Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 8009 14 пікір 18 Маусым, 2019 сағат 11:03

Көк бөрі

КСРО-ның орталығы Мәскеуден шығатын «Правда», «Известия» газеттерінің корреспондент, операторларының атам марқұм ұстаған қасқыр-бөлтіріктерімен бірге түсірген суреттері бар. Қанша сүйрелесең, қыңқ етпейді-ау, қыңқ етпейді! Не деген көзсіз ерлік! Әлде, арғы қанымда бар ма екен, көкжал-қасқырға айналғым келіп кетті! Әй, бірақ, қайдам!.. 1979 жылдан бері 40 жыл өтіпті! Атам есіме түсіп, құлазып отырмын

(Қара сөзбен жазылған өлең. Айтматовқа еліктеу...)

...Көк бөрі бүгінгі түнде ұзақ ұлыды! Сай-сүйекті сырқыратқан жоқтаудай созылған дауыс көпке дейін басылмады! Нені аңсады екен?! Сайын даланың тарылғанын ба, әлде сол далаға басқалар келіп, жергіліктілерді ысырғанына ма, әлде ұрпақтарының азып-тозғанына, азғындағанына күйінді ме?! Ызалық, нала, шексіз мәңгілік еркіндікті аңсау... бәрі қосылып қобыздың күңіренген сарынындай шығады! Бірақ, үрей-қорқу жоқ...

...Ұлы Даланың иесі қазақтың марғасқа, маң төбеті Көк Бөрінің ұрпағы еді, оның тек қана «гүр» еткен дыбысынан басқалар шошитын! Ол әлемдегі қасқырдан қорықпайтын жалғыз ит тұқымы! Иә, айтпағыңыз Сібір лайкасы аюға да түседі дейсіз ғой, онда тыңдаңыз! Лайка аюға баруы үшін олардың саны көп болып, үйірімен жабылады және артында айтақтап адам тұруы керек! Ал төбет ше, ол жалғыз өзі бола тұра, Қазақ иесі тапсырған үйін-малын қорғап, адалдығын сақтап, топ қасқырмен, өзін өлтіретінін біле тұра жалғыз алысатын! Міне, мәселенің бәрі де сонда!

Төбет Қазағымен бірге даланың қожасы болатын, ол ешқашанда иесін қапқан емес, сәбилер үстіне мініп ойнаса да «қыңқ» етіп көрмеген мейірімді, тіптен Қазақ оған тамақ беруді ұмытып кетсе де, өзі аң аулап, күнін көретін! Соған қарамастан, от-басына, тапсырылған жан-малға, иесінің артқан сенімімен қарайтын, тастамайтын, сатпайтын! Енді ше, енді бәрі бұзылды, қай-қайдағы бұралқылар, кәндектер қаптады. Төбеттің де күні де, күйі кете бастады! Ең өкініштісі қан бұзылды!

Қан демекші... Қазақ төбетіне, оның түрі, тұқым-сұрыпы бірыңғай шағылысу-инбридинг әсерінен әлсірей бастағанда Көк Бөрінің қанын құйып тұратын. Бұл қазақтың табиғат тілін түсінгенінен еді, өйткені, оның төбеті мен жылқысы өз қанымен араласпайтын, өз ұрпағына шаппайтын асыл, текті! Сондықтан, Қазақ төбеттің қаншығы ұлыққанда оны Далаға апарып байлап кететін! Егер, қасқырдың құртқасы кезіксе, амал жоқ, оны өлтіріп кетеді! Ол табиғат заңы, Ұлы Даланың қағидасы. Ал, арланы кезіксе, «Ұрғашыны өлтірмейтін» заңдылыққа сәйкес, тиіспейді, қайта... қосылады да! Міне содан туған будан-гетерозис, кезегінде төбетке қосылып, ары қарай келер ұрпақтың жақсы өсіп, дамуына, Көк Бөрінің қаны ұмытылмауына себепкер болады! Қазақ жылқысына да құлан-тарпаңның қанын осындай әдістермен құйып отырған, бірақ, біздің қазіргі құлан деп жүргеніміз, жабайы есек, ал нағыз құлан – жабайы жылқы, мүлде басқа жануарлар!

...Көк Бөрі ұлығысы келді! Алаңдап, айды іздеді, бірақ қараңғылық, түнек аспандағы шамшырақты тұмшалап жасырып тұр! Бірақ, былай ұдайы болуы мүмкін емес, күн де шығады, ай да туады! Көк Бөрі айға қарап ұлиды...

***

Бөрі мен Ит

1

Түркілер бір атасын - Көк Бөрі дер,
Ұмытпай Қазағым да, соны білер.
Аңсаған азаттықты батыр елге,
Еркіндіктің белгісі, берген жігер...

2

Бір әңгіме айтайын, емес ұзақ,
Зер салып, тыңдасаңыз, біраз шыдап.
Көп аң-құс, адамзатқа, тәуелді боп,
Қасқыр ғана жүріпті, алыс, жырақ.

3

Адамға талай аңдар бағыныпты,
Мөнтеңдеп, қызметімен жағыныпты.
Ақылы көп, әдісі мол болған соң,
Мойынсұнып, қарғы бау тағыныпты.

4

Бөрі ғана, бермеген, еркіндігін,
Аш болса да, білдірмей ішкі үнін.
Азаттықтан айрылмай жүре берді,
Нәпақасын теріп жеп, көрмей тыным.

5

Бұнысы ұнамайды, адамға енді,
Қызғаныш, қастық ойға қала берді.
Қожасының сезінген қас-қабағын,
Малдары да жау болып, шыға келді.

6

Бітіспес жатқа айналды, соныменен,
Бұндайда ешкім қалмас жөніменен.
Көргенде бірін-бірі қудалайды,
Кек алып, мезгілінде, кезі келген.

7

Ақыры, адам былай айла тапты,
Бірнеше бөлтірікті ұрлап апты.
Оларды ақырындап, тамақ беріп,
Өзіне жақын етіп, күтіп, бақты.

8

Азаттық осылайша құриды екен,
Біртіндеп, іші жауға жылиды екен.
Тек қана асыл сезім, ояна ма,
Кей-кейде, бөлтіріктер ұлиды екен!

9

Уақыт осылайша жылжи берген,
Қапаста жатқан күндер сырғи берген.
Ұстанды қасқырлардан күшік алып,
Кісі өлтіріп, өздерін, ісін білген.

10

Осылай екі-үш ұрпақ ауысыпты,
Ішкі ой-түйсіктерін тауысыпты.
Адам болса, барынша сылап-сипап,
Ит етіп, достарынша, қауышыпты.

11

Кісі шықты, осылай, қожа болып,
Байыды, қоралары малға толып.
Көңілі түспей қалса, ашуланып,
Алатынды шығарды, ұрып-соғып.

12

Қасқырдың ерлік кетті көздерінен,
Еріксіз табиғаты өзгерілген.
Өзін ұрған қолдарды жалап, сүйіп,
Айрылды, еркін жүрген кездерінен.

13

Уақыт өтіп, жылдардан жыл, асады,
Ит ойы адалдыққа ұласады.
Көрінуге адамға жақсы болып,
Бір-бірімен қырлысып, таласады.

14

Бірге еріп, аңға шықса, кісіменен,
Іздейді, ізге түсіп, исіменен.
Ұмытып өз туысы, қасқырларды,
Ұстап берер, дәлелдеп, ісіменен.

15

Екеуінің арасы жер мен көктей,
Бір-бірін туыс демес, керек етпей.
Таяқ тисе ит бірақ, қаңқылдайды,
Бөрі өлер, тірі сойса, бір қыңқ етпей.

16

Сондықтан да Көк Бөрі пір емес пе,
Соны білген қазағым ірі емес пе?!
Қайыспас, қайсарлықтың, мойымаудың,
Белгісі боп, әлі де жүр емес пе!

17

Осылайша өзімше, мысал жаздым,
Жаңалық жоқ.
Айтпаймын, тоздым, аздым.
Ежелгі өр елімнің ұғымы ғой,
Демеймін өзім таптым, ғылым қаздым.

Азкен Алтай Жетысуский

Abai.kz

 

14 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5618