Ноябрь Кенжеғараев. Абай өлеңдеріндегі лирикалық қаһарман
Поэтикалық нарратологияда автор бейнесінің түрлі деңгейдегі көріністерімен қатар, көркем шығарманың туу және жеткізілу, яки баяндалу механизмдері зерттелетіні белгілі. Әдебиетті шығармашылықтың тегі ретінде қарастыратын автор теориясында «автор», «актор», «ауктор», «нарратор», «рецептор», «бенефицарий», «скриптор», «комплитатор», «комментатор», т.б. атаулар тиесіленіп жүрсе, көркем шығармадағы автордың көрінісіне байланысты «автор», «автор бейнесі», «ақын тұлғасы», «лирикалық қаһарман», «лирикалық кейіпкер», «лирикалық персонаж», лирикалық «мен», «автор тұлғасы», авторлық «мен», «лирикалық тұлға», «лирикалық образ», «лирикалық бейне», «ақын бейнесі», ақындық «мен», «лирикалық қаһарман образы», т.б. Көркем шығармадағы автордың көрінісіне қатысты көптеген ұғымдар әдебиеттің лирика тегіне қатысты қолданылады. Эпосқа байланысты автор бейнесі бөлекше өрбігенімен, лирикадағы авторға тән қасиеттері де жоқ емес. Демек, әдебиет тектерінің спецификалық ерекшеліктеріне тән туындайтын өзіндік ерекшеліктері, айырмашылықтары бар, сондай-ақ әдебиеттің өзге тектерімен тұтастықтары да жоқ емес.
Поэтикалық нарратологияда автор бейнесінің түрлі деңгейдегі көріністерімен қатар, көркем шығарманың туу және жеткізілу, яки баяндалу механизмдері зерттелетіні белгілі. Әдебиетті шығармашылықтың тегі ретінде қарастыратын автор теориясында «автор», «актор», «ауктор», «нарратор», «рецептор», «бенефицарий», «скриптор», «комплитатор», «комментатор», т.б. атаулар тиесіленіп жүрсе, көркем шығармадағы автордың көрінісіне байланысты «автор», «автор бейнесі», «ақын тұлғасы», «лирикалық қаһарман», «лирикалық кейіпкер», «лирикалық персонаж», лирикалық «мен», «автор тұлғасы», авторлық «мен», «лирикалық тұлға», «лирикалық образ», «лирикалық бейне», «ақын бейнесі», ақындық «мен», «лирикалық қаһарман образы», т.б. Көркем шығармадағы автордың көрінісіне қатысты көптеген ұғымдар әдебиеттің лирика тегіне қатысты қолданылады. Эпосқа байланысты автор бейнесі бөлекше өрбігенімен, лирикадағы авторға тән қасиеттері де жоқ емес. Демек, әдебиет тектерінің спецификалық ерекшеліктеріне тән туындайтын өзіндік ерекшеліктері, айырмашылықтары бар, сондай-ақ әдебиеттің өзге тектерімен тұтастықтары да жоқ емес.
Поэзиядағы авторлық дискурсте қолданылатын көркемдік, поэтикалық өнімді тәсілдердің бірі - авторлық маска, рольдық ойындар, рольдық ойындардағы кейіпкер бейнесі болып табылады. Лирикатануда поэтикалық баяндаудың тәсілдеріне байланысты қалыптасып қалған түрлі пікірлер бар. Соның бірі, лирикалық шығарма автор тарапынан баяндалады, лирика көп жағдайда монологты, жеке тұлғаның өз ішкі әлеміндегі ой-тұжырымдарын, сезім-толғаныстарын бейнелеп, сыртқа шығаруы деген сынды көзқарас. Алайда көптеген көркем шығарманың мәтінің зерттеушілер поэтикалық нарратологияда монологтық баяндаудан басқа да көптеген тәсілдері бар екендігін ғылыми түрде анықтап, дәлелдеп берген жөні бар: «Авторской монолог - это лишь предельная лирическая форма. Лирика знает разные степени удаления от монологического типа, разные способы предметной и повествовательной зашифровки авторского сознания - от масок лирического героя до всевозможных «объективных» сюжетов, персонажей, вещей, зашифровывающих лирическую личность именно с тем, чтобы она сквозь них просвечивала» [1, 7].
«Өмір дегеніміз - театр, ал барлығымыз соның актерлеріміз»-, деген ұлы Шекспирдің сөзін назарда ұстанатын болсақ, өмірде әлеуметтік қатынасқа түскен әр адамның түрлі жағдаяттарға байланысты әр түрлі бейнеге енетіні аян. Бұл модельді, әсіресе, адамның мінез-құлқы мен адами қасиет-құндылықтарына, ұстанған моральдық кредоларына байланысты қолданатынымыз аян. Өмірдің шырғалаң шатпағында адами қасиеттеріміз, белгілі жағдаяттарға байланысты көзқарас-пікірлеріміз бен ниет-тілектеріміз, іс-әрекеттеріміздің сан өзгеріп жататыны шындық.
Ал дана Аристотельдің өнердің «мимесистік» табиғаты туралы қағидасын еске алатын болсақ, адам бойындағы түрлі құбылу-өзгерістер көркем-әдеби тәсіл ретінде өнерге, оның ішінде лирика жанрына көшкені таңданыс тудырмайды.
«Маска» сөзінің қазақ тіліндегі баламасы «бет-перде» дегенге саяды. Ауызекі тілде айтылатын «бет-пердесін ашу», «бет-пердесін сыпыру» деген сөз тіркестерінің «адамның жалған қалыбын сылып тастап, шынайы қасиеттерін әшкере ету» деген мағынада қолданылатыны анық.
Лирикадағы бет-перде автордың түрлі бейнелерді терең сомдауға, шығармашылығында жаңа пішін, жаңа мазмұн ашатын, жанр табиғатының байлығына сай, ойды көркем жеткізудің тәсілі ретінде қолданылады.
Абай өзінің «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген өлеңінде:
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
Бұл махрұм қалмағыма кім жазалы,
Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім? [2, 47],-
деп авторлық масканы шығармашылық тәсіл ретінде пайдаланады деп айта аламыз. Лирикалық шығармада автор мен лирикалық қаһарман, лирикалық кейіпкер бейнелері қатар жүретіні заңдылық. Әдебиеттанушылардың мәтінді поэтикалық талдауы, қарапайым оқырманның талдауынан бөлек болуы керек. Қатардағы оқырман автор бұл шумақтарда өз өмір жолдары туралы айтып тұр деп ары қарай идеялық талдау жасайды. Алайда, өкінішке орай, көптеген жылдар бойына әдебиетшілер қауымы да, қатардағы оқырмандық талдау қалыбында қалып, лирика әрбір айтылған сөз тура реалды автордың өзіне тиесілі деген қағидадан ұзай алмағандығымызды көрсетеді. Үнемі өсу, ізденіс, даму, динамика, эволюция үстіндегі ақын жаны әдеби тәсіл әсірелеу арқылы, өзін барлық нәрседен махрұм қалған жан етіп көрсетуі, әдетте тиімді пайдаланылған бет-перде екендігін айта аламыз. Ғылымнан шет қалған, хабары жоқ, ғылым-білім еш уысына түспеген жанның өз әрекеттерін көре біліп сараптауы, ой қорытуы, өзінен есеп алуы, талдауы «ақылды» жандарға лайық қасиет екендігі аян. Ақын кейінгі оқушыларына, болашақ жас өркен балаусаға әсер етіп, жүректеріндегі отты үрлеп ояту үшін қолданған көркем тәсілі деп қарастырамыз.
Ақынның бұл өлеңіне талай жылдар бойына идеялық талдаулар жасалды. Енді ақын өлеңдеріне дискурстық, поэтикалық талдау жасайтын кезең келді. Осы тұста Абай поэзиясының басты ерекшелігін мойындауымызға тура келеді. Абай поэзиясы - хатқа түсіп қатталған лирика теориясының қалыптарына түгел дерлік сия бермейді. Абай поэзиясы - қазақ қоғамының қасіретті тағдыры тудырған төлтума ерекшеліктері бар поэзия. Өлеңдерінде дидактика мен философияға көп бой алдыртатыны, әр өлеңінде «халықты түзесем екен», «халықты оятсам екен», «халықты тура жолға салсам екен» деген, Ж.П.Сартдің тілімен айтсақ «ангажированность»- «әуестілік» [3, 331], яғни халық тағдырына әуестілік, әлеумет жағдайына әуестілік, елдегі саяси-әлеуметтік, рухани-моральдық деформацияға әуестілік басым болып келеді. Алып Абай осындай мәжбүрлі «әуестіліктерді» қатар ала жүріп, лирика жанрының шыңына да қол жеткізеді.
Абай өлеңдерінде лирикалық қаһарман көп жағдайда әлеуметтен рухани тұрғыда жоғары тұрған, төңірегіндегі болып жатқан дүниелерді таразыға салып, бағамдап, бағалап отыратын тұлға болып келсе, кейбір өлеңдерінде өзімен-өзі араздасып, өз мінін жіпке тізген, өз нәпсісімен арпалысқан адам тәрізді көрінетін тұстары бар. Махаббат, достық, сүйіспеншілік, ғашықтық тақырыптарына келгенде «Жас жүрегім, жанды менің» деп желдей есетін ақын, әлеумет мәселелеріне келгенде «қажыған», «арық», «қайғылы» қартқа айналып шыға келеді. «Қайғы шығар ілімнен» деген өлеңінде ақынның лирикалық кейіпкері өзімен сұхбаттасып, мынадай сөздерді айтады:
Қайтіп қызық көремін
Әуре-сарсаң күнімнен?
Қайрылып қарап байқасам,
Ат шаба алмас мінімнен [2, 182].
Ақын көркем бейнелілік арқылы өз бойында мінінің көп екендігін айтып отыр, ақын да ет пен сүйектен жаратылған адам, оның өз бойында түрлі міндердің болуы заңдылық, лирикалық кейіпкер сол міндерден тазартудың, құтылудың, жоюдың жолдарын іздестіріп, күресуге бел байлап отыр деп қарапайым талдауымызға да болады. Лирикалық кейіпкер кемшіліктен ада, періште тәрізді жан емес, көпшілік қабылдаушылар сынды пенде екендігін еске салып, қабылдаушы санасында бұл да кемшілікті екен, сол кемшіліктерімен күресіп отыр екен, бұл сынды менде өз кемшіліктерімді түзетуге тырысайын деген катарсистік ой тудыруға арналған тәсіл деп түсінсек керек. Бір келісетін жәйт, ақынның «ақылшы», «бәрін білуші» бет-пердесінен ауытқып, қабылдаушы үшін жаңа бейнеге көшкендігі, оның автор маскасын өзгерткендігін, көркемдік тәсілді пайдаландығын айғақтайды.
Абайдың «Ойға түстім, ойландым» өлеңі лирикалық шығармадағы автор маскасының қолданылуының классикалық үлгісі деп айтуымызға болады.
Ойға түстім, толғандым,
Өз мінімді қолға алдым.
Мінезіме көз салдым,
Тексеруге ойландым
Бойдағы мінді санасам,
Тау тасынан аз емес.
Жүрегімді байқасам,
Инедейін таза емес [4, 120], -
деген өлең жолдарын реалистік әдіс шеңберінде талдасақ, ақынның сыншыл да сыршыл лирикасы, «мінсіз адам болмайды», «адам болғаннан кейін кемшілік тән» деп өз мінімен күреске түскен адамның жан сыры деп қарайтын едік. Монодиалог, автокоммуникация лирикалық қаһарманның өз ішкі дүниесінің жағдайынан хабар беруі, арылу, тазару процестерінің жүре бастауы деп талдауға болатын-ды. Қазіргі таңдағы оқырман үшін ұлттық идеал деңгейіне жетіп, даналықтың, адалдықтың, тазалықтың, әділдіктің символы болып саналатын Абай бейнесіне «бойындағы міні тау тасынан аз емес, жүрегі инедейін таза емес деген» теңеулер қаншалықты жарасымды бола қояр екен. Оқушы Абайдың қай бейнесіне сенеді?Жылдар бойына қалыптасқан хакім Абай бейнесіне ме, «жүрегі инедейін таза емес» өз-өзімен арпалалысқан кемшілікті адам бейнесіне ме? Өзін сынау, өзіне көңілі толмау, өз жанын жегідей жеу, өзін қоярға жер таба алмай ар алдында арпалысу, ар тазалығына байланысты невроздық хал сынды модернистік, экстенциалдық әдебиеттің элементтері ұшырасқанымен, бұл өлеңде ақын автор маскасын ұтымды пайдаланып, лириканың басты функцияларының бірі «әсер ету эстетикасына» сай қабылдаушыға әсер етудің жаңа деңгейіне шығады [5, 133]. Лирикатанушы ғалым Л.Гинзбургтың мына пікірлері түрлі ой салады: «Лирическая поэзия - далеко не всегда прямой разговор поэта о себе и своих чувствах, но это раскрытия точка зрения, отношение лирического субъекта к вещам, оценка. Поэтическое слово непрерывно оценивает все, к чему прикасается, - это слово с проявленной ценностью. По самой своей сути лирика - разговор о значительном, высоком, прекрасном (иногда в противоречивом, ироническом преломлении); своего рода экспозиция идеалов и жизненных ценностей - в гротеске, в обличении и сатире» [1, 8].
Ақын Абай да лириканың жанрлық қасиеттерін жете меңгергендіктен, өз өлеңдерінің жарыққа шығып, баяндалуын түрлі тәсілдермен жеткізуге тырысқан. Көбіне «ақылман» лирикалық қаһарман бұл тұста басқа «бет-пердемен» көрінген. Жағымды лирикалық қаһарманнан «жағымсыз қаһарманға» айналған, гротеск тәсілі, қарама-қарсылықтарды ойнату арқылы жаңа эффект тудыруға тырысқан. Ақын өз жүрегінің неліктен кірлегенінің себептерін де қабылдаушысына ежіктеп түсіндіріп кетеді:
Осынша ақымақ болғаным
Көрінгенге қызықтым.
Ғаділетті жүректің
Әділетін бұзыппын.
Ақыл менен білімнен
Әбден үміт үзіппін;
Айла менен амалды
Меруерттей тізіппін
Жалмауыздай жалаңдап,
Ар, ұяттан күсіппін.
Қулық пенен сұмдыққа
Құладындай ұшыппын;[4, 120].
Ақын өзін жағымсыз лирикалық қаһарман, не антиқаһарман ретінде бейнелей отырып, өз заманының қабылдаушыларының типтік бейнесін сомдайды. Автор маскасын пайдаланып, антиқаһарман сипатындағы бейне суреттей отырып, бір ғана кейіпкердің бейнесін емес, мыңдаған кейіпкерлердің бейнесін кескіндейді. Әсер ету эстетикасы, лирика құдіреті арқылы автор өзін сөккен болып, сомдалған образдан өздерін таныған қабылдаушы қауым өкілдерін дерттерін емдеуге, кемшіліктерін түзеуге, антиқаһарман бейнесінен өз бейнесін көріп, автотерапия жасауға ұмтылар деген стратегиядан туындаған тәсіл. Жүрек сөзін тыңдауды ұмытқан, айла мен амал серік еткен, ар-ұятты ығыстырып қойған, қулық-сұмдыққа епті қазақ қоғамының азаматтарына әдеби-көркем, эстетикалық әсер етудің үлгісі. Автор жалаң ұран, жалған пафос арқылы емес, не құрғақ дидактика, мораль, саяси-әлеуметтік үндеу, декларациямен емес, сөз өнері, оның ішінде лириканың құдіреті арқылы қабылдаушылардың жан дүниесіне әсер етуді көздейді. Абайдың бұл өлеңі қай заман болсын өз құндылығын жоймайды. Қай заманда болсын бұл өлеңді оқыған оқырман, жүрек түкпірінде түрлі ойға қалатыны анық. Ең қарабайыры, алып Абай өзін осылай сөге жамандағанда, «мен кім болыппын», «менің ішім, адамдығым, болмысым таза ма» деген сауалдар қойып, толғанатыны ақиқат. Демек, автор өз мақсатына, оқушыны тебіренту, толғаттыру, автотерапия үдерісін бастау деген сынды мақсат-межесіне қол жеткізіп отырғандығына көзіміз жетеді. Ғалым Л.В.Сафронованың авторлық маска туралы айтқан мына тұжырымдары Абай лирикаларындағы оның қолданысының өте ұтымды екендігін дәлелдейтіндей: «Одновременно авторская маска имеет и автотерапевтические функции, защищая автора от расщепления личности и «социальной мести» в литературе андерграуиде.
Авторская маска предлагает адресату произведения позицию внутренне свободного, игрового, творчески ситуативного поведения» [6, 184].
Авторлық масканы пайдалану арқылы автор өз лирикалық кейіпкерінің бойына танылған «ақылды, бәрін білетін, үнемі ақыл айтатын, жол көрсететін, кейде жазғыратын, кінәлайтын, кейитін» бейнесін өзгеріп, қатардағы кемшілікті қабылдаушылардың бірі сынды болып көрініп, сол бейнеге еніп сөз сөйлеуі арқылы, қабылдаушыға жаңа эстетикалық, эмоциялық, рухани-этикалық аффект, әсер сыйлайды. Көп өлеңдерінде ақын тарапынан өткір сын, ащы ажуа, ақыл естіп үйренген қабылдаушыға, бұл өлеңдерінде автормен «терезі тең адам» екендігін сезіндіріп, ешнәрсенің құрдымда кетпегендігін және түзелуге ешқашан кеш еместігін тағы да ұғындырғандай әсер қалдырады.
Абай өлеңдерінің нарратативті, дискурстивті поэтика тұрғысынан әлі де зерттеле түсу қажеттілігі сезіледі. Ақын поэзиясы идеялық тұрғыда көп талданды, енді кешенді поэтикалық зерттеулердің нысанына айналу керек.
Ноябрь Кенжеғараев
Абай атындағы ҚазҰПУ-нің
«Абайтану» ғылыми-зерттеу
орталығының аға ғылыми
қызметкері, ф.ғ.к.
Әдебиеттер
1. Гинзбург Л. О лирике. Ленинград: Советский писатель, 1974.
2. Абай. Т.1. Алматы: Жазушы, 1995.
3. Сартр Ж.П. Что такое литература? - В книге: Зарубежная эстетика и теория литературы ХІХ-ХХ вв. Трактаты, статьи, эссе. Москва: Изд.Московского университета, 1987.
4. Абай. Т.2. Алматы: Жазушы, 1995.
5. Науман М. Литературное произведение и история литературы. Москва: Радуга, 1984.
6. Сафронова Л.В. Автор и герой в постмодернисткой прозе. Докт.диссер на соик.ст. доктора филологических наук. Алматы, 2007.