Қазалыда ауқымды жұмыстар атқарылуда
Қазалы ауданындағы басты жаңалықтың бірі Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің арасын қосу жұмыстары қарқынды жүруде, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.
Биыл екі аралықтағы жұмыстарды жалғастыруға 2,5 млрд теңге көлемінде қаржы қаралған. Жыл соңына таман сол маңнан 1500 адамға тұрғын үй салу үшін жер учаскесін берілмек.
– Бірнеше әлеуметтік нысандар салу да бас жоспарға енгізілген. Атап айтқанда, балабақша мен бірнеше мекеменің әкімшілік ғимараттарын (емхана, КНБ, прокуратура, лесхоз) салу үшін жерлері белгіленіп, жобалары әзірленуде. Екі аралықты қосып, 50 мың халық тұратын – үлкен қалаға айналдыру басты жобасы жасалған. Сондай-ақ, 2 қабатты 12 тұрғын үй құрылысын салу үшін құжаттарын әзірлеп, қаржыландыруға республикалық бюджетке ұсынылды, - дейді Қазалы ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Жеңісбек Сответұлы.
Бұдан бөлек, аудан көлемінде Әйтеке би кентінен 600 орындық мәдениет үйі мен Ақсуат ауылында 90 орындық балабақшаның құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Айта кетейік, 2019 жылға ауданда 11 нысанның құрылысын жүргізуге республикалық бюджеттен 2524,2 млн теңге, облыстық бюджеттен 1133,3 млн теңге, аудандық бюджеттен 41,1 млн теңге, барлығы 3698,6 млн теңге қаржы бөлініп, тиісті құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр
Abai.kz