Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3514 0 пікір 14 Шілде, 2011 сағат 09:00

ҚОСТІЛДІЛІК: иә, жоқ?

Ж.А.Жақыпов
филология ғылымдарының докторы, профессор

(Астана, ЕҰУ)
«Қанша тіл білсең, сонша рет адамсың» дейтін нақыл сөз бар. Бұл сөзде шындық та бар, қайшылық та бар. Шындығы сол - екінші бір тілде сөйлеу жай ғана басқа тілді пайдалану ғана емес, басқа ұлттық мәдениет, басқа ұлттық психология аясына ену. Қайшылығы сол - әр адам тегі жағынан (бұл жерде биологиялық тек қана емес, рухани тектің де болатынын ескерте кету керек) бір ғана ұлттың өкілі болады, ол екі я онан да көп адам я ұлт өкілі бола алмайды. Асылы, бұл нақыл сөзге Абай тұрғысынан келіп, «дағуасына кіру» деген тұрғыдан ғана келу керек. Қалай десек те, қостілділік, көптілділік жеке инсанның («Инсан» деген терминді субъект, личность, индивид терминдерінің баламасы ретінде алып отырмыз, бұл термин Абайдың қара сөздерінде осы мәнде қолданылады.) қабілет ерекшелігіне байланысты. Бірақ қазір дүниежүзілік қоғамдастық талап етіп отырған құбылыс болып отыр.
Совет дәуірінде бұл мәселені империялық идеология тұрғысынан шешуге тырысқаны байқалады. Ол кезде одақтас республикаларда әлеуметтік тіл білімінде, негізінен, қостілділіктің екі деңгейі насихатталды: комбинированное (синхронное) двуязычие (мұны қатарлас, жарыспалы қостілділік деп атауға болады); соотносительное двуязычие (мұны қатысты қостілділік деп атауға болады).

Ж.А.Жақыпов
филология ғылымдарының докторы, профессор

(Астана, ЕҰУ)
«Қанша тіл білсең, сонша рет адамсың» дейтін нақыл сөз бар. Бұл сөзде шындық та бар, қайшылық та бар. Шындығы сол - екінші бір тілде сөйлеу жай ғана басқа тілді пайдалану ғана емес, басқа ұлттық мәдениет, басқа ұлттық психология аясына ену. Қайшылығы сол - әр адам тегі жағынан (бұл жерде биологиялық тек қана емес, рухани тектің де болатынын ескерте кету керек) бір ғана ұлттың өкілі болады, ол екі я онан да көп адам я ұлт өкілі бола алмайды. Асылы, бұл нақыл сөзге Абай тұрғысынан келіп, «дағуасына кіру» деген тұрғыдан ғана келу керек. Қалай десек те, қостілділік, көптілділік жеке инсанның («Инсан» деген терминді субъект, личность, индивид терминдерінің баламасы ретінде алып отырмыз, бұл термин Абайдың қара сөздерінде осы мәнде қолданылады.) қабілет ерекшелігіне байланысты. Бірақ қазір дүниежүзілік қоғамдастық талап етіп отырған құбылыс болып отыр.
Совет дәуірінде бұл мәселені империялық идеология тұрғысынан шешуге тырысқаны байқалады. Ол кезде одақтас республикаларда әлеуметтік тіл білімінде, негізінен, қостілділіктің екі деңгейі насихатталды: комбинированное (синхронное) двуязычие (мұны қатарлас, жарыспалы қостілділік деп атауға болады); соотносительное двуязычие (мұны қатысты қостілділік деп атауға болады).

Біріншісі бойынша, адамның санасында екі тіл тең өмір сүреді; екіншісі бойынша, екінші тілде сөйлеуде туған тілімен қатыстырылып отырады. Ол заманда мұның соңғысы алдыңғысына ұласады деп үйретті. Бұл тұста совет ғалымдары «тірек тілдің» мәнін мансұқ еткенге ұқсайды. Адам туғанда алдымен индивид болады. Ол кезеңде бабасынан жеткен мұрамен өмір сүреді. Оның орталық жүйке жүйесінде сөйлеуге қызмет ететін нейрондар бабасының жолымен қарекет етеді. Ағар арнасы, сан-мөлшері сияқты қасиеттері бабасындағыдай болады. Демек, оның шығар бастауы, тірегі текте жатады. Ендеше ол кедергісіз, табиғи жолмен дамуы үшін осы тірекке сүйену керек болады. Сонымен қатар жас баланың нейрондары аморфты да болып келеді. Сонысын пайдаланып оған сәби кезінен бөтен тілді таңамыз («Жас бала» басқа тілді жылдам үйреніп кетеді» деп жататынымыз осыған байланысты). Ал, шындығында, екінші тіл - жас бала психикасына артық жүк. Осыны байқаған болар, Алаш ғалымдары адамның мүшел жасқа дейін ана тілінде білім алу қажеттігін мақсат тұтқан.  
Басқа тілді үйренудің залалды жағы туралы пікірлер де баршылық. Мәселен, эстон мәдениеттанушысы М.Хинт 1980 жылдардың соңында бала кезден екінші тілге үйрету «жартытілділікке» әкеп соқтыратынын дәлелдеді. «Жартытілділік» жағдайында екі тілді білетін бала шын мәнінде бір тілді де тиісінше білмейді, сәл күрделі мәністегі жайтты екі тілдің бірінде де тиісінше бейнелеп бере алмайды. Бұл қиындықты А.Байтұрсынұлы мұнан көп бұрын, 1914 жылы-ақ,  байқаған. Ғалым былай деп жазады: «Һәр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде һәм сондай басқалық болады. Біздің жасында орысша я ноғайша оқыған бауырларымыз сөздің жүйесін, қисынын нағыз қазақша келтіріп жаза алмайды, я жазса да, қиындықпен жазады. Себебі - жасынан қазақша жазып дағдыланбағандық. Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай сөзінің жүйесімен тізсе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін һәр жұрт баласын әуелі өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін, басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақтауын тілесек, өзгелерше әуелі өз тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқыту тиіс» /1: 142-б./. Бұл қағиданы тыңдасақ, кәнеки!?
Орыс психолингвисі Р.М.Фрумкина «қостілділік» терминінің шегі айқын емес екенін, оның үстіне қазіргі әлеуметтік проблемалар қосылғанда (ТМД-ның Ресейден басқа елдеріндегі орыстар проблемасы), бұл мәселе тіпті ширыға түсетінін айтады. Бұл қиындық жаңағы айтқан «жартытілділіктің» пайда болуымен қатысты. Ғалымның көрсетуінше, жартытілді адамдар ана тілін жақсы біледі, ал басқа тілді үйренуге ешқашан мән бермеген /2: 166-б./. Осы тұстан «жартыкеш мәдениет» проблемасы келіп шығады. Өйткені тіл өз мәдениетіне толықтай барабар қызмет жасайды. Ахмет Байтұрсынұлы сөзімен айтқанда, «Әр жұрттың түрінде ... қандай басқалық болса, тілінде де сондай басқалық болады.» Әдетте ұлттық бояуды реалия сөздерден ғана іздеп жатамыз. Ал сөздегі ұлттық ұйытқы екі ұлтқа ортақ құбылыстарды бейнелейтін толық баламасы бар сөздерде де бөлекше болып тұрады. Күнделікті өмірден парадокстік мәні бар бір-екі мысал келтірейік. Біреудің амандығын қазақтар «Жүріп жатыр ма?» деп, орыстар «Ходит?» деп сұрап жатады. Екі сөз - барабар, теңдес балама. Ал менен қазақ тілін тиісті деңгейде игерген бір орыс досымның әзіл-шыны аралас: « Осы сендердің бір мезгілде әрі жүріп, әрі жататындарың қалай»? - деп сұрағаны бар. Сол сияқты орыстар ауылда, қалада «өмір сүреді», ал қазақтар «тұрады». «Тұру» сөзінің «стоять» екені белгілі. Орыс баласы түгілі, қазақ баласының өзі біздің көшпелі екенімізді ұмытып кеткен. Біз үшін өмір - көш. Ал көш тоқтаған жерде тұрамыз, мекендейміз. Айта берсе, мұндай мысалдар көп. Қалай десеңіз де, тілде жоқ нәрсе мәдениетте де жоқ. Демек, осы мәдениеттің арқауы әлде бір тұсынан сетінесе я үзілсе адам жартыкеш мәдениетті, жартытілді болып шыға келеді.
Жартыкеш мәдениетті мәдениетсіздікпен, білімсіздікпен шатыстырмау лазым. Бұл - кемшілік емес, мәдениеттің сабақтаспауы салдарынан инсанда пайда болған шиеленісті (конфликтілі) хал. Қазіргі Қазақстанда мұндай қайшылықты кез келген адамның жайынан аңғаруға болады. (Бұл ахуалды біз баспасөз бетінде баяндағанбыз. «Ана тілі» газеті, 12 қазан 2006 жыл).
Екінші тілге үйрену кезінде болатын объективті конфликтіні И.Эпштейн көрсетіпті /2,168/. Соны өз сөзімізбен түйіндей айтсақ былай: ойлау деген - ұғым мен сөз арасындағы ассоциациялар. Егер бір ғана ұғымға - Ұ-ға бір тілде С1 сөзі, екінші тілде С2 сөзі сәйкес келеді. Сонда «сөз - ұғым» ассоциациясы бойынша белгіленіп қалған С1Ұ қалыптасқан қалыбы С2Ұ ассоциациясының түзілуіне бөгет болады, өйткені ол былай күрделенеді:С1Ұ - С2Ұ - С1С2Ұ. Осы ассоциация түзілді дегеннің өзінде, олар бір-бірімен қайшылыққа түседі. Біздіңше, осы қайшылық шешімін оңай тапса, адамның көкірек көзі ашыла түседі. Бір тіл мен екінші тілді салыстыру арқылы тілдің тылсымын ашады, нәзік иіндерін көре біледі.
Психолингвистер тілді игеру мен пайдалануда үйрену стратегиясына айрықша мән береді. А.А.Залевская бұл стратегияларды үш типке бөледі /3: 324-б./: метакогнитивті (сөзді сақтау мен түсінуді саналы түрде бағалап отыруға сүйенеді); когнитивті ( оқу-білімдік материалдарды пайдалануға сүйенеді); әлеуметтік-аффектілік (мақсатқа жету үшін қатысымды пайдалану, өзімен өзі санасып тілге қабілеті жөніндегі жағымсыз ойлардан арылуға сүйенеді).Осы соңғы стратегияны жүзеге асыру жолында басқа тілді үйренушінің игеру деңгейін білдіретін «аралық тіл» деген мәселе шығады. Қазір Қазақстанда қазақ тілін екінші тіл ретінде үйренуші қазақтардан осы аралық тілдің көрінісі байқалады. Аралық тілді өзге тілді үйренудің жолындағы психологиялық үдерістер ықпалының белгілері деп түсінуіміз керек. Мұны игерілмек тіл туралы инсанның тұтастай түсінігінен туған жеке бір тілдік жүйе деп санайтындар да бар. Өйткені бұл құбылыстың симплификация (қарабайырландыру), обегенрализация (үстем қорытынды), трансфер (тасымал), клише (дайын қалып) сияқты заңдылықтары бар. Үйренушіге әрбір кезеңде тіл осы сияқты ережелердің жиыны, үйренбек тілдің ережелері туралы өзінің түсініктерінің жиыны ретінде көрінеді.
Психолингвист В.П.Белянин бейімделудің алты кезеңін көрсетеді /4: 164-б./. Қазақтсандықтардың осы кезеңдердің 3-ші, 4-ші, 5-ші кезеңін бастан кешіп отырғаны айқын байқалады. 3-кезеңде адам өзін бөтенсіп жүрген мәдениетпен ымыраға келеді де бейімделе бастайды. 4-кезеңде адам өзін жайлы сезіне бастайды. Басқа тіл мен мәдениет жөнінде объективті пікір қалыптасады, кейбір мәселелерді шешуге болатынына көзі жетеді. Адам өзі үшін жаңа мәдениеттің талаптарының бәріне келіспеуі мүмкін, бірақ олармен санасып үйренеді, агрессивті көңіл күйі мен бөтен мәдениетті сынағыштықтан арыла бастайды. 5-кезеңде инсанда бірдейлестіру (идентичность) проблемасымен байланысты стрестік симптомдар күшейеді. Өйткені оның көңілі өзінің төл я алғашқы мәдениетінде, бірақ өгей мәдениеттің өкілі сезінетін сияқты.
Қостілділікте тиісті дәрежеде ескерілмей жүрген тағы бір мәселе - тілдік құзырет пен сөйлеу құзыреті (Бұл мәселе арнайы зерттеуді қажет етеді. Бұл жолы ескеріп қана өтуге тура келеді). Лексиканы, грамматиканы және фонетиканы білу тілдік құзыреттілікке жатады, ал өз ойын басқа тілде еркін жеткізе білу сөйлеу құзыреттілігіне жатады. Тіл - адамдардың сөздерін байыппен талдап, элементтерін бөлшектеп тілтанушылардың ашқан объективті жүйесі. Ал сөйлеу - тілді күнделікті қарым-қатынаста жүйе ретінде қолдану.
Бұған орай, негізінен, шетел тілін білу мәселесін ғана қозғайды. Әрине, бұл өте маңызды, алайда өз ана тілін білудің маңыздылығы онан кем емес. Біздің ана тілімізде сөйлеу қабілетіміз жақсы болғанмен, тілдік құзыретіміз әлдеқайда төмен болып жататын тұстар аз емес. Ана тіліміздің заңдылықтарын, мағыналық қырларын жете білу сирек кездеседі. Ал екінші тілге байланысты керісінше болуы мүмкін: көптеген қазақтар орыс тілінің я басқа шетел тілінің грамматикалық және сөзжасамдық ережелерін жаман білмейді, бірақ ол тілде сөйлеу құзыреті соған сай болмайды, мәселен, оқыс жағдайда өз ойларын жеткізу қиындыққа түседі. Мұның да психолингвистикалық заңдылықтары бар. Басқа тілде сөйлеу үшін адам, алдымен, сөз саптау үдерісін қазақ тілінде өткеріп алады да, онан соң орыс тіліне аудару, интерференциялық үдерістерді бастан өткізеді. Бұл айтуға ғана оңай, әйтпесе, бірнеше сатыдан тұратын айтарлықтай күрделі үдерістер.
Сонымен, біздің айтпағымыз қостілділік дегенде басты тұлға инсан болу керек. Соған орай бұл құбылысты мынадай деңгейлерге жіктеп қарастырған жөн: қабылдамалық, қайталамалық, өнімді деңгейлер.
Қабылдамалық деңгейде адам басқа тілде айтылған сөзді тыңдап қабылдай алады, сол тілдің сөзі екенін, кейде айтылыстың жалпы сұлбасын болжалдап бағамдайды. Мұның дамыған кезеңі сол - коммуникант өзге тілде айтылған/жазылған хабардың жалып мазмұнын түсінетін болады, бірақ мәтіндегі нақты ақпаратты тап басып көрсету қиындық келтіреді, егжей-тегжейлеп аудара алмайды (Мұны қазақтар «төбесінің жарығы бар» деп жатады.).
Қайталамалық қостілділік деңгейінің ауқымы кең. Бұл - екінші тілде айтылған сөзді сол жерде қайталап беруден бастап, кейін жад арқылы жаңғырту, сол сияқты естігенін, оқығанын пайдаланып ой-пайымдарды өзгерте қайталауға шейінгі аралықты қамтиды. Бұл деңгейде тіл иесі екінші тілде жеткізілген хабарды сол ізбен сол тілде қайта жеткізе алады, бірақ өз тарапынан хабарды еркін де соны түрде жеткізу қабілеті шектеулі болады. Оған көбінесе үлгі ретінде түпнұсқа қажет. Екі тілде көптеген заңдылықтарды салғастыра да алады. Басқа тілде сөйлеу өз ана тіліне байлаулы болады. Бұл деңгей автоматтану нәтижесінде өнімді қостілділікке ұласып жатады.
Өнімді қостілдікте екінші тілдің жүйесі санадан орын алады. Өз ана тілімен тез ықпалдаса алады. Тұтынуға дайын тұрады. Мұндай қостілділік деңгейіндегі инсанның санасында өз тілі басым тірек болса да, өз тілі мен екінші тілдің салғастыру үдерісі әбден автоматты машыққа айналады. Осы себептен екі тілде де мазмұндас мәтін түзе береді. Ал «прагматикондық» қостілділік деген, біздіңше, осы деңгейдің кемел көрінісі. Алланың берген айырықша дарыны.
Біздің қоғам прагматизмді қадір тұтып жатқанын білеміз. Прагматизмнің инсан әдебі жөніндегі саласы мелиоризм деп аталады. Ол адамдарды біртіндеп жақсарта беру дегенге саяды, әлсіз жақтары көп бағыт. Ал, шындығына келсек, прагматизм адамды «қандай да бір қарекет маған қандай пайда береді» деген санаға жетелейді. Мұның аяғы пендені меркантилизмге ұрындырады. Сондықтан қостілділікке тек прагматизм тұрғысынан қарамаған жөн. Қостілділкке үйретуде инсанның психикасына, ниетіне әсер ету жағын қадағалаған жөн.

ӘДЕБИЕТТЕР

1.БайтұрсыновА.- Тіл-құрал (қазақ тілінің сарфы). Бірінші жылдық.- Орынбор, 1914.// Байтұрсынов А. - Тіл тағылымы. - Алматы: Ана тілі, 1992.
2.Фрумкина Р.М.-Психолингвистика. - Москва: «Академия», 2003.
3.Залевская А.А.- Введение в психолингвистику.- Москва: Российск. гос. гуманит. ун-т, 2000.
4. Белянин В.П.- Психолингвистика. - Москва: Флинта, 2003.

www.mtdi.kz сайты

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5552