Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2024
«Соқыр» Фемида 12537 7 пікір 25 Маусым, 2019 сағат 14:03

Арыстағы апаттың алдын алуға болмас па еді?

Арыста тағы да апат болды! Бұл төртінші апат! Бұрын алғашқысы 2009 жылы 18 наурызда болып еді.

Бұл жолғы апаттың беті алапат! Арыс – мина қоймасының үстіне орналасқан қала болып шықты… Снарядтар жауып жатыр…

Апаттың ауқымы қаншалықты алапат екенін Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шүкеевтің: «Қазір оқиғаның ауқымына баға бере отырып, қаланы толығымен эвакуациялау керектігін ұқтық. Сондықтан, барлық бағыт бойынша көліктер легі өтеді. Көліктер адамдарды тиеп алып, арнайы лагерьлерге орналастыратын болады. Барлық аудан әкімдері лагерьлерді ұйымдастыруды қолға алып, келгендердің тізімін жасауы керек. Әрбір әкімге тапсырма: келгендердің бәрін үйге немесе қонақүйге орналастыру керек. Әрбір лагерьді аудан әкімдері басқарады. Қазір эвакуция мәселесі бар. Біз сонымен айналысып жатырмыз», – деген ресми мәлімдемесінен-ақ байқауға болады.

Қорғаныс министрлігі «Ешкім зардап шеккен жоқ» деп еді, кейін 1 адам қаза тапқаны, 2 адам ауыр жараланғаны, 32 адам ауруханада жатқаны хабарланды. Иә, тарап жатқан видеода тоқтаусыз жарылып жатқан снарядтар! Босып жүрген жұрт. Шулаған ел… Отбасын тастап, босып кетудің қиындығын Босния мен Сириядан көретін едік…

Алла сақтап, Алаш жұрты аман болсын деп тілейік.

Бірінші елдің есіне келетін ең үлкен өкініш – Бізде өткеннен сабақ алуға болады ма? Бір рет емес бұған дейін үш рет апат болды ғой!.. Айдың -күннің аманында – бейбіт өмір заманында?!. Жоқ, осылай бүкіл бір қаланы көшіруді күтіп жүрдік пе? Арыс қаласында 45 мыңдай тұрғын бар. Айналасымен қосқанда 65 мың тұрғынды көшірудің қасында Кеңес империясының қирайтын кезіндегі қара дақ болған Чернобыль оқиғасы да далада қалмай ма?.. Ал біз керегесінің кетеуі кеткен Кеңес империясы емес, 50 елдің қатарына кірген, елеулі ел, асты толған қазына мемлекет емеспіз бе? Тізгін өзгелердің қолында болған Кеңес империясы кезінде қару-жарақ қоймасы қала іргесіне  орналасқан екен. Одан бері Тәуелсіздігіміздің 28 жылында Арыста бұған дейін 3 рет жарылыс болғанын айттық – 2009 жылы, 2011 жылы және 2014 жылы болды. Содан бері бұл қауіпті қойманы өзге қауіпсіз жерге көшіруге жағдайымыз жетпеді ме, жоқ ел алдындағы жауапкершілігіміз жетпеді ме?

Екінші өкініш – Қорғаныс министрлігі, тиісті органдар, неге бірден естерін жинап, дұрыс ресми ақпарат бермейді? Қазір біздегі әлеуметтік желілер Фейсбуктен бастап, ақпарат әлеміндегі өз билігін жасап жатыр. Әрине, ол дұрыс, егер шын ақпарат болса ғой, бәрі де… Мысалы, Арыстағы Қорғаныс министрлігінің қару-жарақ қоймасының жарылысына Бөген су қоймасы мен шалғайдағы Шардара су қоймасының не қатысы бар? Олар «бұзыла қалғандағы» тасқын су тіпті шығандағы Шымкент қаласына қалай жетеді? Бұлар қарапайым мектеп баласына да түсінікті жәйттар емес пе? Ал уатсапта Отырар ауданы мен Кентау, Сарыағаш, Шардара аудандарынан, тіпті Шымкент қаласында «Тасқын су басайын деп жатыр, қашыңдар!»-дегенге сенуге бола ма? Ол аудандардың географиялық орналасу аймағын білетіндер үшін бұл қиын емес қой! Мысалы, желілерде бес баланың жоғалып кеткені туралы олардың суреті мен Шымкенттегі қырық шақты баланың тізімі тарауда. Ал алты жасар баланың жоғалып кеткені де, артынша табылғаны да жазылды фейсбукте. Ал ол оның суреті желіде әлі тарауда?!!

Үшінші көңілге медеу болатын жәйт – облыс тұрғындарының бәрі бір кісідей жұмылып, Арыс пен қала маңындағы тұрғындарды қабылдап алып жатыр. Бұған біз өз ауданымызға хабарласып та, біліп отырмыз. Аудандық, ауылдық топтарда Шардараға, Шәуілдірге, Түркістан қаласына, Жетісайға т.б. аудан орталықтарына уақытша орналасуға мекенжайларын жазып шақырған хабарландыруларды оқып отырмыз.

Бұл ақпараттарды Шардара ауданы әкімі орынбасары Бауыржан Шомпиев те ресми растады. Сонымен қатар балаларды Шымкенттегі «Ақмешітке», т.б. мешіттерге, 54 мектепте 24 бала, 55 мектепте 19 бала,87 мектеп мен «Алтын тұмар» бала бақшасына 11 бала жатыр, т.б. мектеп- интернаттарға, Ордабасы, Қазығұрттағы, Сарыағаштағы мектеп-интернаттарға апарып жатқаны жазылуда. Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шүкеевтың айтуы бойынша жалпы бүкіл облыс аудандары бұл төтенше жағдайға жұмылдырылған.Әр аудан әкімі сол аудандағы лагерь басшысы болып бекітілген. Өзге өңірлерден де көмек бергісі келетіндер көбеюде. Бұл бар қазақтың – бір қазақ екеніне куә болатын оқиға.

«Ақ жол» партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың тапсыруы бойынша облыстық филиалдар қолдарынан келген көмектерін көрсетуде. «Ақ жол» партиясы Шымкент қаласы филиалы төрағасы, кәсіпкер Әлімхан Әбжанның өзімен де сөйлестім. Әлекең: «Азекең қайта-қайта телефон соққасын, «Арыс қаласындағы 50 пайыз ел менің туыстарым, ал 50 пайыз ел қайын жұртым – Қазыбек Исаның туыстары. Сондықтан уайымдамаңыз, көмек сұраған елді Жетісайға дейін жеткіздік» деп жауап бердім» -деді. Сонымен қатар Әлекең өзінің кіндік қаны тамған жер «Дермене» ауылына снарядтар түскенін қайғырып мәлімдеді. Яғни, бір адам қаза тапқаны, екі адам ауыр жараланғаны, 32 адам ауруханада жатқанының көбісі сол ауылға тиісті болса керек.

Арыстағы белгілі журналист, «Арыс ақиқаты» газетінің бас редакторы, «Ақ жол» партиясының өкілі Әбдімәлік Ағыбайға хабарласып, байланыса алмадық. Соған қарағанда жағдайы оңай болмаса керек…

Ал жалпы, әлеуметтік желідегі әлеуметті ойлайтын әйгілі ұлт зиялыларының алыстағы Арысқа жанашыр көңілмен жанайқайларын жазып жатқандарына риза болдық.

Сонымен қатар көмек қолын сөзып жатқан азаматтарға ризамыз.

Ел аман, жұрт тыныш болсын дейтін қазақпыз.

Төртінші апат төрт құбыламызды қиналтып кетті.

Қазақ үшін өзінің қасиетті шаңырағынан, кіндік қаны тамған туған жерінен артық жер жоқ!

Алаштың атағы алысқа тараған Арыс қаласы қауіпсіз жағдайда болуы керек!

Қазақстан  Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті органдарға Арыстағы әскери бөлімдегі оқ-дәрі қоймасында болған жарылыстың зардаптарын жою туралы тапсырма берді:

«Қорғаныс, Ішкі істер министрлеріне және Түркістан облысының әкіміне Арыс қаласы әскери бөлімдегі оқ-дәрі қоймасында болған жарылыстың зардаптарын жою жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырдым. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жарылыстың себептерін анықтау қажет» – деді мемлекет басшысы. Сонымен қатар сол күні Қазақстан Президенті Арысқа келіп, жағдайды өз көзімен көрді. Жойқын жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесті: «Қала қалпына келтіріледі, бәрі дұрыс болады. Бұл төтенше жағдай, апат. Қайтеміз, кейбір уақытта солай болады. Үкімет ақша, қаражат береді, көмектеседі, алаңдамаңыздар!. Бәрі жақсы болады. Жөндеу жұмыстарын жасап береміз. Үкімет қанша қаражат керек екенін санайды. Содан кейін қаражат бөлеміз. Бәрін түсініп отырмын, бәрі жақсы болады. Әдейі келіп отырмын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев арыстықтармен кездесуде.

Бесінші апаттың болмауына Қазақ Елінің су жаңа президенті Тоқаев тосқауыл қоюы тиіс!

Қазыбек Иса

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2027