Нарынқолда тұңғыш еңбек олимпиадасы қалай өтті?
Нарынқол жақтан бір ай бұрын хабар келді. «Елде бұрын-соңды болмаған шара өтеді. Осы уақытқа дейін еңбек пәнінен олимпиада болмады, соны өткізбекшіміз. Бұл іс-шараның жөн-жобасын бір жылдан бері жоспарлап, содан бері дайындалып жатырмыз. Оқушылардың еңбектерімен танысып, жақсысын асырып, жаманы болса жасырып, ақпараттық қолдау білдірсеңіздер екен», – деді. Еңбек пәнінен олимпиада деген соң ерекше шараға елең етіп, өзіміз де асықтық…
Хантәңірінің етегіне ертемен жету үшін Алматыдан таң бозынан аттандық. Шараның басталар уақытында Нарынқолға да кіріп келдік. Білерсіз-білмессіз, былтыр ғана Райымбек ауданы екіге бөлініп, Нарынқол мен Кеген бөлек отау құрған. Райымбек ауданының орталығы Нарынқол да, Кеген өз алдына аудан орталығы болды. Жаңадан еншісін алған соң ба, Нарынқолдың тозығы жеткен ғимараттары бірден көзге ұрды. Атақты Нарынқолдың жай-күйі осындай десе адам сенбес, көз алдыңда қоңырқай тартып, қабырғалары арса-арса боп тұрған жатаған үйлер ескі фильмдерді елестеткендей. Басқа қандай теңеу айтсақ екен?! Келген мақсатымыз өзге болса да, аудан орталығының мұндай хәлін көріп, бірден қоңылтақсып қалдық. Дегенмен… Дегенмен мәдениет үйіне жеткен соң, көңіл жадырап сала берді. 5 ауданның оқушылары жиналыпты. Алғаш рет өткелі тұрған шараға мұндай көп команданың қатысуы кештің жақсы ұйымдастырылып жатқанын білдірді. Кештің негізгі ұйымдастырушысы – «Ұлағатты ұрпақ» қоғамдық қоры. Қолдаушысы – Алматы облысының білім басқармасы. Қуантарлығы, ұйымның мүшелері жан-жақта жүрген ауыл азаматтары екен де, осындай шараларда бас қосып, иін тірестіре қалатын ауызбіршілікте екен. Кештің бас-аяғында 70-ке жуық ерікті жүрді. Әркімнің өз қызметі бар.
Сонымен, республикада тұңғыш рет өтіп жатқан олимпиада атауы – «Бүгінгі оқушы – ертеңгі білікті маман». Олимпиаданың басты мақсаты – өскелең ұрпақты еңбекке дәріптеу, оқушының қызығушылығын ашу, еліне, туған жеріне деген ұлттық сезімін ояту. Жобаға «Astra», «Abyroikz.kz», «Q-brend», «Evo» сияқты ірі компаниялары демеушілік жасапты.
Ойға алған жоба – жасалған макет
Жарыстың бас-аяғы мал бордақылайтын фермалар, жылыжай, туристік база, көкөніс сақтау қоймалары, ауыл шаруашылық машиналарын жобалау сияқты 5 бөлімге бөлінді. Әр бөлім бойынша оқушылар жобаларын таныстырды. Кейбір жобада жекелеген қатысушылар да болды. Ең қызықтысы – жобаның макеттері. Ол макеттер мәдениет үйінің кең залында көрме түрінде қойылған екен, оқушылардың әрбірінің жұмысы көз тартады. Өз қиялдарындағы, армандарындағы бизнес-жобаларының макетін барынша әдемілеп жасапты. Макетті қандай еңбекпен жасаса, қазылар алдында жобаларын солай жанкешті қорғап-ақ тұр. Жобасын таныстырып тұрған оқушылардың бәрі де ауылын көркейткісі келеді, ауыл адамдарына қолжетімді жағдай жасағысы келеді, қайырымдылық жұмыстармен айналысқысы келеді. Періште-тілектерге әумин десіп отырдық.
Таңертеңгісін басталған шара қас қарая бір-ақ бітті. Нәтижесінде Еңбекшіқазақ ауданы, Масақ орта мектебінен келген «Квант» командасы жеңіске жетіп, 150 000 теңгені иемденді. Команда құрамында 9-10-сыныптың Ерасыл Адайбек, Нұрай Үркімбай, Жансая Нұрбекова, Гүлзада Тоқтахунова, Аружан Мұхамед, Темірлан Әбдіқадіров, Дәукен Кеңесбек есімді оқушылары болды.
– Жобамыздың негізгі мақсаты – альтернативті энергия көздерін тиімді пайдалану, – дейді жеңімпаздардың жетекшісі. – Соған байланысты жылыжайларда табиғи энергия көздерін пайдалануды жобаладық. Осы идеяны оқушыларға ұсындық. Одан кейін балаларды жылыжайларға апарып, тәжірибеден өткіздік. Бәрін көзбен көргеннен кейін балалар қызыға бастады. Тіпті арамыздағы бір оқушы агроном боламын деп шешім қабылдады, – дейді еңбектерінің ақталғанына қуанып тұрған ұстаз.
– Артықшылығымыз – жаңа технологияларды дамыту, жел, күн энергиясы, тамшылатып суғару және көшеттердің жаңа түрлерін жобаладық. Еңбек пәнінің мұғалімі Құлманова Әлия апайдың еңбегі зор. Квант – ажырамайтын бөлшек деген мағынаны білдіреді. Жобаны жасау барысында біз бірге тұрып, бірге жүрдік. Жылыжайларға, күн энергиясын алатын орындарға бардық, – дейді жүздері бал-бұл жанған жеңімпаздар.
Оқушы Шерхан тауық асырап, кәсіп қылып жүр
Шара барысында Шерхан Мэлс есімді оқушының жұмысына бірден назарымыз ауды. Басқа оқушылар бизнес-жоспарларын таныстырып жатса, ол кәсібін әлдеқашан бастап кетіпті. Шерханның ауылдағы кәсібі жайлы аз-кем әңгіме құрдық.
– Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қайнар орта мектебінің 10-сынып оқушысымын. 2018 жылдың наурыз айынан бастап осы жұмыспен айналыса бастадым. Алғашқы жұмысты интернеттен қарап, балапандар шығаратын инкубатор сатып алдым. Сосын брама тұқымдас тауықтың жұмыртқасын сатып алып, бастырдым. 21 күнде балапан шығара бастады. Өсіп-жетілген соң, 9 айдан кейін жұмыртқа туа бастады. Қазір бір жағынан жұмыртқасын, екіншіден балапандарын сатып жатырмын.
– Мұндай ой қайдан келді?
– Алғашында біз бидай егумен айналыстық. Бір жылы бидай артылып қалды. Бидайды қайда жіберемін деп ойланып, интернетті ақтардым. Көп адам тауық бағумен айналысады екен, содан қызығушылығым артты.
– Қазір күркеңде қанша тауық бар?
– 45 бас тауық, 9 қораз бар.
– Брама тауығы дедің, оның артықшылығы қандай?
– Ерекшелігі – қысқа төзімді, ірі тауық. Ресейде кохинкин мен даканның будандастырылуынан шыққан тауық.
– Кәсібіңнің кіріс-шығысын есептедің бе?
– Алғашында 97 мың 720 теңге шығыс болды. Кірісі 232 мың 700 теңге болды. Бір жылдағы нақты пайдасы – 141 мың 980 теңге. Қазір 50 үндік жұмыртқасын сатып алдым. Оның 40-ы балапан шығарды. Бұл 45 тауықтан бөлек. Балапан өзі жарып шықса, мықты жетіліп кетеді. Ал өзің көмектессең, әлсіз боп қалады. Жалпы үндік балапан кезінде әлсіз болады, өскенде мықты болады.
Басында күмәніміз көп болды. Күзде балапандарды сатуға шығарғанда ауыл адамдары да баға алмай, өлтіріп аламыз ба деп қорқатын.
– Тұтынушыларың кімдер?
– Ауылдағы дүкендерге өткіземін.
– Мұның бәрін жалғыз өсіріп жатсың ба, әлде көмекші достарың бар ма?
– Әкем мен інім көмектесіп тұрады.
– Оқуды бітіргеннен кейінгі мақсатың қандай?
– Бизнес мектебіне оқуға түскім келеді. Оны бітіргесін таулы аймақта ет және жұмыртқа дайындайтын тауық база салғым келеді.
– Басқа қандай өнерің бар?
– Әкем – бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі. Менің де суретке ебім бар.
– Арманың қандай?
– Арманым – үлкен табысқа жету және отбасымның жағдайын көтеру.
Расында оқушы кезімізде осындай кәсіппен айналыссақ, біздің бетімізден қағар біреу бар ма деп ойланып та қалдық. Шерхан батырдың ісіне сүйсініп, кәсібіне береке тіледік.
«Шоқаннан кейін ешбір ғалым ат ізін салмаған…»
Одан кейін сахнаға шыға сап тақылдай жөнелген екі құрбының жобасына сүйсіндік. Ынты-шынтысымен қорғап тұрған жобалары бүгін-ертең жүзеге асып кететіндей, көңіл сүйсінтті. Жоба иелері – Айгерім Айшабек мен Әмина Кемелбай. Райымбек ауданы Сарыбастау ауылындағы, С.Сауранбаев орта мектебінің 9-сынып оқушылары екен. Қос құрбының жобасымен кеңінен таныстық.
– Біздің тобымыздың аты – Шартас. Тобымыздың мақсаты – Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары аясында сырға толы тарихымызды, ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрімізді, жасыл желекті табиғатымызды насихаттау. Сонымен бірге, ауылымыздың экономикасын дамытуға үлес қосу, туған жерімізде туризм саласын дамыту. Ауылда жүрген жұмыссыз жандарды да жұмыспен қамтығымыз келеді. Жобамыздың түрі – этнотуризм. Бұл жерге келген адамдар бүгінгі күннен XVIII ғасырға ауысатын болады. Киетін киімі, ішетін тағамдары, мінетін көлігі – бәрі-бәрі XVIII ғасырдағыдай болады. Чехияның Брно деген қаласында Наполеонның кейпіне енетін тура осындай туристік қала бар екен. Жобамызда 11 киіз үй болады, оның орталық киіз үйі – мұражай. Онда ақын-жазушылардың, ұлы ғұламалардың шығармашылығымен таныстырамыз. Оң жақ қанатында ерлерге арналған шеберлік сабақтары болады. Онда қой сойып, жіліктеу, қамшы өру, ертоқым жасау сияқты дәстүрлер үйретіледі. Сол жақ қанатында әйел адамдарға арналған шеберлік сабақтары өтеді. Мысалы, «өрметөс» деген ұмытылып бара жатқан тағам түрі бар. Соны жасауды үйретеді. Сонымен қатар, тоқыма тоқу, көрпе тігу сияқты дәстүрлерді үйрене алады. Үш киіз үй – жатақхана есебінде. Сосын бір киіз үй – асхана, онда тек таза өнімдер қолданылады.
Біздің басты жолымыз – «Шоқан ізімен» деп алып отырмыз. Шоқан Уәлиханов 1856 жылы Қашқарияға саяхатында осы жерлерді көріп, қызығып кеткен екен. Шартас тауы – тарихи сырға толы мекен. Бұл жерге Шоқаннан кейін ешбір ғалым ат ізін салмаған. Біз осы демалыс орнын ашу арқылы өзіміздің тарихи орнымызды насихаттағымыз келеді. Мұнда біз жас ғалымдар форумын, этнотоптар форумын өткізсек болады. Біздің Сарыбастау ауылының символы – Ақкер тауы. Қала өмірінен шаршаған адамдар сол жерге барып тынығып, атпен серуендеуіне болады. Ақкер тауынан асқаннан кейін атақты Шалкөде жайлауы тиіп тұр. Қазақтың ең көркем жерлерінің бірі. Онда Жетімкөл, Айғайтас секілді сыры ашылмаған жерлер көп. Сол тарихи орындарды туристерімізге аралатқымыз келеді.
Біздің өлкенің ауа райы салқын болғандықтан, бұл жобаны көктемнің екі айы, жаздың үш айы – жалпы 5 айға жоспарладық. Бір айда 90 адам қабылдаймыз, яғни он күнде 30 адамнан бөлеміз. Негізгі қонысымыз Есекартқан тауында болмақ. «Шоқан ізімен» жүреміз десек, көп адам келетініне сенімдіміз. Бұл жобаны ойластыру кезінде ауыл тұрғындарымен ақылдастық. Көбі қоныстың Есекартқанда орналасуын айтты. Мектепте география пәнінің мұғалімдерінен, дәрігерлерден кеңес сұрадық. Ұстаздарымыз бағыт-бағдар көрсетті.
Қос құрбының жобасы барлығымызды ойлантты. Туризмнің осындай алғышарттарын неге жасап көрмеске?!
Арнайы орындарға және ынталандыру сыйлықтарына ие болған барлық жеңімпаздарға қомақты қаржы табысталды. Тағы бір қуантқаны, бұл шара жалғасын тапсын деген ниетпен эстафета тапсырылды. Эстафета Талғар ауданына бұйырды. Айта кетерлігі, жобаның авторы Айдос Бақытжанұлы істің басы-қасында болып, кештің жақсы өтуіне барын салып жүрді.
Таңертеңгісін ауылдың жағдайы алаңдатқанымен кешкісін жадырап қайттық. Неге дегенде, оқушылардың елді көркейтсем деген ықылас-пейілі бәрін ұмыттырды. Сосын жиынды өткізуге Алматыдан, басқа аудандардан жиналған еріктілер – осы ауылда туып-өскен қыз-жігіттер, ағай-апайлардың ауызбіршілігі сүйіндірді. «Ұлағатты ұрпақтың» жасап жатқан игі ісі бұл ғана емес екен. Нарынқол мектептеріндегі озат оқушыларға шәкіртақы тағайындап тұрады екен. Жағдайы төмен отбасыларға жәрдемдесіп, балаларын жазғы демалыста лагерьлерге жіберіп тұратынын да білдік. Ұйым құрылғалы бері он жыл ішінде жасалған мұндай шараларын айтып тауысқысыз. Ауызбіршілікте, бірлікте ғана мұндай істер атқарылады. Мәдениет үйіне жиналған, өздері секілді балалардың жобаларымен танысқан ауыл балаларының да кеудесінде жаңа бір арманның ұшқыны пайда болғаны анық. Сондай ұшқынды жағып жіберетұғын әр ауылда, әр ауданда «Ұлағатты ұрпақ» секілді ұйымдар болса деген ізгі ниетті біз де көңілімізде әлдилеп қайттық.
Асылан Тілеген
«Ақ желкен» журналы