Қызылордада металлургия кешені құрылмақ
Шиелі ауданындағы тампонажды цемент зауыты қазіргі таңда 5 түрлі өнім шығарып, 100 мың тоннадан астам цементті көрші үш өңірге – Түркістан, Ақтөбе, Алматы облыстарына сатып үлгерген. Ал шілде айынан бастап Өзбекстанға 7,5 мың тонна өнім экспорттаған,- деп хабарлайды Абай-ақпарат.
Бұл туралы Қызылорда облысы индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев хабарлады. Оның айтуынша, биыл индустрияландырудың екінші бесжылдығы тамамдалып, 28 жобаның 11-і іске қосылмақ.
– Облыс экономикасын әртараптандыру мақсатында өңірде металлургия кешенін құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағытта екі жоба жүзеге асырылуда. Оның бірі – «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орны және «Баласауысқандық» ванадий кен орнын игеру жобасы, - деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, ол мамыр айынан бастап құрылысы жүргізіліп жатқан ет комбинатының келешегі жөнінде де айтты. Қуаттылығы жылына 5 мың тонна етті тереңінен өңдейтін комбинатының негізгі өнімі экспортқа бағытталатынын және өнімі вакуумды қаптамада шығарылатындығын жеткізді.
Соңғы жылдары аймақта өндірілетін тұзға сұраныс артқан. Бұған байланысты Р.Сұлтангереев:
– «Аралтұз» акционерлік қоғамы биыл өнімге сұраныстың жоғары болуына байланысты 3-ші испан цехын салу мәселесін қарастыруда. Биылғы жылы кәсіпорын өндіріс көлемін өткен жылмен салыстырғанда 25 процентке арттыруда, – деп атап өтті.
Айта кетейік, 6 айдың қорытындысымен өңірге тартылған жалпы инвестиция көлемі 180 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге өскен. Ал, өсу динамикасы бойынша Қызылорда облысы аймақтар қатарында алғашқы орында.
Abai.kz