естіген де, көргендер де бар. Шаруа жайымен жүргенде шатқал, сайларда, бұлақ бастарында тастан қаланған үй, мешіт, қора-қопсылардың қирандылары жиі ұшырасатын, сол орындар әлі де жоғалмаған болуы керек. Бір кезде қалың елді бауырына сыйғызып, тұрмыс тіршілігіне жарап, пана болған Үстірттің асты бүгінде де көшіп келушілерге құтты қоныс болар деп ойлаймын. Бұлақ бастарынан үй салып, егін егіп, аздаған малын қайырып күнелтуіне болмас па еді?! Үй, қора, тағы басқаларын салуға құрылыс материалы (тас, саз балшық) жеткілікті ғой. Бұрынғы кездегідей емес, Үстірт үстімен темір жол, тас жол тартылып, «күре тамырмен қан жүрді» дегендей мұнай өндіретін кен орындары ашылып, жұрттың тұрмыс тіршілігін жасауына қолайлы болатындай. Тұрғыны көп біріккен ауылдардың қолайлы деген жерінен қоғамдық үйлер (мектеп-интернат, дүкен, аурухана, басқарушы кеңсе, т.б.) салуға болады. Кеңес кезіндегідей кішкене артельдерге бірігіп, бірнеше артель, одан үлкеніне бірігіп, осылай бір аудан құралып кетер еді. Әрине, бірігуші ауылдарға ыңғайына қарай ат қойылар.
Мен бұларды тек мысал үшін айтып отырмын. Отызыншы жылдары малы жұтап қалған Маңғыстау кедейлерін біріктіріп, Ақтөбе облысынан қой әкеліп, алдына салғаннан кейін біраз жыл өткенде әлгі ауылдар іргелі шаруашылық болып, үлкен колхоз, совхозға айналып кеткен. «Бұдан да жалаңашымда тойға барғанмын» дегендей, сондай қиын-қыстау кезеңде халық басы бірігіп, еселі еңбек қылуының арқасында шаруасы өркендеген бір тайпа ел дәрежесіне көтерілген.
Әрине, ол уақытпен қазіргіні салыстыруға болмас. Бірақ жер астынан жылына миллиондаған тонна мұнай өндіріп отырғанда. Маңғыстау өңірігіндегі кез келген мәселені ойланбастан көзді жұмып отырып шешуге болады емес пе. Тек осыған ықылас-ниет, оң көзқарас табылса. Біреулер ойлар, қайдағы іске аспайтын нәрсені айтты деп, олай емес, ілгері талап қылып, ұмтылыс жасаса, адамның қолынан келмейтін еш нәрсе жоқ, оған біздің мүмкіндігіміз де бар. Байлыққа белшемізден баттық деп айқайлағанда өңешіміз жыртылады. Қане, сол байлығыңды қазақ ауылын көркейтуге жұмса. Егер дұрыстап ойластырып ұйымдастырса, елдің келешегі үшін осы аймақты да игеріп пайдалануға болатын сияқты.
Еділдің бойы ен тоғай,
Ел қондырсам деп едім.
Жағалай жатқан сол елге
Мал толтырсам деп едім, -
деп жырлаған Махамбет ақынның арманындай осы Үстірт асты ел қондыруға да, мал толтыруға да қолайлы қоныс болар деп ойлаймын.
Сөзіміздің басы да, соңы да қалай жасағанда көшіп келуші қандастарымызға қамқорлық туғыза аламыз дегенге тіреледі.
Менің бұл жазғаным көңілімде жүрген жеке ойларым. Бұл аймаққа жақсы таныс адамдар пікірін білдірсе хош көрер едім.
Маңғыстау облысы,
Тұщықұдық ауылы
«ҚАЗАҚСТАН» апталығы, №23 (263), 18-маусым, 2009 ж.