Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәселенің мәні 8568 28 пікір 19 Шілде, 2019 сағат 10:40

«Кому нужен какой-то хан» немесе Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы қалай бекітілді?

Жер бетінде өз тамырын өзі балталайтын ел болса – ол біз шығармыз...
Тарихын танымаған ел өзге халықтар мен мәдениеттерді тыңайтқыш қи
тәрізді болатынын білсек те сол қағидаға теріс жүреміз. Қазақстан тарихын оқытудың қажеттілігі мен маңызы туралы аз айтылып жатқан жоқ. Дегенменен, тарих емес мамандықтар үшін Қазақстан тарихы пәні
Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы болып бір күннің ішінде аяқ астынан өзгере қойған жоқ.

Ұлттық тарихқа стратегиялық тұрғыдағы өзінің көзқарасын Мемлекет
басшысы 1999 жылы шыққан «Тарих толқынында» кітабында баян етті. 2003
жылы Қазақстан халқына Жолдауында Президент Н.Ә.Назарбаев бұрын-
соңды болып көрмеген «Мәдени мұра» бағдарламасын бастайтынын
жариялады. Осыдан кейін елімізде Отан тарихының мәселелерін зерттеп
оқыту қарқындай түскен болатын.

Сөйте тұра, 1990-жылдардың аяғынан бастап өзге мамандықтарда
Қазақстан тарихының сағаттарын қысқарту немесе оны оқытуды мүлде
тоқтату туралы ұсыныстар өрби бастады. Бұл бастаманы көтерген негізінен
жаратылыстану мамандықтарының өкілдері. Сондағы олардың келтірген
негізгі уәжі «болашақ инжинерлерге немесе т.б. техникалық мамандарға
Қазақстан тарихын оқытудың қажеті қанша» немесе «Қазақстан тарихы
мектепте оқытылып болған жоқ па, жетпейме» дегенге саяды. Осындай
әңгімелер 2000-жылдардың басынан бастап үдей түсті. Әртүрлі әдістемелік
жиналыстарда, кеңестерде бұл мәселе ашық талқыланатын болды. Қазақстан тарихын оқытуға қарсы ең алғашқы әрекет 2006-жылы 8 мамырда болды. Сол күні «Хабар» телеарнасында «На чистоту» деген пікір-сайыс
бағдарламасында сарапшы болып келген тарихшы ғалымдар мен
оқытушылардың алдында екі студент «Жоғары оқу орындарында Қазақстан
тарихын оқыту қажет пе, жоқ па?» деген сауалдың төңірегінде пікір
таластырды («Тарихи санамыздың тамырына балта сілтенді!» Қазақ әдебиеті, 13.10. 2006). Бұл Қазақстан тарихына алдағы уақытта жасалатын шабуылдың дайындығы ретінде оған елдің құлағын, бойын үйрету, әлеумет бұны қалай қабылдар екен деп байқап көру үшін жасалған алғашқы қадам екен. Бара-бара Қазақстан тарихының сағаттары қысқарып, сол пән бойынша алынатын мемлекеттік емтихан біраз уақыт қатардағы емтиханға айналды.

Сол жылдары Қазақстанға өзге елдерден неше түрлі мемлекеттік емес
ұйымдар қаптап жастарымызды қалай оқытып тәрбиелеу керектігін үйретіп
жүрді. Бір рет Америка президенті Буштың інісі оқу-ағарту саласынан бір
делигацияны бастап келіп, бастауыш мектепте балаларды комикстердің
негізінде оқытудың маңызы туралы айтып кетсе, Украинадан келген «бейбітшілік корпус» Орта Азиядан жиналған тарихшы мұғалімдерге мектеп
оқушыларының бойына толеранттықты Екінші дүниежүзілік соғыста еврей
халқының басына түскен қасіреті – Холокост мысалында сіңіру қажеттігін
үйретіп кетті. Бөтен елдің миссионерлерінің келіп ақылгөйсуі, олардың
аузына қарап жалтақтай беруіміз біздің әлі де рухани тұрғыда құлдық
санадан арыла қоймағандығымызды көрсетті.

2007 жылы 5 қазан күні теледидардан берілген жаңалықтарда
Страсбургте өткен бір жиында қазақ халқының толеранттығы туралы айта
келіп, біздің елдің ресми өкілі: «біз тарихымызды оқытқанда ұлт-азаттық
көтерілістер туралы, еліміздің тарихында болған трагедиялар туралы
айтпауға тырысамыз» – деп мәлімдеді. Өйткені олар «адамдарды ланкестік
әрекетке ұмтылдыруы мүмкін» – деп түйіндеді жаңағы өкіл («Тарих – ұлт
рухының алтын қоймасы» Қазақ әдебиеті, 25.10.2007). Міне, өкінішке орай
тарихқа деген ресми көзқарас осындай болған соң басқаларға не дейсіз?!
Өкімет өз тарихын, идеологиясын көтеруге құлықсыз болды. Мүмкін
1916-жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығы мүлде аталмауы соның
салдары болар...

2009 жылы жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихын тәуелсіздіктен
кейінгі, яғни 1991 жылдан бергі кезеңді тереңдетіп оқыту қажеттігі туралы
мәселе көтеріле бастады. Біраз тарихшылар осы кезең бойынша оқулығын да дайындап қойған екен. Сол кезде қарсы жақ тарихымызды бөлмей, тек оқыту форматы мен әдісін өзгерту қажеттігі туралы ұсыныс айтты («Отан тарихы бөлінбеу керек», Қазақ әдебиеті, 24.04.2009).

2012 жылдың 25 қазанында Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік
жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай жиырма қадам» атты
бағдарламалық мақаласынан туындайтын Қазақстан тарихын жоғарғы оқу
орындарында оқыту мәселелерін шешуге арналған әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университеті, тарих, археология және этнология факультетінде
дөңгелек үстел өтті. Онда Елбасының тапсырмасына сәйкес жоғары оқу
орындарына арналған Қазақстан тарихы бойынша 12 автордың оқулығына
жасалған сараптама қортындысы берілді және Қазақстан тарихын шетелдік
мамандарға жазғызу туралы айтылып жүрген пікірге барлық ғалымдар мен
профессорлар наразылық білдірді. Сонымен қатар, Елбасы айтқандай
Қазақстан тарихы пәніне қатысты оқу бағдарламаларын өзгерту қажеттігі
және оның мектеп оқу бағдарламасын қайталамауы туралы айтылып арнайы
қаулы шығарылды («Отан тарихын қалай оқытамыз?» Қазақ әдебиеті, 2-8
қараша, 2012). Сол жылы Білім және ғылым министрлігінің қатысуымен
жұмысшы топ құрылып, тарихтан өзге мамандықтарға арналған Қазақстан
тарихы пәні бойынша жаңа типтік оқу бағдарламасы мен оқулықтар жазыла
бастады.

Дегенмен, 2013 жылы жоғары оқу орнында «Қазақстан тарихы мектептегі
оқу бағдарламасын ғана емес, атауды да қайталамасын, жаңа ат табыңдар»
деген тапсырма түсті. Сонда пәннің бірнеше жаңа атауы ұсынылды: Отан
тарихы, Қалыптасқан мемлекет Қазақстан тарихы, Қазақ тарихы,
Қазақстанның қазіргі тарихы т.б. Қызық болғанда бұл аттардың ешқайсысы да жарамай қойды. Сол көктемде Қазақстан тарихының кредит саны да екіге
дейін қысқаратын болып жатты. Алқалы бір мәжілісте лауазымы жоғары
адамның аузынан «кому нужен какой-то хан» дегенді де естідік.
Абырой болғанда сол кездегі Мемлекеттік хатшы М.Тажин 2013 жылы
шілдеде 2013-2016 жж. арналған «Халық тарих толқынында» атты
мемлекеттік бағдарлама қабылдап Қазақстан тарихын барлық гуманитарлық
пәндердің өзегі ретінде қабылдап тарихшылар ауылын бір көтеріп тастады.
Естеріңізде болса сол жылы барлық жоғары оқу орындарында Қазақстан
тарихы кафедраларын ашу туралы оның жарлығы да шықты. Сонымен, үш
жыл өте шықты. Сол арада Елбасының «Ұлытау төріндегі толғаныс» атты
бағдарламалық мақаласына байланысты конференциялар, Қазақ хандығының 550 жылдығы мемлекет көлемде аталып тұс-тұста ғылыми конференциялар өтті. Ә.Бөкейхановтың, Е.Бекмахановтың, Ж.Ташеневтің 100 жылдықтары және т.б. тарихи даталар аталып өтті. Ең бастысы Елбасының «Мәңгілік ел» стратегиялық бағдарламасы тікелей тарихпен етене байланысты болып барлық жоғары оқу орындарында «Мәңгілік ел»
бағдарламасына қатысты элективті курстар жоспарлана бастады. Ең қызығы,
осыдан кейін өкімет мамыр айының басында Қазақстан тарихын
Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы деп жаңа атауды бекітсе, оның типтік
оқу бағдарламасы маусымның басында Республикалық оқу-әдістемелік
кеңесте талқыланып бекітілді. Енді Қазақстанның қазіргі заман тарихын
оқыту ХХ ғасырдан басталады. Келісім бойынша ол үш кредит көлемінде
қалып, қорытынды бақылау Мемлекеттік емтихан дәрежесінде сақталатын
болды.

Арман Жұмаділ 

т.ғ.к., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

Қазақстан тарихы кафедрасының доценті

Abai.kz

28 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502