Бауырлас ноғай халқын жойылып кетуден сақтап қалу үшін Қазақстанға жаппай көшіріп алу керек дегенге қалай қарайсыз?
Жағда Бабалық, этнограф:
Жағда Бабалық, этнограф:
- 1990 жылы Олжас Сүлейменовтің басшылығымен Мәскеуде бүтін түркі халықтары жиналдық. Сонда ноғайлармен кездестік. Оның ішінде бір ғылым докторы, бір кандидат және тағы бір зиялысы бар - үш адам: «Бізді өздеріңе қосып алсаңдар», - деді. Біз айттық: «Сендерді қалай қосып аламыз, жер десең, орыс сендерге жеріңді бермейді, ал енді бізге көшіп барсаңдар, ноғай ауданын құрып берейік», - дедік. Олардың айтуы бойынша сол кезде 70 мыңдай ғана адам бар екен. Кейін біздің сөзімізге көнбей, өздері Назарбаевқа келіп жолығыпты. Елбасы не дейді? Әрине, мемлекеттің басшысы болғандықтан, дәл біз құсап айта салмайды ғой. Қосып алу мүмкін емес, аудан құрып бере салу да оңай шаруа болмасы белгілі. Ол мәселе содан кейін қалай болды екен, біле алмадым. Ал, жалпы, ноғай деген - қазақтың бір бөлігі. Қазақ тарихында бір-біріне өкпелеп, үдере көшіп кетіп, кейін қайта кеп қосылған рулар жетерлік. Ноғай мен қазақтың арасына ши жүгіртіп, одан сайын арасын аша түсу біреулерге пайдалы болған болуы керек. Бірақ біз - бір халықпыз. Сондықтан бүгін ноғайға төнген қауіп - ертең қазақтың басына төнетін қауіп деген сөз.
Бүгін алты миллионға жуық қазақ шетелде жатыр. Ішкі-сыртқы заңдар мұрсат берсе, ноғайларға да солардың қатарында оралман мәртебесін беріп, тек қана тезірек көшіріп алу керек.
Досымбек Хатран, Орталық мемлекеттік мұражайы Этнология орталығының жетекшісі:
- Бұл жай әншейін резонанс тудыру үшін айтыла салынған әңгіме болса керек. Біріншіден, шеттегі қазақтарымызды келтіре алмай жатқанда, ноғайды көшіріп әкелеміз деген бос сөз. 18 жылдың ішінде келген қазақтың саны миллионға да жетпейді. Ноғай тұрмақ, қазақтың өзі жаһандануға жұтылып кетпей ме, соны ойлайық. Екіншіден, Ресей оларды жіберіп қоя бере сала ма екен? Ол жағын да ойлаған жөн болар. Ал егер өздері келеміз десе, қарсылығымыз жоқ.
Ал, жалпы, ноғайлар дәл қазақтардай жеті атаны сақтамайды демесеңіз, басқа жағынан бізге ұқсас екені рас.
Ғарифолла Әнес, «Арыс» қорының президенті:
- Ноғайлар - дүниежүзіндегі жағдайы өте ауыр халықтардың бірі. Кеңес үкіметі құрылғанда басқа ұлттардың барлығына автономия беріліп жатқанда, осы ноғайға ештеңе тимей қалды. Ең болмаса кішігірім аудандары да жоқ. Бұл сонау Алтын Орда дәуірінен бері келе жатқан өшпенділіктің жемісі болса керек. Ноғайларды жойып жіберу туралы патшалардың жасырын жарлықтары да болған деген деректер бар. Бір кезде орыстардың өкпесіне найзасын қадап тұрған жауынгер халықтан осылай кек алынса керек.
Біз қазір қол созбасақ, азғантай уақыттан кейін жер бетінен ноғай халқы жоғалып кетеді. Одан қазақтың еш ұтпасы анық. Біздегі ағайындық сезімнің жоғалып кеткені соншалық, екі қарақалпақ, бір ноғай елімізге келсе, полицейлер қолын қайырып қайта шығарып жібереді. Олар шекесі қызғаннан келгісі кеп жатыр ма? Ал сонда ата-бабадан келе жатқан елдік көзқарас, империялық саясат қайда? Қайта оларға жағдай жасап, Маңғыстаудың бір жерінен-ақ аудан құрып берейік. Қазақша оқытып, салт-дәстүрімізді үйретейік. Олар бізді ноғай қылмайды, керісінше, біз оларды бірте-бірте қазақтандырып жібермейміз бе? Бұл орыс боп кеткенге қарағанда жақсы емес пе?
"Алаш айнасы" газеті 18 маусым 2009 жыл