Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2318 0 пікір 12 Шілде, 2011 сағат 10:58

Жүкел Хамайұлы. Күн кестесі

Жұмекеннің поэзиясына толғау

І.

Енді қазақтың ең ғажайып ойлы ақыны Жұмекен Нәжімеденовтың өлең сөзіне талдау жасап көрейік. Көңілдің дайындығынсыз оқып, астарына үңілуге келмейтін терең сырлы, иірім, қатпары көп өлең Жұмекенде. Сондығынан болар, Жұмекеннің өлеңсөзі туралы ой айтқан зерттеуші тым сирек. Анау бір жылдары баспасөз бетінен Жұмекеннің шығармаларына зерттеу жасап жүрген бір аспирант қыздың мақаласын оқығанымыз бар. Бірақ ол мақаладан дей қоярлықтай ой есте қалмапты, демек біздің сол кездегі көңіл күй, шама-шарқымыздың мақаланың деніне бойлай алмағаны немесе мақаланың Жұмекеннің поэзиясына жетпегендігі. Есесіне жуықта ( 01.2004.ж.) «Ел арна» телеарнасынан Жұмекеннің жары, аяулы жеңгеміздің ақын шығармашылығы туралы сыр толғап, сыншылардың Жұмекеннің поэзиясы туралы тіл қатпайтынына іренжіңкіреп, «Бүгінде жерден жеті қоян тауып алғандай, «сондай ой айттық, мұндай ой айттық» деп жүргендердің айтпағын тыңдап алып, - Құдай-ау! Осы ойды Жұмекен баяғыда айтып кетіп еді ғой, деп ойлаймын!..», деп айтып отырғанын естідік. Жұмекеннен сақталған қолжазба 10 томдық кітапқа жететінін білдік...

Жұмекеннің поэзиясына толғау

І.

Енді қазақтың ең ғажайып ойлы ақыны Жұмекен Нәжімеденовтың өлең сөзіне талдау жасап көрейік. Көңілдің дайындығынсыз оқып, астарына үңілуге келмейтін терең сырлы, иірім, қатпары көп өлең Жұмекенде. Сондығынан болар, Жұмекеннің өлеңсөзі туралы ой айтқан зерттеуші тым сирек. Анау бір жылдары баспасөз бетінен Жұмекеннің шығармаларына зерттеу жасап жүрген бір аспирант қыздың мақаласын оқығанымыз бар. Бірақ ол мақаладан дей қоярлықтай ой есте қалмапты, демек біздің сол кездегі көңіл күй, шама-шарқымыздың мақаланың деніне бойлай алмағаны немесе мақаланың Жұмекеннің поэзиясына жетпегендігі. Есесіне жуықта ( 01.2004.ж.) «Ел арна» телеарнасынан Жұмекеннің жары, аяулы жеңгеміздің ақын шығармашылығы туралы сыр толғап, сыншылардың Жұмекеннің поэзиясы туралы тіл қатпайтынына іренжіңкіреп, «Бүгінде жерден жеті қоян тауып алғандай, «сондай ой айттық, мұндай ой айттық» деп жүргендердің айтпағын тыңдап алып, - Құдай-ау! Осы ойды Жұмекен баяғыда айтып кетіп еді ғой, деп ойлаймын!..», деп айтып отырғанын естідік. Жұмекеннен сақталған қолжазба 10 томдық кітапқа жететінін білдік...

Өзін ақын, жазушы тұтатын кез-келген адамның ұсталық дүкенінде[1] кие тұтатын адамының сүгіреті қастерленеді. Мысалы, жазушы Мұқтар Мағауинның дүкенінде Күлтегін мен Шыңғыс қағанның сүгіреті қастерленетіні секілді[2], біздің дүкенімізде де Ұлы Абайдың келбеті бейнеленген кілемше[3], Шыңғыс қаған мен Жұмекеннің сүгіреті қастерленеді. Соңғы екеуі де Байкал жағалап, Алтай асқан көшімізбен бірге Моңғолия астанасы Ұланбатырдан жеткен. Талдықорған мен Алматыны шарлап 13 жылға созылған «ұлы» көшімізде бізбен бірге бірде студенттер жатақханасында, бірде тозығы жеткен баракта, енді бірде Алатаудың қар басқан саяжайындағы жаздық үйде, бізден бір елі қалмай бірге көшіп, бірге қиналып, бірге қуанып жүрді. Бұлардың ішіндегі ең «жасы» - Абайдың кілемшесі, ол 1995 жылдың тамыз айында ақынның туылғанына 150 жыл толған мерей тойында қолымызға тиген. Одан кейінгісі-Шыңғыс қаған, ол 1990-жылы «Моңғолдың құпия шежіресі» кітабы жазылуының 750 жылдық мерей тойында қағанның туған жері Делүгүн Болдұқтың төскейінде қолымызға түсті. Ең «кәрісі» - Жұмекен Нәжімеденов, ол 1989- жылы 5- айының 20, біздің 30 жасқа толған күні Білге Тұнұқұқтың ескерткіші кешенінің басында қазақтың зиялы азаматтары Ақеділ Тойшан, Бақытхан Қуанған, Бабақұмар Қинаят, Мейрам Дәлелхан, Әбдікәрім Мәжіретхандардың атынан, біздермен бірге бабаларымыздың аруағына құран оқып беруге барған жасы 70-ті алқымдаған молда Қасейін Ережепұлының қолымен ұсынылды. Сүгіретте Жұмекеннің бас келбеті құрт-құмырсқа, жапырақ-бұта, шағыл-құм, сағым-мұнар...т.т табиғаттың небір көріністеріне көміліп, аспан мен жердің арасында самай шашы желге желбіреп, ақ шағылды ауылдың кешкі түтініне көмкеріліп тұрған бейнеде, бірыңғай шымқай қоңыр түспен салынған. Оң жақ үстінгі бұрышына ақынның,

« ...Өтелмеген,

бір парызым бар анық.

Табан тесіп,

Сирағымды жарағып.

Әлдекімге,

Мен әйтеуір алқынып,

Келе жатқан сықылдымын дәрі алып!...», деген өлең шумағы жазылған. Сүгіретті Мейрам Дәлелхан салған. Міне, содан бері Жұмекен күндіз-түні қасымызда! Нендей құдірет екен сол бір аңызақты күні Тұнұқұқтың ескерткіш кешенінің басына барып, бітік жазудан «Білге Тұнұқұқ бен өзүм табғаш еліне қылынтым...» деген сөйлемдерді бірге оқыған жігіттер де, сол күні ырымдап алған баба ескерткішінің тас үгіндісі де, Жұмекеннің сүгіреті де әлі күнге бірге келеді!.. Біз кетсек артымызда қалатын ең асыл мүліктеріміз осылар!

1999-жылы Алматыда «Ана тілі» газетінде жұмыстап жүріп, жүректің талма ауруына шалдығып... Алатаудың басында жазушы марқұм Жекен Жұмаханов ағамыздың әйелі Клара Білалқызы апайдың жаздық сая жайында қыстап жатқан тұста жазған бір өлеңіміз де,

«Жозасы кетілген баба сүгіреті,

Елуге ілінген ақын бейнесі...

Көшпен тозған дүние мүлік...

Жүрегі солғын өлмелі тірлік!

Алатаудың қойнауы-

Мұз құрсанған, қыраулы.

Айтар тілге-жеңілдеу,

Ақырын ойласаң-мұнарлы!

Атажұрттан айрылған,

Алпыс мың қандас[4] тілегі,

Алма ағаштың шоғымен,

Арпалыса жанып тұр әлі![5]...»,-деп басталып, елуге іліне бере дүниеден ерте озған һәм біздің де татып жүрген жүрек талмасымен ауырған Жұмекеннің аруағына бағышталып,  Ақынның рухымен[6] сырласқан-ды!

Міне, мұндай рухани байланысы бар ақын жайлы жазудың өзі жүрекке салмақ салып, соның асқақ рухының алдында қалт кетіп, адасуға ұрынбауды талап етеді екен. Сондай-сондай себептерден «аруаққа сиынып, қолды әтірмен сылап алып...» деп,  Мұқаң айтпақшы, біз де Алланы ауызға ала отырып, Тұнұқұқ бабадан жәрдем тілеп, Жұмекеннің аруағына сиына сөз бастаймыз!

Ұмытпасам,1983 жылы  Ұланбатырдың аңызақты күндерінің бірі болатын. А. С. Пушкин атындағы Шет тілі Институтында оқитын жиенім Емелхан Сегізбайұлы «Қазақ әдебиеті» газетінің кезекті номерін ала келіп: «Нағашы аға, Жұмекен қайтыс болыпты!»-деп, хабар берді. Өмірден бар үмітім үзілгендей, бір түрлі қалге келіп, көңілсіз күйге түстім. Кеудеме өксік кептеліп, дүниені көңілсіздік билегендей, енді бұдан кейін өмірде де еш қандай қызық болмайтындай ауыр мұң меңдеп алды.

«Мен де кетем өмірден,

Тыраулап қайтқан тырнадай.

Көк терегі Қобдамның,

Жапырағын бұлғап қалады-ай![7]...» - деген өлең жолдары көкірекке ұялай берді. Кейіннен Жұмекеннің аруағына арнаған бұл өлеңді Қобда аймағының «Жаргалын зам» деп аталатын газетіне бердім. Мұңымды туған жеріммен бөліскім келді, мен де солай өмірге хош айтқым келді...

Жұмекеннің алғаш мені баурап алған өлеңі: «Уағалайкүмәссалам»-ы. Жұмекеннің осы өлеңін оқығаннан кейін «ақынды түсіну үшін дүниені ұмыту керек» деген Гетенің пікірі де, «ақынды түсіну зерттеу үшін дүниені ұмытпау керек» деген Белинский пікірінің де бір жақты өздерін даралау ұғым екенін түсінесің. Өйткені, Жұмекеннің бұл өлеңіндегі ішкі ырғақ сені өзіне баурап, дүниеден қаншалық алыстатқанымен, оның кұнделікті тірліктегі дүниелік сипаты яғни драмалық болмысы - сені сол безген дүниеңе қайта әкеледі. Сен  «Уағалайкүмәсаламнан» күнделікті қасыңда жүрген өз ауылыңның «Уағалайкүмәссаламын» көресің. Соның бейне образын дүниені ұмытқан, бейқам тыныстыштықта жадыңнан өткізесің. Дүниені ұмыту (лирика) мен дүниені ұмытпау (драма) екеуі Жұмекеннің көбінде-көп өлеңсөздерінде қатарласып отырады. «Айлы түнде түн қақтырған ат құлағы» секілді үнсіздік пен үнділік қатар келіп көкейіңе құйылады. Сол арқылы құлағы естімейтін керең шал саған құлағы еститін дана шал болып көрінеді. Сен дүниеден алыстап «саңырау шалды» естен шығармақ болсаң, сөйткен сәтте Жұмекен «биыл жүдеп қапты!»,- деп есіңе қайта салады. Демек, өлеңнің осы бір ширығу тұсына келгенде ақын өзінің «саңырау шал» туралы ойлап отырғанын естен шығарады. Ақын сезіміндегі «саңырау шал»- еститін шалға айналып кетеді. Сонан соңғы нүкте қойылып, ақын терең сезімнен арылар сәтте өзінің дүниеден алыстап кеткенін түсінеді. Түсінеді де, сол түсінігін саған: «Биыл өзі жүдеп қапты керемет, Егер ажал келсе оған «көрініп», «Уағалайкүмәссалам!» деп өлер ед.», - деп сездіреді. Осы бір «жүдеген» шал арқылы өлеңсөз ақын бойынан ұшып, сенің көкірегіңе ұялайды. Сол шалды енді сен ұмыта алмай азапқа түсесің! Міне, бұл Жұмекеннің өлеңсөзіндегі сазды ырғақ пен драманың ұштасуы. Жұмекен осы қасиетімен өзге ақындардан дараланып, дара суреткерік танытады. Өлеңсөзінің пәлендей кітап теориясына жата бермейтінін, шартты атаулар - оның тек қана бір жақты сипатына бола айтылатын тәмсіл екендігіне көз жеткіздіреді. Утопизм, натурализм, реализм, космополит... дегендердің бәрі де адам баласының бойында болатын өзгерістер екенін, олардың қайбіреуінсіз адам бір жақты менмендікке ұрынатынын аңғартады. Ақынның шартты түрде атаған «Мұздыбай» деген есімі мен «Сол ауыл» деген «фамилясын» есептемесең, бұл шалдың негізгі аты - Уағалайкүмәссалам қалпында санаға сіңеді. Бұл адам - қытай, негр, үнді, араб, парсы...тіптен, қайбір біз естімеген ұлттың шалы болуы да мүмкін. Саңырау болу - мынау дүниеге жаратылған адам баласының түгеліне ортақ бейнет. Ерте ме, кеш пе кімнің де саңырау болуы мүмкін. Сол себепті оны құрлықтың қай жеріндегі адам оқыса да, өз ауылының шалына балайды. Бұл да адам баласының санасында болатын заңдылық! Енді осыны бір жақты натура немесе реализм десек, сөйтіп қай бір ағымға байлап қойып, өлеңді ары қарай талдасақ не болмақ! Гете «дүниені ұмыту» деген сөзін осындай жан-жақтылықты қамти келе, Алла тағаладан берілер тыныштықты көздеген болуы мүмкін. Олай болса, өткен дәуір бізге Гетені теріс түсіндірді.

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5529