Азамат Қасым. Хельсинки қолдамаса, Ертіспен қош айтысамыз
Еліміз судың 45 пайызын басқа елдерден келетін өзендерден алады екен. Оның 19 пайызы - Қытайдан, 17 пайызы - Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстаннан және 7 пайызы Ресейден келетін көрінеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі Су комитетінің деректері осылай сөйлейді. Басқа елдерді қайдам, елімізге келетін тіршілік көзінің 19 пайызына иелік етіп отырған аспан асты елінің соңғы жылдардағы әрекеттері көңілге қорқыныш ұялатады. Су саласының майын ішіп, жілігін шаққан мамандар «тез арада мемлекеттік деңгейде шешім қабылданбаса, Ертістен айырылып қалуымыз мүмкін» деген пікір айтады. «Ертістен ғана емес, ерке өзеннің бойын ен жайлаған елден де береке кетуі бек мүмкін» дейді олар.
Еліміз судың 45 пайызын басқа елдерден келетін өзендерден алады екен. Оның 19 пайызы - Қытайдан, 17 пайызы - Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстаннан және 7 пайызы Ресейден келетін көрінеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі Су комитетінің деректері осылай сөйлейді. Басқа елдерді қайдам, елімізге келетін тіршілік көзінің 19 пайызына иелік етіп отырған аспан асты елінің соңғы жылдардағы әрекеттері көңілге қорқыныш ұялатады. Су саласының майын ішіп, жілігін шаққан мамандар «тез арада мемлекеттік деңгейде шешім қабылданбаса, Ертістен айырылып қалуымыз мүмкін» деген пікір айтады. «Ертістен ғана емес, ерке өзеннің бойын ен жайлаған елден де береке кетуі бек мүмкін» дейді олар.
Қара Ертістегі құрылыстар
«Ертістің бас жағынан бұрылғанын біреу білсе, біреу білмейді. Шыңжаңның мұнай өндірісті Қарамай облысы суға зәру аудандардың бірі боп есептеледі. Осы мәселені шешу мақсатында қыруар қаржы бөлген Қытай үкіметі Алтайдан бастау алатын Ертіс өзенін әдейі қолдан бұрып отыр. Әзірге оның плотинасы мен каналдық құрылысы біткенімен, суды толық бұра қойған жоқ. Ертең бұрған күні не болатынын көз алдыңызға елестетіңіз».
Бұл - Қытайға арнайы сапарлап барып, анау-мынау техника бара алмайтын 130 шақырымдай жерді мотоциклмен аралап, Ертіс пен Іленің жағдайын көзімен көрген Мұстафа Ерденеұлы есімді азаматтың еліміздің басылымдарына берген сұхбатынан үзінді.
Әлгі кісінің сөзін оқып отырсаңыз, төбе құйқаңыз шымырлайды.
Қытай арқылы елімізге келетін Іле өзені Қас, Текес, Күнес деп аталатын үш өзеннен бастау алады екен. Бұлар Хан тәңірі тауларынан шығып, Қытай жерімен 300 шақырымдай жүріп, Іле өзеніне айналып, Қазақстан жерімен Балқашқа құяды.
«Қас өзенінің бойына салынған Жырынтой ГЭС-ін өз көзімізбен көрдік. Құрылысы 2005 жылы аяқталған бөгеттің ұзындығы 30 шақырымнан асады. Бөгеттің биіктігі 2000 метрден асатын екі таудың ортасында салынғанын ескеріп, мұнда қанша миллиард текше метр су жиналатынын есептей беріңіз. Енді осы суды пайдаға асыру мақсатында қытайлар тарапынан басқа да әрекеттер қолға алынуда. Соның бірі сусыз аудан болып есептелетін Жаң ауданы үшін басын қар басқан Еренқабырға тауын тесіп, тоннель жасап жатыр. Білетіндердің айтуынша, тоннельдің құрылысы 2011 жылы аяқталып, пайдалануға берілуі керек.
Дәл осындай бір емес, екі ГЭС-ті Текестің бойына қонжитқан көрінеді. Мынадай тауды тесіп жатқан қытайлар Текестің суын сорғымен сорып алуы да ғажап емес. Алматының түбіндегі ауылдарда су мәселесін шеше алмай отырғанда Іле тартылса, ұлардай шулап қалмас па екенбіз? Бұл ГЭС-тер салынған жерлер тектоникалық қыртыстардан тұратын сейсмикалық аудандар екенін әсте естен шығармауымыз керек. Құдай сақтасын, ертең 8 баллдық жер сілкіне қалса, бәрімізді жинап апарып Балқашқа бір-ақ құяды. Осы бөгет суының жүзден бір бөлігін құрайтын Қызылағаштың не болғанын жақсы білеміз. Ондай апат орын алып жатса, «мынауыңа жауап бер!» деп Қытайдың жағасынан алатын пәрмен бар ма бізде? Сондықтан қауіпсіздік шараларын жасап, әрқашан сақ отыруымыз керек», - дейді Мұстафа Ерденеұлы.
Бұл - жағдайды біршама көзімен көрген адамның пікірі. Алайда әлі көрмегеніміз, білмейтініміз қаншама...
Әлгі азамат шығыстағы алып көршіміздің келешекте бір ғана Қас өзенінің Ілеге қосылатын жеріне дейін 17 жерден кен орындарын ашпақ ойы бар екенін де айтады.
Мамандар не дейді?
Ертісте орын алған жағдайға, әсіресе, су саласының жілігін шағып, майын ішкен мамандар қатты алаңдаулы. Өзіміздің ғана емес, ресейлік мамандар да кейінгі кездері жиі дабыл қағатын болды. Жақында қос елдің білікті ғалымдары Ертістің тағдырына байланысты алаңдаушылықтарын білдірді.
«Егер осы қалпымен кете беретін болса, енді бір 15-20 жылдан кейін Ертіс кеме жүзе алмайтын өзенге айналуы мүмкін» дейді мамандар. Ал тағы бір 20 жылдан кейін өзен суының қазіргімен салыстырғанда үштен бірі азаяды.
Равиль Вагапов, «Казгипроводхоз» өндірістік кооперативінің бас инженері:
- 1980 жылы Қытай өз қажеті үшін екі текше шақырымдай су алған болатын. Қазір оның мөлшері біршама ұлғайған. Мұның себебі де жоқ емес. Ең әуелі саны күннен-күнге қарқындап өсіп жатқан миллиардтан астам халықтың сұранысын еске алыңыз. Сол қаптаған қалың жұртты асырау үшін жыл сайын жыртылатын жаңа жерлер қаншама... Ақыр аяғы Қарамай кен орнынан мұнай мен газды белсеніп тұрып қазуға да су керек. Газды сорып алғаннан кейін бос қалатын жерлерді толтыруға да су қажет. Өз қажеттіліктері үшін Ертістен енді қаншалықты мөлшерде су алуды жоспарлап отырғандарын қытайлықтар айтқысы келмейді.
Әрине, айтқысы келмейді. Майшелпектен кімнің айырылғысы келсін? Шығыстағы көршінің Ертісті қалай игеріп жатқанына көз жеткізуді мұрат тұтқан біздің ғалымдарымыз тыңшылық қызметті (әрине, жақсы мағынасында) де қоса атқарған секілді. Әуелі спутниктен бірнеше мәрте суретке түсірген. Сосын қарапайым жолаушы кейпіне еніп, Қытайдағы салынып қойылған һәм қолданысқа әзір тұрған субұрғыш арналарды да кәртішкеге тартқан көрінеді. Содан барлығын тәптіштеп отырып есептеп, талдаған. Ақыр соңында төбе шаштары тік тұрған.
Тағы да Равиль Вагаповтың сөзіне құлақ түрелік: «Ертіс-Қарамай, Ертіс-Үрімжі арналары толыққанды жұмыс істеген жағдайда секундына 120 текше метр су өткізе алады. Үрімжі ауданында аумағы 2 миллион гектар жер суарылуға дайындалған. Бұл - қазіргі 67 мың гектарды қоспағандағы жағдай. Бұл дегеніңіз - қытайлықтар Қара Ертісті толықтай пайдаланады деген сөз».
Әрине, бетін аулақ қылсын. Әгәрәки, Ертіс суы азаятын болса, еліміздің экологиясына ғана емес, экономикасына да оңай соқпайтыны анық. Равиль Вагаповтың айтуынша, Ертіс бассейніндегі ағыстың азаюынан 2030 жылға қарай еліміздегі электр энергиясын өндіру - 25 пайызға, 2050 жылы 40 пайызға төмендейді. Оны айтасыз, ғалым тіпті 2030 жылдан кейін елімізде кеме жүзу тоқтайды деген қорқынышын да жасырмайды.
Оңдасын Жиенқұлов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары:
- Ертіс өзені бойынша қазір тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. 31 шілдеде Семей қаласында үш елге ортақ суқойма мәселесі жөнінде Ресей және Қытай тарабымен кездесулер өткізіледі. Кездесу барысында өзен суы жөнінде бір-бірімізге берілетін мәліметтер жайын талқыға саламыз.
Әрине, соңғы кездері Қытай тарапынан Ертіс суын пайдалану тұрғысында шектен шыққан жағдайлар жиілеп барады деген пікірлердің айтылып жүргені де рас. Алайда біздің елдің аумағына келіп жатқан су көлемі бұрынғы қалпында. Сонымен қатар біз қазір Қытайдан келетін суларға зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқан жайымыз бар.
Владимир Ушаков, Шығыс Қазақстан гидрометеорология орталығы гидрология бөлімінің меңгерушісі:
- Орташа есеппен алғанда, Қытай Қара Ертіс суының 25 пайызын пайдаланып отыр. Ондағы Шыңжаң өлкесінің экономикасы күннен-күнге қарыштап дамып келеді. Білуімізше, Қытай халқының үштен бірі осы жақта тұрады. Яғни Ертіс суының көп бөлігі осы аймақ тұрғындарының қажеттілігіне жұмсалуда. Бұл бір қарағанда қауіпті көрінбегенімен, бізге суды үнемдеп ұстауға тура келеді.
90-жылдардың ортасында қытайлықтар Ертіс суының 5 пайызын ғана алатын. Қазір көрсеткіш 25 пайыз дейді. Мұның өзі нақты көрсеткіш емес. Өндіріс дамып, халық саны өскен сайын суға деген сұраныс та артып келеді. Құдай сақтасын деп айтайық, егер қытайлықтар Ертіс суының 40 пайызына иелік ететін болса, сұмдықтың көкесі сонда болады. Сондықтан «темірді қызған кезде соғып», жағдай ушықпай тұрғанда мемлекеттік, мемлекетаралық деңгейде тиісті шешімдер қабылдағанымыз жөн.
Елена Куликова, Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының «Алтай» филиалының аға ғылыми қызметкері:
- Зайсанда балық түрлері өте көп. Қытайдың жыл өткен сайын Ертіс өзенінен су алу мөлшерінің ұлғаюы жердің құрғауына, шабындықты аймақтардың азаюына әкеліп соғуы мүмкін. Егер іргедегі көршіміз суды қазіргіден көп алатын болса, судың көлемі азайып, жан-жануарларға қауіп төнеді. Балық өндірісі төмендейді. Өкініштісі сол - аспанасты елі үш елге ортақ өзеннен қанша көлемде су алып жатқанын айтпайды. Жұмған аузын ашпайды. Конвенцияға қол қоюдан да үзілді-кесілді бас тартып отыр. Ертісті өздерінің ыңғайына қарай пайдалануда. Бізге белгілісі - өзен бойында «Ертіс-Қарамай» атты арна салынған. Өздері техникалық мақсатта дегенімен, біздің білуімізше, бұл нысан суқойма ретінде ауылшаруашылық мақсатында жұмыс істеуде.
Ертісті құтқарудың жолы бар ма?
Сонда қайтпек керек? «Қытайлар осынша текше метр суды бұрып алды, осынша арнасын салды» деп қол қусырып қарап отыра беруіміз керек пе? Ертіс бассейні инспекциясы бастығының орынбасары Миржан Иманжанов мынадай ұсыныс айтады:
- Түптеп келгенде, өзендер тек Қытайдан Қазақстанға ғана емес, Қазақстаннан Қытайға қарай да ағады. Егер Ертіс жағдайы бізге тиімсіз болып өзгеретін болса, біздің үкімет те жауап ретінде қарсы қадам жасайды. Бұған, әрине, шығыстағы көршіміз қуана қоймас.
«Кең болсаң, кем болмайсың» деген қазақтың «қоя жесең, қой қалады, тарта жесең, тай қалады» деген де тамаша сөзі бар. Әрине, далада жатқан су жоқ. Үнемдеп, ретімен пайдаланбаса, түптің түбінде кез келген дүниенің таусылары анық. Әсіресе тіршілік көзіне келгенде сақтық танытпаса болмайды. «Бұл ретте қысық көз ағайындардан үйренеріміз көп», - дейді М.Иманжанов.
«Қытайда болғанымда бір нәрсеге қайран қалдым. Қытайлықтар суға аса мұқият екен. Кез келген трансшекаралық өзенді алып қарасақ, Қытай жағында судың топыраққа сіңіп кетуіне жол бермеу үшін жағасы бетонмен немесе таспен қапталған. Бізде жағалаулар табиғи қалпында, қалай болса солай тұр. Су буланғанымен қоймай, жерге де сіңеді. Көктемде қар ери бастағанда қытайлықтар қар суын жинап алады. Еңістерге шағын бөгеттер жасап, суды жинайды, сосын сорғымен қайта сорып, суқоймаларға қосады», - дейді М.Иманжанов.
Шынын айту керек, бізде мұндай шаралардың бірі де қолға алынбайды. Қар суын қойып, жай судың өзіне ие бола алмай отырғанымыз жасырын емес. Қанша судың желге ұшқаны бір Аллаға ғана аян.
Сонымен, Ертісті құтқарудың жолдары қандай? «Казгипроводхоз» суды қорғау және су шаруашылығы институтының жасаған есептеулеріне сүйенсек, Ертіс өзенін сақтау мен қорғау шараларына 111,6 миллиард теңге көлемінде қаржы қажет.
Мамандар үш мемлекетке ортақ су арнасын құтқарудың тағы бір жолын ұсынып отыр. Ол - өзен саласына басқа өзеннің арнасын бұру. Мұндай ұсыныс Кеңес өкіметі кезінде айтылған көрінеді. Алайда айтылған күйі қалған. Аяқастынан құлаған алып империямен бірге әлгі идея да құрдымға кеткен. Дегенмен соңғы кездері ғалымдар өміршеңдігін жоймайтын мәселені қайта көтере бастады.
Юрий Винокуров, Ресей Ғылым академиясы Сібір бөлімшесінің Су және экология мәселелері институтының директоры:
- Ертіс өзеніне Катунь өзенінің бассейніне жататын Тихий өзенін, Ақ Қаба мен Қара Қаба бұрылыстарын, Бұқтырма өзеніне Катунь өзенінің суын қосу керек. Бұдан бөлек, Омск ауданына суқойма салып, өзен суының ағысын баяулатып, су деңгейін көтеру үшін су асты жасанды шоңғалдарын жасауымыз керек.
Ғалымдар мен мамандар байламы осындай. Оларға енді керегі - тек қолдау. Үкіметтік, мемлекеттік деңгейде ғана емес, халықаралық деңгейде. Халықаралық деңгейде деп бекерге айтып отырған жоқпыз. Өйткені Ертіс мәселесінің мемлекеттік деңгейде шешілмейтіне талай мәрте көз жетті. Енді Ертісті бір құтқарса, халықаралық Хельсинки конвенциясы құтқарады. Аталған құжатта әр мемлекет өз аумағы арқылы өтетін өзеннен өзіне қажетті көлемде ылғал алуға құқылы, бірақ оған экологиялық зиян келтірмеуі, шекараның ар жағындағы мемлекетке зардабын тигізбеуі тиістігі тайға таңба басқандай көрсетілген. Өкінішке қарай, қытайлар әзірге бұл құжатқа қол қоймай отыр. Олар ғана емес, төскейде малы, төсекте басы тоғысқан құдай қосқан көршілеріміз Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан мемлекеттері де бармақ басуға келгенде құлықсыз. Егер Ертіс мәселесін ретке келтіреміз десек, осы құжатқа қол қойылуы керек.
Хельсинки конвенциясы ғана емес, Ертістің еңсесін көтеретін бірден-бір құжат - өзен бойын жайлаған үш мемлекеттің өзара ортақ келісімдері. Бұл келісім туралы бұған дейін талай мәрте айтылып, талай мәрте сөз қозғалса да, қысық көз ағайынның қозғалар түрі көрінбейді. Аталған елмен бұған дейін арада әртүрлі салада түрлі келісімшарттарға қол қойылса да, Ертіске келгенде енжарлық танытып отыр.
Деректер мен дәйектер
• Бүгінде Қытай Ертіс өзенінен 1 млрд текше метр көлемінде су алып жатыр. Бұл көрсеткіш бірер жылда 4,6 миллиард текше метрге жетуі мүмкін.
• Қара Ертіс Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы (ШҰАА) мұнай-газ өндірісінің орталығы Қарамай қаласын ылғалмен қамтамасыз етеді. 400 млн долларға бағаланған жоба Ертіс суын едәуір азайтуы ықтимал. Жуырда Қарамай маңында болашақта осы аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс ірі мұнай қоймасының құрылысы басталды. Қазір осындағы суқоймаға секундына 68 текше метр су құйылуда.
• Мәскеудің бұрынғы мэрі Юрий Лужковтың айтуынша, тез арада жағдайды өзгертпесе, Қазақстан ғана емес, Ресейдің де көптеген аумағы тақырға айналады. Лужков Қара Ертістен Қытайдың жылына 9 текше шақырым су алатынын алға тартады. Ал ресми құжаттарда 6 текше шақырым деп көрсетілген.
P.S.
Мәскеуден маза кетіп, Астана алаңдаулы болса да, Бейжің бейжай. Тым-тырыс. Түк болмағандай Ертіс суын ен жайлап жатыр. Мұның қашанға дейін созылары бір Аллаға ғана аян. Жақын арада мемлекеттік һәм халықаралық деңгейде іс-шара қолға алынбаса, Ертіспен қош айтысуымыз әбден мүмкін.
Өскемен
"Алаш айнасы" газеті