Жексенбі, 24 Қараша 2024
Мәдениет 6213 7 пікір 20 Маусым, 2019 сағат 08:26

«Ағажан Ләтипа» әнінің мазмұнына бір сөз іріткі салып тұр

Қазақ халқының халық әндері – қазақ ауыз әдебиеті, яғни фольклор мен халық музыкасы бірлесе үйлесім тапқан  бай рухани мұра, рухани құндылықтарымыздың ерекше бір саласы  болып табылады.  Халық әндері жанр ретінде сан ғасырлар бойы қалыптасып, бабаларымыздың өткен замандағы өмірінен шынайы сыр шертетін реалистік жанр ретінде осы заманға жетіп, жас ұрпақты тәрбиелеудің құралы ретінде қоғам дамуының барлық өзгерістері кезеңдерінде халқымызға қызмет етіп келеді.

Халық әндерін орындаушыларға оның мәтіні түсінікті болуының, шығу тарихын білуі  шығарманың орындалу сапасына ықпал ететіні белгілі.

Қазақ ауыз әдебиеті, яғни фольклор мен халық музыкасы шығармаларының кейде бірнеше нұсқалары болатындығы да шындық.

Музыка өнерінде заманауи музыка мамандарының нотамен жазылған шығармаларының өзін орындаушылар өздерінің дауыс диапазондарына, техникалық мүмкіндіктеріне, әр сөздің, сөз оралымдарының мағынасына, сүйемелдеуші аспаптардың ерекшеліктеріне байланысты әрлеп, өңделуі  де қалыпты құбылысқа айналды.

Бірақ халық әндері сөздерінің, сөз тіркестерінің орынды-орынсыз өзгертіліп қолданылуы, қисынға келмейтін мәтіндер тиімді тәрбие құралының мағыналық мазмұнына зор нұқсан келтіруде.

Бүгінгі мақаламызда «Ағажан Ләтипа» әнінің мазмұнына  қатысты ой-пікірімізді ұсынамыз.  Халық әні «Ағажан Ләтипа» әнінің сөзі әр түрлі нұсқада жарияланып жүргені белгілі.

«Ағажан Ләтипа» әніне қатысты айтатын алғашқы мәселе оның бірінші шумағына қатысты. «Жаңа шыққан көктемнің гүліндейсің» немесе «Жаңа салған ағаштың гүліндейсің»,  «Шешек атқан алманың гүліндейсің», «Жайсаң піскен алманың бүріндейсің», «Піскен алма, жемістің бүріндейсің»  деген әдемі теңеулі тармақ жолдары әр түрлі нұсқада жазылып берілген.

Екінші айтылатын мәселе әннің қайырмасының мәтіні туралы. Бұрынғы ән жинақтарында қайырманың үшінші тармағындағы «Бір қиял, бір зиял» дегенді қалай түсінуге болады деген сұрақ аздық еткендей, электронды нұсқада «Бір қиял, бір зиян» деп берілгені ойланарлық жағдай.

Енді «Ағажан Ләтипа» әні не туралы, әннің тақырыбы туралы тереңірек ойланып көрелік. Біздің логикалық пайымдауымыз ән шумақтарының мағынасына негізделеді.   Ән мәтінінде көрікті көктем, гүл жарған немесе гүл салған ағаштар суреттелген. Әндегі лирикалық кейіпкерлер де қазақы тектілігін сақтаған, әдеп-ибадан аспаған, ұстамды, тәрбиелі жандар.

Оған дәлел -  бірінші шумақтағы «Күлше берген баладай алдай түсіп, Бер жағыңмен әншейін күлімдейсің» немесе екінші шумақтағы «Ләтипаның қолында гауһар жүзік, Бозбалалар қарайды көзін сүзіп. Бір ауыз сөз естімей жүрсем-дағы, Кете алмадым өзіңнен күдер үзіп» деген саф алтындай салмақты өлең тармақтары.

Әннің «Құлпырған бейне гүл, Қызықты жас өмір! Бір сенде жүрегім, Құрбыжан, өзің біл» деп сөз-сазымен сызылған екінші қайырмасы да шығармадағы ұлы дала мәдениетін айқындаудағы негізгі дәлелдің бірі.

Шығармадағы табиғатымыз осындай әсем, лирикалық қаһармандарымыздың сырт келбеті (портрет), жан-дүниесі мынадай көркем болғанда, кім кімге зиян қылып тұр? Зиян қылуға себеп табылмасы анық.

Тәлім-тәрбиесі,  мінез-келбеті бір-біріне сау келген арманы жарасқан жастардың «Бір қиялы, бір зиялы» деген сөздерінің қысқартылып, мағынасына мән берілмей айтылуына, мәтіндегі өрелі сөздің өңін теріс айналдырып айтуға, рухани азықты мазақ етуге бола қоймас!

Әу демейтін қазақ жоқ, ыңылдап айтып көрсеңіз «қиялы», «зиялы» сөздерін толық айтқаннан әннің сазына келетін еш зиян жоқ!

Орындаушылардың қалай ойлайтыны бізге беймәлім, бірақ тыңдаушы, оқырман ретінде айтсақ, бір ғана сөз тұтас бір өткен ғасырлардағы қазақ жастарының, яғни ұлы бабаларымыздың бейнесі, этнография, тұрмыс-салты суреттелген шығарманың мазмұнына іріткі салып,  «құмалақ» кейпін киіп тұрғанын аңғару қиын емес шығар.

Үшінші мәселе – осындай «құмалақ» кейпін киіп тұрған «майдан» сөзіне қатысты. «Гүл» сөзімен біріктіріле жазылып берілген – «Гүлмайдан» сөзіне қатысты.

Бір естігенде «Гүл» сөзімен басталатын қыз есімі сияқты деп ойлауға болады. Бірақ талай теперішті бастан өткерген ырымшыл қазақ халқы арғы-бергі заманда ұрпағына еш уақытта «майдан» деп ат қоймағаны және алдағы уақытта да олай атамайтыны бесенеден белгілі.

Осы тұста біз талқылаған «Бір қиялы, бір зиялы» тек-тұлғасы келіскен жастар «Ағажан» деген үлкен құрмет, ілтипатпен айтылған сөзге жалғастыра қандай сөздерді айтуы мүмкін  еді деген сұрақтың туындауы заңды да. Сөз мағынасын дұрыс түсініп, зерделеп, тыңдаушыға дұрыс жеткізілуі әншіден шеберлікті және әдіс-тәсілді де қажет етеді.

Біздің логикалық   пайымдауымыз бойынша ерте кездегі ойын-сауықтағы өнер сайысында айтылған жайдары махаббат лирикасына толы қайырма сөзі «Ағажан, Латип-ай» деп басталып, одан әрі «Күл майда, Ләтип-ай» деп жалғасса керек. Сонда қайырмамыз былайша айтылар еді:

Ағажан, Латипа,

Күл майда, Латипа!

Немесе: Гүл майда, Ләтипа! 

Бір қиялы, бір зиялы,

Беу-беу, Латипа!

Көзі қарақты оқырманның есіне «Гүлдер» ансамблінің әншісі Гүлмайдан түсері хақ. Ол әншінің де «Гүл майда», яғни «кішкене гүл» деген мағынадағы тым тәуір есімі қалай болса солай жаза салатындардың ықпалымен солай жазылып кеткен деп тұспалдауға болады.

Төртінші мәселе – ән қайырмасындағы ән қайырмасындағы «Ағажан, Ләтипа» деп келетін қаратпа сөз мағынасында қолданылған кісі есіміне байланысты. «Ләтипа» деген есім ерте қалаларымыздағы саудамен айналысқан, ескіше оқумен қазақтардан бұрынырақ айналысқан діні мұсылман, тілі түсінікті (түркі тілдес), көршілес татар халқындағы «Латиф» деген адам атымен байланысты болса керек. Оларда «Латиф» есімі тек ер адамдарға ғана қойылады екен.

«Латиф» сөзі қазақ тіліндегі төл дыбыстарымызбен ыңғайластырыла, халық арасында «Ләтіп», «Латип»  формаларында айтылып, қалыптасқан.

Бір қызығы, қазақ арасында бұл есім әйел адамға да қойылады.

«Ләтипа»,  «Латифа» есімді қазақ әйел-қыздары аз болмағаны оқырмандарға белгілі.

Ендігі сұрақ біз зерттеп отырған шығармадағы кейіпкердің аты «Ләтіп» пе, «Ләтипа» ма? Яғни, қайырмадағы лирикалық кейіпкеріміз ер адам ба, әйел адам ба?

Орындаушының көз алдында қандай бейне тұруға тиісті немесе лирикалық кейіпкерді ол қалай елестетеді және қандай негізге сүйенгені дұрыс болады?

Бесінші мәселе – «латиф» - араб сөзі, мағынасы – қайырымды, мейірімді.   Бәлкім әндегі «Латип» сөзі адам есімі болмауы да мүмкін.  «Қайырымды, мейірімді ағажан» деген ой ол кездегі  арабша сауатты жастардың кәсіби-діни лексикаға негіздеп, өлеңге қосып, тауып айтқан тапқырлықтың, креативтіліктің бір үлгісі болуы да мүмкін.

Алтыншы мәселе «Ләтипаның қолындағы алтын жүзікте».  Әннің екінші шумағында «Ләтипаның қолында алтын жүзік, Бозбалалар қарайды көзін сүзіп» деп айтылады. Төртінші мәселе бойынша талқыланып, «Күл майда, Ләтипа» деген нұсқаға тоқталған соң әндегі лирикалық кейіпкерімізді біреу ғана деп есептеуге болатынын оқырмандар аңғарып отырған болар.

Жетінші мәселе «Ағажан, Ләтипа» әніндегі басты лирикалық кейіпкер ер адам ба, әйел адам ба? Ән мәтінінің түзету енгізіліп, өңделген нұсқасына зер салайық. Сонда бірінші, екінші  шумақтардың сөзі  мынадай болды:

1. Жаңа шыққан көктемнің гүліндейсің,   

Жайсаң піскен алманың бүріндейсің.

Күлше берген баладай алдай түсіп,

Бер жағыңмен әншейін күлімдейсің.

 

2. Ләтипаның қолында гауһар жүзік,

Бозбалалар қарайды көзін сүзіп.

Бір ауыз сөз естімей жүрсем-дағы,

Кете алмадым өзіңнен күдер үзіп.

Ән «Ағажан, Латипа» деп аталады. Сұрақ: Ағажаны қалай, Латипасы қалай? Тағы сұрақ: әнді қыз жігітке арнап шығарған ба, әлде жігіт қызға арнап шығарған ба?

Ертедегі бай-бақуатты ер адамдардың жүзік тағатыны талай тарихи шығармаларда айтылған шындық. Қазір де бұл үрдіс бар. Мұны да ескеру қажет.

Ағажан, Латипа,

Күл майда, Латипа!

Немесе:

Гүл майда, Ләтипа! 

Бір қиялы, бір зиялы,

Беу-беу, Латипа!

Бұл – қайырманың жоғарыда талқыланып, екінші, үшінші, тармақтарының өңделген нұсқасы. Тағы да  «Латиф» сөзіне қатысты ойланып, демеулік шылаумен толықтырсақ, мынадай нұсқа пайда болады екен:

Ағажан, Латип-ай,

Күл майда, Латип-ай!

Бір қиялы, бір зиялы,

Беу-беу, Латип-ай!

Қорыта келгенде, біздің ойлауымызша, «Ағажан, Латип-ай» әні айтыс жанрының негізінде пайда болған ән. Ән мәтіні диалогқа, айтысқа құрылған, жастардың ойын-сауығында пайда болған фольклорлық экспромт-шығарма. Күй өнеріндегі ерекше жанр – күй айтысы секілді ән айтысы, қазіргі өнер, музыка ғылымы тілінде дуэтпен айтылатын ән деуге болады:

Жігіт:

Жаңа шыққан көктемнің гүліндейсің,   

Жайсаң піскен алманың бүріндейсің.

Күлше берген баладай алдай түсіп,

Бер жағыңмен әншейін күлімдейсің.

 

Қыз жауабы:

Ағажан, Ләтип-ай,

Күл майда, Ләтип-ай!

Бір қиялы, бір зиялы,

Беу-беу, Ләтип-ай!

 

Ләтіп ағаның қолында гауһар жүзік,

Бозбалалар қарайды көзін сүзіп.

Жігіт :

Бір ауыз сөз естімей жүрсем-дағы,

Кете алмадым өзіңнен күдер үзіп.

 

               Құлпырған бейне гүл,

               Қызықты жас өмір!

               Бір сенде жүрегім,

               Құрбыжан, өзің біл!

Зәуре Сүндетқызы Әбішева

Abai.kz

 

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3265
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5596