Сәрсенбі, 7 Желтоқсан 2022
Жаңалықтар 2730 0 пікір 1 Тамыз, 2011 сағат 07:33

Оспанхан Әубәкіров. Орынбасар орнында отырып қалыпты

(әзіл әңгіме)

Мен өзім жұмыс десе жыным бардай, алдыма келген істі Алласына тілін келтіртпей жан алқымнан алып, аударып тастап отырамын.

«Емшек сұрап» жатқан тағы қандай жұмыс бар еді деп, суырмаларымды үйректің өңешін суырғандай суырып алып қараймын. Не ауы бітпей, не бауы бітпей бөгеліп жатқан шаруа жоқ.

Ал енді алты қырдың астындағы сонау алтыға дейін атамның басына барып Құран оқытып келмесем, басқа тірлік қазан болғандай әлдеқашан байыған. Кешігіп келе жатқан поезді күткендей амалсыз алтыны күтесің. Осындай бос уақыттарыңда кірпіш құйып, үй салыңдар десе, мен жалғыз өзім баяғыдан бері Қожа Ахмет Иассауи бабамның мавзолейіндей ғаламаттың төртеуін тұрғызар едім.

Қайран алақанда еріген мұздай, көз алдымда ұлардай шулап көшіп бара жатқан алтын уақыттарым-ай!

Бір күні, сағат алтыға үш минут қалғанда, қалпағымды қойныма, бәтеңкемді мойныма іліп, тәуекелдің қыл көпірінен шығып кетіп едім, «күндестерім» көріп қалыпты. Сол сол-ақ екен, айттап жүргендей жиналыстан жиналыс. Сөздің басы да, аяғы да - мен. Ә дегенде менің атымды атап алмай сөз сөйлеу жоқ.

(әзіл әңгіме)

Мен өзім жұмыс десе жыным бардай, алдыма келген істі Алласына тілін келтіртпей жан алқымнан алып, аударып тастап отырамын.

«Емшек сұрап» жатқан тағы қандай жұмыс бар еді деп, суырмаларымды үйректің өңешін суырғандай суырып алып қараймын. Не ауы бітпей, не бауы бітпей бөгеліп жатқан шаруа жоқ.

Ал енді алты қырдың астындағы сонау алтыға дейін атамның басына барып Құран оқытып келмесем, басқа тірлік қазан болғандай әлдеқашан байыған. Кешігіп келе жатқан поезді күткендей амалсыз алтыны күтесің. Осындай бос уақыттарыңда кірпіш құйып, үй салыңдар десе, мен жалғыз өзім баяғыдан бері Қожа Ахмет Иассауи бабамның мавзолейіндей ғаламаттың төртеуін тұрғызар едім.

Қайран алақанда еріген мұздай, көз алдымда ұлардай шулап көшіп бара жатқан алтын уақыттарым-ай!

Бір күні, сағат алтыға үш минут қалғанда, қалпағымды қойныма, бәтеңкемді мойныма іліп, тәуекелдің қыл көпірінен шығып кетіп едім, «күндестерім» көріп қалыпты. Сол сол-ақ екен, айттап жүргендей жиналыстан жиналыс. Сөздің басы да, аяғы да - мен. Ә дегенде менің атымды атап алмай сөз сөйлеу жоқ.

Үш минут үшін үш жыл әңгіме болар жәйім жоқ, басымда шашым, маңдайымда көзім ағарғанша тырп етпей, әлгі секундыңнан таяқ жегір алтыға дейін отыруды жөн көрдім. Тоғыз жолдың торабында тұратын есігімді әдейі ашып тастап, бүкіл қағаздарымды қобыратып столдың үстіне түгел шығарып, тері жайғандай жайып қойдым. Көрсін!

Үркер жерге түскендей аспаннан алты түскенде, сағаттың тілін бағып отырған біздің төзімтал қызметкерлер кинодан шыққандай тарай бастайды. Саудасы жаңа қызған саудагердей Құдайымды ұмытып, шұқшиып отыратын мен.

- Оу, ағайын, алты болды, таста. Базар тарқады, тапсыр таразыңды, - дейді бірі.

- Ертеңгі істейтін ісімді бүгін бітірмей кетпеймін, - деп бір папканың үстіне бір папканы бырс-бырс ұрып, одан бетер қадала түсемін.

- Бұл қағаз әлі сенің балаңның баласына кетеді. Жеті болмай жеңгеме жетіп ал, - дейді енді бірі.

- Алтыдан басқа мерекелерің жоқ. Алты десе аспаннан алтын жауғандай аттан саласыңдар. «Нан тауып жүрген мекемем еді, бір күн қалып, іркіліп жатқан іркіттерімді реттеп тастайын» демейсіңдер. Ниеттерің жаман, - деп аузымнан түспейтін тұтам темекімді түтінін қисаңдатып бір езуге сырғытып қоямын.

Ескі-құсқы бықи-тықиды жаңа жылға қалдырмай, жалақы жеп жүрген столымызды тазалап кетейін деп, кеңсемде жалғыз қалғанмын. Алтыны күтеміз деп түк бітірмейді екенбіз. Талабы телеграммамен жүретін көптеген асығыс қағаздар көгеріп жатыпты. Осындай шағым қағаздарды ақтарып отырғанда, телефоным шыр ете қалды. Әлгі оқып отырған шағымымның иесі келіп қалғандай селк ете қалдым.

- Әлө, - деймін.

- Әлөні қайтесің, Бөденбісің?

- Бөденмін, әрине.

- Әрине, Бөденнің өзі болсаң, жақсы болды.

Орынбасарымыздың даусы. Шынымен алтыдан асқанша отыра ма екен деп тексермек болған ғой. Қуанып қалдым.

- Әй, Бөден, сенің бүгін кеңседе қалғаның есте қалар іс болды. Мен қамалып қалыппын, есігімді ашып жіберші, - дейді өмірі түстен кейін орнынан таптырмайтын орынбасарымыз.

- Есігі несі, жеңгеміз қайда? - деймін. Түкке түсінсем бұйырмасын.

- Жеңгесі несі мына жетесіздің? Мен саған кеңседегі есігімді ашып бер деп тұрмын ғой.

Кеңсенің есігін аш дегені сасқаны ма? Кеңсе дегені кабинеті болар. Бастықтың бас сұққызбайтын кабинетін ашуға қандай хақым бар? Абайлап тыңдасам, дауыс бастықтікі, бұйрық мастікі секілді. Төбемнен тамшы аққандай қауашағыма жаман ой келе бастады. Ел соңында қалып жұмыс істеп жүргенімді біреуге ор қазып жүрген оңбаған-ау деп ойлаған болар. Удың бетін у қайтарады демекші, бәлесіне қарсы бәле тауып, дайын отыру керек. Есігін ашқызып алып, ертең сотқа сүйремек шығар. Осылай ой келгенде, аш ішегім алқымыма тығылып, трубканы тарс ұрдым.

Қағаздарымды қарбалас жинап, киініп жатқанымда, телефон тағы зарлап қоя берді.

- Әлөу.

- Өй, әлөуің құрысын, есігімді ашып бер, қамалып отырмын дедім ғой.

- Кеңсе бұзар кеңкелес емеспіз, басеке, ертең келіп өзіңіз ашып аларсыз.

- Өй, мынау жынды ма, мен кеңсенің ішінде отырсам, ертең келіп қалай ашамын?!

- Есік бұзған сейф бұзғанмен бірдей, кеңседе келесі жылға дейін жатсаңыз да шаруам жоқ. «Сақаудың тілін шешесі біледі» дегендей, есігіңіздің тілін өзіңіз білерсіз.

Жүре түймеленіп, есігімді екі бұрап жаптым. Кілтін аузында қалдырдым. Өйткені, үй сыпырушы апайға есікті кілтімен қалдыру керек.

Орынбасардың есігінде де кілт салбырап тұр.

Әрбір бөлменің телефондары әртүрлі дауыспен кезек-кезек шырылдайды. Кеңседе менен басқа жан жоқ. Мына зырылдап жатқан менікі. «Аш бәледен қаш бәле» деген, грузин биін билеп бара жатқандай, өкшем жерге тимей бездім.

* * *

Кеңсеге сағат тоғыз болмай келіп, соңғы хабар тыңдайтын өзімнің меншікті әдетім еді. Есігімді ашқаным да сол еді, телефоным жылан көрген торғайдай шырылдады.

- Әлө.

- Өй, әлөңді ұрайын, кеңсеге түнеттің ғой адамды! Келші өзің бері!

Мен, шамасы, жынданған шығармын. Кешегі бастық, кешегі әңгіме, кешегі жауап, кешегі телефон, кешегі есік, кешегі кеңсе.

Кешегі жаман ой тамшы аққандай тағы тамшылай бастады. Есі дұрыс адам жалғыздан жалғыз түнемейді, демек, қасында шыға алмай отырған тағы біреуі бар. Ол біреудің маған қас екенін, дос екенін бал ашып білетін әулие емеспін.

Әлгі жаман ой енді ақ жауында түңліктен дегбірсіз тамған тамшыдай төбемді тесіп барады. Телефонды тастап, далаға шықтым. Орынбасардың есігінде кілті сол қалпы салбырап тұр. Бөлмемде телефоным жағы сембей «Жетім бала» күйін тартып жатыр. Тоғыздан бес минут асып барады. Мені көрсе дереу жиналыс ашатын пысықтардың қарасы көрінбейді. Солар келгенде төрт көзіміз түгел тұрып, бірімізге біріміз куә болып беттесіп, төс қағысып, қол алысып барып ашсақ дейді жаман ойым.

Осы кезде тарс-тұрс етіп, әлгі салбырап тұрған кілт еденге етбетінен түсті. «Өгей жеңгеммен төбелесіп жатыр. Жағадан алысып, жамандасар күн туса, осы мың жылдық дауыңа азық болады» дейді жаман ойым.

Ал тәуекел. Жүгіріп келіп кілтті жұлып алдым да, ақырын тығып, екі бұрап қалдым. Ар жағынан ағамыз арқырап шықты.

- Ақымақ!

Осыдан басқа сөз таба алмай қалшылдады да қалды.

- Сіз шақырып жатыр дегенде, денем түршігіп әзер кіретін есігім осы еді. Оның ар жағында қабат-қабат қос есік. Бір есікті ашты деген сөз бақандай үш есікті ашып шықты деген сөз. Қойшының таяғына сүйенетін қағынып жүрген ешкің мен емеспін...

Орынбасар «б-б» деп тұтығып тұрғанда, кезек бермей әлгіндей бірдемелерді шұбырта бердім.

Осы кезде «Біздің есікті кім ашқан?» деп секретарь келіншек келді. Мен жайыма қалдым.

- Шырағым-ау, не деген көкми көкек едің? Қамап кеткенің сасқаның ба?!

Келіншек не дерін білмей кекештеніп қалды. Дегенмен, дереу ес жиып, қабағын қозғалақтатып:

- Түстен кейін кеңседе отырмайсыз, қайдан білейін, - деді бастығының ерте кетіп жүргеніне дәп бір өкпесі бардай. Осы сөзінде «Қаңғымасын деп әдейі қамадым» деген әзіл сығалап тұрған секілді.

Әйелдің қылығы деген қылғындыра салатын қылбұраудың сыпайы түрі секілді сойқан ғой. Әлгіндегі айдаһардай ақырып тұрған ағамыз тойған қозыдай монтиды да қалды. Егер секретарь келіншектің орнында өзіміз секілді арбиған еркек біреу істесе, мына мәселе төбелеспен тынар еді де, қазір төрт-бес милиционер акті жазып жатар еді.

Күн көріп жүрген мекемеңде бірлі-жарым әйел тұқымының болғаны жақсы екен.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Қандастар қазаққа, Қазақстанға не берді?

Райыс Әріпжанұлы 2530
Алашорда

Түркілік тек және түркі-моғол бірлігі

Жәди Шәкенұлы 1547
Қауіп еткеннен айтамын

Газдың геосаяси «геморройы»

Әміржан Қосан 1815