Сенбі, 31 Қазан 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 111953. Жазылғандар — 106310. Қайтыс болғандар — 1825
2160 1 пікір 2 Қыркүйек, 2019 сағат 11:57

Украина премьер-министрі болып 35 жастағы Алексей Гончарук тағайындалды

Украина Жоғарғы радасы 35 жастағы Алексей Гончаруктың кандидатурасын премьер-министр ретінде бекітті деп мәлімдеді "Интерфакс-Украина". Ол Украина тарихында ең жас үкімет басшысы атанды.

Оның кандидатурасын парламентке ел президенті Владимир Зеленский мен "Халық қызметшісі" президенттік фракциясы ұсынған. Бұл фракция парламенттегі көпшілік санына ие болғандықтан, Конституцияға сәйкес, үкімет басшысын ұсынады.

Бейсенбі күні бұрынғы премьер-министр Владимир Гройсман отставкаға кетті.

Гончарук осыған дейін президент кеңсесі басшысының орынбасары қызметін атқарған. Мамандығы бойынша заңгер. 2013–2014 жылдары Майдандағы азаматтардың құқығын қорғаған. 2015 жылдан бері BRDO сараптау орталығын басқарып келді. Бұл Еуропалық одақ қаржыландыратын үкіметтік емес ұйым.

Радада сөйлеген сөзінде Гончарук үкіметке реформа жасап, коррупциямен күресіп, ел экономикасын көтеруге күш салатынын жеткізді.

Украина парламенті де жаңа төрағасын сайлады. Жоғары рада спикері "Халық қызметшісі" партиясының лидері Дмитрий Разумков болды.

Жоғарғы раданың алғашқы отырысында ел президенті Владимир Зеленский сөз сөйледі. Ол Украина халқы жаңа парламенттен көп үміт күтетінін, егер халық үміті ақталмаса, бір жылдан кейін Раданы тарататынын мәлімдеді.

29 тамызда Киевте IХ шақырылымдағы Жоғарғы раданың алғашқы отырысы өтті. 424 депутат ант берді (Радада барлығы 450 орын, бірақ аннексияланған Қырым мен жанжал өтіп жатқан Донбасста сайлау өтпеді).

Abai.kz

1 пікір