Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Өзекті 4080 10 пікір 9 Тамыз, 2019 сағат 16:56

Министр: Балаларымыз осындай аудармалармен оқуға мәжбүр!

Кеше Білім және Ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп оқулықтарындағы кемшіліктерді сөз етті. Министрдің айтуынша, оқушылар осы уақытқа дейін қате оқулықтармен оқуға мәжбүр болған. Енді жаңа оқу жылына дайын оқулықтар қайтадан басып шығарылатын көрінеді.

Нұр-Сұлтан қаласында оқулық комиссиясымен кездескен министр мектептегі  орыс әдебиеті, физика, география пәнінің кітаптарын талдап берген. Мәселен, физика кітабында есептің көрсетілген жауабы дұрыс нұсқамен сәйкес келмейді. Ал, география оқулығында мемлекеттер картасы бұрыс көрсетілген. Ағылшын оқулығында аударма сөздің мағынасы  өзгеріп кеткен. Және, орыс тілінен қазақ тіліне аударылған оқулықтардың да сапасы сын көтермейтін көрінеді. Осы мәселелерге ашуланған министр:

- Мұндайға жол берілмеуі керек. Балаларымыз осындай аудармалармен оқуға мәжбүр. Жыл сайын бір қателік қайталанып келеді. Бір басқан шоқты қайта айналып басамыз. Қашан бітеді бұл? Оқулықты асығыс дайындау деген жүйелі проблемаға айналды, - деді.

Бірақ, осы олқылықтарға жауапты “Оқулық” республикалық ғылыми -практикалық орталығының мамандары бұл жай ғана техникалық қателіктер екенін айтады. Ал, аудармаларды қайта қарап, қате болса оқулықтың ішіне қосымша тіркеп беру керек дейді. Демек, енді оқулықтарда бұрыс жазылған және оның жанына түзетілген нұсқасы қатар жазылады. Яғни, белгілі бір уақытқа дейін солай болмақ.

Біз аталған жайтқа қатысты Республикалық «QAZBILIM» орталығының директоры Аятжан Ахметжан мырзаның пікірін білген едік.

Аятжан Ахметжанұлы, ұстаз: "Оқулық мәселесін бір мекеме толық жауапкершілікке алу керек"

- Оқулықтың айналасындағы ең үлкен мәселе – оқулыққа шынайы жауап беретін бір мекеме жоқ. Мәселен Алтынсарин ғылым академиясы бағдарлама дайындайды. Министрлік стандарт дайындайды. Баспа басады. Сосын дайындап оқулық жаздырады. (Яғни, авторлар ұжымы). Оқулық департаменті сараптайды.  Есептесеңіз бір оқулыққа бес мекеме жауап беру керек. Ал, оқулық қате шыққан кезде осы бесеуі бір-біріне лақтырады. Сондықтан, менің ойымша, “Алтынсарин ғылым академиясы” оқулықты толық өз жауапкершілігіне алу керек. Және, авторлар оқулықты өздері дайындап, жазу керек. Яғни, олардың екінші жұмысы болмау керек. Университетте сабақ беріп жүріп, қосымша жазған оқулық - оқулық емес!

Сосын “Оқулық” орталығы оқулықтың жобасын екі-үш ай өздерінің сайттарына іліп қояды. “Кемшілігін сол жерде тұрған кезде неге айтпайсыңдар” деген уәж айтады. Бірақ, оннан астам баспаның әрбірінен бәлен оқулық салынады. Бір оқулықтың өзі кемінде 200-300 бет десеңіз, оны интернетте тапжылмай отырып көріп шығу мүмкін емес. (Ол қағазға шығарылмайды да, жүктелмейді де). Сондықтан бұл жерде оқулықтың жауапкершілігін қоғамға итере салған секілді. Жалпы, оқулықты сараптайтындардың не сараптайтыны мен үшін қызық. Өйткені күмән басым. Иә, ол жерде аты алатаудай кісілер болуы мүмкін. Бірақ, олардың  оқулықты көретініне күмәнім бар.

Ал, бұл мәселеде бірізділік болмайтын себебі - жауапкершіліктің жоқтығынан. Мысалы, осыған дейінгі министрлер енгізген реформасына жауап берді ме? Берген жоқ. Сәрінжіпов те, Сағадиев те..  

Сондықан, жауапкершілік болмаған соң, осындай олқылықтар қайталана береді. Біз қазір тіпті білімнің сапасына жауап бермейтін жағдайға жетіп қалдық.

Жалпы, оқулық мәселесінде байырғы стандарттан жаңа формаға көшетін уақыт келді деп ойлаймын. Сосын оқулық қателігіндегі мәселе тек мағыналық жағынан болмауы керек. Оның ұлттық бояуы, идеологиялық, тарихи маңызы, мемлекеттік тұтастық мәселесі жан-жақты қарастырылу керек деп ойлаймын. Өйткені ол баланы тәрбиелейтін құрал. Ал, өз басым соңғы 7-8 жыл оқулықтың бетін ашқан адам емеспін...

Түйін. Жаңа оқу жылының басталуына аз ғана уақыт қалса да, әлгі қате-қате оқулықтар түзетілген жоқ. Мектептерде оқулық жетіспеушілігі деген мәселе тағы бар. Яғни, ата-аналар оқулық сатып алуға мәжбүр. Ол оқулықтардың бағасы сол ата-ананың қалтасына әжептеуір салмақ салатыны тағы рас. Оны министрдің өзі де мойындайды. Енді бұл оқулықтардың сапасы мен бағасы реттелгенше, ата-ана мен баланың, одан қалса мектеп мұғалімдерінің басы біраз қататын болды...

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3511