Аралдағы әлеуметтік нысандар жылу беру маусымына тас-түйін дайын
Арал ауданында әлеуметтік нысандарды көгілдір отынмен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.
Бүгінде аудандық балалар өнер мектебі мен Мәдениет орталығының бу қазандығы газбен жабдықталған. Бас мердігер – «АЭS and Limited» ЖШС. Аудан әкімінің баспасөз қызметі аталған нысандар жылу беру маусымына толықтай дайын екендігін хабарлады.
Бұл бағытта атқарылған жұмыстарды көзбен көріп қайтқан аудан басшысы Мұхтар Оразбаев тиісті сала басшыларына қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керектігін қатаң ескертті.
Алдағы жылу беру маусымына дейін құрылыс жұмыстары толығымен тамамдалады деп жоспарланып отыр. Мәселен, қаладағы №64 орта мектептің бу қазандығы газбен жабдықталуда. Қазіргі таңда қаржысы қаралып, тиісті жұмыстар жүруде. Жоспар бойынша алдағы қазан айында толығымен пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, қаладағы «Алтын балық», «Гүлдер» және «Мереке» балабақшалары да осы жылы газ желісіне қосылады деп күтілуде.
Мұнан өзге, Арал қаласындағы №62 мектеп-лицейі, №220 орта мектебі және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімдерінде жүргізілген көгілдір отынға қосу жұмыстары өз мәресіне жеткен.
Abai.kz