Бейсенбі, 18 Шілде 2019
543 28 пікір 10 Шілде, 2019 сағат 12:01

Жастар туған жерін жырға қоспақ

Поэзия – бір болмысты ғана емес, мыңдаған болмыстың жиынтығы... Адамның ой-қиялынан шыққан творчестволық кезеңді көрсететін  көркем сөздердің барлығы да поэзияға жатады. Поэзияға өлеңмен жазылмаған сөздер де кіреді, себебі өлеңмен жазылмаған шығармаларда да адамның творчестволық ой-қиялының жемісі.

Ақындардың өрелі өнері, өрнекті сөздері арқылы тәуелсіздік мұраттары мен құндылықтарын насихаттап, ел егемендігі жолындағы Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының маңыздылығын паш ете отырып, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, олардың таным, талғамын ұлт руханиятына бағыттау, қазақтың төл өнері, құдіретті сөзі арқылы мемлекеттік тілдің мерейін арттыру, қолданыс аясын кеңейту барысында, сондай-ақ, Қазақстан халықтары ассамблеясы достық туының асқақтауы жолында Республикалық «Туған жер» патриоттық шығармашылығын ұйымдастыру мақсатында «Адырна» ұлттық этнографиялық бірлестігі «Туған жерім – Қазақстаным» деген тақырыпта Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Ақмола облыстарындағы өзге ұлт өкілдерінің жастары арасында республикалық байқау жарияланады.

4 облыстан жиналған жастар 2 турдан тұратын байқауда Петропавл қаласында өтетін жарыста бақ сынайды. Байқауға 14 пен 29 жас аралығындағы жастар қатысады. Жеңімпаздар алғыс хаттармен және арнайы сыйлықтармен марапатталады.

Сонымен қатар, «Үздік поэзия» номинациялары бойынша республикалық байқау жарияланады. Байқауға қабылданған барлық шығармалар «Адырна» ұлттық порталында (adyrna.kz) жарық көреді. Байқауға Қазақстанның барлық өңірінен (14 облыстан, 3 қаладан)  14 пен 29 жас аралығанда жастар қатысады.

Шығармашылық байқаудан үздік орын алғандар қорытынды республикалық фестивальға шақырылады және сол жерде алғыс хаттармен және арнайы сыйлықтармен марапатталады.

Жастардың жан дүниесінің жаңғыруына, қазақстандағы ұлттар мен ұлыстар аралығындағы татулықтың жалауын желбіретіп, жас ақындардың патриоттық сезімі мен шығармашылығын шыңдау мақсатында  Республикалық  «Туған жер» патриоттық шығармашылығын ұйымдастыруды қолға алған «Адырна» ұлттық этнографиялық бірлестігі байқауға жырсүйер жастарды шақырады. Туған жердің туын бірге желбіретейік, достар!

Байқаудың ережесі алдағы уақытта баспасөз құралдарында және әлеуметтк желілерде жарияланады.

Abai.kz

28 пікір