Сенбі, 23 Қараша 2024
Қазақтың тілі 6839 34 пікір 13 Қыркүйек, 2019 сағат 12:15

Тіл білместік...

«Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек».

(Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауынан).

Қазақта «Уызына жарымаған» деген сөз бар. Уыз – жаңа төлдеген малдың желін сүті мен жаңа босанған әйелдің алғашқы емшек сүті. Қазақ жаңа туған төлді де, жаңа туған сәбиді де алғашқы сол уыз сүтке жарытып, әбден тойдырып емізуге ден қойған. Өйткені «уызына жарымай өскен төл де, уызына жарымаған бала да өсе келе  аурушаң болады»,– деген ұғым қалыптасқан.

Қазіргі қазақтардың басым көпшілігінің өз ана тілінде жетік сөйлей алмай жатқандығы да, сол құдіретті де, қасиетті қазақ тілінің  уызына туғанынан жарымай өскендіктерінен  болып отырғаны – шындық. Жарық дүниеге енді келіп, тілі жаңадан шығып келе жатқан жас сәби туған анасы сөйлемейтін өз ана тілінің уызына қалай жарысын?!

Анасы ана тілінде сөйлемеген баланың өзі де ана тілінде сөйлей алмайды. Әкесі туғанынан өз баласымен таза қазақша сөйлеспесе, ол бала өз ана тілін кімнен үйренеді?! Ал, әжесі мен атасының тілі де айнып  бара жатыр. Өйткені бүгінгінің қариялары да өз немерелерімен қатарласа жарысып, өзге тілде  шүлдірлесіп жүр. Өзінің туған шаңырағында ана тілін естімесе және де төрдегі көгілдір экран мен қолындағы байланыс құралдары күні-түні өзге тілде «сайрап» тұрса, жас ұрпақ қазақтың тілін қалай, кімнен және қайтып, қайда барып үйренеді?!

Қазақ қоғамы қазақ тілі үшін әлі де алаңдаулы болса, ендігі арада оған мемлекет те, одан қалды Қазақстанды мекендеп отырған өзге диаспоралардың өкілдері де кінәлі емес. Әр қазақ өзіміз кінәліміз! Қазақ тілі мемлекеттік тіл болып саналғанымен және Елбасы Біріккен ұлттар ұйымының мәртебелі мінбесінен қазақ тілінде сөйлесе де, мемлекеттік тілімізді өз еліміздің мемлекеттік мінбелеріне, өз төрімізге шығара алмай келеміз.

Осы күні өзінің «өгей» балалары өзектен теуіп жатқан тілді өзге біреу маңдайынан сыйпап, жарылқайды дегеніңіз бос әурешілік. Кейде әлдебір ұлт өкілінің біреуі қазақ тілін үйреніп, сөйлей бастаса болды, соны бүкіл қазақ болып жар сала жарнамалап, соған мәз-майрам болып, қазақтың тілінің көсегесі енді көгеріп шыға келетіндей масайраймыз. Міне, осындай бейшара күйге жеттік.

Ал, өз елімізде, өз мемлекетімізде ана тілінде сөйлей алмай жатқан, тіпті «сөйлейін-ау» деген ой қаперіне де кіріп шықпайтын, тіпті өз тілін білмейтіндігін ар-ұят санаудың орнына, керісінше соны өзінің бір «жетістігі», өзінің «білімдарлығы» санайтындардың кеуде керетініне мән бермейтініміз қалай? Әрине, олардың айтар жауабы әзір. «Мен қай тілде сөйлегім келеді, ол өз еркім» дейді. Оңай жауап, заң бойынша, орынды да жауап. Және де «қазақ тілінде неге сөйлемейсің?» – деп мемлекеттік тілдің «құнын» сұрағандарды «менің құқыма қол сұқты»,–деген айыппен сотқа жетелеудің төте жолы да – осы!

Тіл  білместік– қазақы ойлауды шектеді, қазақы сананы улады.

Тіл білместік– ұлттық болмыстан айырып келеді.

Тіл білместік – «малын жанының, жанын арының садағасы» санаған арлы ұлтты арсыздықтың апанына жығып жатқандай.

Тіл білместік– Ұлы даланы мекендеген ұлы халықтың ғасырлар бойы қалыптастырған адами әдебі мен кісілік қасиетін ескіліктің қалдығы деген ұғыммен күресінге шығарып тастады.

Тіл білместік– қазақтың ескілігінде де естілік бар екендігіне ой жүгіртуден, соны ойлау қабілетінен де айырып барады.

Тіл білместік– өз тілі жойылған халықтың өзінің де жойылатындығының қаупін сездірсе де, соған еріксіз көніп отырғандай немқұрайылық пен бойкүйездікке ұшыратып жатқандай.

Тіл білместік– өз халқымыздың әдеби-мәдени бай мұрасын оқи алмайтын,  оның құндылығын сезіне алмайтын қасіретке ұрындырды.

Тіл білместік– қазіргілер үшін қазақтан басқа халықтың айтқаны жөн, істегені дұрыс көрініп тұратындай, ойланбастан соған еліктей жөнелетін дүбәрәлікке жетелеп алып барады.

Тіл білместік– қазір қазақша сөйлесең жүре тыңдайтын, орысша сөйлесең тұра қалып тыңдайтын  орта қалыптастырып келеді.

Тіл білместік– көше-көшелердегі ілулі тұрған қазақ тіліндегі түсініксіз әрі сауатсыз жазылған түрлі жарнамалар мен түрлі бильборттарға да бойымызды үйретіп, енді соған да  селт етпейтін жауапсыздыққа алып барады.

Тіл білместік – қазақша не нәрсені болса да  қате жаза беруге болады  екен ғой, бұл тілдің сұраушысы жоқ жетім тіл екен деген қауіпті көзқарас қалыптастырып отыр.

Тіл білместік– өсіп келе жатқан ендігі ұрпағымыздың санасына қазақ тілінсіз де күн көріп, адам болуға болады, ендігі заманда  қазақ тілінің қажеті де болмайды екен деген ең бір қасіретті ұғымды сіңіріп жатқандай.

***

Біздің қауіпті қорқынышымыз да осы! Бесіктен белі шықпай жатып-ақ баланың өзі қазір қазақ тілінде оқып, қазақ тілінде білім алудың қажет еместігін де біліп алғандай. Өйткені, айналамыздағы күнделікті тіршілігімізде қазақ тілі керек болмай бара жатқан сыңайлы. Соны сезімтал бала санасы да сезіп отырғандай.

Тіл білместік және «Енді не істеу керек?» деген көкейімізге жиналған өз сауалымызға орай осы бір үш бағыттағы Бағдарлама құруды ұсынар едік.

Мемлекеттік тіл және отбасының жауапкершілігі

Бұл бағдарлама арқылы ең әуелі мемлекеттік тіл алдындағы әр отбасының жауапкершілігін қалыптастыру, әр отбасының сол жауапкершілікті сезіне алатындай сана қалыптастыру керек болады. Әр отбасында әр ата-ана өз балаларымен тек өз ана тілдерінде ғана сөйлесуі аса маңызды. Мемлекеттік тіл үшін әр ата-ана, әр бала өздері жауапты екендіктерін сезіне алу қасиетін дамыту. Барлық ақпарат және электронды құралдар мен барлық әлеуметтік желілер арқылы мемлекеттік тіл алдындағы отбасының жауапкершілігін санаға сіңіретіндей әсерлі жарнамалық роликтер мен насихаттық сипаттағы мәнді сөз беріліп тұруы керек. Қазақ тілінде әуелі анасы сөйлемей баласы сөйлемейтіндігін ұғындыра білейік!

Мемлекеттік тіл және Мемлекеттік қызметкердің жауапкершілігі

Бұл мәселені мемлекеттік мекемелер  қолға алғаны жөн. Әрине бұл арада мемлекеттік қызметке бардың екен, енді тек қана мемлекеттік тілде сөйлеу керек деген қағиданы алға тартпаймыз. Бұл арада өз ұлтымызға талап қоюымыз керек. Жиналыстарда ресми тілде сөйлесін-ақ, бірақ екі қазақ былай шыға бере бір-бірімен қазақ тілінде сөйлеп бара жатса ғой деп ойлайтын болдық. Осы арада Елбасының «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін»,–деген қағидасын алға тартар едік.

III.  Мемлекеттік тіл және бизнес пен халыққа қызмет көрсету саласының жауапкершілігі

Қазір кезкелген сауда, демалыс орындарына бара қалсаңыз алдыңнан шығатын қызмет көрсетуші қазақтың жап-жас ұлдары мен қыздары  орысшалап қарсы алады. Міне, солардың санасына ең әуелі қазақ екендіктерін сіңіру керек. Қазақстанның азаматтары ретінде олар ең әуелі алдарына қай ұлттың, қай мемлекеттің адамы келсе де, бір ауыз «Сәлеметсіз бе?» деп қарсы алатын болсын, осындай талап қою керек. Содан кейін алдыңда тұрған адамның  тілінде ме, қай тілде жауап берсе де өз еркі. Балалардың ойын-сауық орталықтарының барлығында да  қазақ баласына қазақ тілі арқылы қызмет көрсету тәртібін орнықтыру керек. Бала өз ана тілінің де күнделікті өмірде аса қажет екендігін сол ойын алаңдарында көрсетіліп жатқан қызметтен-ақ сезініп өссін.

***

Міне, біздің ой осы! Кей-кейде «осы тіл жайлы айтқанды қойсақ та болар ма екен?» деген көңіл-күйдің ырқында  отыратыным да бар. Айттық қой талай сөзді. Тыңдар құлақ болды ма? Алайда, өзге тілде сайрап тұрып, өз ана тілін өзі қылғындырып өлтіріп жатқандарды көріп, жаным түршігеді.

Жабал Ерғалиев

Abai.kz

34 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5437