Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 6413 13 пікір 26 Шілде, 2019 сағат 12:24

Атамбаев: Бөтен елдің сайлауына араласпау керек

Осыдан тұп-тура екі күн бұрын қоңсылас жатқан қырғыздың экс-президенті Алмазбек байке Атамбаев Мәскеу ұшып кеткен еді. "Ақаев ағасының ақылын сұрауға кетті" деп кекесінге салғандар да болды. "Атамбаев Кремльге бас сауға сұрап барды" дегендер де болды. Несін сұрайсыз, осы кеткені кеткен деген Атамбаев кеше Қырғызстанға қайтып оралды. 

Сөйтсек, өзінің өкілеті аяқталған соң, қырғыз тағына өзі жетелеп әкелген Сооронбай Жээнбековпен айқасқа түскен Алмаз байке, аяғында сары орыстан сауға сұрай барыпты. Сұрамасына тағы болмады. Сооронбайдың "соты" Атамбаевты үш мәрте шақырды. Тергеу-тексеріс күшейді. Қырғыздың "Мизамы" (Заңы) өзгерді. Ондағы "бұрынғы президенттер қудаланбайды" деген тармақ өзгерді. Шекарадан шығуға тыйым салынды. Не керек, бір саяси партиядан шыққан екеудің егесі күн өткен сайын өрши түсті. Алмаз байке Атамбаев ақыры Мәскеу барды.

Басында, "бармасыма болмай тұр, достарым шақырып жатыр" деп кеткен. Кейін ол досының кім екені де белгілі болды. Ол енді ешкімге интрига емес шығар. Солбаяғы Путин ғой. Ресей президенті - Владимир Путиннің нақ өзі.

Путиннің арнайы жасағы (ФСО) Атамбаевты әуежайдан күтіп алып, кортежін Кремльге дейін күзетіп барыпты. Ескідегі "екі достың" кездескені туралы бәрі жазды. Путин де, Атамбаев та ашығын айтты. Путин арнайы ұшақ жіберіпті. Күтіп алыпты. Екеуі кездесті. Сөйлесті.

Қырғыздағы "Кант" әуебазасынан ұшып бара жатып, "Путин бірнеше рет шақырған соң, сапарлап барудан бас тарта алмағанын" айтқан еді. Келген соң да біраз әңгіменің басын қайырып, баспасөзге сұхбат беріпті. Сол туралы сөз етпекпіз. Мәскеуге не үшін барғаны туралы егжей-тегжейлі айта келіп, бұрынғы Қазақстанмен арада болған дауды еске салыпты.

Сонымен, Мәскеуден келген Алмазбек байке Атамбаев Путин мен Назарбаев туралы не деді? Көріңіз...

Путиннің "қырғыздар Жээнбековтың жанына топтасуы керек" деген сөзі туралы:

"Құрметті Владимир Путин бірігуі керек деп айтама, мысалы Трамп айта ма, оның өзінің уақыты бар. Мен Влаимир Путинге "меніңше осы мезгіл өтіп кетті" деп айттым. Сооронбай Жээнбеков әрекетін қылып көрсін. Шындығында көріп жатырсыңдар, ол кісі елдің бірлігін сақтау үшін бірінші күннен бастап жұмыс жасау керек еді", дейді Атамбаев.

Қырғыздың басшылары соңғы шешімді Мәскеуде қабылдайды деген жұрттың сөзіне:

"Мәскеуге не үшін бардым? Мәскеуге барғаным үшін сынап жатқандар бар. Ол – Ресей президенті ғана емес, менің досым, жақыным. Маған ұшақ жіберді. Шақырды. Ұшып келуімді бір емес, бірнеше рет сұрады. Бармаймын десем ұят болмай ма?! Сол үшін барып келдім. Ол кісі алаңдап отыр. Қырғызстан не болып кетер деп отыр. Мәлімдемесін өздеріңіз де естідіңіздер. "Шынымен үшінші рет революция болмақ па?" деп алаңдап отыр. Мен ол кісіге: "Революцияны әрдайым биліктің өзі жасайды" деп айттым"  деді Атамбаев.

Алмазбек Атамбаев өзін президенттік сайлау алдында сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен Өмірбек Бабановпен салыстарғандарға да жауап беріпті.

"Біріншіден, мен президент сайлауына түсіп жатқан жоқпын. Сайлау науқаны жүріп жатқан жоқ. Омурбек Токтогулулы көрші елге барып, [Нұрсұлтан Назарбаевтың] разылығын алып келді. Сұрағаны разылық қана емес шығар. [Қазақстанның] жасағаны да дұрыс емес деп ойлаймын. Бөтен елдің сайлауына араласпау керек. Мен біздің елдің саясаткерлерінің көрші елдерден қаржылай қолдау алған кездерін көрдім. Кейін олар сол ақшанің өтеуін жақсылап қайтарды. Сондықтан, бұл дұрыс емес деп есептеймін. Егер сен Қырғызстанның президенті болғың келе ме, алдымен өз халқыңның батасын ал. Менің отбасым ешқайда қашып жатқан жоқ. Шықса тағы өсектейді, шықпаса тағы өсектейді" деді Атамбаев.

Естеріңізге сала кетейік, Қырғызстанның Ішкі істер министрлігі бұған дейін Алмазбек Атамбаевты үш мәрте тергеуге шақырған. Атамбаев бұл үш шақыртуды да елеген жоқ. Ал кеше Мәскеуден келген Алмазбек Атамбаев тергеуге мүлде бармайтынын айтты.

Естеріңізде болса, 2017 жылы Қырғызстандағы президент сайлауына түскен, президенттікке үміткер болған Өмірбек Бабанов Алматыда Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, батасын алған. Алмазбек Атамбаев сол кезде өзінің наразылығын білдіріп, Қазақстанның билік басындағы азаматтар туралы пікірін айтқан. Ол "Назарбаев Қырғызстанның ішкі ісіне араласып, өзіне ыңғайлы кандидатқа қолдау көрсетті" деп айыптаған еді. Назарбаевтың батасына, Атамбаевтың ашулануының ақыры, арадағы шекараны шегендеуге дейін жеткен. Қазақстан жағы шекарадағы тексеруді күшейткен. Тек жаңадан сайланған президент Сооронбай Жээнбеков Назарбаевпен кездескеннен кейін ғана кедендегі жағдай қалпына түскен.

27 маусымда Қырғызстан парламенті Алмазбек Атамбаевты экс-президент және тиіспеушілік мәртебесінен айырған. Қырғызстанның бұрынғы президентіне қызметте жүріп жемқорлыққа жол берді, өкілетін асыра пайдаланды және заңсыз байыды деген сияқты жалпы саны бес айып тағылған. Атамбаев бұл айыптардың бәрін жоққа шығарып, үстінен қозғалған істің саяси астары бар деп мәлімдеген.

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1533
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3313
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6006