Асықатаға жаны ашитын әкім бар ма?
Қазақстан Республикасының Президенті
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың назарына!
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі
Асқар Ұзақбайұлы Маминнің назарына!
Мемлекеттік деңгейде мәселе шешетін уәкілетті орындарға түсінікті болу үшін қысқаша түсініктеме бере кетейік.
Асықата – тарихи атау. Сырдың орта ағысының жағалауын мекен еткен халық пір тұтқан қасиетті орындардың бірі – Асықата кесенесі болған. 1917 жылға дейін Мырзашөл өңірінде Асықата мешіті де жұмыс істеген. Асықата кесенесі мен мешіті Түркістан генерал-губернаторлығына қарасты Самарқан облысының Қожент уезіндегі Иіржар болысының Ақтөбе әкімшілік ауылының аумағында орналасқан.
Тарихи Асықата кесенесі ХХ ғасырдың 60-70-ші жылдары Шардара су қоймасы салынған кезде судың астында қалыпты. Бұрынғы Асықата мешітінің ғимараты да соның күйін кешкен. Егер тарихшылар тереңінен зерттейтін болса, Асықата – ежелгі тарихи қаланың орны болуы да мүмкін.
1936 жылғы 29 мамырда Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті Мақтаарал ауданының құрамында Асықата ауылдық кеңесін құру туралы қаулы қабылдады. Алайда, Қазақ КСР Орталық Атқару Комитетінің 1937 жылғы 31 наурыздағы қаулысымен осы Асықата ауылдық кеңесі таратылыпты.
Тарихи Асықата өңірінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1940 жылғы 10 қарашадағы Жарлығымен Мырзашөлдің игерілген жерлерінде, Мақтаарал және Қызылқұм аудандарының шектесетін тұсында Киров ауданы құрылды. Аудан орталығы болып Бағара селосы белгіленді. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1956 жылғы 13 ақпандағы № 133/1 Жарлығымен Киров ауданының 326,4 мың гектар жері Өзбекстанға берілді. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен 1956 жылғы 27 сәуірде Қызылқұм және Киров аудандары орталығы Бағара селосында орналасқан Киров ауданы болып біріктірілді. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен 1962 жылғы 2 қаңтарда орталығы Жетісай кентінде орналасқан Киров ауданы құрылды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1962 жылғы 9 шілдедегі Жарлығымен Бағара селосының аты – Киров селосы болып өзгертілді. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1963 жылғы 26 қаңтардағы Жарлығымен Киров және Қызылқұм аудандарының Қызылқұм және Шымқорған ауылдық Кеңестері Өзбек КСР-інің жаңадан құрылған Сырдария облысына өтіп кетті, яғни жоғарыда көрсетілген 326,4 мың гектар жерге қоса Киров ауданының тағы да 805,2 мың гектар жері көрші Өзбекстанның қарамағына берілді. Өзбек КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1971 жылғы 11 мамырдағы, ал Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1971 жылғы 12 мамырдағы Жарлықтары бойынша Киров ауданы жерінің біраз бөлігі Қазақстанның сол кездегі Шымкент облысының құрамына қайтарылып берілді.
Алайда, қазақтың Мырзашөл өңіріндегі Киров ауданының көп жерлері Өзбекстанның құрамында қалып қойды.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 1996 жылғы 9 қазандағы Жарлығымен Киров ауданының аты Асықата ауданы болып өзгертілді.
Ресми мәліметтер бойынша Асықата ауданының орталығы Асықата кенті Шымкент қаласынан 243 шақырым, Жетісай теміржол стансасынан 20 шақырым жерде орналасқан. Асықата кентінде 10,5 мыңға жуық халық тұрады.
Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1997 жылғы 24 сәуiрдегi № 3474 Жарлығымен Асықата, Жетiсай, Мақтаарал аудандары таратылып, олардың аумағында әкiмшiлiк орталығы Жетiсай қаласында болатын Мақтаарал ауданы құрылды.
Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 2018 жылдың 20 ақпанында өткен сессиясында Мақтаарал ауданын үш ауданға, яғни Мақтаарал, Асықата және Жетісай аудандары етіп бөлу және бұрынғы аудан орталықтары Мырзакент кентін, Асықата кентін және Жетісай қаласын қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылдаған еді.
Сәйкесінше, Мақтаарал ауданын үш ауданға бөліп, бұрынғы Мақтаарал, Жетісай, Асықата аудандарын қалпына келтіру туралы ҚР Президенті Жарлығының жобасы 2018 жылғы 23 ақпанда «Электрондық үкімет» веб-порталында жарияланып, қоғамдық талқылаудан өтті.
Алайда арада екі айға жуық уақыт өткен кезде, яғни 2018 жылғы 17 сәуірде өткізілген Оңтүстік Қазақстан облысы мәслихатының сессиясында сол тұстағы облыс және аудан басшыларының бастамасымен Мақтаарал ауданын үшке емес, екіге бөлу туралы қайтадан мәселе көтерілді.
Осылайша, Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 5 маусымдағы № 698 Жарлығымен бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданын бөлу жолымен əкімшілік орталығы Жетісай қаласында болатын Жетісай ауданы, əкімшілік орталығы Мырзакент кентінде болатын Мақтаарал ауданы құрылып, тарихи Асықата ауданы ашылмай қалды.
Асықата өңірінің халқы 1997 жылы таратылған Асықата ауданының қайтадан ашылайын деп тұрған жерінен ашылмай қалғанына байланысты өздерінің өтініш-тілектерін Елбасымыздың атына бірнеше рет жолдады.
Біз де осы мәселе бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында да, әлеуметтік желілерде де қайта-қайта жаздық.
Өкінішке қарай, бұл мәселенің мән-жайын тереңірек зерттеп, тиісті орындарға ұсыныс жіберудің орнына Жетісай ауданының әкімдігі өзінің ресми сайтында «Асықата өңірін бөлек аудан етіп бөлу мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ» деген тақырыппен қысқаша ақпарат жариялаумен ғана шектелді.
Бұған дейін де жазғанымыздай, Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесі Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының 2019 жылғы «Балалар және білім беру, бос уақыт және мәдени іс-шаралар» атты тақырыптағы Үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік гранты бойынша Мырзашөл өңірінде белгіленген жоспар бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз.
Біздің Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Түркістан облысындағы бүгінде Жетісай ауданының құрамына берілген Асықата өңірінде жүзеге асырып жатқан іс-шараларымыздың бірі – балалар және жасөспірімдермен өзара іс-қимылды ұйымдастыру кезінде мұражайлардың, кітапханалардың және мәдени-демалыс үлгісіндегі мекемелердің ақпараттық-танымдық, шығармашылық және оқыту қызметін дамыту жөніндегі жоспар әзірлеу және іске асыру.
Осы мақсатпен, біз өткен жексенбі, 2019 жылғы 28 шілде күні Асықата өңірін аралап, ашылайын деп тұрған жерінен ашылмай қалған бұрынғы Асықата ауданы аумағының қазіргі жағдайын фотосуреттерге түсіріп алған едік.
Тарихи Асықата өңірін аралап шыққан соң біздің көкейімізде мынадай жалғыз ғана: «Асықатаға жаны ашитын әкім бар ма өзі?!» - деген сұрақ пайда болды
Сонымен, Асықата – еліміздің қиыр оңтүстігінде жатқан Мырзашөл өңіріндегі бұрынғы ауданның аты.
Асықатаның бүгінгі ахуалын бейнелейтін фотосуреттерді Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің назарына жергілікті халықтың талап-тілегіне құлақ түрсеңіздер деген оймен ұсынып отырмыз.
Сілтеме:
Мырзашөл халқы: Елбасы, бізге Асық ата ауданын қайта ашып беріңізші! // https://qamshy.kz/…/46001-myrzashol-khalqy-elbasy-bizge-asy…!
Оңтүстік өңірінің жұртшылығы Елбасымыздан Мырзашөлде жаңа облыс ашылып, бұрынғы Асықата ауданы қайта тұрылуын өтініп отыр // zertteushi.kz сайты.
Құрметпен,
Мырзантай Қожабайұлы Жақып,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесінің және «Kásiptik baǵdar» медиабілім ғылыми орталығы» мекемесінің директоры.
Abai.kz