«ҚазМұнайГаз» қызметкерлері «Бірге – Таза Қазақстан» акциясын қолдады
«ҚазМұнайГаз» компаниялары тобы «Бірге – Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бастамасына белсенді атсалысуда. Еліміздің түкпір-түкпірінде шоғырланған ұлттық мұнай-газ операторының еншілес ұйымдарының қызметкерлері қоршаған ортаны тазалауға кірісіп кетті. Қазірдің өзінде игі шараға 900-ден астам мұнайшы қатысып үлгерді.
Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған сенбіліктер тізбегін шілденің 26-шы жұлдызында Павлодар мұнай-химия зауытының 270 қызметкері бастап берді. Павлодарлықтар белгіленген аумақта сынған тал бұтақтарынан тазарту, қоқыстарды шығару жұмыстарын жүргізді. Сенбілікке екі Камаз көлігі мен жүк-жолаушы автомобилі жұмылдырылды. Кейіннен қалдықтар қалалық қоқыс тастайтын жерге шығарылды.
Қазақ мұнайының қара шаңырағы Атыраудағы «Ембімұнайгаз» компаниясы да экологиялық науқаннан шет қалмады. Шілденің 27-сі күні атыраулық мұнайшылар Жайық өзені және қала аумағындағы су тоғандарының жағалауларын қоқыс қалдықтарынан тазарту шараларына қатысты. Ал 2-3 тамызда Аққыстау және Талқайраң ауылдарының айналасы тазартылды.
Атырау мұнай өңдеу зауыты да бірнеше сенбілік ұйымдастырды. Шілденің 27-сі күні зауыттың 60 жұмысшысы Жаңаталап ауылынан бастап Амангелді ауылына дейінгі Жайық өзені жағалауын тұрмыстық қалдықтардан тазалады. Тазалау жұмыстарына 3 көлік техникасы тартылды. Ал 3-ші тамызда АМӨЗ бен мердігерлік ұйымдардың 170 қызметкері Жайық өзені жағалауын зауыт аймағынан бастап «Жилгородок» шағын ауданына дейін тазалап шықты. Екі сенбіліктің нәтижесінде 50 тоннадан астам қоқыс жиналып, арнайы полигонға шығарылды.
3-тамызда республикалық науқан жалғасын Қызылорда өңірінде тапты. Қазгермұнай компаниясының қызметкерлері 500 метрге созылған жағалау аумағын қоқыстан тазалады.
«ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамының ұжымы өткен сенбіде Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында өткен «Бірге – Таза Қазақстан» акциясына білек сыбана қатысты. Осымен үшінші аптаға созылған сенбіліктерге газ саласының 200-дей маманы жұмылды. Елімізді көгілдір отынмен қамтамасыз етіп отырған іргелі компанияның қызметкерлері Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов бастаған шара аясында Майбалық көлінің жағалауын тазалады. Нәтижесінде, негізінен дені пластиктен тұратын бірнеше тонна қоқыс жиналды.
Экологиялық сенбіліктің соңында «ҚазТрансГаз» АҚ компаниясының жастар ісі жөніндегі кеңесінің мүшелері қазақстандықтарды пластикалық бұйымдардан бас тартуға шақырды. Бұл дүниежүзі бойынша қалыптасып келе жатқан тәжірибе. Жастар экологиялық таза материалдарды пайдалануға көшу байтақ еліміздің табиғатын қорғауда үлкен қадам болатынына сенімді.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы қоршаған ортаны қорғау және еңбек қауіпсіздігі мәселесін қашанда басты назарда ұстайды. Бұл жұмысшыдан бастап басшыға дейін қатаң орындауды қажет ететін негізгі қағида, басты талап. «ҚазМұнайГаз» компаниясының міндеті – қоршаған ортаға зиян келтіруді болдырмау, бұл бағытта нөлдік көрсеткішке қол жеткізу жету.
Айта кетейік, ауқымды республикалық науқан Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Үкімет басшысы Асқар Мамин, министрлер, Парламент депутаттары, қоғамдық ұйымдардың мүшелері, қоғам белсенділері, жастар, бизнес өкілдері тарапынан қолдау тапты.
Abai.kz