Жәнібек Әлімханұлы Арыс тұрғындарына қаржылай көмек көрсетті
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы жарылыс кезінде зардап шеккен және басқа жерге көшірілген Арыс қаласының тұрғындарына көмек көрсетті.
Бұл туралы боксшы Instagram желісіндегі жеке парақшасында жазды.
«Арыстағы жағдайды естіп, көріп жатырмыз. Бізде таң енді атты. Бейбіт күнде қаншама адам қайғырып, үйсіз қалды. Тас түскен жеріне ауыр. Алла сабыр берсін дейміз. Елдегілер арыстықтарға барынша қол ұшын созып, жәрдем беріп жатқанынан да хабардармыз. Біз жеңіске жеткенде қуанатын халық қайғырғанда тыныш жату бізге сын. Бір жыртыққа жамау болайық деп табысымыздың бір бөлігін Арыстағы ағайынға аудардық. Ел аман болсын. Жоғалған балалар ата-анасымен қауышып, қайғы арты жақсылық болғай!», - деп жазды Әлімханұлы.
Жәнібек Әлімханұлы бокс әлемінде Qazaq stylе деген түсінік қалыптастыруды мақсат тұтады. "Мексикалық стиль" секілді "қазақ бокс стилі" де әлемге әйгілі болса дейді. Осы жолда тынбай тер төгіп жүрген азамат өзінің жай спортшы емес екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Мұхиттың арғы бетінде жатса да, Арыс қаласындағы ағайына қолдау білдіріп, қаржылай көмек көрсетіп отыр.
Abai.kz