Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
2501 0 пікір 17 Маусым, 2019 сағат 11:12

Ақ халаттыларға баспана сертификаты табысталды

Қызылорда облысында денсаулық сақтау ұйымдарын заманауи медициналық техникамен жабдықтау 2018-2019 жылдардың өзінде 34,9% өсіп, қамту 79,26% құраған, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.

Өткен жұмада облыстық Н.Бекежанов атындағы облыстық музыкалық-драма театрында медицина қызметкерлері күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов:

– Денсаулық сақтау саласының қаржысы бір жылдың өзінде облыс әкімінің қолдауымен 7,2%, соның ішінде материалдық-техникалық базасын арттыруға бөлінген қаржы 20,2% өсті. Ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын, - деп атап өтті.

Сондай-ақ, ол салтанатты жиында өңірдің үздік 5 дәрігеріне тұрғын үй алуға сертификат табыстады. Тұрғын үйдің бастапқы жарнасы 1 млн және 500 мың теңге сомасындағы сертификаттар берілді. Сонымен қатар үздік дәрігерлерге құрмет грамоталарымен және алғыс хаттар, «Денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» және «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілері табыс етілді.

Естеріңізге сала кетейік, соңғы 2 жылда 25 медициналық нысан пайдалануға берілген. Бүгінгі таңда 17 нысанның құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар Арал, Қазалы аудандық ауруханалары жаңадан салынса, Шиелі, Жалағаш аудандық орталық ауруханасы құрылысы жүруде. Ал 2016 жылы Байқоңыр қаласында облыстық медицина орталығының филиалы ашылған болатын. Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарының және Байқоңыр қаласының тұрғындарына мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында тері коронарлық араласу орталығы іске қосылуға дайын тұр.

Аймақ тұрғындарын тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қаржыландыру 2 есеге артса, 8 сирек нозология бойынша 80 пациентті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қаражат қарастырылған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде қызылордалықтардың өмір сүру ұзақтығы 1,6 жылға артып, өлім-жітім көрсеткіші 5,8 пайызға төмендеді. Тағы бір айта кететін жайт, сырбойылық дәрігерлер Ресейде, Кореяда және Еуропа елдерінде біліктілікті арттыруда.

Abai.kz

0 пікір