Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Алаң 7151 28 пікір 27 Тамыз, 2019 сағат 16:08

Сапарбаев: Бір сиырмен де күн көруге болады

Жуырда ғана экс-президент Н.Назарбаев ауылдағы жұмыссыз ағайынға микрокредитке екі сиыр сатып алып, күн көру керектігін айтты. Оның сөзін Үкімет басшысының орынбасары қызметіне енді ғана тағайындалған Бердібек Сапарбаев тәпсірлеп те үлгерді. Сапарбаевтың айтуынша, күтімі жақсы болса, екі сиыр түгілі, бір сиырмен де күн көруге болады-мыс.

Міне, Мәшбекұлының өз сөзі:

-Бір сиырмен де, екі сиырмен де күн көруге болады. Бірақ, ол үшін сиырға да жағдай жасау керек. Сөйтіп ол сиырға дер кезінде шөбін, жемін, суын берсең, ол сиыр ең кем дегенде 7-8 литр сүт береді. Сол сүттің 2-3 литрі өзіңнің қажетіңе кетсе, қалғанынан май да, құрт та, қатық та, қаймақ та шығады. Әңгіме екі сиырда емес. Әңгіме халықтың жұмыс істеуінде...

Жалпы, билік өкілдерінің сөзінен түсінгеніміз, халық жалқау, тек мемлекетке алақан жайып отырады-мыс. Бұл сөзді отыз жыл ел басқарған Елбасы да растайды.

Алайда, сол сүтті және сүт өнімдерін сатып алатын зауыттар ауылдағы ағайынның еңбегін ескеріп тиімді баға ұсына ма? Әлде олар үшін шет елден келетін арзан, ұнтақ сүтті сатып алу тиімді ме? Мәселен, біздің кәсіпорындарда май, ірімшік, сүт ұнтағы өнімдерінің өндірісі төмендеген. Нәтижесінде, майдың – 40%, ірімшіктің – 60%, сүт ұнтағының – 90-95%-ын шет елден сатып аламыз. Ал, жуырда ғана Қазақстан сүт одағының атқарушы директоры Владимир Кожевников:

-Сүт өңдеуші кәсіпорындарға қарапайым халық өткізетін сүттің 90 %-ына сенім жоқ. Өйткені ауылдағы ел сиырды осыдан 300 жыл бұрын қалай сауса, әлі де солай сауады. Ал, үш ғасырда экология да, жемшөп базасы да, технология да өзгерді. Осының бәрі қосалқы шаруашылықтар өткізетін сүттің қауіпсіздігін құбылтып тұр. Түрлі індеттер мен микробтар, улы химикаттар малға егілген дәрі арқылы сүтке түсіп жатыр,- деді.

Одан бөлек, мал жаятын жайылымдық жер мәселесі де шешілуі тиіс. Мәжіліс депутаты Жексенбай Дүйсебаевтың айтуынша, бүгінде елімізде ауылшаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 220 млн гектар. Оның 187 млн гектары – мал жайылымдарына тиесілі екен. Алайда, бүгінгі күні сол жайылымдық жердің 80 миллион гектары ғана игерілген. Оның үстіне қазір малдар бұрынғыдай қыстау мен жайлауда емес, ауыл маңында жайылатын көрінеді. Алайда, сол ауылдың маңындағы 15-20 шақы­­рымға дейінгі жерлер азып - тозып, та­би­ғи өнімділігі жыл са­йын төмендеп барады. Нәтижесінде, қолданыстағы 80 миллион гектар жайылымдық жердің 27 миллион гектары құлдырап кеткен.

Мәселен, Бердібек Машбекұлы басқарған Ақтөбе облысының өзінде экологиялық апат аймағы аз емес. Былтыр ғана облыс орталығына жақын жердегі сегіз өзеннің суы тартылып құрғақшылық болды. Көктемгі су тасқынының алдын алу үшін сегіз өзеннің арнасын кеңейтеміз деген Сапарбаев әкімдігі мемлекеттік бюджеттен 6 миллиард 700 мың теңге бөлгізген. Алайда, ол жұмыс дұрыс жүргізілмей, қылмыстық іс қозғалыпты. Сонымен қатар, өзен маңындағы қызыл кітапқа енген ағаштар да кесіліп кеткен көрінеді. Бірақ, Ақтөбе әкімдігі ол ағаштардың қызыл кітапқа енгенін білмеген.

Ал, 2016 жылы Ақтөбе өңірінде ауыз су тартылып, жайылымдық жерлер және дақылдардың жойылып кету қаупі туындады. Батыс Қазақстан медициналық университетінің профессоры Арыстан Мамырбаев бұл апаттың себебі - қытайлық инвесторлар Ақтөбеде салуды жоспарлап отырған калий фабрикасы болуы мүмкін деп топшылады.

Айта кетейік, аталған қытайлық зауыт жаңадан құрылған Нұр-Ақтөбе ықшамауданының және қаланы таза сумен қамтамасыз ететін су қабылдайтын орынның жанында орналасады деп жоспарланған. Ғалымның айтуынша, егер қытайлық зауыт жұмысын бастаса, өңірдегі жер мен мал жаятын орындар тұзды батпаққа айналып, шөп өспейтін болады. Сонымен қатар, таза судың да құрамы өзгеріп, ластанатын көрінеді.

Бұдан соң, дәл сол 2016 жылы Латвиялық дендрологтар қоғамының мүшесі Гунтис Витолинс алдағы 15 жылда Ақтөбе өңірінде үлкен экологиялық апат болады деп болжады. Оның себебі - қалада салынып жатқан сансыз зауыттар мен қаланы абаттандыруға немқұрайлы қараудан болған. Алайда, бұл дабылға селт еткен Сапарбаев болмады.

Керісінше, Ақтөбеде қытайлық компаниялардың кең қанат жаюы да осы Сапарбаевтың келісімі негізінде жүзеге асып отырды. Мәселен, ол 2017 жылы қытайлық Tianjin Bohua Petrochemical корпорациясының Ақтөбе облысында табиғи газдан полиэтилен және полипропилен өндіретін зауыт салу туралы келісімін мақұлдады.Оған қытайлық тарап 4 млрд. доллар инвестициялауды жоспарлаған. Сөйтіп, аталған зауыт құрылысын салу туралы меморандумға Бердібек Сапарбаев пен корпорацияның президенті Чжоу Кэй қол қойды.

Сонымен қатар, 2018 жылдың наурыз айында Сапарбаев пен қытайлық Nuctech компаниясының вице-президенті Ли Цзянминг Ақтөбеде бірлескен кәсіпорын құру немесе Ақтөбе индустриалды аймағында жаңа зауыт салу туралы келіссөздер жасады.

Жалпы, Сапарбаевтың қытайға сапарларын тізе берсе таусылмайды. Ол 2017 жылдың өзінде Ақтөбе облысы мен ҚХР арасындағы жұмыс сапары барысында 6,5 млрд.доллардан астам сомаға 6 меморандумға қол қойған.

Алайда, сол меморандум негізінде құрылатын зауыттардың Ақтөбе өңіріне экологиялық апат әкеліп жатқанын Сапарбаев мырза ескермеді. Ал, бүгінде Үкімет басшысының орынбасары қызметіне жайғасқан ол, ауылдағы ағайынға “екі сиыр түгілі бір сиырмен күн көруге болады, тек еңбек етіңдер”  деп ақыл айтады. Алайда, Сапарбаев сол малдың жайылымдық жеріне қытай зауыттарының зияны туралы еш пікір айтпайды...

Айтпақшы, бүгінде Сапарбаевтың ұлы Жансұлтан Сапарбаев Елордадағы Есіл ауданы әкімінің орынбасары. Небәрі 27 жасында әкімнің орынбасары қызметіне тағайындалған ол бүгінде Нұр-Сұлтан қаласының игілігі үшін тер төгіп жүрген көрінеді.

Түйін. Иә, ауылдан шыққан кез-келген бала Сапарбаевтың ұлы секілді 27 жасында Елордада әкімнің орынбасары болып отыра алмайды. Бірақ, жас әкім бола алмағанның бәрі жалқау емес, ал, отызға толмай үлкен мансапқа ие болғанның бәрі еңбекқор ма?

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

28 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2063