Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
«Соқыр» Фемида 23426 49 пікір 18 Маусым, 2019 сағат 15:14

ІІМ Тұрғымбаевқа ашық хат

ҚР  Ішкі істер министрі

Ерлан Тұрғымбаевтың назарына!

Министрлік полицейлердің имиджін қалай жасауды білмей ме?

Сайлау аяқталды. Сайлаудан кейінгі сарсаң да саябырсыды. Басқасын қоя тұрып, дәл осы жолғы сайлау қазақ полициясының, Қазақстан полициясының дүт тірлігін, ұрда-жық әрекетін айдай әлемге паш етті. Ел ішіндегі азды-кем абыройын аймандай қылды. Енді сол шелектеп төгілген абыройды қасықтап қайта жинауға министрлік барын салып жатыр. Бірнеше күннен бері республикалық ауқымдағы мемлекеттік телеарналарда Ішкі істер министрлігінің тапсырысы бойынша әзірленген бейне роликтерді жаппай көрсетуде. Бұл қаншалықты тиімді бастама...

Сайлаудан кейін біраз жұрт наразылық танытып, өз ойын билікке жеткізу үшін шеруге шықты делік. Олар демек арман-тілектерін Астанадағы ақ жағалылар естір деді. Бүрдіріп кеткен жоқ. Қиратып кеткен жоқ. Өзгелер секілді мародерлық һәм бұзақылық жасаған жоқ. Ешкімнің қолы сынып, көзі шыққан жоқ. Жәй ғана бейбіт шеру болды.

Ерлан Тұрғымбаевтің айтуына қарағанда 9-12 маусым аралығындағы шерулерге 4 мыңнан аса азамат қатысыпты. 300-ден аса полицей түрлі жарақат алыпты. Тұрғымбаев осы ресми мәлімет алқылы шал-шауқан мен қатын-қалашты сүйрелеп жүрген күштік құрылымдардың ісін ақтап алмақ шығар.

Есесіне Ерлан мырза, сіздің министрлігіңізге қарасты полиция қызметкерлері жендеттік жасағанын қазақ баспасөзін былай қойып, әлем ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр.

Жүздеген адам ұсталды. Журналистер соққыға жығылды. Бұл жағдайлар сөзсіз Қазақстан полициясының ішкі һәм сыртқы имиджін әбден түсірді. Ол имиджді қайта қалыптастыру үшін алдымен әлем не дегеніне құлақ салыңыз.

Бізді қойып, «Washington Post», «Financial Times», «New York Times», «The Guardian», «Әл-Жазира» секілді аудиториясы әлемдік масщтабты қамтитын ақпарат агенттіктері қазақ полициясының тірлігін – репрессорлық деп бағалады. «Қазақ полициясы – адам құқықтарын шектеді» деді. «Қазақ полициясы – бейбіт халықты ұрып-соқты» деді. Сөзіміз сұйық шықпасын, бірлі-жарым дерек келтіре кетейік...

Мынау «The Guardian» сайтының 10-маусым күнгі мақаласы. ІІМ вице-министрі Марат Қожаевтың  Астана мен Алматыда заңсыз митингке шыққан 500 адамның ұсталғаны туралы айтқанын, одан бөлек, «France-Presse» агенттігін өкілі, британ журналисі Крисс Риклтонның да алаңда тұтқындалып, көзі көгергенін жазыпты. (Chris Rickleton, a British journalist with Agence France-Presse, was briefly detained and sustained a black eye during his arrest).

Ал мынау «The Diplomat» сайтының 13-маусым күнгі мақаласы. «Ұсталғандардың көбін автобустар мен полиция көліктеріне отырғызды. Қарсылық көрсеткендерді жас-кәрісіне қарамай (regardless of their age or affiliation), еркінен тыс, күшпен отырғызды. Сайлау күні бірнеше журналист тұтқындалды. Елде жиылыс өткізуді шектейтін әдеткі тыйым шеңберінен шыққан бұл әрекет күрт наразылық тудырды. Ертесі күні тағы бір журналистті түндегі марш кезінде бірнеше шерушімен бірге полиция соққыға жыққан» деп жазды (The majority of the people arrested were “helped onto” buses and police vans. Those who resisted were dragged and wailed forcefully, regardless of their age or affiliation. In fact, on election day, several journalists were detained, sparking harsh criticism beyond the usual condemnation of the limits to freedom of assembly in the country. The next day, one journalist following a march during the night was beaten up by police along with some demonstrators).

«Human Right Wach» сайтында Мира Райтман, бақылаушы болып келген, Норвегиялық Хелсинскі комитетінің өңірлік өкілі Мариус Фоссумның да тұтқындалғанын жазыпты (Yet today in Almaty, the capital, police briefly detained Marius Fossum, the Norwegian Helsinki Committee’s regional representative, who was monitoring protests).

Жаза берсең көп. Осымен тоқтайық. Ерлан мырза, бұл мақалалардың барлығы дерлік Сіздің министрліктің өткен аптадағы жұмысына берілген баға. Халықаралық қауымдастық алдында қазақ полициясының, Қазақстан полициясының беделі осы мақалалардың мазмұны бойынша қалыптасары сөзсіз.

Мейлі, «ел не демейдінің» әніне салып, шетелдік жазғыштарды елемей-ақ, қоярсыз. Осыған дейін де әлемдік аудитория алдында қазақ полициясының репутациясы қайбір жақсы болып еді дерсіз.

Министр мырза, бірнеше күннен бері республикалық ауқымдағы мемлекеттік телеарналарда Ішкі істер министрлігінің тапсырысы бойынша әзірленген бейне роликтер көрсетілуде. «Қазақ полициясы азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қорғайды. Қазақ полициясы құрметке лайық» деген мазмұндағы бұл роликтер Сіздің министрлік тапсырысы бойынша көрсетіліп жатыр.  Осы сайлаудан кейін, сайлаудан кейінгі абыр-сабырдан кейін ел-жұртқа сүйемдей сүйкімі қалмаған полицияның беделін көтеруге бұл бейне роликтер жеткілікті ме? Жоқ. Қазір Қазақстан полициясына деген ел-халықтың сенімі азайған. Жұрт неге полицияға сенбейді?  Өйткені, әлі күнге Сіздің орынбасарыңыз болып, Махамбет Абисатов секілді адамдар отыр.

Бұл Махамбет Абисатов дейтін вице-министріңіздің 2017 жылы айтқан бейәдеп лекцикондағы аудио жазбасы бүкіл қазақтың жағасын ұстатқан болатын.

Рас, ол кезде ол Сіздің орынбасарыңыз емес еді.  Сонда да сол кездегі Ақтөбе облыстың ІІБ басшысы Махамбет Абисатов Жаңаөзен оқиғасы мен шахтерлер көтерілісіне қатысты боқауыз сөздерді боратқанын Сіз білсеңіз керек-ті. Орыс тіліндегі ол сөздер бейәдеп лексикондар жиынтығы болған соң, тәптіштеп жазып жатпадық. Сілтемесі міне: https://www.facebook.com/basekz/videos/1952386041532330/?v=1952386041532330

Қазақ азаматтарының қаны төгілген Жаңаөзен көтерілісі мен шахтерлер наразылығын Абисатов түгілі Ақорда мойындады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жаңаөзенге арнайы барып, халықтың талап-тілегін тыңдады. Құзырлы билікке тапсырма берді. Жағдай оң шешімін тапты.

Ал, қазіргі Сіздің орынбасарыңыз Махамбет Хайыржанұлы Абисатов халықтан кешірім сұраған жоқ. Дәл осы вице-министр Абисатовтың Ақтөбеде, облыстық ІІБ басшысы қызметінде жүргенде өткізген жиынының аудиосы әлеуметтік желіде әлі жүр. «Facebook» желісінде «Бәсе» дейтін парақша жариялаған.

;fbclid=IwAR0kay80PP7x_pB6ARu3OqnkN36sCunqetKFi4Ind0gH3eKRul0d0AUyDvA

Дәл осы вице-министр Абисатов туралы «tengrinews.kz» сайты да жазған екен. ІІБ-ның Ақтөбе облыстық жеке құрамын АКТ залындағы су жаңа орындықтарды бүлдіргені үшін цензуралық сөздермен балағаттап жатқаны жария болған-ды. Орыс тіліндегі бұл сөздер қазақшаға қотаруға келмейді. Әлгі «tengrinews.kz» сайтының жазғаны сөзбе-сөз: «Ты посмотрел кресла? До сих пор не стерты эти надписи? Запомните, прямо так в протокол: ***, никаких МПСов, часов профессиональной подготовки. Актовый зал только для торжественных актов. На новых креслах написали: «Здесь был Нурлан, Алибек». Разрешил на лифте ездить, проезжать один этаж - *** (сломали) весь лифт. На любой стрелке обосную, что актюбинцы ***. Чтобы никому актовый зал не открывали».

Бұл мәселеге қатысты өзіңіз пікір білдіріп, «анық-қанығын тексереміз» деген болатынсыз. Қайттіңіздер, тексердіңіздер ме? Әлде «жұмыс процессіндегі жағдай» деген сылтаумен жылы жауып қоя салдыңыздар ма? Министрлік сайтындағы ақпарға сенсек, аузына ақ ит кіріп, көк ит шығатын вице-министр өз қызметінде көрінеді. Соған қарағанда, жоғарыдағы біздің топшылауымыз дөп түскен секілді ме...

Егер министрлік полицейлердің жағымды имиджін қалыптастырғысы келсе, алдымен осы Махамбет Хайыржанұлы қызметінен кетуі тиіс емес пе? Сіздің тікелей орынбасарыңыздың аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатса, қатардағы шенділерден не үміт, не қайыр?

Мейлі, бұл жұмыс процессіндегі жағдай делік. Ендеше Заң бәріне бірдей. Заң алдында жауапқа тарту үшін  адамның қызметі, я шені маңызды емес. Солай емес пе?! Біреуді нақақ айыптау ниетімізде жоқ. Абисатовқа қатысты жоғарыдағы жазбаны бүкіл қазақ талқыға салды. Жай-жапсарын анықтау Сіздің құзырыңызда. Сөйте тұра оның қызметі күн санап өсті. Қазір полицейлер туралы жасалған мың жарнамалық роликтен гөрі осындай бір дөкейді әділ жазалау халыққа өтімді болса керек. Жаңаөзенде шейіт кеткен халыққа қарсы осылай «гөйткен» адамның министрдің орынбасары болып отыруы қаншалықты әділетті? Оның жай-жапсарын анықтау, Тұрғымбаев мырза, Сіздің құзыретіңізде! Десе де, осыған дейін Сіз басқаратын министрліктің қызметкерлері қызметтік этика талаптарын сақтамағаны үшін қызметтерінен қуылғанын білеміз. Оның бәрін емес, бірнешесін ғана факті ретінде ұсынбақпыз...

2012 жыл. Батыс Қазақстан облыстық ЖПБ басшысы Төлеу (Тулеу) Бедров қызметінен кетті. Не үшін? Ар-ұждан кодексін өрескел бұзып, қарамағындағы қызметкерлерге боқауыз сөздер айтқаны үшін.

2015 жыл. ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басшысының орынбасары, полиция полковнигі Бақытжан Балташов қызметінен қуылды. Не үшін? Баласының тойында той кортежі жол жүру ережесін өрескел бұзғаны үшін.

2019 жыл. «Мы – братва, мы - банда» дейтін аты-шулы бейне жазбадан кейін Қарағанды ІІМ академиясының басшылары қызметтерінен алынды. Не үшін? Тағы да қызметтік этика ережесін өрескел бұзғаны үшін. Бұл жолы академия басшысы, полиция генерал-майоры Кенжетаев Д.Т мен Қарағанды академиясы бірінші курсы басшысының орынбасары Тастайбеков А.Р қуылды.

2019 жыл. Бауыржан Хантемиров әлеуметтік желіде даулы аудиожазба тараған соң, қызметінен кетті. Ол Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің ЖПП  полк командирінің міндетін атқарушы еді. Не үшін? Қызметін асыра пайдаланғаны, ұялы телефон қолданғаны және цензуралық сөздер айтып, қызметтік этиканы сақтамағаны үшін.

Міне, қатардағы май-шабақтарға шамасы келген министрліктің қармағы ірі сазанға келгенде дәрменсіздік танытып алатыны қалай? Осы орайда біз Сізге Атырау облыстық полиция  департаментінің басшысы Аян Дүйсембаевтің қызметінен қалай босағанын есіңізге салайық.

Биыл 6 мамыр күні Аян Дүйсембаев «генерал-майор» шенін тақты. Осыдан кейін ел-жұрты Дүйсембаевқа құрмет көрсетіп, ат мінгізген. Дүйсембаев атқа мініп, суретке түскен. Кейін белгілі болғандай, Дүйсембаев әлгі ел-жұрты мінгезген атты сол жерде-ақ, өзге ауылдасына сыйға тартқан. Осылай ел-жұртқа сыйлы генерал-майор атқа бір мініп, суретке түскені үшін ғана қызметтен қуылады. Ал, жалпы халық пен полицияны есекке теріс мінгізіп балағаттағандар һәм шал-шауқанды көкпарша тартып сүйрегендер жазаға тартылмайды. Неге?

Қазақ полициясының беделін ең құрығанда ел ішінде жақсарту үшін «Қазақ полициясы құрметке лайық» деген мазмұндағы бірлі-жарым бейне ролик жеткіліксіз! Күні кеше ғана президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік арнаға сұхбат беріп, бейбіт шеру өткізуге рұқсат беретінін айтты. Халықтың талап-тілегін тыңдайтынын жеткізді.

Алаңға шығып, өз тілеген өз билігіне жеткізгісі келген жұртты боқауыз сөздермен балағаттайтын, ол аз десеңіз күш қолданып, тепкінің астына алатын ұрда-жық қызметкерлеріңіз енді қайтпек?! Президент Тоқаев елдегі әлеуметтік проблеманы шешудің жаңаша жолдарын қарастыратынын айтты. Ал сіздің қарамағыңыздағы айтақтағы иттей «ә» десе әлімжеттік жасауға даяр тұрған полиция мен олардың боқауыз басшылары президент айтқан өзгерістерге дайын ба?

Түйін

Рас. Сайлаудан кейінгі шерулер қазақ полициясына деген сенімге селкеу түсірді. Енді сол олқылықты түзету үшін бұл салаға кешенді реформа жасалуы керек. Министрлік әлеуметтік желіде таралған сансыз суреттерге азын-аулақ видео-роликтермен жауап берем деуі бос әурешілік. Біздің айтпағымыз осы.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

 

49 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1553
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3347
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6207