Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2925 0 пікір 21 Шілде, 2011 сағат 09:23

Жарылқасын БОРАНБАЙ. ҚАСИЕТІМІЗ ДЕ, ҚАСТЕРІМІЗ ДЕ – ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ

«Ана тілі» газетінің 2011 жылдың №22 (1070) санында тарих ғылымының докторы Берекет Кәрібаевтың «Керей мен Жәнібек хандар «Қазақ мемлекетінің негізін қалаушылар болды» атты зерттеу мақаласы жарық көрген болатын. Қазақ хандығы туралы тақырыпқа көптен қалам тартып келе жатқан автор болғандықтан, бір деммен оқып шықтым. Десек те, мақалада Қазақ мемлекетінің қалыптасуына қатысты қайшылықтардың бар екенін де атап өтпеуге болмас.

«Ана тілі» газетінің 2011 жылдың №22 (1070) санында тарих ғылымының докторы Берекет Кәрібаевтың «Керей мен Жәнібек хандар «Қазақ мемлекетінің негізін қалаушылар болды» атты зерттеу мақаласы жарық көрген болатын. Қазақ хандығы туралы тақырыпқа көптен қалам тартып келе жатқан автор болғандықтан, бір деммен оқып шықтым. Десек те, мақалада Қазақ мемлекетінің қалыптасуына қатысты қайшылықтардың бар екенін де атап өтпеуге болмас.

Кезінде Қазақ хандығы туралы көптеген тарихшылар, зерттеушілер өз пікірін білдірген, ой айтқан. Мәселен, Қазақ хандығы тақырыбына қалам тартқан Мұхамеджан Тынышбаев 1923 жылы Ташкент қаласынан жарық көрген «Сана» журналында «Түрік-моңғол тарихы» атты еңбегін жариялап, оны «1.Ең ескі заманнан бастап 1456 жылға шейін (Өзбек-қазақ айырылған жыл)» деп бөлімге бөледі. Сөй­тіп, 1456 жылдың қазақ мемлекеттігінің ал­тын табалдырығы екенін аңғартып өтеді. Ал Берекет Кәрібаевтың пайымынша, Ке­рей мен Жәнібектің «ұлы көші» бір жыл ке­йін, 1457 жылы қара күзде басталған. 1458 жы­лы Керей ханы сайланған. «Ал толығымен дербес мемлекеттің құрылуының аяқталуы 1470-71 жылы жүзеге асқан». Бірақ Қазақ хандығының құрылуы 1456 жылы болғаны турасында көптеген деректер бар.
Мәселен, 1964 жылы жарық көрген «Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары» топтама кітабына «Мұхаммед Хайдар Дулати» атты зерттеу мақаласын жазған академик Әлкей Марғұлан осы 1456 жылды бірнеше мәрте шегелей айтады. Дәл осы кітапқа «Қадырғали Қосынұлы Жалайри» атты еңбегін бастырған ғалым Қадырбек Жүнісбаев та осы 1456 жылға тоқталады. 1983 жылы жарық көрген «Қазақ ССР тарихы» 5 томдықтың 2-томында Вильяминов-Зернов, А.А.Абусейітова, В.А.Мойсеев, Әлкей Марғұлан және т.б. ғалымдар Қазақ хандығының бас­талуын 1456 жыл деп көрсетеді (188-бет).
Қазақ ССР энциклопедиясы, Қазақ Ұлт­тық энциклопедиясы, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан энциклопедиясы «Қазақ хандығы шамамен 1456-1847 жылдар аралығында өмір сүрді» деп анықтама береді.
1983 жылы «Қазақ ССР тарихы» кітабы 5 том болып шықты. Соның 2-томы «Көне заманнан бүгінге дейін» деп аталады. Осы кітаптың 188-бетінде «Әбілқайыр ханның әскерлері мен Үз Темір тайшы басқарған ойраттардың шайқасы «Көкқашан» (Сығанақ төңірегінде) тұсында 1456-1457 жылы болды» деп айшықталып жазылып қойған.
Бұдан кейін тайға таңба басқандай етіп: «Осы жеңілістен кейін Әбілқайыр хандығының көшпелі халқының бір бөлігі бөлінді де, Керей мен Жәнібек сұлтандардың басшылығымен Моғолстан­ға көшіп, Шу мен Қозыбас өзендерінің жазығына қоныс тепті» дейді. Қазақ жерінен алыста, 1987 жылы Қытайда, Шыңжаңда шыққан «Қазақтың көне тарихы» кітабында белгілі тарихшы Нығымет Мыңжан дәл осы 1456 жылға тоқталады. Осы 1456 жылды Мұхтар Мағауин өзінің «Қазақ тарихының әліппесі» («Жұлдыз» журналы 1993. №12.83-151 беттер) «Қазақ хандарының ғұмырнамасы» атты кітаптарында толықтай талдаған-ды.
Тағы бір айта кетерлік жайт, «Жәнібек хан туралы айтылатын шежірелік мәліметтерде оның шын есімі - Әбу Сайд, ал лақап есімі Жәнібек екенін білеміз» деп шегелейді автор. Әрине, айрықша әспеттеліп, «Әз Жәнібек» деп те атанғанын автор қалыс қалдырыпты. Бірақ Берекет Кәрібаев ұлы хан Керейге келгенде ептеп мүдіреді. Міне, қараңыз: «Жазба деректер мен тарихи зерттеулерде алғашқы қазақ ханының есімі - Гирей, Герей, Кирай, Керей түрінде кездеседі», - дейді ол.
Бұл, әрине, дұрыс емес. Оның азан шақырып қойған шын аты - Шахкерей болған. Мұны қазақтың ұлы ақындарының бірі Шәкәрім Құдайбердіұлы жазған шежіреден табуға болады. Тіпті сол Шәкәрімнің өзінің есімі «Шаһ керім» деген сөзден шыққан.
Бұл ерекше атаудың қазақшаланған нұсқасын:
Құйрық атып құлия,
Түлкідей қашқан жылмия.
Бізден де өтіп барасың,
Қайран да, қайран сұм дүния, - деп толғанған Шәңгерей Бөкеевтен табасыз. Шәңгерей есімі сол Шахкерей ханнан қалған.
Б.Кәрібаев аталмыш мақаласында: «1428 жылы Барақ хан өліп, хандық билік шайбанилық Әбілқайырға көшкенімен, Ақ Орда хандарының ұрпақтары Сыр өңірінде қала берген. Олардың ішінде Керей де, Жәнібек те және басқалар да бар. 1446 жылы Әбілқайыр хан Сыр өңірін Мауренахрды қайтарып, өз астанасын Сығанаққа көшіреді» деп жазады.
Сыр-анамыз Өзбекстан шекарасын Шыназдың маңында басып өткеннен кейін, солтүстікке қарай құлдилайды. Жолай Арнасайда, Шардара су қоймасында кідіреді. Арыс қаласынан күнбатысқа таман «Көксарай» су реттегішінде де аз-кем демін басады. Осыдан кейін Шәуілдірдің тұсында, Отырартөбеден он шақты шақырым төменірек, Арыстың суын қосып алып, Түркістан қаласына қарай жөңкиді. Ұлы қалаға 15-20 шақырымдай күнбатыс тұстан орап өтіп, Шиеліге қарай жақындайды.Жаңақорғанның тұсында дариясу бірте-бірте күнбатысқа - Аралға қарай біржолата бұрылады.
Тарихқа таңбаланған ұлы оқиғалардың бәрі де Кир-Тұмар ханым шайқасы, кешегі Әбілқайыр-Үз Темір тайшы қақтығысы осы орамда болған. Әмір Темірдің Ақсүмбе-Ұлытау жорығы да осы жерден басталған. Бір ғажабы, Қазақ хандығының да «кіндігі» осы маңдағы «Көккесене» (Көкқашан) деген жерде кесілген...
Айтып-айтпай, не керек, қазір біз Қазақ хандығының 1456 жылы құрылғандығын Ұлттық бірыңғай тесттің (емтихан) сұрағына ендіре алмай отырмыз. Әзірге мемлекетіміздің тарихы аттай 10 жылға кейін шегеріліп, «1465-66» жыл көрсетіліп жүр. Сонда Керей мен Жәнібек хандардың 10 жыл бойғы қайраткерлігі қайда?
Осындай берекесіздікті болдырмау үшін, атызға шым салғандай, ең болмаса, «көз үйреніп, көңіл сене берсін» деген тілекпен, Керей мен Жәнібекке Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданының орталығы Шолаққорғанда «Жастар саябағында» ескерткіш-монумент 2007 жылы 14 желтоқсанда әзер дегенде осы мақаланың авторының мұрындық болуымен ел Тәуелсіздігінің 15 жылдығы қарсаңында қойылды. Ал 2010 жылы Астана қаласында, ол да үлкен дау-дамаймен, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президентінің мұражайының алдына орнатылды.
«Қазақ хандығы, болмаса «Керей мен жәнібектану» көші ендігі жерде дұрыс бағытпен қозғала ма» деген үкілі үмітіміз бар. Қасиеттіміз де, қастерліміз де Қазақ хандығы болған соң, бір ауыз пікір айтқанды жөн көрдік...

Жарылқасын БОРАНБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Қазақ хандығы» қоғамдық қорының төрағасы

http://anatili.kz/?p=6973

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1495
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3266
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5608