Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2196 0 пікір 19 Маусым, 2009 сағат 09:16

Мұхтар мырза, мұныңыз қалай?

 

Редакциямызға арнайы келген бір топ оралман жастар реніштерін жеткізді. Тараз қаласының Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің дайындық бөлімін биыл бітірген студенттер әділдік іздеп сабылып жүр екен.

 

Редакциямызға арнайы келген бір топ оралман жастар реніштерін жеткізді. Тараз қаласының Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің дайындық бөлімін биыл бітірген студенттер әділдік іздеп сабылып жүр екен.

ҚХР-дан келген 40-қа жуық жастар бір жыл бұрын аталмыш университеттің дайындық бөліміне қабылданады. Алайда бүгінгі күні Тараз университетінің «елім, жерім» деп келген оралман жастарды қолдап, реті келсе көмек беріп, қолдау орнына тиісті шәкіртақыларын да бермей, ит әуреге түсіріп отырған қылығына қалай таңғаларымызды білмедік. Студент жастар осы уақытқа дейін әр айдың 20-сы мен 23-і аралығында тиісті шәкіртақыларын алып келген. Ал осы айда дайындық бөлімінің деканы Мұхтар Ернешов мырза маусым айының шәкіртақысын 7 шілдеде алатындарын, ал студенттердің Тараз қаласындағы тіркелу уақыты 13 маусымда бітетінін жеткізген. Шәкіртақы шілде айынсыз берілмейтінін айтып, жастардың тезірек кетуіне мүдделі болған университет басшылығы студенттерден «ЖОО-ға шығармашылық емтихан тапсыру үшін өз еріктерімізбен кеттік» деп өтініш жаздырып алып қалады. Тіркелу уақыты 13 маусымда бітіп кетсе, тиісті шәкіртақыларын шілде айында қалай алуға болатынын да түсіндіруден бас тартқан. Маусым айының 13-і күні асығыс қолдарынан құжаттарын жинап алған университет басшылығы жатақхана құжатын да алып алған соң «енді сендер жатақхана тұрғындары емессіңдер» деген желеумен жатақханадан қуып шығады. Жатақханадан қуылған жастар арттарында қалып бара жатқан шәкіртақыларына да қарай алмай, түнгі сағат 22:00-де автобусқа мінгенше 4-5 сағат көшеде жүруге мәжбүр болады. Келесі күні Алматыдағы жергілікті Көші-қон полициясына тіркелу үшін барған жастар қолдарындағы құжаттары бойынша маусым айының 25-іне дейін Тараз қаласында жүре тұру мүмкіндіктерінің бола тұра, университет басшылығының тезірек құтылуға неге асыққанын түсінбей дал болады. Егер құжаттағы тіркелу уақытындағыдай 25 маусымға дейін университетте жүре тұрғанда тиісті шәкіртақылары да қолға тиетін еді ғой. Осы орайда оралман жастар «Бізге дейінгі дайындық бөлімінің студенттері де шәкіртақысын алар кезде осындай қитұртқы әрекеттерге тап болып, шәкіртақысын ала алмаған. Соған дәндеген Мұхтар мырза тағы да біздің шәкіртақымызды қалтасына баспақ ниетте» дейді.

Сондай-ақ университет басшылығы студент жастарды қысқы демалысында ата-аналарына барып келуі үшін де жібермеген. Оның орнына университет ұжымының Наурыз тойы жасалып жатса да, «біз дайындық бөлімі бөлек тойлауымыз керек» деген желеумен жан-жақтан жиналған барлығы 80 студенттен 4000 теңгеден ақша жинап алады. Оралман жастардың бірі Қайрат: «Студенттерден жиналған 320 мың теңгеге бір тайынша сойылып, 2-3 киіз үй тігілді. Оған жергілікті атқарушы биліктің әкімқаралары жайланды. Ал біз наурыз көжеден ауыз тимек түгіл, іргеден сығалай да алмадық», - дейді. Осылайша, студенттердің ата-анасына барып қайтуы үшін мемлекет тарапынан бөлінген 5 мың теңгенің 4 мың теңгесі Наурыз тойын тойлауға жұмсалып кете барады. Осы орайда «университет басшылығының студенттерден ақша жинап, Наурыз тойын ұйымдастыруы қаншалықты заңды?» деген сұрақ туындайды. Студенттердің 8300 теңге шәкіртақысына телмірген университет басшылығының жағдайы ашқұрсақ студенттерден де төмен болғаны ма?! Оның сыртында түрлі сылтаулармен жиі ақша жинап алатын университет басшылығы тіпті себеп-салдарын түсіндіруге де тырыспайтын көрінеді.

Тіріболсын Омарбекұлы, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің проректоры:
- Маусым айының шәкіртақысы 25-інен кейін беріледі. Сондықтан олар күтуі керек еді. Заң бойынша олар 7 шілдеге дейін осында жүруі керек болатын. Алайда біз олардың өздерінің өтінішімен босаттық. Ұстаздарының балағаттап ұрсатыны, ақша жинайтыны жайлы кезінде неге бізге келіп хабарламады? Бүгінгі күні бітіріп кеткеннен кейін неге барып сіздерге айтады? Ал наурызға ақшаны өз еріктерімен жинаған. Оның бәрін тексергенбіз. Ол заңды. Ал сабақ уақытында жұмыс істесе өздерінің кітапханасын жинаған шығар. Айта береді олар. Мен сізге «сразу» айтайын, олардың бәрі саудагер. Оларға «свобода» керек. Біз оларды тырп еткізбей ұстап отырмыз. Содан кейін «жалоба» жасайды. Олар оқу үшін емес, сауда жасау үшін келеді. Біз ғана емес, оны Қазақстанның бүкіл ЖОО-лары айтып жүр.

Сабақ үстінде бірнеше рет оралман жастарды алып кетіп, парк, көше, кабинет, арық суын тазалаттырып, университеттің кітапханасын көшіруге де осы жастардың қол күшін пайдаланған көрінеді. Біз де Ізтілеу Айтжанұлының «әншейінде студенттердің сабақтан қашпауын қадағалап жүріп, кез келген уақытта жұмыс істету үшін студенттерді алдына салып алып кетуі қалай?» деген сауалына жауап таба алмадық. Тағы бір атап өтер жайт, оралман жастарға түк қатысы жоқ университеттегі жиналыстарға залды толтыру үшін университетке әлі түспеген дайындық бөлімінің студенттерін апарып отырғызып қоятын көрінеді. Ал Жарбол Жарылқасынов атты ұстаздың қит етсе оралман жастарды төмпештеп алатын қылығына не дерсіз?

Оралман жастардың бірі Ербол  Алшынбайұлы: «Бәрін қойшы, жұмсасын, ақшамызға дейін талап алсын, шәкіртақымызды да бермей, қалтасына бассын. Бәрінен бұрын Мұхтар Ернешов ағайдың балағаттап ұрсатыны жанымызға батты. Себепсізден-себепсіз «оңбағансыңдар, малсыңдар, надансыңдар, топассыңдар, сендерге қарап ата-аналарыңның қандай екенін білуге болады» деген сөзге шейін айтатындай біз не жаздық? «Алдағы келетін оралман жастарға көресіні көрсетем» дейтіндей біздің іні-қарындастарымыз Мұхтар мырзаға не істеп қойды? Мұндай педагог жоғары оқу орнында жұмыс істеуге тиісті емес деп ойлаймыз. Мақсатымыз шәкіртақы даулау емес, тек бізден кейінгі іні-қарындастарымыз біздің көргенімізді көрмесе, олардың атажұртқа деген ықыласы өзгермесе екен», - дейді.
Оралмандар ала алмаған шәкіртақысын «бастан құлақ садаға» десе де, оралман студенттердің өздеріне тиесілі қаражатын алу керектігі заңды нәрсе. Өзім деп келген жастарды өзегіне тепкен Мұхтар Ернешов сияқты мырзалардың әрекеті «бір құмалақ бір қарын майды шірітедінің» кері болмаса екен.

Нәйлә Төлеуқызы, Жамбыл облыстық білім департаментінің  маманы:
- Тараз  мемлекеттік университеті жоғары оқу орны болғандықтан бізге бағынбайды. Олардың жұмысын тікелей министрлік бақылайды.

Ықылас Шалғынбайұлы, дайындық бөлімін бітіруші жастардың бірі:
- Бізден басқа Шымкент, Кентау қалаларында  оқып жатқан оралман жастардан сұрастырып көрсек, жағдай мүлдем басқаша. Жылына екі мезгіл демалысында Қытайға барып қайтуы үшін уақтылы жолақысы қолдарына тиіп, виза ашылуына да жағдай жасалады екен. Шәкіртақылары да уақтылы. Сондай-ақ оралман жастармен қарым-қатынасы да жақсы көрінеді.

 


Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ

"Алаш айнасы" газеті  18 маусым 2009 жыл

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5550