Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Жазылған жайдың жалғасы... 3264 11 пікір 19 Тамыз, 2019 сағат 11:58

Әкемтеатр мемлекеттік тілге атүсті қарап отыр...

Мәдениет және спорт министрі
Ақтоты Райымқұловаға:

14 тамыз күні сайтымызда "Орысша білмесең Әкемтеатрға жұмысқа тұра алмайсың..." атты мақала жарияланды. Онда М.Əуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры "бақылаушы" қыздарды жұмысқа алуда олардың орыс тілін еркін меңгеруін талап етіп отырғаны жазылған.

Кейін театр әкімшілігі аталған мақалаға жауап жазды. Театрдың жауабын еш өзгеріссіз жарияладық. 

Алайда білдей Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының атынан келген үшбу хат біз көтерген мәселеге жөнді жауап бере алмады. Нақты жауап жоқ. Мемлекеттік тілдің болашағына деген жанашырлықтан жұрдай жандардың "жүре жауап бергеніне" ұқсайды.

Қазақ тіліне қырын қарайтындардың қашаннан бергі жаттанды жауабымен бірдей. "Бізге өзге ұлт өкілдері келеді, солар орыс тілін талап етеді" деген жалтарма жауап, баяғы. "Он қазақтың ортасына бір орыс келсе, бәрің орысша сөйлеңдер" деген көне көзқарасты көлденең тартып отыр, тағы. Енді өз сөздерін куәге тартайық.

"Алматы – туристік қала әрі еліміздің мәдени астанасы. Оңтүстік астанамызға келген туристер, қала мәдениетімен танысу мақсатында  біздің театрымызды іздеп келеді. Себебі,  М.Әуезов атындағы  Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры  –  Қазақ өнерінің қара шаңырағы, қазақтың тұңғыш кәсіби мәдени ошағы.

Орыс тілді көрерменді былай қойғанда, бізге Ресейден, Татарстаннан, Оңтүстік Кореядан, Жапониядан, Грузиядан, Америкадан және түрлі жобалар (академическая мобильность)  арқылы оқуға келген көптеген өзге ұлт өкілдері қойылымдарымызды тамашалайды. Бұны ескергендіктен, қыздарды іріктеу барысында біз олардың ағылшын тілін меңгеруіне де аса үлкен мән береміз, - депті театр әкімшілігі ресми жауабында.

Алматыға туристердің көптеп келетініне, олардың бір парасы Әуезов театрына бас сұғып шығатынына дауымыз жоқ. Алайда өздері айтқандай, Қазақ өнерінің қара шаңырағы - Әкемтеатрдың басты көрермені сөзсіз қазақтар. Сондықтан, ара-тұра келетін аз санды өзге ұлт өкілдері үшін ондағы бақылаушы қыздардарға орыс тілі мен ағылшын тілін міндеттеу - мемлекеттік тілді ғана білетін жастардың кеудесінен итеру болмақ.

Бұл жерде ағылшын тілін білу дегенді біздің "Орысша білмесең Әкемтеатрға жұмысқа тұра алмайсың..." атты мақаламыз жарияланған соң қосты. Кастингке шақырған алғашқы хабарламада тек орыс тілін еркін сөйлеуді талап еткен болатын. Біздің мақала жарияланған соң сыннан сабақ алғаны былай тұрсын, жаңағы жарнамаға ағылшын тілін қосып қойды. Бұны енді өз әрекеттерін "үш тілді саясатты қолдап жатырмыз" деп ақтау үшін театр әкімшілігінің ойлап тапқан "қулығы" деуге болады.

Театрдың алғашқы хабарламасы (1 сурет):

Театрдың түзетілген хабарламасы (2 сурет):

Екінші мәселе, "түрлі шетелдерден елімізге оқуға келген өзге ұлт өкілдері қойылмдарымызды көруге келеді, соларға орыс тілінде қызмет көрсетеміз" депті. Еліміздің оқу орындарына білім алмастыру үшін келген аталған азаматтар мен студенттер ең алдымен мемлекеттік тілді үйренеді. Театрға да университетте үйреніп жатқан қазақ тілін пысықтау үшін барады. Қазақ тілін үйренсем деп қазақ театрына барған өзге ұлт өкілдерін орыс тілінде қарсы алғанымызды "қонақжайлылық" деуге ауыз бармайды...

Жарайды, театр әкімшілігі айтқандай ара-тұра шетелдіктер келіп тұрады делік. "Шетелдіктер күнде келіп табалдырығымызды тоздырып жүрген жоқ" деп өздері айтып отыр. Ендеше, осы аз санды шетелдіктер үшін қазақ театрындағы барша қызметкер орысша білуге міндетті ме?!

Театрдың жауабында бақылаушы қызметінде қанша адам жұмыс істейтіні айтылмаған. Сол үшін біз мөлшермен жазамыз. Бақылаушы қызметінде мөлшермен 50 қаракөз жұмыс істейді дейік. Театрға ара-тұра қазақ тілін білмейтін шетелдіктер келіп қалады. Оларға жол бастап, жөн сілтеу үшін жаңағы 50 қызметкердің бесеуі, артық айтқанда оны орыс тілін немесе ағылшын тілін білсе жеткілікті емес пе?! Түйе бошалағандай уақытта келетін санаулы шетелдік үшін Қазақстандағы түгел қазақ орыс тілін үйрену керек пе, әлде...

Театр әкімшілігінің жүрдім-бардым жауабындағы басты "көзірі" еліміздің тіл туралы заңы болып отыр.

"Қазақстан Республикасының Тіл туралы заңының 1-тарау, 5-бабында «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» делінген. Демек, Сіздің сауалыңызға заң бойынша да жауап берсек, біз өз жазбамызда өрескел қателік жібермедік", - депті.

Тіл туралы заңдағы осы бапқа сүйеніп, ұлы Әуезовтың атын алып отырған Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының мемлекеттік тілге қырын қаруы ақылға сыймайды. Онсыз да көп санды қазақстандық тіл туралы заңдағы осы бапты қайта қарауды талап етіп жүр. Осындай кезеңде, қазақ өнерінің қара шаңырағы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қажет болғанымен, қазір көнере бастаған осы бапқа арқа сүйемесе де болар еді ғой.

Және бір айта кетерлігі, тіл туралы заң Қазақстан халқына ортақ. Алайда оны тек Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры ғана берік ұстануы керек пе? Елімізде ресми тiркелген 55 театр жұмыс iстейдi. Бұлардың барлығы да мемлекет қамқорлығындағы театрлар. Демек, мемлекеттік тіл бұларға да міндетті. Тек Алматының өзінде бірнеше өзге ұлт театрлары бар. Солардың ешқайсысы жұмысқа адам алуда мемлекеттік тілді білуді міндеттеп отырғанын естімептік. Мәселен, Алматыдағы М.Ю.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының басшылық қызметінде бірде-бір қазақ азаматы жоқ. Баспасөз қызметі де тек орыс тілінде жұмыс істеп тұр. Демек, бұлар жұмысқа адам алуда мемлекеттік тілде мүлде талап етпейді деген сөз.

Алғашқы мақаламызда айтқандай, көп тіл білетін, жан-жақты білімді қызметкер барлық мекемеге керек. Әуезов театрында да ағылшын, орыс, жапон тілін білетін қыз-жігіттер жұмыс істесе еш артықтығы жоқ. Бірақ бұл тілдерді білмегені өз елінде тұрып жатқан қазақтардың жұмыстан қағылуына себеп болмауы керек. Сол үшін еліміздегі ешбір мемлекеттік мекеменің орыс тілін еркін меңгеруді жұмысқа адам алудың алғы шарты етуге қақысы жоқ...

Сол үшін басқа-басқа Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әкімшілігінің ҚР мемлекеттік тіліне қырын қарап, РФ мемлекеттік тіліне екпін беруі жөнге сыймайды. Әрбір басшы, әрбір қазақстандық мемлекеттік тілге жанашырлық танытып, құрмет көрсеткенде ғана Мәңгілік елдің мерейі үстем болады. Сол үшін Сәбит Әбдімүтәліұлы бастаған Театр әкімшілігінің бұл мәселеге атүсті қарамауын сұраймыз...

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052