Бейсенбі, 28 Қараша 2024
Пікір 10296 47 пікір 11 Маусым, 2019 сағат 11:46

Бекболат Тілеухан: «Қай халық алаңға шығып, мұратына жетіпті?»

Қазақстан кезекті рет президент сайлауын өткізді. Қазіргі президент міндетін атқарушы Қасым-Жомарт Тоқаев ол сайлауда ел-халықтың 70 пайыз дауысын алып, жеңіп шықты деген ресми ақпарат та тарады. Президентті ұлықтау рәсімі ертеңге белгіленді.

Десе де, осы жолғы сайлау өтеді дегеннен бастап, күні кешеге дейін ел ішінде наразылық акциялары өтті. Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбе секілді ірі қалалардағы наразылық шеруін полиция  тоқтатты. Ондаған адам ұсталды. Бұл митингілер туралы бізді қойып, әлемдік БАҚ жазды.

Елге есім-сойы белгілі азаматтар, өнер адамдары, қоғам белсенділері, саясаткерлер т.б. ел ішіндегі бұл саяси процесстерге сөз қосты, үн қатты. Ел де, елдің ерлері де үн шығарды. Үнсіз қалған сол баяғы Астананың ақ жағалылары ғана.

Басқасын айтпағанда, халықтың үнін билікке, биліктің үнін халыққа жеткізуші дәнекер болуы тиіс депутаттар неге үнсіз дедік. Кешелі-бері көшеге шыққан жастарға қолдау білдіруші де, керек болса, ақыл айтып, арандатудың алдын алатын да, олардың талап-тілегін билікке жеткізетін де сол депутаттар емес пе еді?! Өкінішке орай, «халық қалаулылары» үнсіз жатыр. Транзит кезеңі дейтін бұл кезеңде депутаттар тыныш жатыр.

Барлығы үнсіз деуден және аулақпыз. Дәті жеткен бірлі-екілі депутат сөз алыпты. Бекболат Қанайұлы Тілеуханды айтып отырмыз.

Мәжіліс депутаты Бекболат Қанайұлы өнер адамы ғой. Мемлекеттік сыйлықты алған. Мәжілістің үш шақырылымына депутат болып барған. 10 жыл депутат болған. Сол Бекболат Қанайұлының әлгінде елдегі болып жатқан саяси процесстерге қатысты айтқан пікірі әлеуметтік желіде жария болды. Сол пікірді назарларыңызға ұсынамыз, бүгін...

Бекболат Тілеухан:

- Прогресс бар ғой, бар. Бұрынғы сайлаудағыдай емес, наблюдателі де көп. Оппонентінде мойындап отыр. Айналайын, бұл атыңды бәйгеге қоссаң да, бәйгесіне риза емес адамдар, недовольный адамдар қашанда, қай уақтан болатын нәрсе. Саяси процесс түгілі, жәй ғана ат бәйгесін өткізсең де солай.

Ал енді осыған байланысты, «битке өкпелеп, тоныңды отқа жағып» деген сияқты, ал алаңға шықтық дейік. Әй, кім алаңға шығып, кім төңкеріс жасап мұратына жетіпті?! Қай ел төңкеріс жасап, өзі отырған бұтағын өзі аралайды?

Ол Әблізов ішіне қан қатып қалған адам. Ол кегін алу үшін ешкімнен, ешнәрседен аянбайды.  Өзі де айтқан, «Қырғыздың революциясын мен жасадым. Қазақстанға әсер ету үшін», деп.  Сонда қаншама қанды мойнына жүктеп, қаншама жетімді, қаншама сынған тағдырларды мойнына алып, осы күнәсін айтып отырған адамнан жақсылық күтіп отырған ағайынға мен таң қалам.

Әрине, қыжыл бар. Иә, кредитін жаба алмай отырған елдер бар. Үйін-күйін, жағдайын жасағысы кеп отырған елдер бар. Бірақ ол Әбілазовтің айтағымен шешілмейді.

Сол жерде тұрған полиция да біздің бауырларымыз. Көзі жәутеңдеп тұр сол жерде. Ал алаңға шығып, жаңағы эмоцияға беріліп жатқан менің ұлдарым мен қыздарым. Екеуін қағыстырып жатқан осындай бір... сондай қасіретті жағдайға итермелеп отырған осы трагедияға беріліп қою деген, ағайын өте қиын қасірет.

Тоқаев айтты ғой, «старые проблемы, новые решение» деп.  Біз мұрша берейік. Тәуелсіздіктің екінші тестированиесі, екінші емтиханы басталды. Жаңа дәуірге өттік. Назарбаев дәуірі өтті. Өзінің тиесілі шаруасын бітірді. Астанасын салды. Бүкіл әлемге танытты, басқа болды...

Бірақ, Қазақстан сияқты елге сыртпен қарым-қатынас жасайтын дипломат керек екенін біліп отырсыздар. Енді осы нәрсенің бәріне мұрша беру үшін бізге қазір ақыл, сабыр, тарихи таным... осының барлығын терең түсінетін қазақтың ұлағатты тектілігі қажет!

Abai.kz

47 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1561
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3365
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6372