Билік құлдыраудың соңғы шегіне жетті
Баяғыда бір режиссердің кино түсірілім алаңына барғам. Киноға түсіп жатқан актерлердің əжептəуір танымалдылығы бар. "Хайуан, хайуан" деп айқайлап, актерлерді құл секілді көреді. Бір актер сөз қайтара алмайды. Олар қорғансыз. Олар сол режиссердің ғана емес, жүйенің құрбаны. Егер сөз қайтарса, жұмыссыз қалады. Себебі, ол режиссердің билікте крутой достары бар. Жылпылдап, жағынып соларды жағалап жүреді. Ол олардың тілін табады. "Бас рөлдегі қыз жасанды ойнайды" деп едім, басым бəлеге қалды. Сөзге кеп қалдық.
***
Қатемен жазатын бір журналисті білем. "Ол редакторға соғым əкеп береді, сол үшін жұмыстан шығармайды" дейтін білетіндер. Өтірік-шынын кім білсін? Сол журналист көтеріліпті. Таңғалатын не бар? Солардың заманы ғой. Бұл биліктің маңында қаншама сауатсыз жүр емес пе? Сол журналисті бəрі құттықтап жатыр. Олар да оның сауатсыз екенін біледі. Бірақ ешкім "сен ол орынға лайық емессің" деп айтпайды. Еш болмаса, қарсылығын құттықтамай көрсетпейді. Себебі, олар біреудің жақсылығын бөліскеннен бұрын "бір көмегі тиіп қалар" деп ойлайды, үміттенеді.
***
Билікке барған таныстарым бар. Көрген жерде сəлеміміз түзу. Жарып бара жатқан білімі, потенциалы жоқ. Енді бұл билікке жанып түрған жастар емес, орта деңгейлі адамдар керек секілді. Солар көп өтпей мұрнына есекқұрт кіріп, адам танымай қалады. Ойбой, байғұстар адаммен кергіп сөйлеседі ғой. Интеллектісі төмен олар халықтың қамын қайдан ойласын? Олардың деңгейі жоғары болса, өзгеріп шыға келмес еді.
Қазір көп жер жанып тұрған жастарды жұмысқа алғысы келмейді. Қауіптенеді. Бағынбай ма деп қорқады. Кемшілігімді, қателігімді, ішкен-жегенімді аша ма деп қорқады. Жүйе жағымпаз адамдардың санын арттырды. Жағымпаз адамдардың образын жасады. Отандық арналарда үндінің төмен сортты сериалын қаптатып, қазақтың интеллектісін өлтіру жұмысымен айналысты. Қазақты қорқытып-үркітіп, құлдық сана деңгейіне түсіргісі келді.
***
Адам құндылығы... Кешіріңіз, біздің қоғамда адам тым құнсызданып кетті. Адамда құн қалмады. Оны атып кетуге, басып кетуге, жаншып кетуге болады.
Жүйе батпаққа батқан. Саяси элитаны тұтас өзгертпей, саяси реформалар жасамай батпақтан шыға алмайды-ау жəне өздері де шыққысы келмейді. Себебі, үйренген жерлері, батпақта жата беру өздеріне ұнайтын секілді.
Мен эволюциялық жолмен дамығанды қолдаймын. Бірақ билік халықпен диалог жасамаса, онда революциядан басқа жол жоқ. Билік құлдыраудың соңғы шегіне жетті. Революцияны қалайық, қаламайық соған өзі келе жатырмыз.
Аягүл Мантайдың facebook парақшасынан
Abai.kz