Бердібек Сапарбаев вице-премьер болды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев министр Бердібек Сапарбаевты ҚР Премьер-министрінің орынбасары қызметіне тағайындады. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.
"Бердібек Машбекұлы Сапарбаев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметінен босатылсын", деп жазылған Президент Жарлығында.
Бердібек Машбекұлы Сапарбаев 1953 жылы Қызылорда облысында туған. 66 жаста. Экономика ғылымдарының докторы. Профессор.
1977 жылы жылы Алматы Халық шаруашылығы институтын «Экономика және материалдық-техникалық жабдықтау» мамандығы бойынша бітірді.
1988-1993 жылдары Қазақстан Республикасы Білім министрінің орынбасары болды.
1993 жылы Президент Аппараты бөлімі мен Қазақстан Республикасы Министрлері кабинеті меңгерушісінің орынбасары қызметіне тағайындалған.
1994-1995 жылдары Қазақстан Республикасы Министрлері кабинетінің Істер басқармасының Қаржы, еңбек және әлеуметтік қорғау бөлімі меңгерушісінің орынбасары және меңгерушісі болды.
1995 жылы ҚР Министрлері кабинеті Аппаратының басшысы,
1995-1999 жылдары аралығында Қызылорда облысының әкімі,
1999-2002 жылдары аралығында Оңтүстік-Қазақстан облысының әкімі болды.
2002-2006 жылдар аралығында ҚР Кедендік бақылау агенттігінің төрағасы, ҚР Қаржы министрлігінің вице-министрі, Кедендік бақылау комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды.
2006-2007 жылдар аралығында Премьер-министр Кеңсесі Басшысының орынбасары – Қазақстан Республикасы Парламентіндегі Үкіметтің Өкілі болып қызмет етті.
2007 жылы ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі,
2007 жылдың 27 тамызынан бастап Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымында болған.
2009 жылғы 4 наурызда Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды.
2014 жылдың қарашасы - 2015 жылдың қыркүйегі аралығында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.
2015 жылғы 11 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалды.
2019 жылғы 25 ақпанда Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалған.
Abai.kz