Сенбі, 23 Қараша 2024
3003 0 пікір 5 Шілде, 2019 сағат 10:43

Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстан әлемнің озық 30 елінің қатарына қосылуға жақындап келеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы шетелдік  салымшылардың (инвесторлардың) 32-ші пленарлық сессиясының отырысына қатысты. 

Алқа-қотан жиында арнайы сөз алған президент Тоқаев әлемде болып жатқан саяси һәм әлеуметтік үдерістердің ел дамуына, оның экономикасына ықпалы жайлы әңгіме өрбітіп, Елбасы жолдауында айтылған Төртінші өнеркәсіптік революция, геосаяси ахуал мен экономикалық қарым-қатынас мәселелеріне тікелей әсер ететін факторларға тоқталды.

"Автоматтандыру және цифрландыру жұмыс күшінің құнын айтарлықтай түсіріп жіберді. Экономикалық өсім үшін ресурс ретінде арзан жұмыс күшін пайдаланатын елдер даму жолында елеулі проблемаларға кездесіп жатыр. Қазіргі кезеңде адам капиталының рөлі, әсіресе, білім саласында бірден өсіп барады. Сондықтан, адам капиталына салынған инвестиция елдің дамуына және қоғамның әл-ауқатының артуына септігін тигізеді", – деді Қазақстан Президенті.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстандағы адами капиталды дамыту мәселелеріне  де тоқталды. Президенттің айтуынша, қазіргі таңда маман әзірлеу, білікті кадрлар дайындау басты міндеттердің бірі. Еңбек нарығындағы сұранысқа сай білікті, кәсіби мамандарды әзірлеу үшін ең алдымен кадрлар дайындау жүйесінің сапасын арттыру маңызды.

Осыған қатысты Мемлекет басшысы қолға алынуы тиіс шараларға да жеке тоқталған. Атап айтқанда, кәсіби техникалық білім беру жүйесін жаңғырту, жоғары білім берудің кәсіпорындармен, бизнеспен байланысын күшейту қажет. Президент жоғары білім беру жүйесін жетілдіріп, шетелдік жоғары оқу орындармен академиялық байланыс орнатуға Шетелдік инвесторлар кеңесі өз үлесін қоса алатынын атап өтті.

"Кез келген компанияның басты байлығы – адам. Сондықтан кәсіпорынның кіріс мөлшеріне қарай қызметкерлерге сыйақыларды әділ үлестіру маңызды. Бұл – әлеуметтік жауапкершіліктің негізгі кілті. Бұл отандық кәсіпорындарға да, шетелдіктер қатысқан компанияларға да қатысты. Ұлттық табыстың әділ бөлінуі – әр мемлекеттің негізгі міндеті", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті өз баяндамасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 5 институционалдық реформасында аталған арнайы мәселелерге де тоқталған.

"Біз Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін елдердің өмір сүру сапасы жөніндегі стандарттарын енгізуді негізге алдық. Салық, кәсіпкерлік, зияткерлік меншік және қаржы саласындағы заңнамамызды дәйекті жетілдіріп келеміз. Қазақстан посткеңестік кеңістікте бірегей институт – «Астана» халықаралық қаржы орталығын құрды. Соның арқасында Қазақстан өзінің мақсатына – әлемнің озық 30 елінің қатарына қосылуға жақындап келеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Жиын соңында Қазақстан Президенті Кеңестің келесі пленарлық отырысын шикізаттық емес экспортты дамыту тақырыбына арнауды ұсынды.

Ал жиын барысында ҚР Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, ҚР Жоғарғы сот Төрағасы Жақып Асанов, Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Сэр Сума Чакрабарти және «Қазақстан шетелдік инвесторлар кеңесі» ассоциациясының басқарма төрағасы Агрис Прейманистер сөз сөйледі.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364