Қазақ тілінде білім беру деңғейі көш басында!
                                Тәуелсіздік жылдары Қазақстан өзінің ұлттық ерекшелігі мен мәдени басымдықтарын айқындайтын білім жүйесін қалыптастырды. Дегенмен соңғы жылдары қоғамды таңқалдыратын үрдіс байқалып жүр: орыс тіліндегі білім жүйесінің сапасы мен дамуы қазақ тіліндегі білімнен айтарлықтай артта қалып отыр. Бұл құбылыстың себептері тек тіл саясатына ғана емес, елдің әлеуметтік құрылымындағы өзгерістер мен қазақ тілін жалғыз мемлекеттік тіл ретінде күшейтуге бағытталған идеологиялық векторға да байланысты.
Қазақ тілі өз позициясын нығайтып келеді
Қоғамдық өмірдің барлық саласында қазақ тіліне көшу — тәуелсіз мемлекет үшін заңды әрі қажетті процесс. Соңғы он жылда елде қазақ тіліндегі мектептер белсенді дамып, мемлекеттік тілде оқытылатын пәндердің саны артты, жоғары оқу орындарында қазақ тіліндегі бағдарламаларды таңдаған студенттер көбейді. Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі ең алдымен қазақ тілді мектептерге арналған жаңа стандарттар, оқулықтар, цифрлық платформалар мен әдістемелер енгізуде.
Мысалы, оқу бағдарламалары жаңартылған кезде ең алдымен қазақ тіліндегі оқулықтар жарық көреді, ал орыс тіліндегі нұсқалар кейінірек немесе мүлде шықпай қалады. Соның салдарынан орыс сыныптарында жиі ескі, қазіргі талаптарға сай келмейтін материалдар қолданылады. Мұғалімдер бағдарламаларды өз ойынша жоспарлауға мәжбүр, сондықтан осы тілдегі білімге, оның сапасына қатты әсер етуде.
Сонымен қатар, «Оқы және үйрен», «Цифрлы ұстаз» секілді ұлттық жобалар мен мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламалары көбіне қазақтілді аудиторияға бағытталған. Білім жүйесінің ресурстары, бейнедәрістер, онлайн-курстар мен цифрлық оқулықтардың сапалы орысша аудармасы жиі болмайды. Сондықтан, қазақтілді мектептер білім жүйесіндегі инновацияларына жылдам әрі заманауи қолжетімділікке ие.
Орыс мектептері бәсекеге қабілеттілігін жоғалтып келеді
Бұрын, әсіресе ірі қалаларда, сапалы біліммен танылған орыс мектептері біртіндеп әлсірей бастады. Осыған бірнеше себеп бар. Біріншіден, дәл орыс сыныптарында жұмыс істеуге дайын білікті педагогтардың қатары азайып барады. Жас мамандар қазақ тілінде сабақ беруді жөн көреді, өйткені бұл оларға мемлекеттік органдарда, НЗМ-де, Назарбаев Университетінде және басқа жетекші оқу орындарында көбірек мүмкіндік береді.
Екіншіден, орыс мектептері мемлекет тарапынан назардан тыс қалып барады. Негізгі басымдық қазақ сегментін дамытуға беріледі, ал орыс тіліндегі оқу орындары көмекші деңгейде қаралады. Қазіргі күндері еліміздің өңірлерінде — әсіресе елдің оңтүстігі мен батысында, сонымен қатар Абай, Ұлытау, Қарағанды, Ақмола облыстарында – орыс мектептері оқушылардың аздығынан жыл сайын жабылып жатыр.
Мұғалімдер психологиялық аспектіні де атап өтеді: орыстілді оқушылар өз білім ортасы шеткері қалып бара жатқандай сезінеді. Ал қазақтілді түлектер өздерін ұлттық мәдениетті жаңғырту қозғалысының көпшілік бөлігі ретінде сезінсе, орыс сыныптарындағы балалар мен ата-аналар керісінше, өздерін білім саясатының «жиегінде» қалғандай қабылдайды.
Университеттер деңгейінде айырмашылық айқын
Айқын теңсіздік жоғары білімде көрініс табады. Бүгінде жетекші мемлекеттік жоғары оқу орындарының — ҚазҰУ, ЕҰУ, ҚБТУ, Абай университеті және басқалары — көбі белсенді түрде қазақ тіліне көшіп жатыр. Орыс тіліндегі бағдарламалар азайып, оларға түсетін бәсекелестік те төмендеп келеді. Бұл студенттердің академиялық ынтасына әсер етіп қана қоймай, орыстілді ғылыми ортаның белсенділігін әлсіретуде.
Қазақтілді студенттер гранттар мен ғылыми байқауларға көбірек қатыса алады, өйткені мемлекеттік тілді білу — міндетті шарт. Ал орыстілді студенттер, дайындық деңгейі жоғары болса да, жиі осы бастамалардан тыс қалып жатады. Нәтижесінде елдің интеллектуалдық орталығы табиғи түрде қазақтілді білім жүйесі кеңістігіне қарай ауысып келеді.
Әлеуметтік және мәдени салдары
Орыс тіліндегі білімнің артта қалуы тек білім сапасына ғана емес, қоғамдық қабылдауға да әсер етуде. Бұрын әлемдік ғылым мен мәдениетке жол ашқан орыс тілі қазіргі кезде білім саласында өзінің маңызын жоғалтып келеді. Орыстілді мектеп түлектері жиі қазақ тілінде оқытатын жоғары оқу орындарына түсу кезінде, кейін — мемлекеттік қызметке орналасуда қиындықтарға тап болады.
Ұзақ мерзімде бұл әлеуметтік жіктелуге әкелуі мүмкін: бір жағында — ұлттық идеологиямен тығыз байланысты, серпінді қазақтілді білім жүйесі, екінші жағында — баяу әлсіреп, ескі дәстүрге байланған орыстілді орта қалыптасады.
Сонымен қатар, орыс тіліндегі білімнің әлсіреуі Қазақстанның басты артықшылықтарының бірі.
Айтар болсақ, көптілділікті қолдау туралы мәлімделгенімен, мемлекеттік тіл саясаты іс жүзінде қазақ тіліне үстемдік береді.
Тағыда қосарымыз, «табиғи инерция» факторы бар: қазақтілді жүйе мемлекет пен қоғамның белсенді қолдауына сүйеніп дамып жатса, орыстілді білім сол бұрынғы қалыпта, стратегиялық қолдаусыз және әдістемелік жаңартусыз өмір сүріп келеді.
Енді бірі, сыртқы саясаттың әсерін де елемеуге болмайды. 2022 жылдан кейін өңірде «орыстықтан» алыстау үрдісі күшейді. Бұл қоғамның көзқарасына да әсер етті: орыстілді білім көбіне кеңестік кезеңнің қалдығы ретінде қабылданып, заман талабына сай емес деп есептелуде.
Бейсенғазы Ұлықбек
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz