Спандияр Ақайұлы: «Лингвистер термин алдындағы борышын өтемей жүр»
- Термин мәселесімен талмай айналысып жүрген жансыз. Бірақ бұл салада мәселе қордаланып қалды, оны қалай шешеміз деп ойлайсыз?
- Ұлттық тілге деген көзқарас тәуелсіздік алған жылдары өте күшті болып еді. Француздар кезінде ұран тастапты ғой: «Ұлттық тілді қорғайық және көркейтейік!» деп, сол секілді қорғау өз алдына, көркейту бөлек жұмыс қой. Өмірдің алуан саласына жеткізу де көркейтуге жатады. Ғылым мен техника алға озған заманда, озық атауларды ұлттық тілге икемдеу міндетін өзінен өзі уақыт тудырып жатады. Сондай уақыт біз үшін 90-жылдар болды, «әркімнің терминге бар таласы» дегендей жағдайға жеттік. Қазақ тілінде термин жасауға қатысқан адамда есеп болмайтын...
- Термин мәселесімен талмай айналысып жүрген жансыз. Бірақ бұл салада мәселе қордаланып қалды, оны қалай шешеміз деп ойлайсыз?
- Ұлттық тілге деген көзқарас тәуелсіздік алған жылдары өте күшті болып еді. Француздар кезінде ұран тастапты ғой: «Ұлттық тілді қорғайық және көркейтейік!» деп, сол секілді қорғау өз алдына, көркейту бөлек жұмыс қой. Өмірдің алуан саласына жеткізу де көркейтуге жатады. Ғылым мен техника алға озған заманда, озық атауларды ұлттық тілге икемдеу міндетін өзінен өзі уақыт тудырып жатады. Сондай уақыт біз үшін 90-жылдар болды, «әркімнің терминге бар таласы» дегендей жағдайға жеттік. Қазақ тілінде термин жасауға қатысқан адамда есеп болмайтын...
Өткен ғасырдың 60-жылдарында әр сала бойынша 20 томдық, 90-жылдары 31 томдық орысша-қазақша салалық сөздік шығарылды. Сол «орысша-қазақша» дегеннің өзі термин емес, орысшадан қазақшалау екенін білдіреді. Бірақ Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, ұлттық тілді ресми тілге айналдыру, термин жасау кез келгеннің қолынан келе бермейді. Ынталанып, орайлы балама табам дегенмен, көрінген адам терминші бола алмайды. Сөйтіп, құлшыну науқаны болғанымен, ғылыми терминді қазақшалау жоғары деңгейде болмады. Оның себебі, оған ғалымдар кірісуі керек еді. Бірақ көптеген ғалымдар, әсіресе, техника саласындағы қазақтілді оқымыстылардың өзі де қазақтілді ортадан 20-30 жыл бойы жырақтап қалғандар болатын. Мектепті ғана қазақша бітіріп, былайғы өмірде орыс тілі негізгі қатынас құралына айналған ғой. Сондықтан да әлгі әуесқой терминшілік науқан өз жемісін ойдағыдай бермеді. Ал, аталған көптомдық сөздік термин сөздігі бола алмайтын еді, көптеген шетелдік сөздер орыс тілінің өзінде сол күйінде қабылданатын. Сол сөздіктер бірінен біріне көшірілумен келеді. Бірақ соны ғылыми еңбек атап: «бәлен томдық, бәлен сөздік шықты» деу ғана тілге тиек болатын.
Бұл жерде мәселенің екінші жағы бар. Термин жасау - науқанның нәтижесі емес, ғалымдардың ұлттық тілде ойлап, сөйлеу қабылетінен туындайтын нәтиже ғой. Ғылым ұлттық тілде сөйлемесе, оны аударма тілмен көгерту мүмкін емес. Қысқасы, ғылымның жазу, сөйлеу тілі болса, қазақ тіліндегі терминдер жасанды жолмен емес, табиғи жолмен туындар еді. Және сол тілдегі терминге сұраныс пайда болып, ол айналымға түсіп, өзінің ішкі қуатын жолға қояды.
Тәуелсіз болғанымызға 20 жыл болса да, негізгі еңбектер орыс тілінде жазылады және сол тілде оқулықтар мен ғылыми әдебиеттер шығарылады. Ал қазақ тілінде соның әупіріммен аудармасы ғана шығуы мүмкін. Сосын орыс тіліне төселген ғалымдар өзге тілге бет бұрғысы келмейді және қазақ тілінде жасалған терминді жатырқап, өгейсіп айналымға салуға құлқы болмайды. Оған мәжбүрлейтін, міндеттейтін, болмаса ынталандыратын бізде жүйе жоқ. Осылайша термин де, оқулық та «баяғы жартас -бір жартас» болып қала береді. Ал, қазақ тілінде бірдеңе жаза қалса, көзге түсу үшін, ұлтшыл болып көріну үшін үстіртін, шала дүниелер туындап жатады, ол қазақтілді ортаның сорына айналады. Содан барып, қазақтілді дүниелерге сенімсіздік туындап, арты «қой, болдыға» жалғасады. Сондықтан терминді қазақшалауға мүмкіндік керек, мүмкіндік болғанда қазақтілді ғылыми орта керек. Ахаңның (Байтұрсынұлы) кезіндегі ғылыми орта мен кәзіргі ортаны салыстыруға болмайды, кәзіргі ғылыми ортаның дені қазақы топырақтан жұрдай, шалатілді, шаладілді, қазақы ортадан ажыраған дүбәрә қауым. Ал, ана буынның бәрі ұлттық тілдің мәйегін, әдебиетті, ұлттың жан дүниесін сіңірген ортадан шыққан. Мысалы, Ахаңдар соның арқасында қанша терминді қазақша шығарды, терминдері қандай жатық, сіңімді де табиғи, қазақы!
- Енді ол кездегі жағдай мен кәзіргі жағдайды салыстыру да қиын ғой...
- Жоқ енді, ол кезде заман басқа ғой, бірақ енді ғалымдардың деңгейі де басқаша, жан-жақты болып келетін. Кәзіргі оқымыстылар қазақ тілін білмейді деуге болады, сосын оған қанша жерде қазақша сөз болса да құлағына түрпідей тиеді, дұрыс емес көрінеді, жат болып қабылданады. Қазақша қанша жерден жақсы термин болса да, орысшасын қорғап, азар да безер болады...
- Енді термин саласында бір нақты талап, соны жүйелейтін бір құрылым болу керек емес пе?
- Махамбет айтқандай, «Тілде бар да, ділде жоқ мұсылмандық - кімде жоқ?!» дегендей терминге көрінген адам ұрына беруі дұрыс емес, әрине, ғылыми талапты ұстанып, еңбектену - жоғары саналылықтың белгісі. Талап демекші, 1994 жылы қазақ терминдерін жасаудың тұжырымдамасы шыққан болатын. Термин өндірісіне қажетті принциптер айқындалған еді, бірақ іске кіріскенде, соны жасаған адамдардың өздері оны ұмытып кетті. Ол талаптар Ахмет Байтұрсынұлының 1920 жылғы талаптарының негізінде жасалған еді. Терминді мүмкіндігінше қазақшалау, ол мүмкін болмағанда түрік тілінің тәжірибесін пайдалану деген сықылды. Ал, бірақ бүгінгі қазақшаланған терминге қарап тұрсаң, небір сұмдыққа кездесетін болдық. Өйткені, терминді қазақшалау кез келгеннің ермегіне айналды. Содан келіп, терминді қазақшалау ісінің қадыры қашты. Сосын бізде мынадай бір дағды бар: бір академик мұрнын тыжырайтып, «мыналарың немене?» десе бітті, әлгі термин дұрыс емес болып танылады, оған лингвистикалық тұрғыдан талдау жоқ, бедел бәрін шешіп тастайды... яғни терминге ақыл емес, атақ араласып кетеді. Үдеріске ақылды емес, атақты тықпалап, біліктің берекесін қашыру - біздің қоғамның ортақ дерті!
- Термин - тілдік мәселе ме, ұлттық мәселе ме?
- Өз басым термин мәселесінің таласында оны ұлттық мәселе тұрғысынан жасалу керектігін ұсынып жүрмін. Терминдік мүдде үш бөліктен тұрды: бірінші, тілдің мүддесіне сай болуы керектігі, термин тілге зиян келтірмеуі керек, керісінше ол соның құрамдас бір бөлігі, термин ұғымдық, қоғамдық және дыбыстық тұрғыда үйлесімді болуы қажет, тілдің талабымен уәжделуі керек. Мысалы, «зейнетақы» сөзі екі қазақ сөзінің жымдасуынан, сөзжасам қабылетінен туындады; сол сияқты «катализаторды» «өршіткі» деуді ұсынып жүрмін, «өршіт» бұйрық райлы етістікке «кі» жұрнағы жалғану арқылы жасалып тұр, бұл тілдің өз мүмкіндігінен туындаған әрі ұғымды толық білдіріп тұрған сөз.
- Бірақ өзіңіз білесіз, термин тілдің бір бөлігі болғасын, мұндай жаңа лексикалық бірліктер сарапталып барып, бекітілгені жөн ғой. Әйтпесе, біліксіздер оны ермекке не күлкіге айналдырмай ма?
- Мен атап отырған терминдік мүдделерді сақтасақ, оған жол берілмес. Жаңағы сөзді жалғастырайын, терминге қояр талаптың бірі - тіл мүддесі болса, тағы біреуі - әлеумет мүддесі. Оны көбіне ешкім ескере бермейді, халық жаңа терминді тануы және жатырқамай қабылдауы керек. Сонда ғана жаңа лексикалық бірлік тілге тез сіңеді және қолданысқа түседі. Мысалы, «азот» десем, сіз қасаң түрде қабылдайсыз, оның толық не екенін елестете алмайсыз. Ал, егер мен оны «өміртек» десем, онда ол қазаққа барынша түсінікті және қабылдауға жеңіл, термин ретінде тілге тез сіңеді. Өйткені, өмірдің көзі - азот! Бұрынғы жасалған оттек, сутек, көміртек сөздерінің ізімен бұл да кірігіп кетеді.Терминнің тағы бір мүддесі - ғылыми сала, яғни ғылыми қатынастар үшін қажетті тіл бөлігі. Міне, термин осы үш мүддеден тұрады. Осыларды діттесек, онда ұлттық терминдеу қағидасы мен оны өмірге енгізу қалыптасар еді.
- Бірақ өзіңіз атағандай, кейде ғылым мен тілдің мүддесі қайшылыққа ұрынып жатады ғой. Кейбір қазақшаланған терминдер дау туғызып жатады, ол жөнінде не айтасыз? Мысалы «ағза» сөзі туралы дау бар...
- Мысалы, «белокты», «клетканы» алып тексерейік. Осы сөздер қарапайым халықтық сөзжасам тәсіліне негізделген, сол секілді түркі тілдері де «белокқа» қатысты «ақуыз» түрінде алса, ешбір ерсілігі жоқ емес пе? Қарапайым адам солай демей ме? «Желток» деп жұмыртқаның сары уызын айтады орыстар, сондықтан біздің «ақуыз», «ақзатымызға» күмәнданып керек емес, тілде аналогы бар лексемалар.
- Мына түрік тілі бізден гөрі әлеммен ертерек әрі еркін тілге айналды ғой, соның тәжірибесін алып, сол тілден терминді көбірек қабылдауға болмай ма?
- Кезінде Ахаң қазақ тіліне қатысты махаббатпен емес, ғылыми дәлелмен айтқан сөзі бар ғой: «түркі тілінің ішіндегі ең таза тіл - қазақ тілі» деп, оны барлық түркілер мойындайды. Сондықтан түрік тілі қазақ тілі үшін «ұстаз» бола қоймайды. Мысалы, татар тілі жазудың дұрыс еместігінен бірнеше дыбысынан ажырап қалған, түрік тілі де сондай ахуалды бастан кешкен тіл. Ататүріктің кезінде бұлар терминді Ебропадан сол күйінде ала салды. Оны бір бақ көрді, «таза күйінде алып жатырмыз» деп, содан ол тіл шұбарлануға аяқ басты. Бірақ айырмамыз шамалы, біз орыстан алдық дегендей, тілді қалай былғағанда бәрібір емес пе?! Сондықтан біз үлгі алатындай бауырларымыз жоқ. Оның үстіне біз ХХ ғасырда Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиімен ең жетік әліпби жасаған халықпыз, түркілер ішінде ең алғашқы тіл оқулықтарын жазған жұртпыз, сондықтан біз әлі сол қауқарымызды іске қайта қосқан жоқпыз.
- Қай сала ғылымы қазақша терминнен алда келеді?
- Қай ғылым қазақша дамыса, сол сала қазақы терминдер бойынша жетік болады. Ұлтжанды, қазақшыл ғалымы көп сала терминді қазақшалауда алда болады. Бір кезде математиктер күшті болған, кәзір химиктер мақтана алады. Соңғы он жылда химик ғалымдардың ұлтшылдығы терминде мол із қалдырды, ондаған сөздер қазақыланды. 31 томның ішіндегі салалық терминдерді салыстырсаңыз, сөздіктің өзі айтып береді.
- Қатесіз де емес шығар?
- Әрине, қате болуы мүмкін, бірақ қате қазақшалау дұрыс қазақшалауға жол ашады, терминология солай дамиды. Өз басым химия саласында терминологияға қаншалықты үлес қосқанымызды сараптап қойдым, қаншалықты жұрнақ-жалғаулар айналысқа түсті, соның бәрін қарастырып, тәжірибеге айналатындай талдап қойдық. Әрине, жасалған қазақ терминдерін енгізу оңай болған жоқ, қарсылық күшті болды, «аштықта жеген құйқаның дәмі аузыңнан кетпейді» дегендей, құлдық бәрімізде де бар ғой. Содан осылай біртіндеп арылып жатырмыз ғой, оның үстіне ғылыми түрде бәрін дәлелдеп берген соң, қарсыластар амалсыз, үнсіз келісіп тынады.
- Бізде Тіл білімі институты бар емес пе, сол терминнің теориясын, жаңа сөздерді талдап, дәйектеп бермей ме?
- Ондағы азаматтар маған ренжуі мүмкін... Ол институт біз тәуелсіздік алған бойдан, терминді қазақшалауға жалаулатып, осы көштің де, істің де алдында жүруі керек еді. Бірақ олардың барын байқаған емеспіз. Ол институт бір де бір салаға термин жасауға көмектескен емес. Терминнің айтулы екі мәселесі бар: ұғымы, мазмұнын сала мамандары шешеді, ал сөздің тұлғасы қандай болуы керек, қалай бірігуі керек, теория жағынан соны негіздеп, сараптап, тілге сәйкестігі мен қайшылығын ажыратып, төрелігін айтуы керек еді. Терминнің жасалу жолдарын ашуы керек еді, өз басым соған енді кіріп келемін, себебі, мен химикпін ғой. Сондықтан Тіл білімі институтының бұған шамасы да келген емес және жәрдемін де тигізген емес. Металлургия саласының терминдерін талдағанда осы институттан бір қызметкерді апарғаным бар, сонда әлгі лингвист ешбір белсенділік танытпады, терминдеу үдерісіне билік етпеді. Жалпы, лингвистер термин алдындағы борышын өтемей жүр.
- Әңгімеңізге рахмет, Ысеке!
Сұхбаттасқан - Сергек Ерқосай
Спандияр Ақайұлы, Химия ғылымының докторы, филология ғылымының кандидаты
«Абай-ақпарат»