Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 4848 7 пікір 22 Шілде, 2019 сағат 14:26

Түркіменбасының «өлімі» һәм саясаттағы марктвеншілік

Түркіменбасы бақилық болды деген ақпарат тарады әлемжеліге. Орыстың бүкіл сайты жерден жеті қоян тапқандай жарыса жазып жатты. Біздікілер де қалыс қалған жоқ. «Арқадағ ана дүниеге кетіпті» деп ақпар таратты. Сөйткен, түркіменбасы тірі екен, өлмепті. Өлді деген өтірік сөз болып шықты.

Өткенде Аслан Рубаев деген адам «Говорит Москва» радиосына сұхбат беріп, Түркіменстан президентінің бақилық болғанын айтқан. Бұл Аслан Рубаев деген білдей Еуразия мәселелерін зерттеу орталығының директоры екен, тағы.

Орыс ақпараты осы Рубаевтың сөзінен соң-ақ, өлмеген адамды өлді деді. Кейін Түркіменстанның Мәскеудегі елшілігі бұл ақпаратты терістеді. «Бұл шылғи өтірік. Біз мұндай ақпаратты жоққа шығарамыз» деді. Ал Рубаев болса, кешірім сұрады. «Президенттің отбасы мен туыстарынан және барша түркімен халқынан кешірім сұраймын» деді. Болды. Бітті.

Жалпы пост-кеңестік кеңістіктегі мемлекет басқарушы тұлғаларға, олардың отбасы мен денсаулығына қатысты осы мазмұндағы алып-қашпа әңгімелер жиі айтылады. Ақырында ақпараттың жалған екендігі белгілі болады. Жалғыз Бердімұхамедовтің басына түскен жағдай емес, бұл. Бұған дейін де тірі жүрген президентті өлді деген ақпараттарды естігенбіз, көргенбіз.

Өткендегі Путинді де, кешегі Каримовті де, бүгінгі Бердімұхамедовті де Құдайдан бұрын бақиға аттандырған ақпараттардың ара-тұра айтылып тұруы – авторитарлы-диктатуралық жүйеден әбден зәрезап болған, ығыры шыққан қоғамның үні іспетті көрінеді.

Бұл көрініс бұрынғы кеңестік елдердің (еуропаланған Балтық елдері мен Қапқазды қоспағанда) көбіне тән. Жасыратыны жоқ, соның ішінде, біз де бармыз. Анығында, саяси жүйенің тұрақсыздығынан бұрын, бір адамның денсаулығы негізгі мәселеге айналғаны жасырын емес.

Енді осы Арқадағ туралы аз-кем айтайықшы. Құрбанқұлы Бердімұхамедов деген кім? Ол туралы жұрт не дейді?

6 миллионға жуық адамы бар Түркіменстан көгілдір отынға бай ел. Былтырға дейін түркімен халқы сол байлықты тегін пайдаланып келді. Десе де, әлемдік қауымдастық үшін Түркіменстан Орталық Азияның «Солтүстік Кореясы» еді. Себебі, олар Түркіменстанды сыртқа есігін аша бермейтін «жабық ел» санады.

Бердімұхамедов – Түркіменстанның екінші президенті. 2017 жылы өткен өзінің үшінші  сайлауында ол 97 пайыз дауыс алған. Ол билік басына 2006 жылы келген. Батыстағы бақылаушылар Бердімұхамедов сайлауларының ешбірі әділ өткен жоқ деп бағалаған.

Бердімұхамедов қазір 62 жаста. Шен мен шекпен, атақ пен мансап бір басына жетіп-артылады. Сонда да сөз қылып отырған адамның сипатын ашу үшін сол ұзын-сонар мансаптың бірлі-жарымын жазайық.

Өзі – президент. Өзі – премьер-министр (министрлер кабинетінің төрағасы). Өзі – саяси қайраткер. Өзі – ғылым докторы. Өзі – академик. Өзі – Арқадағ (қамқоршы). Өзі – армия генералы. Өзі – композитор. Өзі – әнші. Өзі – жазушы. Өзі – ақын. Өзі – спортшы. Классикалық күрестен Ашхабад чемпионы болған (1972 жыл). 1973 жылы атудан Түркіменстан чемпионы атанған.

Бердімұхамедовтің хоббиі де көп. Ат баптайды. Атқа шабады. Велосипед тепкенді, балық аулағанды ұнатады. Оған қоса, Бердімұхамедов – автошабандоз. Бірнеше автожарыстың жеңімпазы. Каратэден 10-шы данның иегері. Таэквандодан 7-ші дәрежелі қара белбеуі тағы бар. Айта берсең, тегі көп.

Түркіменстандағы культқа табынушылық Бердімұхамедовке дейін де болғанын білеміз. Десе де, Бердімұхамедовті ұлықтау Сапармұрат Ниязовтан асып түспесе, кем қалған жоқ.

Оның «Ұлт көшбасшысы», «Арқадағ» деген бейресми атақтары бар. Оның өзін, отбасы мүшелерін ұлықтаған мыңдаған суреттер мен баннерлерді, оның атындағы саябақтар мен муниципалды мекемелерді, ескерткіштер мен мемлекеттік нысандарды айтпағанда, 30-ға жуық орден-медалі мен 20-ға жуық «Құрметті» деп басталатын қосымша атақтары  тағы бар.

Ол елуге келгенде әлемдік жұлдыз Женифер Лопес ән арнаған. «Happy Birthday, Mr. President» деп әндеткені әлеуметтік желіде қызу талқы болған.

Ең сорақысы сол, неке қидыруға келген жастарға Бердімұхамедов картинасының фонында суретке түсу міндеттелген екен. «Википедия» солай деп жазыпты.

Орталық Азиядағы табиға газға бай Түркіменстанның қазіргі президенті Бердімұхамедов туралы көп айтуға болады. Жоғарыдағы деректерге қарап отырсаңыз, кәнігі классикалық диктаторға тән сипаттың барлығын бір Бердімұхамедовтің бойынан табуға болады.

Ал енді оны «өлтіру» кімге керек болды? Орыс ақпараты неге осыншама дүрлікті? Философ Әбдірашит Бәкірұлымен әңгімелескен едік.

Әбдірашит Бәкірұлы:

-Разведка работает. Оған мүмкін түркіменбасы өзі тапсырыс берген шығар, маңайымдағылардың әужайын аңлап алайын деп...

Егер ақпарат өтірік болса, онда дәл солай. Ендеше, Бердімұхамедов орыстармен жаңа қарым-қатынас жасау жолдарын іздеп жатқан болып шығады. Соған сай ол өзіне кім серік боларын, кім қарсы боларын анықтап алуға мәжбүр. Мұны мен саясаттағы «марктвеншілік» деп айтар едім: «Слухи о моей смерти считать преувеличенным» деген. Есесіне, маңайын жаңартып, тазалап алуға жеңіл. Бұл Сталин заманынан бері қалыптасқан тактика ғой.

Батыс елдері бұл тактиканы қолданбайды десе болады. Өйткені, демократия үстем қоғамға бұл тактиканың еш қажеті жоқ. Бұл тек авторитарлы-тотолитарлы қоғамда ғана қолданылады. Сондай-ақ, монархиялық қоғамда да қолданылуы мүмкін. Мысалы, ежелгі араб халифатында ол тактика кеңінен қолданған. «Мың бір түн» ертегілерінде бұл сюжетті табуға болады.

Ал қырғыз қоғамының мобилділігі (ылдым-жылдымдығы) бізге қарағанда әлдеқайда жоғары. Сондықтан онадай «өсек-аяңның» құйрығы бір тұтам ғана. Сол себептен, қырғыздар идея үшін ашық конфронтацияға бара алады. Сол себепті, олар конфронтацияның ең «бейбіт жолы» - демократиялық жолды таңдаған. Сонда ғана үлкен қақтығыстар боламайды. Көпшілікті азшылық мойындайды. Ол бізде «дала демократиясы» деп аталмаушы ма еді ежелден?

Тура мағынасында «демократия» деп ешкім айтпады демесең, даланың өмір сүру заңы, яғни, кең далада қауіпсіз өмір сүрудің шарты «демократиялық ұстанымдар» болғаны анық. Қазақтың қоғамдық санасы, дүниетанымы негізінде сол ұстанымдар басымдықта болуы - осыны дәлелдейді.

Тұтас қазақ жерін рулық-тайпалық негізде қорғау үшін барлық тайпалар мен рулардың арасында приоритеттік тепе-теңдік сақталуы тиіс болды. Қазақ мемлекеттерінің жарғылары да осыны көздеді. Хандыр мен билер де «қара қылды қақ жаратын» әділ шешімдер шығаруға мәжбүр еді. Себебі, бұра тартқан Ханның өмірі ұзаққа созылмайтын...

Ондай хандарды өз бауырлары да өлтіріп тастайтын. Сондағы басты себеп - оның әділетсіздігі. Өлтіруші жақ өз қылмысын тек осылай ғана ақтай алатын.

Біздегі кейбір елдерде формасы жағынан «президенттік» (сайланбалы билік), ал мазмұны жағынан «хандық» мемлекеттер құрылғанын жоққа шығармаймын. Бірақ, ол бұрынғы хандықпен салыстыруға келмейді. Себебі, бұрынғы Хандар мемлекет тәуелсіздігіне тікелей жауапты болды. Қазір «президенттік» дей отырып, ол жауапкершіліктен сытылып кету жолдары ашық. Яғни, бұрын өзі сайлаған ханды халық билер институты арқылы өзі алып тастау мүкіндігі болған. Қазір ол мүмкіндікті жетілмеген сайлау туралы заңдармен буып тастаған. Осы жағдайды «қалталы парламент» те қамтамасыз етіп отыр.

Ресей «ашық ойынға» қазір бара қоймас... Тіптен, Түркіменстанды Еуразиялық экономикалық одаққа кіргізгісі келгеннің өзінде, ол үшін басқа тетіктер жеткілікті. Ал «террористік мемлекет» деген атаққа ілігу сол қадамға бару - Ресейге бүкіл түркімен газынан қымбатқа түсуі мүмкін. Сондықтан олар оны «утка» ретінде ғана «сыпайылап» айтқан болса керек...

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435