Дүйсенбі, 21 Қазан 2019
965 2 пікір 11 Шілде, 2019 сағат 16:26

Биылғы «Нұр Сұңқарды» кімдер алды?

Кеше Нұр-Сұлтан қаласындағы Тәуелсіздік сарайында «Nur Sunqar» конкурсының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті.

Отандық журналистерді, блогерлер мен шығармашылық ұжымдарды қолдау, олардың кәсіби журналистиканы дамытуға, қоғамды жедел әрі объективті ақпаратпен қамтамасыз етуге қосқан үлесін бағалау мақсатында ұйымдастырылып келе жатқан конкурсты «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек ашты. Ол өз сөзінде қазіргі таңда қоғамда журналистканың алып отырған рөлі мен ықпалына тоқталды.

- Биыл Президент сайлауына байланысты байқау мерзімнен кеш өткізілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен 28 маусым Журналистер күні ретінде өз алдына бөлек мереке болып бекітілгенін жақсы білесіздер. Бұл – журналистердің қоғамдағы мәртебесін одан әрі өсіретін игі бастама. Сіздер халық пен мемлекет арасындағы алтын көпірсіздер. Биылғы мерейтойлық конкурс «Nur Otan» партиясының 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр,- деді Бауыржан Байбек.

«Nur Suńqar» байқауы осымен қатарынан оныншы рет өткізіліп жатыр. Он жылда 100-ден астам журналист түрлі номинациялар бойынша жеңімпаз атанды.

Биылғы өткен конкурс нәтижесі негізінде жеңімпаздар 10 аталым бойынша анықталды. Олар:

«Халық дауысы» номинациясы бойынша үздік телевизиялық журналист болып «Қазақстан» РТРК «Апта» бағдарламасының редактор-сарапшысы Айбек ҚОБДАБАЙ;

«Точка зрения» номинациясы бойынша үздік телевизиялық журналист болып «Хабар24» телеарнасының шығарушы редакторы Жұрағат БАМАН;

«Сөз зергері» номинациясы бойынша үздік газет журналисі болып «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары Ғабит МҮСІРЕП;

«Мастер слова» номинациясы бойынша үздік газет журналисі болып «Литер» республикалық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Талғат ИСЕНОВ;

«Медиа-профи» номинациясы бойынша үздік интернет басылым журналисі болып Bnews.kz ақпарат агенттігінің бас редактор Акмарал ОЛЖАБАЕВА;

«Жас серпіліс» номинациясы бойынша үздік жас журналист болып «Хабар» Телеарнасы» АҚ сараптамалық бағдарламалар бөлімінің тілшілері Сәкен МАХАМЕТКЕРІМОВ пен Назымгүл КҮМІСПАЕВА танылды.

«Елбасы салған сара жол» номинациясы бойынша Елбасы қызметін ең жақсы көрсеткен жарияланым үшін марапатын «Казахстанская правда» газетінің арнайы тілшісі Игорь ПРОХОРОВ иеленді.

«Партиялық жобалар жайлы жарық көрген ең жақсы жарияланым үшін» номинациясының сыйлығы «Астана ТV» телеарнасының ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар қызметінің арнайы тілшісі Екатерина БРЫНЮК пен «Айқын» газетінің шолушысы Гүлжан РАХМАНОВАҒА берілді.

«Рухани жаңғыру» Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын насихаттауға қосқан үлесі үшін марапатын «Астана Телеарнасы» ЖШС-ның атқарушы продюсері Базаркүл ОТЫНШИЕВА мен «Абай» журналының тілшісі Айгүл КЕМЕЛБАЕВА еншіледі.

«Майталман» номинациясы отандық журналистиканың дамуына қосқан үлесі үшін «Жетісу» телеарнасының қызметкері Нұртілеу ИМАНҒАЛИҰЛЫНА берілді.

Марапатталған барша әріптестерімізді құттықтай отырып, шығармашылық табыс тілейміз! 

Abai.kz

2 пікір