Латын әліпбиінің тиімділігі айқын
Өскемен қаласында Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық-ғылыми практикалық орталығы ұйымдастыруымен 10-11 шілдеде «Латын әліпбиінің емле ережелерін игерту: теория және тәжірибе» атты республикалық семинар өткізді. Ісшараның мақсаты – жаңа емле ережелерін ересектерге меңгертудің ғылыми-практикалық ұстанымдарын, оқыту процесінде кездесетін қиындықтарды саралау және оларды шешудің тиімді әдістемелік жолдарын қарастыру.
Екі күндік семинарда арнайы әзірленген бағдарлама бойынша 18 баяндама оқылды. Семинарды Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық-ғылыми практикалық орталығының (бұдан әрі – Орталық) бас директоры Ә. Асқар жүргізді.
Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық-ғылыми практикалық орталығының атқарушы директоры Е. Тілешов «Жаңа емле: міндеттер және атқарылған жұмыстар» жұмыстармен таныстырды. Ал Орталықтың ғалым хатшысы А.Фазылжан жаңа әліпби мен емлені меңгерту үшін қажетті фонология, грамматология, жазу теориясы, орфография, орфоэпия, графика т.б. тілтанымдық білімдер жүйесі туралы маңызды ғылыми-теориялық ақпараттармен бөлісті. Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университетінің профессоры Т.Аяпова жаңа емлені оқытуда психолингвистикалық оқу және жазу дағдыларын қалыптастырып емле ережелерін сыни тұрғыдан, яғни өз ой елегінен өткізу арқылы меңгерту туралы және оқулық құрастырудағы әдістемелік негіздері жайында ақпарат берді. Орталықтың Әдістеме басқармасының басшысы А. Сейітбекова республикалық көлемде өткізіліп жатқан 72 сағаттық және 12 сағаттық курс туралы және оқытудағы артықшылықтары мен қиындықтары жайында ойымен бөлісті. Атап айтқанда, жазу-сызуда кездесетін каллиграфия мәселесін көтерді. Оқыту бойынша өткізілген сауалнаманың нәтижесі туралы ақпарат берді.
Сондай-ақ, семинарда жарнама мәтіндері мен мекеме маңдайшаларын облыс, қала, аудан мысалдарында латын әліпбиінде әзірлеу бойынша Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, фил.ғыл. докторы Ж.Жақып, аталмыш мекеменің доценті, фил.ғыл.кандидаты Қ.Сәрекенова, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Қазақ тіл білімі кафедрасының доценті, фил.ғыл.кандидаты М. Тұрсынова, С.Демирель университетінің доценті, фил.ғыл.кандидаты Н. Рсалиева баяндама оқыды.
Профессор Ж. Жақып жарнама мәтіндерін әзірлеудің мақсаты мен міндеттерімен таныстыра отырып, бүгінгі жарнама мәтіндеріндегі стильдік, құрылымдық қателері бар ақпараттармен бөлісті. Баяндама барысында орфографиялық кеңістіктегі жарнаманың емлесі мен пунктуациясы бойынша атқарылатын жұмыстарымен таныстырды.
Семинардың екінші бөлігінде Назарбаев Университетінің Қазақ тілі және түркітану кафедрасының ассистент-профессоры Ж. Ағабекова «Кәсіби сала мамандарына жаңа әліпбиді үйретудің тиімді әдістері» бойынша өз ұсыныстарымен бөлісті.
Орталықтың ұйымдастыруымен жаңа әліпби мен емле ережелерін меңгерту мақсатында көпшілікке арналған оқу құрал әзірлеу бойынша Қарағанды облысы Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі Ж. Жақанова «Жаңа емле оқу құралы: мазмұны мен құрылымы» тақырыбымен оқу-әдістемелік құралдың басты мақсаты мен негізгі міндеттерімен, оқулық түзуде басшылыққа алынатын ұстанымдарыммен таныстырса, осы оқулықтың соавторлары Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық-ғылыми практикалық орталығының ғылыми қызметкерлері М. Дәрмен, Н. Жұмаханова, Назарбаев университетінің оқытушысы А.Балабеков оқулық мазмұны бойынша әзірлеген тапсырмаларын талқылауға салды. Әзірленіп жатқан оқу-әдістемелік құралының жобасы бойынша профессор Т. Аяпова, А. Фазылжанова және облыс тіл үйрету орталықтарының қызметкерлері тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылды.
Abai.kz