Жұма, 22 Қараша 2024
Жауап 5140 5 пікір 3 Шілде, 2019 сағат 16:03

«Nur otan», Бекқожа Жылқыбек және құрт сатқан апаның «аянышты хәлі»

Мен сөз еткелі отырған «NUR OTAN» –  қазіргі таңда бірбөлім жұрт, оның ішінде ақындар қауымы жерден алып-жерге салып сынап жатқан кәдімгі «NUR OTAN» партиясы.

Бекқожа Жылқыбек – ақын. Қытайдағы Іле қазақ автономиялы облысының Тоғызтарау ауданында дүниеге келіп, сексеншінші жылдардың басында Шыңжаң университетін тамамдаған, еңбек жолын Құлжа қаласындағы Іле пединиститутында ұстаздықтан бастаған танымал азамат. Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаған сәтте Атажұртына алғашқы көштің легімен «Оралман» болып оралған отаншыл жігіт.

Бекең қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Ғылым кандидаты. Ұзақ жылдардан бері Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұстаздық қызмет атқарады. Отбасылы, екі ұлдың әкесі. Сүйікті жары менің бірге оқыған курстасым Жаңыл Смағұлқызы. Арғы бетте мектепте ұстаз, аудандық мәдениет мекемесінде жауапты қызмет атқарған Жаңыл – бұл күнде мықты жеке кәсіпкер...

Бекқожа Жылқыбекұлын мен сонау бала кезімнен білем. Себебі, оның есімі – Шыңжаң қазақ әдебиетіне өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында келіп қосылған бір топ талантты жас ақындардың алдыңғы қатарында аталып, елге ерте танылды. Бір Құлжаның маңайында жүрсек те менен бес-алты жас үлкен ақын ағамен кездесіп, танысудың сәті кешірек – екі мыңыншы жылдан кейін түсті. Бекқожа Жылқыбекұлы екеуміз бір көргеннен бірмізді-біріміз ұнатып, әзіл-қалжыңымыз жарасып, тез тіл табысып, араласып кеттік. Одан бергі уақытта Бекеңнің менің Жаңыл курстасыммен үйленуі – арамызды одан ары жақындатып, көріспесек тұра алмайтын күйге жеткізді.

Жалпы, Бекқожа ағам көп оқыған, көп білетін, әзілге шебер, өзіндік ұстанымы бар ақын.

Соңғы уақытта заман талабына тез бейімделіп, әлеуметтік желілердің желін оңынан да, солынан да соқтырып жүрген жүр ағамыз. Мен оның бұл белсенділігіне  қатты қуанам. Айналамызда болып жатқан алуан түрлі оқиғаларға өз ұнін қосып, сауатты пікір білдірсе екен деп, тілеп жүрем.

Бекқожа Жылқыбек сондай пікірінің бірін өзінің «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасына 29 маусым күні, сағат 18:28-де қалдырыпты.

«Жолдағы отарбаның ішінде құрт сатып, тентіреп жүрген апаның айанышты халы осы. Қайдасың Нұр отан десем Ауыт бауырым тағы да маған ренжитін шығар!» - дейді Бекқожа ағам сол жазбасында.

Иә, біліп отырмын, содан бір күн бұрын Бекқожа мен Жаңылдың үйінде болып, ұзақ әңгімелесіп қайтқам. Әкесі Жылқыбек ақсақалды алып, Алматыдағы өтетін өзінің Есенғұл руынан Елге оралған азаматтарының бас қосуына кетіп бара жатқанын айтқан. Мына жазбаны, шамасы, сол рулық бас қосуға бара жатқан жолында, пойыздың ішінде отырып жазса керек.

Нұр-Сұлтан қаласында өрт апаты салдарынан көз жұмған бес сәбидің өлімінен бері жұрт әлеуметтік мәселеге байланысты ашық алаңға шығып, көтеріңкі дауыспен өз пікірлерін айта бастады. Бұл қимыл бір ғана Елордада емес, Қазақстанның барлық қаласында жалғасуда. Билікке ащы сындар айтылуда. Сол сыннан билік партиясы - «NUR OTAN» да қағыс қалып жатқан жоқ.

Қысқасы, сынағысы келген, халықтың сөзін айтқысы келген әр белсенді бұл күнде біздің партияны бір сыбап өтетін болды. Оған да етіміз үйреніп барады.

Міне, сол топтың қатары біздің Бекқожа Жылқыбекұлымен толығыпты. Апамыздың құрт сатқан күйге түсуіне, ұлағатты ұстаздың, талантты ақынның көзімен қарағанда, «NUR OTAN» партиясы айыпты секілді.

Бекқожа Жылқыбекұлына, кесіп айтайын, оның бұл сынынва Ауыт бауыры ешқашан ренжімейді де, өкпелемейді де! Қайта, оның бұл жазбасы ойымды ұштап, өткен күндерді қайта бір еске алуға, өзім қызмет атқаратын «NUR OTAN» партиясы туралы тағы бір ойлана түсуге түрткі болды. Сөйтіп, осы мақаланы жазуға отырдым.

Мен бұл жолы Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көші-қон саясаты, шеттегі қандастарымыздың елге оралуына жол ашқан қамқорлығы туралы қайталап, елдің уақытын алмаймын.

Тек, «NUR OTAN», БЕКҚОЖА ЖЫЛҚЫБЕК ЖӘНЕ ҚҰРТ САТҚАН АПАНЫҢ «АЯНЫШТЫ ХАЛЫ» жайлы ғана аз кем тоқталам, болды.

Осылайша, Бекқожа ақын менің «NUR OTAN»-нымды сөзбен де түйреп, өлеңмен де піспектей бастады.

Ал, сол «NUR OTAN» партиясының қызыңын көрген бір әулет болса, ол – осы Бекқожа бастаған Жылқыбектің тұқымы!

Жылқыбектің әулетінің аузынан ақ май ағызған – мен қызмет ететін «NUR OTAN» партиясы!!

Он жыл тырп епей жатқан Бекқожаның бауырларын кәсіпкерліктің даңғыраған даңғыл жолына қолдарынан жетелеп әкеліп салып кеп жіберген – тағы сол билік партиясы!!!

Мен Елордаға 2012 жылы көшіп келдім. «Арқаға атбасын бұр!» деп, Айдын аға Оразанбайұлы көп қолқа салды. Тұманбай аға өмірден озған соң, Алматыдағы жұмысымның да берекесі кетіп, далада қалдым. Оның үстіне, ол – көші-қон саясатының шатқаяқтай бастаған мезгілі еді. Бір жағы биліктің ұшар басына жақынырақ жерге келіп, сол Қазақ көшінің заңнамалық негізін бекемдей түсуге бел будым. Бір сөзбен айтқанда, айдарымнан жел есіп, Нұр-Сұлтанның бір жағын жапырып кете жаздап жүрген кезім еді – ол! Келе салып, аласұрыып билікке жол ашатын каналдар іздей бастадым. Бірінші болып, «NUR OTAN» партиясының есігін қағып, Асқар Құмарбай деген жігітпен танысқаным есімде. Асекең мені сыртымнан білетін болып шықты. Қуана қарсы алып, Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Жұмажан Жүкенов ағамызға алып барып жолықтырды.

Асекең мен Жүмекең Партияның қызмет тәртібімен таныстырды. Ең кереметі, қол жете бермейтін депутаттар мен министрлердің біразы осы Бөлмеге келіп, азаматтармен қабылдау өткізеді екен.

– Мысалы, екі күннен кейін Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков қабылдау өткізеді. Кірем десеңіз, есігіміз ашық, қабылдауға жазайық Сізді, Ауыт мырза – деді Жұмажан Қамкенұлы.

Менің есіме бірден Бекқожа Жылқыбек сарт ете түсті. Қабылдауға осы жігіт кіреді деп, аты-жөнін, телефон номерін жаздырып кеттім. Себебі, сол күні Бекқожаның үйіне қонып шыққам. Бекең арғы беттегі әке-шешесін, бір топ інісін Ақмола облысының Шортанды ауданына көшіріп алғанына он жылдан асқанын, бірақ не жер, не мал жоқ, қиналып отырғанын айтқан маған. Міне, соның топ етіп орайы келіп тұр. «Өмірі Еуразия ұлттық университетінің ауласынан алысқа барып көрмеген Бекем «Министр» дегеннің қандай болатынын өз көзімен бір көретін болды-ау!» - деп, қатты қуанып кеттім. Шыға салып, ағама телефон соғам, жабық. Үйіне збандаймын, көтермейді. Тәксилетіп барсам, қолтелефонын сөндіріп, үйдің телефонын желіден ажыратып, терезелердің пердесін бүркеп жауып тастап, ұйқыны соғып жатыр Бекем. Сөйтсек, жаны алтыннан аяулы ағамыз әр күні тәңертең ерте тұрып, бір өлең жазып тастап, түсте осылай екі сағат ұйқтайды екен. Дүние төңгеріліп кетсе де, бұл әдетінен өмірі жазбайды екен ардақты ағай...

«Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков қабылдауына кіресің, кешегі шаруаңды айтасың, министр шешпесе, кім шешеді?!»-десем, сенбейді. Ақыры сенді. Жүзіне қан жүгіріп, көзінен үміт оты ұшқындай бастады. Қызық болғанда, талантты ақынымыз, ЕНУ-дың ұлағатты ұстазы министрдің атына хат жазудың тәртібін білмейтін болып шықты ғой. Атағын аспандатып, қара аспанды төндіріп, екі нұсқа етіп жазып, оны да қолына ұстаттық...

Сөйтіп, Бекем кастомын киіп, галыстогін тағып, Кенесары көшесі 25 үйдегі «NUR OTAN» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде өтетін Асылжан Мамытбековтың қабылдауына қалтиып барады. Асқар Арнауытұлы мен Жұмажан Қамкенұлы жылы шыраймен күтіп алып, министрдің алдына кіргізеді. Ағам мен жазып берген сөзді айтып, өтініш-хатын өз қолымен тапсырады. «Мынау бір болайын деп тұрған бала екен!» деген болуы мүмкін, Асылжан Сарыбайұлы мән-жайды ұққан соң, сол жерде отырып, Бекқожаның көзінше Ақмола облысына телефон соғып, тапсырма береді. «NUR OTAN» партиясы өтінішін облыс әкіміне жөнелтеді...

Ары қарай...

Ары қарай мен ол мәселені ұмытып кеткем. Тіпті, Бекқожадан «Не болды?» деп, сұрап та қоймағам ғой. Келесі жылдың күзінде Қорғалжын ауданына жаңа кшіп келген ініме «Оралман» куәлігін алайын деп, Ақмола облысына барайын. Көкшетау қаласының ең көрікті жерлеріне ілінген үлкен банерге көзім түссін. Банерде сыйыр, қой жетелеген, қозы көтерген жігіттердің суреттері тұр. Ортасында біздің Қызайдың ақ қалпағын баса киген бір ақсақал бар. Қарасам, түсі таныс адамдар. Жазуын оқысам, «Мағауия Жылқыбек, Сұлтания Жылқыбек, ... Жылқыбек...» деп тұр. кәдімгі Бекқожаның Шортандыдағы әкесі Жылқыбек кәрия мен інілері.

Сөйтсек, министр Асылжан Мамытбеков пен «NUR OTAN» партиясының ықпалымен Ақмола облысының әкімдігі Жылқыбек әулетінің өтінішін мықтап қолға алған. Үш інісін степендия төлеп, кәсіпкерлікті қалай жүргізу керектігі жөніндегі қысқа мерзімдік курсынан оқытқан. Ауыл әкімі ауылдағы бос тұрған үлкен базыны тегіп пайдалануға береді. Сосын Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 3 000 000 теңге төмен өсімді несие ұсынады. Ол кездегі теңге қазіргіден екі-үш есе құнды екенін ескерсе, бұл аз ақша емес. Ал, қайтарғанда ол ақшаның тиынға айналып қалғанын қайтерсің. «Айы оңынан туды», «Тәлейі келді» деген осы шығар?!..

Жылқыбек ақсақалдың қалған ұлдары, Айдын Оразанбайұлының сөзімен айтқанда, Бекқожа секілді «Иттің көлеңкесіне ұйықтайтын» жалқау емес, шетінен пысық, епті болып шығады. Тек қана қолдарын қаржы тапшылығы байлап тұрған көрінеді, несие алып, мәселе шешілісімен шаруасын шалқытып ала жөнеледі. Құжат бітіру қиындап бара жатса, Бекққожа  онда «NUR OTAN» партиясына барам деп, қатысты мекемелердің зәресін алады. Сенімді ақтаған соң болса керек, Қор жағынан келесі жылы тағы 6 000 000 теңге беріледі...

Ақмола облысы әкімдігі бұл өзінің бұл қызметін жүртқа үлгі етіп көрсету үшін облыс орталығына осылайша жарнама етіп іліп қойған екен.

Қазір, Жылқыбек әулеті ол қарызды түгел қайтарып, әр отбасы өз алдына жүзге тарта ірілі-ұсақты мал құрап алыпты. Алда тағы қомақты несие аламыз деп, қамданып жатқан көрінеді. Енді «NUR OTAN» партиясының онша керегі жоқ. Өйткені, жол ашылды, тәжірибе топталды. Ең бастысы, сенім нығайды...

Міне, тығырыққа тіреліп отырған Жылқыбектің әулеті «NUR OTAN» партиясының арқасында Елге келген соң қайтадан иіні толып жылқы мініп, сыйыр сауып, қой бауыздап дегендей шалқып шыға келді.

Бекқожа көкем ұйықтап жүріп, «NUR OTAN» партиясын есінен шығарып немесе басқа бірдемемен шатастырып алған секілді. Құрт сатқан апаның «аянышты халыне» қарамадың деп Бекем кіналап отырған «NUR OTAN» –баяғыдағы Жылқыбек әулетінің аузынан ақ май ағызған сол «Нұр Отан»!

Мұны Бекқожа Жылқыбек ұмытпауы керек!

Басын ашып айтайын, мен Бекқожа Жылқыбекке «Аузыңды аққа жеткізген партияны неге сынайсың?!» немесе «неге мақтамайсың!?»-деп, міндесінуден, қысым жасаудан және жалынудан мүлде аулақпын!

Қазір үш милион тұрмақ, үш теңге несие алып көрмеген Гүлісхан Домалай мен Серік Боқан «NUR OTAN» партиясы дегенде ішкен асын жерге қояды.

«Нұр отан десем Ауыт бауырым тағы да маған ренжитін шығар!». -депті Бекқожа ақын.

Жоқ, ренжімеймін!

Бірақ, басымды шайқап, күлгенім рас!

Артынан аздап кейігенімді де жасырмаймын!

Одан бері де он жылға жуық уақыт өтіпті...

Данышпан Бекқожа Жылқыбектің күні бүгінге дейін мемлекеттің осындай тиісмді саясатының бар екенін айтып, «NUR OTAN» партиясының кеудесіне нан пысқан министрлерді халықтың алдыңа әкеліп, мәселесін шешкізетін құдыретті күшке ие екенін жеткізіп, сөйтіп бір кездегі өзі секілді кәсіпкерлікке жол таппай отырған бір ауылдасын не бір қандасын партияның Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне, ең құрығанда, бір рет болса да ертіп келіп, жол сілтей білмегендігі үшін, шыны керек, кейідім мен!

Қойшы, Бекқожаға кейіп, береке таппайсың. Одан да ана апа туралы айтайын. Сонымен, бір шағын кәсіппен айналысып жүрген апайымыз кеше жолшыбай, пойызда Бекқожа ақынға кездесіпті. Ол кісі вагондарды аралап жүріп құрт сатады екен. Кәдімгі қолдың құрты. Қазақтың сүйіп жейтін төл тағамы. Құрамы толған дәрумен. Қазіргі күннің тілімен айтқанда, ОТАНДЫҚ ӨНІМ.

Шіркін, дәмі тіл үйіретін апамның ақ құрты ғой – бұл! «Анамның саусағының табы түскен, Ағатай, жан қалтаңда құртың бар ма?» деп, Жәркен жырау зарлайтын қасетті құрт осы емес пе?!

Әй, Бекқожа-ай, таппайтын бәлең жоқ қой сенің! Біз де құрт жеп өскен баласымыз ғой, осы сөздерді жазып отырып, аузыма Бүбүжан апам тығып беретін малта құрттың қышқыл дәмі келіп, сілекейім шұбырып кетті ғой. Өткен күндерге деген сағыныштың сары самалы кеудемен жалын болып шығуда...

«Құрт» дегеннен еске түседі, баяғыда Шығыс Қазақстаға тағы сол Қытайдан көшіп келген бір жас отбасы осы Жылқыбек әулеті құсап жұмыс таппай, біраз қысылып қалады. Ақыры бір сыйырлы байға кездесіп, малшы болып жұмысқа жалданады. Құдай оңдағанда, сол сыйырдың жүзден астамы бұзаулайды екен. Пысық келін соны сауып, айран ұйтып, қатық сүзіп, құрт алады ғой. Кәдімгі өзіміз көріп жүрген бармақтың басынан сәл үлкенірек, домалақ, майлы құрт. Санап отырып, бір айда   1 000 000 кептіреді. Құрты тұп-тура бір миллион болғанда Өскемен қаласына апарып, қаланың мәгезіндерін жалықпай аралап жүрін, бір тал құртын бір теңгеден өткізеді. Төрт-бес күнде бір миллион теңгені қалтаға басып, ауылға қайтады. Ол да теңгенің құны түспеген жылдар еді.

Міне, құрт саудасының кереметі деп, осыны айт!

Демек, қазақ үшін құрт – қасиетті ұғым. Оны жасаған, базарға шығарып сатқан қазақ – тегін қазақ емес. Оның бойында бабаларымыздың өр рухы мен сарқылмас берекесі бар! Ондай жандарды мүсеуреу, кемсіту және саяси ұпай жиюға пайдалану – барып тұрған надандық!

Жалпы, «Вагон саудасы» – бәріміз үнемі көріп жүрген қалыпты жағдай деуге болады. Нұр-Сұлтаннан Алматыға дейінгі жолда мүндай көтерме саудагерлер өріп жүреді. Кейде таппай жүрген затымызды осында кездестіріп, өзіміз де сауданың көрігін қыздырып жібереміз. Айтбақшы, Бекқожа секілді тілінің бізі бар Алпысбай Баранбаев деген сатирк ақынның тәуелсіздіктен бергі бүкіл өмірі осы отарбаның үстінде өз кітабын сатумен өтіп келе жатқанын қаламгер қауымы жақсы біледі. БАҚ-та да жазылды...

Негізі, жас бол, кәрі бол, шама келсе, харакет етіп, ақша табу – жаман емес. Ата-ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау – қанымызда бар қасиет. Ол өз алдына бөлек әңгіме. Біз өмір сүріп отырған капитализм дәуірінің басты талабы – қаблетіне қарай жұмыс істеп, еңбегіне қарай ақы алу. Біз - Бекқожа Жылқыбек екеуміз кешегі Дэн Сяопин метебінің түлегіміз. Біздің ес біліп, еңбек еткен шағымыз сол Дэннің ел тізгінін ұстаған, бүкіл Қытайды нарықтық экономикаға көшірен дәуіріне дөп келді.

Күйреуге бет алған алып бара жатқан қытайды тікесінен тік тұрғызған Дэнның нарықтық экономикаға көшу саясаты. Күндіз-түні ауыз жаппай үгіттеген БАҚ-тың күшімен қытай ұлты базарға тез бейімделіп кетті. Құлжа қаласының кез-келген көшесінің бойында әр қырық-елу метр жерде жаз бойы қытайдың кәрі кемпірлері мен шалдары бір-бір мұздатқыш сандықты қойып алып, сусындық сатады. Шағын ғана әйнек үстел, оны жағалатып қойған кішкене орындықтар тұрады. Бекқожа Жылқыбек екеуміз соған отыра қалып, салқын сырадан тартып-тартып жіберетінбіз әлі есімде. Тіске басар түк жоқ. Сондай сәтте, әттең, бір тал ащы құрт болсашы деп қоюшы ек қой, Беке. Ал, ана қытай кемпірдің түрін көрсең, тісі орсиған, аяғы шидиген аруақ дерсің. Соған қарамастан, ол саған сапалы қызмет көрсетеді. Бірін ішіп болмай жатып, екіншісінің аузын ашып, алдыңа қойып үлгіреді. Және ол байқұстарда ол кезде зенетақы деген атымен жоқ. Қытайда ол шақта жай халыққа ең төменгі жәрдемақы, зейнетақы төлеу тәртібі жолға қойылмаған болатын. Бар болғаны, осындай шағын кәсіпкерлікке жол ашып беру мықты, жүйелі жолға қойылған. Біраздан кейін Бекең ақын «Шығып келеміз сыраханадан, Көзімізді сыра талаған. Біріміз Алтай, Тарбағатайдан, Біріміз Бұраталадан...» деп өлең оқи бастайды Бекқожа ақын. Бірақ, не айтқанымыз әлі есімде, Бекқожа Жылқыбектің «Мына компартия оңбаған! Қарашы, сексеннен асқан кемпір-шалына көше бойында сусын сатқызып қойыпты!»-дегенін ешқашан емеспін. Есесіне, өлеңді арт-артынан оқып, сол қытай кемпірдің ақша тапқыштығына, оған Қытай компартиясының осындай орай жаратып бергеніне қатты сүйсініп, мақтап отыратын Бекем. Ол аз десеңіз, тыныш отырмай, «Әттең, біздің қазақ құрт мен майын, қымызы мен шұбатын осылай базарға салып, ақша табуды білмейді ғой!»-деп, ауылдың қазағын жазғырушы қой біз оңбағандар...

Бүгін ғой, қазақ кемпірдің денсаулыққа пайдалы құртын сатқанына жаны аши қалғаны, оған «NUR OTAN» партиясын айыпты етіп отырғаны.

Өз күшіне сүйеніп өмір сүру қағидасы біздің миымызға шеге болып қатып қалған. Мен «Жұмыс» деген  ұғымға біздің Қазақстан халқына қарағанда басқаша көзбен қараймын. Пойызда құрт сатып жүрген апамызға Бекқожа ақындық, ұстаздық көзімен қараса, мен үш көзбен – журналистік, ақындық және партиялық көбен үңілдім. Ешқандай оғаштығы жоқ. Апаның әрекеті дұп-дұрыс!

Біздің жұрт «Үкімет жұмыс орнын ашпады, жұмыс тауып бермеді...» деп, шулап жатады.

Дұрыс емес!

Үкімет жұмыс орнын ашпау керек!

Үкімет жұмыс орнын ашқан жерге жемқорлық ұя салады, коррупция салтанат құрады. Қайда Үкімет ашқан ««Тұлпар» автомобилі зауыты», «Балқаш мырыш зауыты», ««Ютекс» мақта өңдеу кешені»... деген кәсіпорындар мен зауыттар?!

Есесіне, Үкімет жұмыс орнын отандық жеке тұлғаға аштыруы, ашуға мүмкіндік беруі тиіс. Біздің азаматтар өз бетінше жұмыс жүргізуден гөрі, өзгенің қол астында құл болып істегенді жақсы көретін секілді. Қазақ «Ортақ өгізден оңаша бұзауым артық!» деп, тегін айтпаған.

Жақында Тоққожа деген еңселі жігітті қабылдадым. Партияға жұмыс іздеп келіпті. Екі иінінен дем алады. Бойы да, ойы да керемет! Бірақ, жұмыссыз. Үкімет пен партияны сыбап, біраз жерге апарып тастады.

Сол Тоққожа айтады, Қазақстанда жұмыс жоқ, Үкімет жұмыс беруі керек бізге деп...

Мен айтам, Қазақстанда жұмыс өте көп. Жұмыс болмаса, өзбектер қалай дағар-дағар ақша табады?! Қырғыздар бума-бума теңге мен долларды қайдан тауып жатыр деп...

Ол айтады, олар арзанға істей береді деп...

Мен айтам, інім-оу, сен де неге сол жұмысты арзанға істемейсің деп...

Ол айтады, аға, сіз білмейсіз, бізде азық-түлік қымбат, арзанға істесем, табысым жетпейді деп...

Мен айтам, не, сонда өзбектер түскі тамағын Ташкенттен барып ішіп келеме, қырғыздар кешкі асын Бишкектен барып жеп келеме деп...

Ақыры Тоққожа жеңілді. Қолды бір сілтеп, шығып кетті...

Көрдіңіз бе, жұрттың жұмыс деген ұғым жөніндегі түсінігі таяз.

Тоққожаға қарағанда манағы Бекқожаға жолыққан құрт сатушы апаның жұмыс жөніндегі танымы әлде қайда терең бе деп ойлайсың. Ал, сана-сезімі, тіпті, екі мемлекеттің нарықтық құрлымын көрген, оқудың түбін түсірген Бекқожадан да биік пе екен деп қалдым.

Әне, ешкіммен шаруасы жоқ, ешкімге бағынышты да емес. Өз бетінше кіріс тауып жүр. Суретінен болса да көрініп тұр,  Өмірге, еңбекке деген құштарлығын қандай керемет! Зейнетақсы бар болуы секілді  (Оны Нұр-Сұлтанға қайтып келген соң Бекеңнен сұрап білетін болам). Болса не болыпты, бой жазып, қосымша табыс тапса, қалтасын тесіп кете ме?! Болмаса, ұл мен келіннің қолына қарап, мөлиіп отырғанша, сыртқа шығып, он тал құртын бес жүз теңгеге өткізіп, отбасының титтей тесігін жамауға сеп болса, оның несі жаман?!!

Мәселе – оның құрт сатып, «тентіреп» жүруінде емес. Мәселе – оның харекетінде болып тұр. Харекет бар жерде берекет бар! Құдай харекетсіз қалып, бос сөз сапырғаннан сақтасын де!! Кішкентай ғана өнімін кәдеге жаратқан ападан айналып кетпейміз бе?!

Дау жоқ, Бекқожа Жылқыбек – мықты ұстаз. Және өз мамандығын жан-тәнімен сүйтін білім иесі. Атажұртқа оралған соң да жоқшылық пен бойдақтықтың азабын бір кісідей тартқанымен, өзі таңдаған сүйікті мамандықтан бір сәт ауытқыған емес. Оның бұл қайсарлығы мен ұстанымына мен, шынымды айтайын,  басымды ием.

Есіңізде болсын, ұстаздың сабақ беруден өзге, шәкіртін ізгілікке тәрбиелейтін қасиетті борышы тағы бар. Оның жолы екеу-ақ. Бірі – жақсылықты айтып, соған жетелеу; екіншісі – жамандықты айтып, одан жиіркендіру. Біздің қазақтың табиғаты солай, ең алдымен жақсылық пен ізгілікті, қайырымдылық пен жомарттықты көбірек айтады. «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Ірігеннің аузынан шіріген сөз шығады» деген екі мақал соның айғағы болса керек.

Әр жылы ұлағатты ұстаз Бекқожа Жылқыбектің алдынан дәріс алғалы кемінде жүзге жуық немесе одан да көп шәкірт келеді, білем. Ертең ЕНУ-ды бітірген сол жастардың бәрі мемлекеттік қызметке орналаспайтыны белгілі. Тіпті, компанияларға да жұмысқа тұра алмай қалатындары шығуы мүмкін.

Егер, ұстаздары сол шәкірттерге манағы құрт сатқан апаны ұлгі етіп көрсетіп, нарыққа талабына бейімдеп және адал еңбек етуге жол сілтеп, Хакім Абайдың «Есектің...» деп басталатын атақты сөзін миына құйып жіберсе, олар ертең «NUR OTAN» партиясы халықтың жауы деп, митінгілетпейді. Қайта, түк қиналмастан нарық заңы бойынша ақша табатын жеке кәсіп ашып алады. Ары қарай Жылқыбек ақсақалдың әулеті құсап Үкіметтен шағын несие алып, кәсіптеніп кетеді.

Осы жерде мен шеттен оралған, әсіресе, Қытай мен Маңғолиядан келген қандастарымыздың нарыққа өте бейім екенін мақтанышпен айта кеткім келеді. Біздің «NUR OTAN» партиясына шеттен келген ағайындар құжаттық мәселелерге байланысты көмек сұрап көп келеді. Қазіргі таңда ол да саябырлады. Ал, жұмыс сұрап келетіндер жоқтың қасы деуге болды.  Керек болса, олар Үкімет басының не істеп жатыр?, Әкімің қайда? Шаруасы жоқ! Одан гөрі, бәлен жерде пәленбай құлынды биесі мен бұзаулы сыйырын арзан сатады екен дегенді тезірек естіп тұрады. Жастары шаш-тырнақ алудан бастап, аспаздық, даяшылық секілді жұмыстарды түгел алып қойды.

Сондықтан, Қазақ Үкіметі ең алдымен жұртқа жұмыс көзін өздері ашуға кең жол ашқаны әбзал. Одан да маңыздысы, халықтың «Жұмыс» деген ұғым жөніндегі көзқарасын өзгертуге, ол үшін құрт сатып, ақша тапқан ана апалардың қажырлылығын жастарға үлгі етіп көрсетуге тиіспіз. Кешегі Жылқыбек әулетінің суреті ілінген банерлерде бүгін Бекқожа Жылқыбек түсіріп алған құрт сатқан апаның бейнесі тұратын мезгіл жетті. Соғыс батырларын үлгі еткеннен гөрі, бейбіт күнде, нарықтық заманда Үкіметке иек арпай, өзін-өзі жұмыспен қамтып келе жатқан еңбек адамдарын көбірек дәріптеу әлдеқайда тиімді.

Ал, партияға келсек, кіна «NUR OTANDA» емес. Кіна – оның басқарушы мен қызмет етушісінде.

Бас партияны әр кезеңде басқарған тұлғалар болды. Мысылы, Бақытжан Жұмағұлов көп партияның басын қосып, үлкен партия жасауға күш салды. Әріптестерім Дархан Қалетаевтың қарапайымдылығы мен халыққа жақындығын аңыз етіп айтады. Мұхтар Құл-Мұхаммед министрлерді Орталық аппаратқа шақырып алып, депутаттарға сұрақ қойғызып, Елбасы тапсырмасының орындалу барысынан ай сайын есеп алып отыратын. Бауыржан Байбек тұсында партия орталықтан бастап, аудандарға дейін дербес үйлерге ие болып, өз туын тіктеді, айбыны асқақтады...

Міне, сол Бауыржан Қыдырғалиұлы араға бес жылға жуық уақыт салып, үлкен мектептен өтіп, «NUR OTAN» партиясына Төрағаның бірінші орынбасары болып қайта келді. Өте қиын, күрделі кезеңде – «бекқожалардың» бет қаратпай тұрған шағында оралып отыр. Мен ол жігіттің жеңіске жететініне сенем!

Сөз соңына қарай, мен Бекқожа Жылқыбек ағама, тағдырлас ағайындарыма айтар уәжім – Сіздер нарықтық экономикаға ерте бейімделген елден келген азамат ретінде ағарту жұмысын көбірек жұргізіңіздер. Өздеріңіз қол жеткізген табысқа айналаңыздағылардың да жетуіне көмектесіңіздер. Айғай-шуы көбейіп тұрған күрделі кезеңде саясаттан гөрі жұртты өз бетімен жұмыс істуге үгіттейік. Ақылымыз асып бара жатса, Мамин мен Байбекке жаңа бағдарлама ұсыныңыздар.

Тағы бір өтініш, әлеуметтік желілердегі парақшаларыңыздағы жазбаларыңыздың емлесіне мен дәйектілігіне назар аударыңыздаршы. Мәдениетті жазуға дағдыланайықшы, туыстар!

Ал, Бекқожа көкем кәсіпкерлік жолындағы өз тәжірибесіне сүйеніп, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының «Сыбаға» бағдарламасының артықшылығы мен кемшілігін сараптап, ғылми мақала жазсын! Ұсынысын біздің партияға әкелсін! Біз оны министрлікке жолдап, аталған бағдарламаны одан ары кемелдендіре түсуге ықпал етуге әрекет жасайық...

Ең бастысы, айғайға басып, арттағы елдің Атажұртқа оралуына кері әсер етпейік!

«Қазақ кемпірлер пойызда құрт сатып жүреді екен!» десе, біздің арғы беттегі қазақ, тәп бір өздері жетісіп отырғандай, тіксіне қалуы бек мүмкін!

Тағы қайталап айтайын, «NUR OTAN» партиясы – Отанына, ұлтына қызмет етем деген әрбір саналы азамат үшін теңдессіз мүмкіндік алаңы. Мен Партияда Бекқожа үміт артып, салмақ салатындай соншалықты бір ықпалды тұлға емеспін. Бар болғаны, партияның шаруашылық бөлімінен айлық алатын қатардағы көп кеңесшінің бірімін. Соған қарамастан, «NUR OTAN»-ның қолда бар мүмкіндігін өз әлімше пайдаланып, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Көші-қон" деп аталатын Тұңғыш һәм Ұлы саясатын дәріптеуге, оның күн тәртібіндегі мәселелерін шешуге және заңнамалық негізін кемелдендіре түсуге бар күшімді жұмсадым.

Бүл – партияға мүше болудағы, жұмысқа тұрудағы ең басты арманым болатын.

Қазір сол арманымның алпыс пайызға жуығы орындалды.

Өтініш айтып келген, қоңырау шалған, хат жазған ағайынның шешілмеген мәселесі өте аз. Заң аясында шешу мүмкін болмаған кезде, сол Заңыңыздың өзін өзгертіп, толықтырып жіберуге дейін ықпал етуде біздің партия...

Көші-қон саясаты, оның соңғы төрт-бес жылдың көлемінде кемелденген заңнамасы туралы жұрт бетіне тіке қарап, ұялмай жауап бере алам мен!

Бір сөзбен айтқанда, қандастарымыздың алдында «NUR OTAN» партиясының беті жарық, Бекқожа Жылқыбекұлы!!!

Ауыт Мұқибек

Нұр-Сұлтан қаласы

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5317