Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 11347 18 пікір 16 Тамыз, 2019 сағат 15:19

Ахметовтың ауылындағы той һәм күйеубалаға деген құрмет

8-тамыз күні Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Көктерек ауылында Болат Назарбаевтың қызы Еркежанның тұсау кесер тойы болды. Экс-президенттің бауыры бұл тойға 45 миллион теңгеден астам ақша жұмсаған көрінеді. Ал, сахна мен оның жабдықтары және қазақ үймен қамтамасыз ету Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне жүктеліпті-мыс.

Бұл той өткен айда басталған болатын. Қымбат мейрамханалардың бірінде өткен тойда Назарбаев бір жастағы қызына арнап 120 800 долларға торт жасатқан. Бұл шамамен 1100 қазақстандықтың ең төменгі жалақысын құрайды екен. Ал, күні кеше Көктерек ауылында өткен той, күллі Шығыс Қазақстан облысын тік тұрғызған секілді. Себебі, облыс әкімдігіне сахна жабдықтарынан бөлек, ауылға дейінгі жол мен қазақ үй тігілетін жерлерге асфальт төсеп шығу тапсырылыпты. Оны Ахметов бастаған шенділер мүлтіксіз орындаған секілді.

Одан бөлек, дүбірлі тойда 250 мың мен 21 миллион теңге аралығында лоторея ойнатылған. Сонымен қатар, айтыс ақындары мен эстрада әншілері өнер көрсетіп, олардың  әрқайсына 1 миллион теңге ақша төленген. Ал, мынау сол тойдың сметасы:

Естеріңізде болса, осы жылдың ақпан айында астаналық бес бүлдіршін шейіт кетті. Бүкіл қоғамды дүр сілкіндірген осы оқиға орын алған тұста Алматының ең қымбат ресторанында Болат Назарбаевтың ұлы Хантөренің тойы болды.

Ол тойға Алматы облысының әкімі Амандық Баталов барып, ізгі тілегін жеткізді. Ал, Алматының экс-әкімі Бауыржан Байбек “бұл – Қаскелеңнің ғана емес, жалпы қазақтың ұлы тойы деп айтуға болады”  деп ағынан жарылған еді.

Ал енді Шығыстағы дүркіретіп өткізген думан-тойдың "сметасы" әлеуметтік желіге тарап кетті. Онда жеке адамның өткізіп жатқан тойына қажет делінген жабдықтарды (сахна, дыбыс, жарық, ЛЭД экран, киіз үйлер т.б.) әзірлеу Даниал Ахметов басқаратын Шығыс Қазақстан облысы әкімдігіне жүктеліп, міндеттеліпті.

Сонда бұл қалай? Білдей бір облыстың әкімдігі ағайыншылыққа салып, жеке адамның тойы үшін қызмет қылуға міндетті ме? Бізше болса, бұл ақылдың да, Заңның да шеңберіне сыймайтын мәселе. Туысқаншылық, ағайыншылық қызмет - әкімдікке міндет болмауы керек-ті! Облыс әкімдігі аталған абсурдқа қатысты жауап береді деп күтеміз!

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1474
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5450