Сенбі, 23 Қараша 2024
Апат 8847 2 пікір 4 Шілде, 2019 сағат 13:46

Эколог: Арыстағы жарылыс - табиғи апат емес

24 маусым күні Арыс қаласындағы әскери қоймада орын алған жарылыс тұтас Қазақстанды табанынан тік тұрғызды деуге болады. Қырық мыңнан аса қала тұрғыны баспаналарын тастап, басқа өңірлерді уақытша паналады. Қаланы жарылғыш заттардан тазалау жұмыстары бірнеше күнге жалғасып, Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланды.

Арыстағы жарылыстың зардабы аз болған жоқ. Айдың-күннің аманында атпалдай үш азамат қайтыс болды. Осыдан кейін жауапты органдар жаппай тексеріс жүргізіп, жарылыстың себебін анықтар, кінәлілерді тауып жазалар деп сенген едік. Алайда, халықтың бұл тілегі де орындалмайтын секілді. Біздің билік бұл оқиғаны "табиғи апат" ретінде қарастырып жатқан көрінеді.

Бұл туралы кеше Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев айтты. Бірде Дін істері министрлігін, бірде Қорғаныс минитрлігін басқара беретін "бесаспап" министр журналистерге берген сұхбатында әскери қоймадағы ескі-құсқы қару-жарақ пен оқ-дәрінің жарылғанын "табиғи апат" деп бағалапты.

"Бұл біздің кінәміз деуге болмайды. Бұл табиғи апат. Әрбір арсеналдың қауіпі бар. Әзірге халықтан кешірім сұраудың еш себебін көріп тұрған жоқпын", - дейді Ермекбаев.

Оқиға орнына ел президентінің өзі барып, халықпен кездескенде билік басындағылар бұл істегі өз қателігін танып, жауапкершіліктерін мойнына алған екен деп ойлағамыз. Бірақ біздің билік қашанғы әдетінше "аттан түссе де, үзеңгіден түскісі келмей" отыр. Жарылыстан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсеткенімен, жарылыстың себебін анықтап, кінәлілерді жазалап, бұндай келеңсіздікті енді болдырмауды ойлап отырған жоқ.

Біз министр Ермекбаевтің түсінігіндегі "табиғи апат" пен шын мәніндегі табиғи апаттың ара-жігін ажырату үшін белгілі эколог Азаматхан Әміртайдың пікірін сұрадық.

Азаматхан Әміртай, "Байтақ болашақ" экоальянсының төрағасы:

Картинки по запросу Азаматхан Әміртай

- Табиғи апаттар қатарына су тасқыны, жер сілкінісі, теңіздің толқуы секілді табиғаттың тосын мінезі қалыптастырған оқиғаларды жатқызамыз. Қазіргі таңда бұл табиғи апаттардың өзін түрлі техникаладың көмегімен алдын-ала болжап, зардабын барынша азайтуға мүмкіндік бар. 

Ал Арыстағы жағдай мүлде табиғи апат емес. Бұл адами фактордың себебінен орын алған оқиға. Бұған қызметіне салғырт қараған мемлекеттік органдар жауапты. Себебі, Арыстағы бұл әскери қойманың қауіпті екені көптен бері айтылып жүрді. Сонау 2009 жылы депутат Ержан Исақұлов Арыста Ауғаныстаннан қалған көне оқ-дәрілер жатқанын айтып, дер кезінде тазаламаса алдағы уақытта үлкен жарылыстар болуы мүмкін екенін ескерткен.

Тек Исақұлов ғана емес басқа да адамдар бұл мәселені жиі көтерді. Алайда бұған ешкім құлақ түрген жоқ. Билік басындағылар бұған бей-жай қарады. Шенділердің жауапкерсіздігінен осы жарылыс орын алып отырғаны анық.

Мүмкін Ермекбаев Қорғаныс министрлігіне келгеніне көп болмағандықтан бұл жайлы білмейтін шығар. Бірақ ол министрлікте ұзақ уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан басшылар, генералдар бар. Олардың білмеуі мүмкін емес. Қауіпсіздік кеңесінің де бұл ақпараттан толық хабары бар. Демек, біле тұра апаттың алдын алмағаны үшін шенділер жауапты болуы керек. Адам шығынына, экономикалық шығынға осы іске қатысты лауазымды тұлғалар жауап беруі керек. Бұл істі аяқсыз қалдыруға болмайды.

Ержан Исақұлов, Мәжіліс депутаты (2009 жылғы депутаттық сауал):

Картинки по запросу Ержан Исақұлов

- Ауғанстаннан Кеңес Одағының әскерін шығарған кезде миллиондаған оқ-дәрілердің барлығын осы Арыс қаласына әкеліп сақтаған. Сол себепті ондағы оқ-дәрілер әбден ескіргендіктен, тағы бір кезекті жарылыстың болуы да ғажап емес. Тіпті бұдан да сорақы жарылыстар болуы әбден мүмкін

Біздің ұсынысымыз, осы іске қатысты мемлекеттік органның қызметкерлері Парламент мәжілісіне келіп жауап берсін. Ол жердегі оқ-дәрілер қалай сақталады және оларды жою үшін қандай іс-шаралар жүргізіліп жатыр? Осы тұрғыда есеп берулерін сұраймыз.

Ержан Исақұлов бұл депутаттық сауалын 2009 жылы 21 наурыз күні кешкі сағат 9-дар шамасында Арыстағы әскери қоймада орын алған жарылыстан кейін жолдаған еді. Ол жарылыстан үш адам қаза тауып, 14-і жараланған болатын.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354