Бейсенбі, 12 Желтоқсан 2019
Әдебиет 6118 3 пікір 3 Қыркүйек, 2019 сағат 12:42

Абай – жұмбақ әлем, зерттелмеген мұхит, игерілмеген ғарыш

Кеңдік. Биіктік. Тереңдік. Осынау бір-бірінен ажырамас үш ұғым арқылы Абай жырындағы, Абай сөзіндегі ұлылықты ұғып, ұрпаққа ашып айтамын, не биікке шығамын, не тереңге бойлаймын деген адамның өзі жоғары шықса, басы айналары, төмен түссе, тұншығары анық. Өйткені, Абай рухы аспандай асқақ, қара жердей қасиетті, ақын ойы қазақтың кең байтақ даласындай барлық құпия сырын ішке түйіп жатыр. Абайдың бір өзі – тұтас әлем және көрінгенге ашыла бермейтін, қалтарысы көп жұмбақ әлем, зерттелмеген мұхит, игерілмеген ғарыш.

Кең жазықта көсіле шапқан арғымақ па, қансонарда түлкі алған аңшы ма, махаббат қызығына батқан жастар ма, қас пен көздің арасындай бір сәтте жоқ болатын жалған ба, көкірегін қарс айырған халық мұңы ма, жер басып жүрген пенделердің көрсоқыр надандығы ма, ел билейді деп үміт артқан ағайынның жамандығы ма, күн мен түндей мәңгілік айқасып өтер итжығыс тіршіліктегі игілік пен зұлымдық па, осының бәрі Абай жырларында көрініс табады.

«Жүрегіңнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла», – деген ақын сөзі арты өкініш, алды үміт заманға айтылды ма, көрген түстей жалғанда не жасарын біле алмай шарқ ұрған адамға айтылды ма, әлде сөз ұқпайтын наданға айтылды ма, болжау қиын. Қасіреттен егіліп, қабырғасы сөгіліп кеткен кезде Абайдың:

«Өлең, шіркін – өсекші, жұртқа жаяр,

 Сырымды тоқтатайын айта бермей»,– деуі де сондықтан.

Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпопеясында әке мен баланың, яғни, Құнанбай мен Абайдың арасындағы тартысты тілге тиек қылса, Мұхаңдай қаламгер сол тұстағы заман мінбесінен қарағанын, әр сөзін бағып отырған адам бар екенін ескеріп, болмаған тартысты да болды деп көрсетуі мүмкін екенін назарға алатын болсақ, Абайдың көрген қорлығы, тартқан зорлығы отбасында емес, туып-өскен ортасында деп түсіну керек шығар.

Поляк саяхатшысы Адольф Янушкевичтің қазақ арасындағы тұңғыш рет аға сұлтан болып сайланған, Меккеге барып, қажы атанған Құнанбайға берген бағасы Абайдың елге көсем, тілге шешен отбасында және бір ауыз сөзге тоқтаған ортада өскенін дәлелдейді. Абай ортасы дегенде Орта жүздің бұлбұлы атанған Біржан сал, ақын қасынан екі елі ажырамайтын Көкбай, өлең қуған балалары Мағауия мен Ақылбай туралы қалың оқырман бұрыннан хабардар болса, Құнанбайдың жолын жалғаған, Абай үмітін жүзеге асыруға тырысқан Шәкәрім есімі ол ақталғаннан кейін барып белгілі болды. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында ақынды ақыл-ой биігіне көтерген осы әдеби орта әсерлі суреттелген.

«Ел ақтаған бір ақын болушы еді. Тілін безеп, жанын жалдап, тіленшектеп байды сауып, сөз қадірін сол кетіруші еді. Үн түзеген бір әнші болушы еді, кім көрінгеннің қосшысы. Әр кез, әр мырзаның қосалқысы. Ән қадірін түсіріп, бір атым насыбайдай, арзан етіп еді... Жалқы бол, жарлы бол, ол кемшілік емес. Өнерлі ақын, асқақ әнші болсаң, ел көңіліндегі мұңды айтып, көзіндегі жасты тыйсаң, сенен зор, сенен қадірлі болмасқа тиісті», – дейді роман кейіпкері Абай.

«Қазақ ақындарының өздерінің де, сөздерінің де міндері, кемшіліктері, жаман әдеттері өнерпаз Европа жұртының сындар әдебиетін көргеннен кейін байқалып, көзге түскен», – деп жазады Ахмет Байтұрсынов. Ақаң өзінің «Әдебиет танытқышында» сындар дәуірі деп атаған кезең Абай сөздерінен, ақынның немере інісі, талантты шәкірті Шәкәрім шығармаларынан басталады. Шәкәрімнің қажылық сапары да негізінен танып-білуге арналған. Ол мәдени және әдеби мұраларға ерекше зейін салады. Ал өнер-ғылым меңгеруге ұмтылудың орнына шен-шекпенге қызыққан, мансап қуған жастарды көріп қапаланған Абай:

«Ойында жоқ бірінің

Салтыков пен Толстой,

Я тілмаш, я адвокат,

Болсам деген бәрінде ой!» – деп күйінеді.

Ұлы ақын орыс мәдениеті, күшті мемлекеттің озбырлығы секілді ұғымдарға да парасат деңгейінен үңіле білді. Ресейді екіге бөліп, оның алғашқысы Пушкині бар, Толстойы (кемеңгері) бар Ресей, енді бірі пушкасы (зеңбірегі) бар, оқ-дәрісі от алуға дайын тұрған Ресей екенін түсіне білді. Осы шындықты шыңырау түбінен аңғарған ақын келер ұрпаққа: «Военный қызмет істеме, оқалы киім киюге», – деп ғибрат айтты. Ұлы ақын сөзінің ақиқатын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Біз өмір сүріп отырған уақыттың өзінде Ресейдің екіге жарылғанын көріп отырмыз. Олардың бір тобы шешен жерінде бейбіт халықты қанжоса қылып, қырғын ұйымдастырса, енді бір тобы, орыс халқының ұлы ақыны Пушкин ескерткіші түбінде қанқұйлы саясатқа наразылық білдірді.

Абай шығармаларындағы пәлсапа, яғни, философия туралы айтар болсақ, тағы да Абай жыры тілімізге орала береді. Ақынның шумағы, әрбір жолы тұнып тұрған философия, «сырты алтын, іші күміс» ой орамдары.

«Туғанда дүния есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең», – деген екі жолға назар салайық. Сәби шыр етіп келген күнгі шілдехана тойынан бастап, адамның соңғы сапарға аттанарда айтылатын жоқтау жырына дейінгі аралықта тұсау кесер де, тоқым қағар да, ат жалын тартып мініп, азамат болған шағындағы сүндет тойы да, мүшел жасы да, үйлену тойы да өлең-жырсыз өтіп көрді ме екен?! Өмірдегі барлық қызық та, қасірет те өлеңмен өріледі екен. Осы бір атан түйеге жүк болар ойды Абай екі ақ жолға сидырып тұрған жоқ па?!

Біз кейде үлкені бар, кішісі бар, ұлысы бар, ұсағы бар, әртүрлі деңгейдегі ақындарды сезімнің жыршысы, ойдың ақыны деп бөлеміз. Ұлы Абай болса Ақыл мен Сезімнің, Қайрат пен Жүректің жымдасып, шыбыртқыдай берік өрілген, шиыршық атып тұрған қоспасы, бір ет, бір май дегендей, санаңа да сәуле түсіретін, жүрегіңді де еріксіз елжірететін жырдың ғаламат туындыгері.Алты алашқа аты мәлім болған Біржан салдың өзі:

«Орта жүз Абай қойған атын батпай,

Үйіне ояз кірмес жауап қатпай», – деп сипаттаған ұлы Абай қазақтың философиялық жырының да атасы деуге толық негіз бар.

Сөз тыңдайтын құлақ таппай, сырласатын жан таппай, жапандағы бақсының моласындай жалғыз қалып, қамыққан сәттерінде де Абай ұрпаққа ұлағат, келешекке өсиет айтады:

«Әсемпаз болма әрнеге,

Өнерпаз болсаң - арқалан.

Сен де бір кірпіш, дүнияға

Кетігін тап та, бар, қалан!»

Бала кезімізден жаттап өскен осы шумақта бүкіл тірліктің мәні, өмірдің сәні жатыр.

«Бас-басына би болған өңкей қиқым», – деген жолдарды оқығанда күні кеше ғана тілімізге қарсы шығып, Абай тілін құрдымға батырып, Жер-анамызды өзгенің қанжығасына байлап жіберуге даяр тұрған намыссыз қазақ жігіттері, доллар үшін туған анасын да сатып жіберетін  мырзалар көз алдымызға келеді. Сезімі ояу, көңілі қаяу ақынның бұдан бір ғасыр бұрын айтқан сөзі осы күні де маңызын жоғалтпаса, бұл да Абай поэзиясының құдіреті.

«Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман,

 Шошимын кейінгі жас балалардан», - дегені де нағыз көріпкелдік емес пе?!

Абай қазақ даласындағы қатерлі дерт, асқынған аурудың алдын алуға талпынған, сол сырқаттың диагнозын дәл тауып, емделу жолдарына дейін айтып берген халық емшісі, іштің мұзын көздің жасы, жүректің қанымен еріткен көреген. Сондықтан да ол ем қонбайтын, сөзге болмайтын пенделерді көргенде: «Қайран сөзім қор болды, Тобықтының езіне», – деп қамығады. Тобықты арғынның бір атасы ғана болғанымен, бұл иісі қазаққа айтылған сөз деп бағалау керек. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», – деп егілген Абай туған халқын қаншалықты жақсы көрсе, сол халықтың бойындағы ерсі мінез, кесір қылықты, даңғойлық пен мансапқорлықты, еріншектік пен намыссыздықты соншалықты жек көргені де рас. Абай «қазақтың жауы – қазақ» дегенде, барлық қазақты емес,

«Ынсап, ұят, ар, намыс, сабыр, талап,

Бұларды керек қылмас ешкім қалап.

Терең ой, терең ғылым іздемейді,

Өтірік пен өсекті жүндей сабап», – деп қасиетін жоғалтып, қасіретке жолыққандарды тілге тиек етті.

Қазақ тағдырында жиі кездесетін сатқындық, опасыздық Абайдың:

«Күшік асырап, ит еттім,

Ол балтырымды қанатты.

Біреуге мылтық үйреттім,

Ол мерген болды, мені атты», – деген төрт жолында шебер бейнеленген. Абай көрген, Абай жан-тәнімен сезген, жүрегін егілткен осы тақырыпқа қазақтың көп ақыны қалам тартты. Нұржан Наушабайұлы:

«Жарбасты, Күшік, Құттық – үш атамыз,

Атаның барлығында жоқ қатамыз.

Арадан қанаттанып шықса біреу,

Біз соған жерден алып тас атамыз», – десе, Ахмет Байтұрсынов:

«Қинамайды абақтыға жапқаны,

Қиын емес дарға асқаны, атқаны,

Маған ауыр осылардың бәрінен -

Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны», – деп тебіренді.

Абай философиясының мұз жарғыш кемедей әсерін кез-келген қазақ ақынының шығармашылық жолынан аңғаруға болады. Ақын жырлары шетсіз, шексіз мұхит үстінде төрттен бір бөлігі ғана қылтиып көрініп, қалғаны судың астында, көзден тасада жатқан айсбергке ұқсайды. Оның ғаламат құдіретін, ғажайып қасиетін кеудесінде сәулесі бар оқырман ғана аңғарады. «Қаны қара бір жанмын, жаны жара», – деп «ұлып жұртқа қайтқан ойдың» иесі ғана айта алса керек.

«Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап», – дегенді құрғақ ақыл есебінде қабылдай алмаймыз. Кетілсе де жетілген, қайраты қайралған, жігері шыңдалған жанның намысын жану, қара тасты да қақ жаратын еңбекті дәріптеу, адамды адам қылған ақылды мойындау деп түсінеміз.

Абайдың суретшілігі туралы сөз қозғайтын болсақ, бұл да үлкен тақырып. Суреткер Абай ғажайып суретші бола алады. «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ», «Қансонарда бүркітші шығады аңға», «Жаздыкүн шілде болғанда» секілді керемет полотноларды қазақтың қай суретшісі салды екен, күмәнім бар.  Абай суреттеген әйел бейнесі атақты Леонардо да Винчи салған суреттер мен Микеланджело жасаған мүсіндерден артық болмаса, кем емес:

«Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы,

Аласы аз қара көзі нұр жайнайды.

Жіңішке қара қасы сызып қойған,

Бір жаңа ұқсатамын туған айды.

Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын,

Ақша жүз, алқызыл бет тіл байлайды.

Аузын ашса, көрінер кірсіз тісі,

Сықылды қолмен түзген, іш қайнайды.

Жұп-жұмыр, ақ торғындай мойыны бар,

Үлбіреген тамағын күн шалмайды.

Тақтайдай жауырыны бар, иығы тік,

Екі алма кеудесінде қисаймайды.

Сорақы ұзын да емес, қысқа да емес,

Нәзік бел тал шыбықтай бұраңдайды.

Етіндей жас баланың білегі бар,

Ажымсыз ақ саусағы іске ыңғайлы.

Қолаң қара шашы бар жібек талды,

Торғындай толқындырып көз таңдайды»...

Сурет дейміз бе? Мүсін дейміз бе? Қалай десек те, сияды. Батыстың киножұлдыздары жалаңаш түскен бейнефильмдер де Абай суреттеген арудың жанында түкке тұрмайды. «Білектей арқасында өрген бұрым» өлеңінде ақын қызды піскен алмаға теңесе, енді бір жырында: «Қар-әппақ, бүркіт-қара, түлкі-қызыл, ұқсайды қаса сұлу шомылғанға», –  дейді.

Мұндай контрастар, мұндай бояулар өзге тілде сөйлей алар ма екен деген ой келеді. Абайды басқа тілдерге осы күнге дейін дұрыс аудара алмай жүргеніміз де оның өлеңдеріндегі қайталанбас көрініс, әсерлі ойларды бейнелейтін баламалар басқа тілде солғын тартып қалуынан шығар. «Достан да, дұшпаннан да көңілі қайтқан» ақын арсыз жұрттың қылығына ашынады, «жаны аяулы жақсыға қосамын деп, әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып», –  деп сұм-сұрқия, қуларға қарғыс таңбасын басады. Сол тұста қалың қазақ арасын жайлап алмаса да, атқамінерлер мен би-болыстар өміріне шым-шымдап ене бастаған қатерлі дерт – араққұмарлықтан алдын-ала сақтандырады:

«Бір күшті көп тентекті жыға алмай жүр,

Іште жалын дерт болып, шыға алмай жүр.

Арақ ішкен, мас болған жұрттың бәрі,

Не пайда, не залалды ұға алмай жүр».

Абайды бүкіл қазақ халқының, күллі қазақ жұртының, Қазақ мемлекетінің кемеңгер идеологы деп қабылдау ләзім. Тәуелсіз еліміздің мемлекеттік кеңесшілері де, парламентте заңдар қабылдап отырған халық қалаулылары да Абай сөзіне жүгінсе, ақынның әрбір өлеңі, әрбір қара сөзі әр түрлі заңдардың өзегі немесе арқауы болуға сұранып-ақ тұр. Абай шығармалары мен «Абай жолы» романы Елбасымыздан бастап барлық әкімдердің, зиялы хакімдердің үстелі үстінде жататын кітаптар болуы керек.Осы үзінділерден де Абайдың қоғам қайраткері деңгейіне  көтерілгенін көреміз.

«Абайлаңыз, байқаңыз», – деп Абай сақтандырған кеселдер – сабырсыздық, арсыздық, еріншектік, арызшылдық, өсекқұмарлық, жалған мақтаншылық – ақынды өкіндірген өкініші көп өмірді қазақ халқы әлі де басынан кешіріп жатқан жоқ па?! Бірақ, білімдіден шыққан сөзге құлақ асып жатқан талапты жас аз секілді.

Ақынның қанын қайнатқан, жанын ашытқан, «шелтірейген орыс шенді шекпен жапқан» надандар туралы ол: «жайы мәлім шошқаның, түрткенінен жасқанба», –  деген ой түйеді.

«Қайғы шығар ілімнен,

Ыза шығар білімнен.

Қайғы мен ыза қысқан соң,

Зар шығады тілімнен», – деп күңіренеді.

Ақын келер заман көк тұман деп, көкірегі қарс айырылса да, алдамшы өмірден біржолата түңіліп те кетпейді, келешектен үмітін үзбейді, «қайрат пен ақыл жол табар қашқанға да, қуғанға», – деп жігерді Қайраттан, парасатты Ақылдан, жақсылықты Әділеттен күтеді. Қиянатшыл дүниядан жүрегі қырық жамау болса да: «Адамды сүй, Алланың хиқметін сез, не қызық бар өмірде онан басқа», – деп өмірді сүюге шақырады.   «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңінен бастап басқа да өлең-жырлары мен қара сөздерінде ақын Алланы сүю мен адамды сүю деген ұғымдарды қатар қарайды, ар мен ұяттың күзетшісі Ақылды барлық қасиеттен биік қойып, шайтан ісінен аулақ жүріп, Алланы тануға, иман келтіруге, адамдық атты жоймауға үндейді. «Сүйенген, сенген дәурен жалған болса, жалғаны жоқ бір Тәңірім, кеңшілік қыл» , – деп тәубаға келеді.

Абай айтқан бойы бұлғаң, сөзі жылмаңдар, кердеңдеген кербездер, су жұқпайтындар, сөз ұқпайтындар, пейілі шикілер, ақылы күйкілер, тамағы тоқтар, жұмысы жоқтар, көпшіл бола алмайтындар, кекшілдікті қоя алмайтындар арамызда осы күні де құмырсқадай өріп жүргені өтірік емес. Сондықтан да Абайдың «қуатты ойдан бас құрап еркеленіп шығар сөзі» көбінесе ызаға, құсаға толы болса, ол ақынның сол кездегі надандарға деген көзқарасына, өзегін өртеген өкінішке байланысты туған.

«Ызалы жүрек, долы қол,

Улы сия, ащы тіл,

Не жазып кетсе, жайы сол,

Жек көрсең де өзің біл», – дегенде де ақын ақтарылып, шынын айтып отыр. Абай бізге де ең алдымен осы шындығымен, ақиқатты кейде сыбырлап, кейде  айқайлап айтуымен қымбат. Айтпаса, сөздің атасы өледі емес пе?! «Өлең шіркін өсекші», іштегі сырды жұртқа жария ететінін біле тұра, ұлы ақын жүректегі шерін жырмен шығарады, көкірегіне байланған қайғы-қасіретін сөзбен емдейді.

Абайдың қарасөздері – келер ұрпаққа жазған өсиетнама – ұлы ақынның поэзиясы мен философиясының заңды жалғасы. Сонымен бірге қоғам қайраткерінің келер ұрпаққа аманат есебінде айтқан ұлағатты сөздері.

Жер ортасы жасқа келгенде алысып-жұлысқан, айтысып-тартысқан, қажып-жалыққан, қазақтың қылып жүрген көп ісінің баянсызын, байлаусызын керген, бәрі қоршылық екенін білген Абай оқшау ойларын қағазға түсіреді, халық қасіретіне көкірегі қарс айырылады, ғылым мен білімге, еңбекке шақырады. «Туғанда дүния есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деген өлеңінде айтылған ойды одан әрі дамытып: «Адам баласы жылап туады, кейіп өледі» – деген қорытынды жасайды. Абай көрген, түйсігімен танып білген қайғы-қасірет, зұлымдық, қараулық қара қазақтың көзінен қан болып ақса, Абайдың тілінен сөз болып ағады.

Абайды оқығанда тіліңе жыр жолдары оралады:

Жас боп тамса көзімнен,

Сөз боп шықса тілімнен,

Соның бәрі өзімнен,

Көріп жүрген күнімнен.

Тер боп ақса тәнімнен,

Шер боп туса жүректен,

Сескенгенім өлімнен,

Өмірге ізгі тілектен.

Тырнап көңіл жарасын,

Жанды тәнге билетіп,

Көп адамның санасын

Кеткен шайтан күйретіп.

Тағы Абайға үңілем...

Жанның жылы шуағы

Жүрегінің түбінен

Қасиет болып туады.

Адам баласын қор қылатын не?! Адамды жақсы атандыратын қандай қасиеттер? Абай қарасөздерінен осы сауалдарға толық жауап табуға болады. Адам баласын қор қылатын үш нәрсе: надандық, еріншектік, залымдық. Адамның асыл қасиеттері: қанағат, рақым, талап, еңбек, ақыл.

Абай жырлары мен поэмаларындағы Қайрат, Ақыл, Жүрек секілді мәңгі кейіпкерлермен қара сөздерде де жолығамыз. Осы үшеуінің басын қосатын – Ғылым. Ақынның өзін өкіндірген: «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», – деп опынтқан Ғылым. Ақынның үміт артары да осы  ғылым болатын.

Ақын отыз бірінші сөзінде күллі ақыл мен ғылымды тоздыратын төрт нәрседен: салғырттықтан, ойыншы-күлкішілдіктен, қайғыға салынудан және құмарлықтан сақтандырады.

Қазақ мақалдарының көбісін іске алғысыз қылып сынауда да Абайдың ең алдымен құдайшылыққа және адамгершілікке жүгінгенін көреміз:

«Қалауын тапса қар жанады». «Сұрауын тапса, адам баласының бермесі жоқ» – деген ең барып тұрған Құдай ұрған сөз осы. Сұрауын табамын, қалауын табамын деп қорлықпенен өмір өткізгенше, малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек қой.

«Атың шықпаса жер өрте» – дейді. Жер өртеп шығарған аттың несі мұрат? «Жүз күн атан болғанша, бір күн бура бол» – дейді. Тәңірге жазып мінбей-түспей, арып, шөмендеп, диуаналықпен бір күн болған буралық неге жарайды?

«Алтын көрсе, періште жолдан таяды» – дейді. Періштеден садаға кеткір-ай! Періште алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар сұмдығын қостағалы айтқаны.

«Ата-анадан мал тәтті, алтын үйден жан тәтті» – дейді. Ата-анасынан мал тәтті көрінетұғын антұрғанның тәтті дерлік не жаны бар? Ата-анасын малға сатпақ ең арсыздық қылық емес пе? Ата-ана шамасы келсе, михнаттанып мал жиса да, дүниелік жиса да, артымда балаларыма қалсын дейді. Ол ата-анасын сатқан соң Құдайға дұшпандық іс емес пе? Осындай білместікпен айтылған сөздеріне бек сақ болу керек» – деп ақын қасиетсіздіктен алдын ала сақтандырып, есті адамға қоғам дамуына бөгет болатын кесір қылықтарды тайға таңба басқандай көрсетіп береді.

Ақынның ашынып айтқаны – ашылып айтқаны. Асырып айтқан жері жоқ. Сөз түсінер кісілер табылар деп айтқаны деп түсінген лазым.

«Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұзылмасын! Көрсеқызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады. Онан соң оқып үйреніп те пайда жоқ. Қоярға орны жоқ болған соң, оларды қайда сақтайсың? Қылам дегенін қыларлық, тұрам дегенінде тұрарлық мінезде азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын! Бұл беріктік бір ақыл, ар үшін болсын!» (32-сөз) – дейді.

Абай айтқан ақиқат қайда барсақ та, қайда жүрсек те алдымыздан шығады. «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң қара жер де береді, құр тастамайды» (4-сөз) – дейді ол. «Дүнияны үлкен көл, заманды соққан жел» деп бағалаған ақынның көп сөзі пайғамбар хадистерімен үндес, өзектес. Абайға құлақ қойсақ, оның әр сөзіне зер салсақ, адасқан көптің өзін де ебін тауып, жөнге салуға болады. «Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады», – деген ақын «әкесінің баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың», «бақпен асқан патшадан мимен асқан қара артық, сақалын сатқан  кәріден еңбегін сатқан бала артық», «досы жоқпен сырлас, досы көппен сыйлас» деген секілді ғажайып ойларды қағазға түсіреді. «Ынталы жүрек сезген сөз бар тамырды қуалайды».

Абай жыры келешекке де мәңгі-бақи сәулесін шашып, жолымызды нұрландырып тұратыны осындай өміршең асыл қасиеттерінен деп білеміз.

Жер жүзінде толғанып-тасқан, арнасынан асқан, асқақ та сөйлеген ақындар көп. Бірақ, өз халқын соншалықты сүйе тұра, сол халықтың мінін көзіне шұқып көрсетіп, кемшіліктен арылудың жолын нұсқағандар бірен-саран. Тіпті, жоқтың қасы.

«Ойға түстім, толғандым,

Өз мінімді қолға алдым.

Мінезіме көз салдым,

Тексеруге ойландым,

Өзіме өзім жақпадым,

Енді қайда сия алдым?»

деген Абай бойы бұлғаң, сөзі жылмаңдарға, аяқты алшаң басқандарға, білімсіз, арсыз, еріншектерге мүсіркей қараған болатын.

Абай фәниден көшкенде қазақ халқының тағы бір кемеңгер ақыны атанатын  бала Мағжан әлі мүшелге де толған жоқ еді. Қызылжардағы медіреседен  дәріс тыңдаған ақын сол кезден бастап Абай тағылымында тәрбиеленіп, одан кейін жазған өлеңдерінде Абайша ойланып, толғанып, Абай көрген, сезген, ұлы ақынды егілтіп-тебіренткен барлық құбылысты Мағжанша жырлады. Сондықтан да әдебиет зерттеушілердің дені Абай мен Мағжан поэзиясы  тамырлас, сабақтас, өмірдің өзіндей өзектес, үндес екенін атап көрсеткен.

Мағжан «Алтын хакім Абайға» деген өлеңінде: «Шын хакім, сөзің асыл баға жетпес, бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес», – деп жазады. Баршамыз ақын деген бір-ақ ауыз сөзге сиғызып жүрген ғұламаны Мағжан неге хакім деп атайды?

Бұған жауапты Абайдың отыз сегізінші қара сөзінен табамыз: «Адаспай, тура іздеген хакімдер болмаса, дүния ойран болар еді. Фиғыл дүнияның қызығы – осы жақсы хакімдер... Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым.» Абай Лұқпан мен Сократты, Аристотельді хакім деп таныса, Мағжан Абайға ғана хакім деген баға береді. Сондықтан да түбірі бір сөздер екен деп хакім мен әкімді шатыстырмауымыз керек. Бұл сөздердің ішкі мағынасына Абай мен Мағжанша үңілуіміз керек. Қазіргі ел басқарып отырған әкімдеріміз хакім болсын, немесе оларға жақын жүрсін деп тілейік. Әрі хакім, әрі ақын болған ақындарымыздың сөздеріне үнемі құлақ асып жүрейік.  Жақсылық пен жамандықты көзбен көріп, ақылмен білейік дегің келеді.

Абай мен Мағжан екеуі екі ғасырда өмір сүрді. Алайда, сол екі аралықта не өзгерді?

Заман құбылды, адам өзгерді ме?

Дүния бүлінді, пиғыл өзгерді ме?

Түн түндігі ашылды ма?

Ақын зары басылды ма?

Абай: «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым!» – деп егілсе, Мағжан: «Басқа жұрт аспан-көкке асып жатыр», – деп торықты.

Абай: «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», – деп санын соқса,  Мағжан: «Қарағым, оқу оқы, босқа жүрме», – деп өсиет айтты.

Абай: «Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында» өлеңінде «екі көңіл арасы – жылшылық жер», – деп, қазақ қызының тағдырына алаңдаса, Мағжан «Шолпанның күнәсі» әңгімесінде күнмен таласа өмірмен қоштасқан қыз тағдырын нанымды суреттеді.

Табиғатқа ғашық екі ақын қаламынан жаратылыс көріністері туралы бір біріне мағыналас, мәндес сөздер туды. Абай күз туралы: «Сұр бұлт түсі суық, қаптайды аспан, күз болып, дымқыл тұман жерді басқан», – десе, Мағжан: «Бұрқырап қара дауыл соғып тұрған, көкорай түсі қашып, солып тұрған», – дейді.

Махаббат жырларына тоқталсақ, екі ақынның махаббатқа көзқарасы да ұқсас. «Дүнияда, сірә, сендей маған жар жоқ, саған жар менен артық табылса да» деген Абай сөзін берік ұстанған Мағжан: «Көзінде көктің нұры жоқ, аузында жұмақ жыры жоқ, жалынсыз, усыз құшағы, иірілмейді жыландай, сөзі де жоқ құрандай, білгені – қазан-ошағы, жабайы ғана жарым бар, неге екенін білмеймін, сол жарымды сүйемін!» – десе, мұндай өлеңдер көздің жасымен, жүректің жалынымен жазылған, мәңгі өлмейтін жырлар десеске шарамыз жоқ..

Абайды терең ойдың, Мағжанды нәзік сезімнің ақыны деп бағалаған пікірлерге ден қойсақ та, Абай да, Мағжан да жалынды жырларын нұрлы ақыл мен жылы жүректен туғызғанын ескеруіміз керек. Заман туралы толғаныстарда Абайда күдік басым. Ол:

«Әркімді заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек?

Заманға жаман күйлемек,

Замана оны илемек», – десе,

Мағжан:

«Күншығыстан таң келеді, мен келем,

Көк күніренеді, мен де көктей күніренем.

Жердің жүзін қараңғылық қаптаған,

Жер жүзіне нұр беремін, Күн берем!» – деп ағынан ақтарылады.

Абайдың жүрегі қиянатшыл дүниядан қырық жамау болса, Мағжан сұм өмірді саналы адамға абақты деп есептейді. Екі ақын өмір сүрген тұстағы қарама-қайшылықтар олардың шығармашылығынан айқын көрініс табады.

Абай қартайып, қайғы ойлап, арман ұлғайғанда кейінгі жас балалардан шошыса, қауіп етсе, Мағжан Алаш атын аспанға шығаратын  арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті, қанатты жастарға сенеді. Мағжан үміт артқан сол қыран бейнесі еркін еліміздің туында бейнеленгені мақтаныш сезімін туғызады. Бірақ, Абайды торықтырған күдік толық сейіліп кетті деп тағы айта алмаймыз.

Жүсіпбек Аймауытов «Мағжанның ақындығы туралы» деген мақаласында (Ташкенттегі қазақ студенттері жиынында жасаған баяндамасында)  Мағжанға романтист ақын деген баға беріп: «Өлеңнің тілге жеңіл, құлаққа  жылы тиуін Абай да іздеген, Абай да сөздің ішін мәнерлі, тонын сұлу қылуға тырысқан, бірақ, дыбыспен сурет жасауға,  сөздің сыртқы түрін әдемілеуге  Мағжанға жеткен қазақ ақыны жоқ», – деген болатын. «Ақындық жүзінде Абайдан соңғы әдебиетке жаңа түр кіргізіп, соңына шәкірт ерткен, мектеп (школ)  ашқан күшті ақын Мағжан екенінде дау жоқ. Абайдан соң ақын өлшеулерін түрлендірген тағы Мағжан.  Мағжан тыңнан 8 – 9 жаңа өлшеу туғызды, бәрін бірдей санаудың қажеті жоқ. «Сап-сары бел», «Біраз Фетше», «Шылым», «Александр Блок», «Мені де, өлім, әлдиле», «Күншығыс», тағы басқа өлеңдері Абай өлшеуінде жоқ» – деген Жүсіпбектей майталман қаламгер сөзіне біздің де алып-қосарымыз жоқ.

Абайды сүйген, оны кез келген адамнан артық танып-білген Мұхтар Әуезов те: «Мағжанды сүйемін. Европалығын, жарқыраған әшекейін сүйемін.Қазақ ақындарының қара  қордалы ауылында туып, Европадағы мәдениет пен сұлулық сарайына барып, жайлауы жарасқан Арқа қызын көріп, сезгендей боламын.  Мағжан – культурасы зор ақын... Әдебиет әдебиет үшін деген таңба айқын болмай,  нәрлі әдебиет болуға жол жоқ. Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушысы ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз – Мағжанның сөзі», – деп жазыпты.

Ахмет Байтұрсынов әйгілі «Әдебиет танытқышында» өлең айшықтары мен шумақ түрлеріне, тармақ тұлғалары мен  бунақ буындарына талдау жасағанда көбінесе Абайға, одан кейін Мағжанға жүгінеді. Өлеңдерінен мысалдар келтіреді.   Сәбит Мұқанов: «Абай ақылдың ақыны болса, Мағжан ақынның ақыны» деген баға береді.

Қазақ поэзиясы аспанының алып күні Абай десек, қараңғыда нұр беремін деп аласұрған Мағжан сол аспанның жарық айы. Олар шашқан сәуле бүгін де, ертең де санамызды нұрландырып, жолымызға жарық беріп тұратыны анық.

Абай туралы адамдардың пікірлерінің өзінен оған деген көзқарас айқындығы мен халық бағасын көруге болады. Арқада Тұралы деген ақын болған.

Бір отырыста ауыл ақсақалдарының бірі: «Тұралы, жұрт сені ақын деседі. Ақын ақынды жақсы түсінуі керек қой. Абайдың «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті, ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» дегенін қалай түсінесің?» – деп сұрайды.

Сонда Тұралы: «Адамға үш бірдей қуат керек. Ақыл қуат, жүрек қуат, тіл қуат. Біреуі кем болса, жігітке кемдік қылады, үшеуі тең болса, ер жігіт ерлік қылады», – дейді.

«Ал жүрегі мен ақылы немесе тілі кем болса не болады?» –  деп сұрағанда: «Жүрек кем болса, топта сөз айта алмайды, ақылы кем болса, жөн жауап қайтармайды, ақыл мен жүрек тең болып, тілі кем болса, ақылының бар-жоғы байқалмайды, жігітке әуелі білім керек, екінші ғылым керек, ұшінші ұғым керек, Абай да осыны меңзеген болуы керек!» –  деген жауап қайтарады.

Мұхтар Әуезов Абай туралы жазған мақаласында («Әр жылдар ойлары») «Бір айтқанды ұғып алу, ұққанын ұмытпау, ел сөзінде соларды керекке жаратып,әңгіме арасына кірістіріп отыру шешендерге көп жайылған салт еді. Абайға да сол парыз сияқты болған. Жас жігіт білген өнерін керегіне жаратып, келістіріп, көркейтіп сөйлейтін болады, ел көзіне шешен болып көріне бастайды», – деп жазады. Бұдан шешендік сөздерді ел аузына ілінген ақындар да жиі қолданып отырған деген пікір түюге  және Абайды шешендер қатарына қосуға болатынын байқаймыз. Абай мектебінен тәлім-тәрбие алған ақындар да шешендік дәстүрді жалғастырған.

Еліміздің тәуелсіздік алуы халқымыздың  мәдени қазынасына,  әдебиет үлгілері мен жыр мұрасына жаңаша көзқараспен қарауға оны, ұлттық мәні бар байлық ретінде қамқорлыққа алу мүмкіндігіне кең жол ашты. Қазақ руханиятының көлемді саласы – ақындар шығармашылығының бастауында қазақтың бас ақынына соқпай кете алмаймыз. Бірақ, Абай ақын ғана емес, ел бастаған көсем, сөзге жүйрік шешен, белгілі қоғам қайраткері болғанын қадап айтуымыз керек.

Ақындардың  әдебиет тарихы сахнасына шарықтап көтерілген тұсы ХІХ ғасыр. Бұл ғасыр қазақ қоғамында үлкен саяси-экономикалық реформалар жүрген уақыт. Экономикалық реформалардың бастамашысы және жүзеге асырушы Ресей үкіметі болды.  Отаршылдықтың шеңгелін қазақ даласына салуды әбден кесіп-пішіп, шешіп алған Ресей  ең алдымен саяси реформаларды жүзеге асыра бастады. Алдымен ғасырлар бойы қалыптасқан хандық жүйені  сайланбалы сұлтандық жүйемен ауыстырды.  Мұндағы отаршылдық жүйенің басты мақсаты «хан – біреу, халық – тіреу» деген жылдар бойы қалыптасқан қалыпты ұғымды жойып, бір тізгінге бағынып үйренген жүйені ішінен қирату, түбегейлі күйрету болды. Осы тұста хан тұқымын өзінің алғырлығы, біліктілігімен жеңіп, «қарадан шығып хан атанған  Құнанбай» секілді қайраткерлер  саяси сахнаға көтерілді.  Хандық жүйе сұлтандық жүйеге ауысқаннан кейін ол көп ұзамай тағы бөлшектеніп,  патшаның пәрменімен болыстық жүйеге көшірілді.  Сүйтіп, қазақтың  саяси сахнаға жеткен билігінің шыңы болыстықтан әрі аспады. Оның өзінің Абай айтқан «Болыс болдым, мінеки» секілді зардабы көп болды.

Патшалық Ресейдің ұстанған «Бөліп ал да, билей бер» деген саясаты зымиян қағиданың шеңберінде құрылды.  Абайдың: «Бас-басына би болған өңкей қиқым, мінекей, бұзған жоқ па елдің сиқын?!» – деп ашынатын ащы запыраны осы саясаттың әсері болатын.

Хандық жүйенің сахнадан кетуі рухани дүниеден жырау-жыршылардың да кетуіне алып келді. Хан билігі мен қараша тілегінің көпірі болған  жыраулардың орнын әлеуметтің  мұрат-мақсатын көздейтін, олардың мұң-мұқтажын өз көңілінің жабырқау  күйіне салатын ақындарды рухани сахнаға көтерді. Сонымен бірге ел билігі ру басылардың қолына толығымен көшіп, қара қылды қақ жарған, сөз ұстаған билер мәртебесі қайтадан биіктеді. «Елге бай емес, би –  құт», «Би екеу болса, дау төртеу болады» деген қанатты сөздердің әлеумет санасынан берік орын алатын кезі де осы тұс. Билер мен шешендердің саяси мәртебесі қазақ қоғамының тұрмыс-тіршілігінен көрнекті орын алды. Абай мен Шоқанның    сайлауға түсуі  сол дәуірдің саяси шындығын бейнелесе керек.

Шоқан «шешен» деген сөз кемеңгер, парасатты, ақылды білдіреді деп жазса, Абай ғұмырнамасын терең зерттеген А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Әуезов Абайға сөзге жүйрік, шешен деген баға береді.

А. Байтұрсынов: «Заман бұрынғыдай болса, Абай алаштың атақты билерінің бірі болуы шүбәсіз. Біліммен би болып, жұрт билейтін заман өтіп, тасың би болатын заманға қарсы туған. Білімі көптер жұрт билемей, малы көптер жұрт билейтін заманға қарсы туған. Абай жұрт алдына білімін салғанда, басқалар малын салған, жұрттың беті малға ауып, ел билігі Абай қолына еркін тимеген», –  дейді.

Ақындар секілді билер мен шешендер де елге ерекше сыйлы, аса беделді адамдар. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда, билерге деген ілтипат айырықша болған және олар өмірде сирек кездесетін дарынды тұлғалар есебінде бағаланған. Мәселен ақындарды қанша құрмет тұтса да, «қазақта екінін бірі ақын» деген ( дұрысы өлеңші) сөз бар. Ал билер туралы: «Батыр деген барақ ит, екі долы қатынның бірі табады, би дегенің бір бұлақ, қатынның ілуде бірі табады», –  дейді. Немесе: «Не қадірлі биің болсын, не би түсетін үйің болсын», –  дейді. Яғни, билерді қабылдап, күте алатын үйдің өзі қадірлі  дегенді меңзейді. Абай болса, аузымен орақ орған өңкей қырт деп бағалаған мылжыңдарды ұнатпағаны бесенеден белгілі. Сөздері бірі жамау, бірі құрау, әркімге мақтау өлең айтқыштар да ақын көңілінен орын таба алмауы сондықтан. Міне, содан да Абай өзін еш уақытта ақынмын деп айтпаған.

М. Әуезов Абай туралы жазған зерттеуінде: «Осы күнге шейін бізде Абайдың сөз байлығын тексерген еңбек жоқ.  Бірақ, қазақшасын оқыған адамның барлығына Абай тілінің аса бір мол, бай тіл екенін  тану қиын емес... Және шешендіктің өзі де тапқырлық пен кестелі сөзден, келісімді, ұтымды ойлардан құрылғаны да ақындықтың бір ағайыны. Абай сол уақытта да ақын... Ақындығын және мол қолданған, күнде сынға салып, өз өнерін күнде безеп отырған ақын. Онысы және өмір құрылысына  күнбе-күн, қолма-қол ұштасып отырған ақындық.  Бір жағынан жүйрік шешен, әсем, ұшқыр сөздің ақындығы. Өлеңді, суырып салма айтысты Абай ойында да, шында да көп қолданып жүрген. Бірақ, өзін ақынмын деп санамаған», – дейді.

Осы сөзді қазақтың көптеген ақыны мен шешеніне байланысты айтуға әбден болады. Шешендігімен танылған ақын кейін барып ақын деген атқа ие болған. Ал  ақын болып танылса да, танылмаса да, шешендік тапқыр сөзімен, айтқыштығымен  көзге  түскен  кісілер  ғана би  атанған. Яғни,  тапқырлық  және келісті сөз, жүйелі ой ақын мен шешенге ортақ. Бірақ, ақындар мен шешендердің ара жігін ажырату олардың халық сөзін сөйлеуіне, дауға түсіп, билік айтуына байланысты болған. Мұны ақындар мен би-шешендер өмірі мен өнерінен, өнегесінен  көреміз.

Ақындық өнердің бастауы шешендіктен басталғаны көп дәлелді  қажет етпейтін қағида. Мәселен, Нұржан Наушабайұлының өзін тақтақ деп атауы Жиренше шешен секілді шешендерден үлгі алғанын көрсетеді. Ал көптеген ақындар айтыстары билердің айтысына ұқсайды. Шешендік пен ақындықтың дәстүрлі жалғастығы мен ұқсастығын және сабақтастығын Мұхтар Әуезовтың ақындар жырларын билер айтысының мысалына келтіргенінен де, шешендердің  пікірді  әбден  дәлелдеп, жан-жақты  сипаттап айтуы секілді қасиеттерінің көп жағдайда Абай шығармашылығынан   көрініс табуынан да  байқаймыз.

Суырыпсалма ақындардың табан астында шығарып айту қасиеті шешендерге де тән. Сонымен бірге жамағаттың ықыласына бөлену, қошеметші табу секілді жағдайлар кез келген аудиторияда ақындарға да, шешендерге де ортақ. Шаршы топта сөз бастайтын көреген көсемдер мен өткір тілді шешендердің көпшілігі ақын деген атқа ие болса, ол ақындардың ақындығын ғана емес, ораторлық талантын, яғни, шешендік дәстүрге адалдығын танытады. Шешендер де, ақындар да көшпелі халықтың Асан-қайғы секілді философтары. Олардың бейнесінен, айтқан сөздерінен, артқа қалдырған ұлағатынан өмір шындығын танимыз. Жалпы алғанда, қазақ тіліндегі «шешен» сөзінің түп-төркіні де «шешу» екені белгілі. Яғни, әуел баста шешендер белгілі бір даудың түйінін шешкен, кесім кескен. «Би» сөзі болса елді билеген деген ұғымды білдірген. Кейін барып билер қазылық роль атқарса,  қызыл сөзде ешкімге дес бермеген  ділмарларды, Міржақып Дулатовтың сөзімен айтсақ, тілмарларды халық шешен деп атай бастаған. Абайды да ендеше тек ақын емес, шешен деп танығанымыз абзал. Шешендік сөз үлгілері оның жырларында ғана емес, қара сөздерінде де айқын көрінеді. Бұл ақынның қоғам қайраткері есебінде үлкен роль ойнағанын дәлелдейді.

Әлихан Бөкейханов Абай өмірі туралы жазған мақаласында: «Бозбалалық жасына қарамастан Абай сол кездегі қайраткерлердің арасынан көрнекті орын алып, бидің заманының өткеніне қарамастан, оны ел-жұрт би етіп сайлады. Жиырма жасқа жеткенде Абай от тілді шешен, халық өмірі мен әдет-салтын, қазақ даласындағы атақты билердің әр істі шешкендегі төреліктерін жақсы білетін ділмар атанады.  Өзінің білуге құштарлығы мен зерделігі арқасында, қазақтың ғұламаларының халық аузындағы сөздерін, мақалдарын, ертегілері мен нақылдарын меңгереді. Абай билердің шартты түрде сайланбай, талантымен бағаланатын ескі заңы кезінде өмір сүрсе,  артистер мен жазушылардың даңқы сияқты атақты би атанар еді»,- деп жазған болатын.

Ақындар мен билер, шешендер қоғам дамуында гуманистік, моральдық-этикалық роль ойнағанына күмән келтіруге болмайды. Сондықтан да біз ақындық және шешендік өнер қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан, көне жылдар қойнауынан бүгінгі күнге дейін жеткен халықтың мәдени мұрасы дейміз.

С. Сәдуақасов  кезінде  «Трудовая Сибирь» журналында жарық көрген «Қазақ әдебиеті» деп аталатын тарихи-талдау мақаласында: «Суырып салма ақын-жыршылар  қолына домбыра алып, ауыл-ауылды аралап, байлардың үйіне түсіп, ұлан-асыр тойларға қатысып, ән шырқап, мақтау өлең айтатын. Екі ақын кездесе қалса, табан аузында айтыса кетіп, әрқайсысы өз руын мадақтайтын. Айтыс олардың біреуі әріптесінің дарынына тәнті болып жеңілгенін мойындағанша созыла берер еді. Ал басым түскен ақынның жеңісі өзінің ғана емес, бүкіл руының мәртебесі саналатын. Демек, олар да орта ғасырлық сері сарбаздар сияқты. Айырмашылығы, тек бұрынғылар қарумен шайқасса, бұлар сөзбен семсерлеседі. Жеңілген сарбаздың жеңіскерге тәнті болатыны сияқты жеңілген ақына да басым дарынға бас иіп қайтып, оның руы бұрынғыдай еңсесін асқақ ұстап жүре алмайтын», –  дей келе, мал тауып, пайда көруді жат санаған ақындар да аз болмағанын атап көрсетеді.

Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазақта айтыс өлең көп. Бірақ, бұлар да ел ішінде жоғалып, сиреп барады. Жазу жайылған сайын айтыс өлең азайып, құруға бет алып барады. Оның да бәрін жазып алып қалмаса, бұл да анайы әдебиеттің өшетін, жоғалатын түрі», –  деген.

Қазіргі уақытта біз айтыс өнерінің жазба әдебиетпен қатар дамып келе жатқанына куә болып отырмыз. Бәлкім, Ақаң айтқандай, түбінде өшіп кетуі де ықтимал.  Бірақ, айтыстың кең қанат жайып, тамырланып кетуі себебінен ол әлі де өркендеу үстінде.  Тіпті біраз уақыт өшіп кетті деген айтыс өнері тәуелсіз қазақ елінде қайта жанданды. Дәстүр жалғастығы әлі де сабақтасып жатқанын қазіргі айтыстардан көруге болады.

Осы орайда ортаға салар бір ой, ғылыми айналысқа «ақынға» қоса «айтыскер» деген сөз  енгізілсе, өте орынды болған болар еді. Өйткені, айтыс ақындары мен профессионал, яғни жазба ақындар туралы ел ішіндегі ұғымдар әртүрлі. Олардың ұқсастықтарынан көрі айырмашылықтары көп екеніне көбінесе мән берілмейді. Сондықтан да Абайдың жанына Жамбылды апарып қою, немесе кез келген көрнекті ақыннан Қазақстанның халық ақынын (бұл жерде әңгіме айтыскер туралы) биік қою жараспайды. Айтыскерлер мен ақындардың қоғамдық қайраткерлігі туралы сөз қозғар болсақ, онда олардың әрқайсысының еңбегіне, жасаған ісіне, беделіне қарай баға берілуі керек. Ал әрі жазып, әрі суырып салып айтатын ақындарды ақын әрі айтыскер деп қосарлап атаған орынды секілді.

Сондықтан да қазақ халқының кемеңгер перзенті, ұлы ақыны Абайды кейбір зерттеушілер ол өлеңді суырып салып та айтқан деп абыройын аспандатқысы келген ниет байқатса, одан Абайдың ақындығы асып кетеді деп айта алмаймыз.

Абай жырлары мен қара сөздерін оқыған адам оның әрбір сөзін салмақтап, ойланып-толғанып, тебіреніп жазғанына күмән келтіре алмайды. Сол сөздерден қоғам дамуы туралы айтқан оқшау ойларын табады. Ендеше Абайдың әрбір сөзіне біз де абай болуымыз керек.

Артына өлмейтұғын із қалдырғандар қатарына Абай қадірлі інісі Оспан пен сүйікті ұлы Әбдірахманды да қосады. Өйткені, ақын сөзімен айтсақ, «Оспан кісінің малын жемеген, мал сұраған кісіге, «жоқ, қайтейін?!» демеген, қуаты артық, ойы кең, жұрттың бәрін шенеген, досына жаз, жауға аяз, алысқанды демеген, адалдық үшін алысып, жегішке ақы төлеткен», шындық үшін күрескен қайраткер. Әбдірахманға арналған өлеңінде ақын:

«Жасқа жас, ойға кәрі едің,

Атаңның атын жоймаған,

Замана, неткен тар едің,

Сол қалқамды қоймаған?» – деп аһ ұрады. Яғни, Абайдың үміт артары Оспан сынды қайраткер тұлғалар, Әбдірахман тектес білімді  жастар.

Ұлы ақынның «Единица болмаса, не болады өңкей нөл» – деген жолдарында  қайраткердің ұлы мақсат асуындағы мұраты жатыр. Единица – көш бастаушы, қазақы ұғыммен айтар болсақ, қой бастайтын көсем серке. Адасқан халыққа жол көрсетуші, жөн сілтеуші. Единица қисық кетсе, дүния бүлінеді. Единица тура жүрмесе, арттағы нөлдер есепке алынбайды. Единица болмаса, басқа сандар есепшотқа салынбайды. Яғни, единица дегеніміз – халық қамын ойлаған хакім.  Абайдың өзін де единица деуге болады. Ақын айтқан единица-бірлік осы күнгі тірлікке жеткізіп отыр. Единица – сағат тіліндей мезгілді дәл көрсетуі керек, уақыттан қалып та қоймауы керек, озып та кетпеуі керек.

Абайдың қоғам қайраткері есебіндегі тағы бір үлкен ерекшелігі, оның қанша ғасыр өтсе де  айтқан ой-толғамдарының келешекке нұсқа болуы дер едік. Өз заманының мінбесінен ғана сөйлеген, белгілі бір кезеңде ғана өзіндік орнын алатын тұлғалар аз емес. Арада біраз уақыт өткен соң олардың өздері де, сөздері де ұмыт болады, өйткені, олардың мезгіл шеңберіне сәйкес іс-әрекеті ұзаққа шаба алмайтын жүйрік секілді алысқа апара алмайды. Абай қоғамның озып туған, қимылы адам ғұмырына жетер-жетпес қайраткерлерден оқ бойы озық тұрған  қасиетті тұлға.

Ақылбек Шаяхмет,

Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ профессоры, Махмұт Қашқари атындағы түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін халықаралық сыйлықтың, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты.

Abai.kz

3 пікір